Қасиетті Рамазан айында сақталуы тиіс жайттарға шолу (3)
Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар.
Оразаның философиясы мен хикметі туралы Құран Кәрім мен ислам рауаяттарында, діни ғұламалардың сөздерінде көп айтылған. Құран Кәрімде оразаның міндетті үкімін баяндауда оның хикметтерінің бірі тақуалық деп сипатталып: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар. (Бақара сүресі, 183-аят)»,-деп айтылған.
Ораза – адамның бойындағы хайуандық түйсіктерді бақылауға алып, ұстамдылық рухын тірілтудің ең жақсы жолдарының бірі. Хадистерде «Ораза тамұқ отынан қорғайды» деп айтылған. Яғни, ораза ұстау арқылы адам тамұқтың отынан аман қалады. Өйткені, бойсұнушы, ғибадат етуші, нәпсілік сезімдерді бұғаулап, оларды әлсірететін адам ақырында іші мен сыртындағы шайтанды ауыздықтайды. Осы тұрғыдан пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл айда шайтандар шынжыр мен кісенге байланады. Сондықтан Құдайдан олардың сендерді билеп алмауын сұраңдар»,-деген.
Адамдарды жамандыққа итермелейтін нәрсе – бірінші кезекте бұрыстыққа бастайтын нәпсі мен адамның орынсыз тілектері. Шын мәнінде, егер шайтан адамды алдағысы келсе, бұрысқа бастайтын нәпсіні пайдаланады. Қасиетті Рамазан айында мұсылмандардың көбі ораза ұстап, дұға оқып, ғидабат ету арқылы жақсы мінез-құлық пен ізгі сенімдер саласында өздерінің жағымды қасиеттерін арттыруға, сонымен қатар әлеуметтік мәселелер саласында өзінің діни мінез-құлқын жақсартуға талпыныс жасайды. Қасиетті Рамазан айында діни қатынастардың артуы және жиналып дұға оқу бұрысқа бастайтын нәпсінің рөлін солғындатады. Осы мәселе шайтанның ықпал ету жолын шектейді.
Құран Кәрімде берілген нақты мәтін бойынша, шайтан ықыласты мүміндерден басқа Құдайдың барлық пенделерін тура жолдан тайдырып, адастыруға серт берген. Сондықтан шынайы ықыласпен Құдайды тілеп, шақыратын кез-келген адамға шайтан жоламайды. Өйткені, су мен оттың бір-біріне үйлеспейтіні сияқты, Алланы еске алу шайтанның азғыруына қайшы келеді. Қарсыластардың қосылуы мүмкін емес. Сондықтан, шайтанның аяқ-қолының байлаулы болуы деген тіркестің мағынасы мынада: Қасиетті Рамазан айында Алланы еске алудың көп болатыны соншалықты, қарғыс атқан шайтанға орын қалмайды.