Fields жүлдесінің иегері Мариям Мирзахани көз жұмды
Әлемдік деңгейде танымал ирандық мықты математик Мариям Мирзахани шілденің 15 күні АҚШ-та обыр ауруынан қайтыс болды. Осы дарынды әйелді еске алып, оның өміріне шолу жасаймыз.
Сол кезде
Кемелдік саусағы
Қайғының нақты геометриясында
Жалғыз қалады
(Сохраб Сепехри)
«Математикаға көп уақыт бөлген сайын шабыттана түсемін».
Бұл – Мариям Мирзаханидің бірнеше күн бұрын Facebook-тағы ең соңғы жазбасы. Оның қысқа ғұмырының соңғы күндеріндегі соңғы жазба осы еді. Математик әрі университеттің ұстазы бала кезінен математика мен геометрия есептерін үйреніп, шешумен айналысқан. Шілденің 15 күні ақпарат құралдары оның қайтыс болғанын сене алмай жариялады.

Мариям Мирзахани 1977 жылы 3 мамырда дүниеге келген. Ол өзінің балалық шағы жайлы: «Мен Иранда дүниеге келдім, өстім, бақытты балалық шағым болды. Менің жанұямда ешкім ғалым болмады, бірақ мен үнемі математика мен ғылымдарға қызыққан үлкен ағамнан көп нәрсе үйрендім. Сол заманда әйелдерге тәуелсіз болып, өздерінің қызығушылықтарына жетуге кеңес берілетін. Иран теледидарының Мария Кюри мен Хелен Келлер сияқты дарынды да көрнекті әйелдер туралы бағдарламалар таратқаны есімде. Өз ісін байсалдылықпен атқаратын адамдарды мақтайтынмын. Бұған қарамастан, әрдайым жазушы болуды армандайтынмын. Бос уақытымды әртүрлі әңгімелер оқумен өткізетінмін. Содан соң математикалық есептерді шешумен айналысып, математикаға деген қызығушылығым арта түсті»,-деген.
Мариям Мирзахани Теһранның «Фарзанеган» орта мектебінде білім алып жүрген кезінде 1994- 1995 ж.ж. Гонконг пен Канадада математикадан өткен дүниежүзілік олимпиадада алтын жүлдеге ие болды. Бұл жылы бірінші ирандық оқушы ретінде ең жоғары баға алды. Ол Иранның математика құрама командасына қосылған бірінші, сонымен қатар, Иранның математикадан олимпиадасында алтын алған жалғыз қыз болды. Ол екі жыл қатарынан алтын алған алғашқы адам. Мариям Мирзахани математикадан өткен дүниежүзілік олимпиадада ең жоғары баға алған жалғыз адам болды.
Мариям Мирзахани дарындылар мектебінде, содан соң Теһранның Шариф университетінде оқып, сол жайлы: «Шынайы достарым көп болды. Олар да математикаға қызығып, оқу жылдарын шаттық пен шабытқа толтырды. Мен оқуымды жалғастыру үшін Гарвард университетіне аттандым. Онда профессор Макмулленнің жетекшілігімен жұмыс жасап, математиканың әртүрлі тармақтарына қызығушылығым артты. Сол кездері университеттердегі математика бөлімдерінде әйелдерге аса назар аударылмайтын. Алайда маған мүлде көңіл бөлінбеді деп айтпаймын. Әрдайым олардың мейіріміне бөленіп жүрдім. Бірақ бұл назар сол бір тиісті орынға әлі де жеткен жоқ»,-деді.
Ол докторлық диссертациясын 2004 жылы Гарвард университетінде Fields жүлдесінің иегерлерінің бірі Кертис Макмулленнің жетекшілігімен қорғап шықты. АҚШ-тың Popular Science басылымы 2005 жылы Мариям Мирзаханиды он жас дарынның бірі және математика саласындағы үздік адам ретінде марапаттады. Мирзахани 2013 жылы АҚШ-тың математиктер ассоциациясының жүлделеріне, 2014 жылы жалпы жүлде мен Fields жүлдесіне ие болды. Ол 2008 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Стэнфорд университетінде математика пәнінен ұстаз әрі зерттеуші болған. Одан бұрын Принстон университетінде дәріс берген.

Мариям Мирзахани: «Кей кездері өзімді бір үлкен орманда жүргендей елестетемін. Қайда баратынымды білмеймін. Бірақ әйтеуір әупірімдеп жүріп, төбенің үстіне шығамын да, бәрін айқынырақ көруге мүмкіндік аламын. Сол кезде орын алатын нәрсе мені шынымен-ақ шаттыққа бөлейді»,-деген.
«Қажытатын ми жұмысынан кейін не нәрсе сізге бәрінен артық сый немесе жүлде болып көрінеді?» деген сұраққа ол: «Көңілді қанағаттандыратын кез – «түсіндім» деп, шешімін тапқан сәт. Жаңа нәрсені табудың қуанышы мен түсінудің ләззатын сезінесің. Бұл – төбенің үстіне шығып, айналаны толық көргенде туындайтын сезім. Көп жағдайда математика есептерін шығару мен үшін соқпақсыз немесе тіпті көз көретін жерде жолдың соңы көрінбейтін биік тауға ұзақ шыққанмен тең»,-деп жауап берді.
Мирзахани 2009 жылы математика саласындағы жетістіктеріне байланысты Blumenthal жүлдесіне ие болды. АҚШ-тың математиктер ассоциациясы Мирзахани осы жүлдеге ие болған кезде жариялаған мәлімдемесінде математика саласындағы осы маңызды жүлдені алуының дәлелін «ерекше жасампаздық пен докторлық диссертацияның тақырыбы» деп атап, «онда үш маңызды есепті шығару үшін гиперболикалық геометрияның әртүрлі құралдарынан бастап автоматты формалардың классикалық тәсілдері мен симплектикалық төмендеуге дейін қолданылған» деген.
Ол 2014 жылы математика саласындағы ең жоғары ғылыми белгі Fields жүлдесіне ие болды. Бұл жүлде төрт жылда бір рет 40 жасқа толмаған таңдаулы ғалымдарға табыс етіледі. Оны «математиканың Нобелі» деп те атайды. Ол осы жүлдені алған алғашқы әйел және алғашқы ирандық болды.

Ол математиктердің арасында кішкентай, асау болғанымен, танымал болған. Мирзахани өз зерттеуіндегі ең қиын сауалдарды табандылықпен шешіп отырған. Оның докторлық диссертациясындағы жетекші ұстазы Кертис Макмуллен: «Математика жайлы сөз болғанда ол қымсынбастан атаққұмарлық танытатын»,-деген.
Мирзаханидің өз-өзіне деген сенімі мықты еді, мұнымен бір мезгілде ол қарапайым болатын. Бір күрделі есепті шешудегі үлесі жайлы сұрағанда ол: «Шынымды айтсам, аса көп үлесім болмаған сияқты»,-деп жауап берген.
Ал басқа математиктер оның жұмыстарын мақтайды. Оның әріптесі Чикагода тұратын математик Алекс Скин: «Мирзаханидың докторлық диссертациясы гиперболикалық геометриясы бар жазықтықтардың бетіндегі шеңберлерді санау болды. Бұл – көңіл аударуға тұрарлық мәселе. Оны математика пәнінің кітаптарына қосуға болады»,-дейді. Чикагода тұратын математик Бенсон Форб та: «Бильярд үстелдеріне қатысты абстракциялық деңгейлердің динамикасына арналған оның тағы бір жұмысы «онжылдық теоремасы» деп аталуға лайық»,-деп санайды.

2006 жылы Мирзахани «Гиперболикалық жазықтықтар олардың геометриясы жер сілкінісі сияқты механизмдердің әсерінен қалыбын өзгерткенде не болады?» деген қиын бір тапсырманы шешті.
Келесі бір ауыр тапсырма «Шар пішіндес емес, көп қырлы бильярд тасының үстел бетіндегі қозғалыс тәсілін болжау» деп аталды. Математиктердің осы сырттай алғанда оңай мәселені көтергендеріне бір ғасыр болды. Осы ғасыр барысында оған дұрыс жауап табылмады. Содан соң 2012-2013 жылдары Мирзахани өзінің екі әріптесімен бірге оның шешімін тапты.
2013 жылғы Simons зерттеушілер жүлдесінің 13 адамдық тізімінде ирандық зерттеуші Мариям Мирзахани мен Стэнфорд университетінің математика пәні ұстаздарының есімдері болды. Бұл зерттеушінің тақырыбы Teichmuller теориясы мен Риман жазықтықтарындағы ғарыштық модулдардағы табиғи геометриялық ағымдардың динамикасына арналған.
Fields жүлдесін тағайындау комитеті Мирзаханиді сипаттауда: «Математиканың әртүрлі салалары мен техникаларының ауқымды бөлігін жетік білген ол техникалық қабілет, ұшқыр қиял, кең дүниетаным мен терең қызығушылықтың сирек кездесетін қосындының көрінісі»,-деп жазды. Осылардың бәрі үшін ирандық ғалымға «математика Нобелі» деп танылған жүлде берілді.
Fields жүлдесі – математикке берілетін ең жоғары жүлде. Бұдан кейін Мариям Мирзаханидің есімі әлемнің көптеген ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды. «The Washington Post» және «Guardian» сияқты басылымдар одан арнайы сұхбат алып, әрдайым Мирзаханиді математика әлеміндегі таңғажайып аңыз адам деп атады.
Clay математика институтының қызметкері Джеймс Карлсон: «Мирзахани жаңа байланыстарды табуда мықты. Ол бір қарапайым мысалдан бір терең теорияның толық дәлеліне жылдам жете алады»,-дейді.
ИИР Президенті Хасан Рухани 2014 жылы тамызда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған жолдауында Мирзаханиге алғыс білдіріп, оны Fields жүлдесін алуымен құттықтады. Иран Президентінің орынбасары әрі Атом Қуаты Ұйымының басшысы Әли Акбар Салехи де өз жолдауында Мариям Мирзаханиді математикадан әлемдегі ең жоғары жүлдені алуымен құттықтады.
«Жазықтықтағы геометриялық есептер» атты кітаптың авторы ұстаз Джафар Ниуша доктор Мариям Мирзаханиді сипаттап, кітаптың соңында былай деп жазған: «Кешегі үздік те дарынды оқушы, бүгінгі жас та болса, ұлы ұстаз доктор Мариям Мирзахани ханым туралы естелік. 1993 жылы Мариям Мирзахани ханым Теһранның «Фарзанеган» орта мектебінің екінші сыныбында оқыды. Мен сол сыныпқа геометриядан сабақ беретінмін. Бір күні оқушылардың қабілеттерін тексеру үшін бір тапсырма бердім. Жалғыз шешім жолын Мирзахани ұсынып, ерекше қырағылықпен және ақындық тәсілмен шешіп берді. Мен оған бұдан да көп сәттіліктер тілеймін».
Мариям Мирзаханиді математика әлемінде дүниедегі ең ірі математиктермен салыстыруға болады. Оның математикадағы еңбектері ұзақ жылдар бойы қолданылып, бүкіл әлемдегі математиктер қауымында талқыланатын болады. Математика әлемі мен ғылыми қоғам Мариям Мирзаханиден мезгілсіз айырылып, ауыр қайғыға батты.