Мысырдағы Al-Alam арнасын тоқтатудың сылтауы
(last modified Mon, 14 Aug 2017 15:14:57 GMT )
Там 14, 2017 21:14 Asia/Almaty
  • Мысырдағы Al-Alam арнасын тоқтатудың сылтауы

Бірнеше апта бұрын Сауд әулеті режимінің басшылары Катармен қарым-қатынастарын үзді. Мысыр, БАӘ мен Бахрейн үкіметтері де Катар азаматтарына осы елдерден шығуға аз уақыт берді. Катар 4 араб елінің Дохамен дипломатиялық қарым-қатынастарын үзудегі шарасына реакция білдіріп: «Кейбір тараптар өтірік және толығымен жалған айыптауларды жобалау арқылы Катарға соққы жасауға жоспар құруда»,-деп мәлімдеді.

Осындай саяси өзгерістер ортасында Мысырда орналасқан «Пікір мен сөз бостандығын қорғау» ұйымы: «2017 жылдың 24 мамырынан 12 маусымына дейінгі аралықта 62 веб-сайттың жұмысы тоқтатылды»,-деп хабарлады. Бұл ұйым Мысырдағы сайттардың жабылу себептерінің бірін үкіметті сынау деп атап, кейбір жабылып қалған веб-сайттардың Тиран мен Санафир аралдарының Сауд Арабиясына берілуіне қарсы өткір мақалалар мен жазбалар жариялағанын қуаттады. Жабылған сайттардың бірқатары, соның ішінде ИИР Телерадио бірлестігіне тиесілі Al-Alam ақпарат арнасы әлемдік және аймақтағы әртүрлі мәселелер жайында хабар таратумен айналысады.

 

Al-Alam ақпарат арнасы

 

Жарияланған тізімнен Иран, Катар, Түркия мен Мысыр секілді түрлі елдердің ақпарат сайттарын көруге болады. Сондай-ақ, «Хамас» қозғалысы мен «Мұсылман бауырлар» партиясына қатысты сайттар да Мысыр режимі тарапынан бұғатталған сайттардың тізіміне енгізілген.

«Пікір мен сөз бостандығын қорғау» ұйымы: «Бұл сайттар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан алдын ала ескертілмей, ресми  мәлімдеме жасалмай бұғатталған»,-деп жариялады.

Мысырдың бір қауіпсіздік дереккөзі мамыр айының соңында бұл елде 21 интернет сайтының, соның ішінде Катардың бірнеше сайтының бұғатталғанын хабарлаған болатын. Бұл қауіпсіздік дереккөзі: «Катардың «Al Jazeera» арнасы, «Al Jazeera Documentary», Мысырдың «El-Araby» арнасы, Катар ақпарат агенттігі, «Аrab-21»,  al-Shaab, al-Sharq al-Awsat арнасының сайты қызметі бұғатталған сайттар қатарына жатады»,- деп жазды.

Бұқаралық ақпарат құралдарына қатаң қатынас көрсету Мысырдан бұрын Сауд әулеті тарапынан басталды. Арабстанның «Сабеғ» газеті: «Бұл ел өз территориясында Катардың барлық басылымдары мен әл-Джазира сайтын бұғаттауды бастады»,-деп жазды. БАӘ-нің Сыртқы Істер Министрлігіндегі бір дереккөзі: «БАӘ Катардың барлық ақпарат сайттарына қолжетімділікті тоқтатты»,-деді.

 

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің бұрынғы өкілі Бижан Нобаве: «Иран арналарына қолжетімділікке тосқауыл қою бұрын да болған. Осының алдында да басқа елдердің Иранның ақпарат сайттарына, тіпті спутниктік арналарына қолжетімдігіне кедергі жасалған. Мысыр мен оның одақтастарының бұл қадамы араб билеушілері тарапынан басқарылатын өзара байланысқан ескі бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесінен туындап отыр.

Осы ақпараттық жүйедегі бұқаралық ақпарат құралдарының Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, көбінесе араб елдеріндегі бөлімшелері ерекше нұсқаумен басқарылады. Барлық арналар аймақ жаңалықтарын таратуда бір-бірімен тығыз байланыста үйлесе жұмыс жасайды. Нәтижесінде осы ақпарат жүйесіне қарсы шығып, жеке-дара жұмыс жасайтын агенттіктердің жұмысы бұл елдер тарапынан тоқтатылады»,-деді.

 

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің бұрынғы өкілі Бижан Нобаве

 

Бижан Нобаве Al-Alam телеарнасының ашылғанына 20 жылдан асқанына тоқталып: «Бұл арна әрдайым ұлттардың мүддесі мен қажеттіліктері, Ислам революциясы мен интифазаның мақсаттарына жақтасып ақпарат таратты. Аймақтағы елдер, әсіресе Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ мен саясаттары бағыттас басқа да елдер «Al-Alam» арнасының халыққа бұл режимдердің қалауынан тыс ақпараттарды таратуын қаламайды»,-деді.

«Алламе Табатабаи» университетінің байланыстар факультетінің ұстазы, доктор Умидали Масуди де Мысыр үкіметінің Al-Alam арнасын бұғаттауға қатысты шешімін Ұлыбританияның Press TV арнасының жұмысын тоқтатуымен салыстырып: «Әр түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат арналары оқ, танк, басқа да соғыс құралдарына керісінше жұмсақ соғыста белгілі бір күш-қуатқа ие. Олар дипломатия мен қоғамды құлақтандыруда шешуші рөлге ие»,-деді.

Солардың арасында ИИР-на тиесілі және жақын ақпарат құралдары Азияның басқа елдерімен, тіпті Еуропа халықтарымен орнатқан байланыстарының арқасында қол жеткізген қарым-қабілет арқылы бұл күшті дұрыс пайдалана алатынын  көрсетті.

Байланыстар факультетінің ұстазы: «Мысыр үкіметінің бұл қадамының негізгі себебі Al-Alam арнасы бағдарламаларының мазмұнында жатыр деп санауға болады. Сол мазмұндар осы режимнің қорқынышына себеп болды. Негізінен халық тарапынан таңдалмаған үкіметтер қоғамның  ақпараттандырылуынан қорқатындықтан бұған жол бермеуге тырысады».

 

Осы тұрғыда ИИР Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының басшысы Пейман Джебели: «Al-Alam секілді тәуелсіз әрі азат арналар әдетте осындай жағдайларға ұшырап отырады, өйткені әдетте Иранның тәуелсіз арналары шынайы ақпараттарды таратып, халықтың даусын жеткізеді»,-деді.

Пейман Джебели сол елдердің көбінде ақпарат тарату бостандығының бос ұран екенін айтып: «Бұл ұрандар іс жүзінде дәлелденбейді. Интернет пен спутник арқылы немесе әлеуметтік желілерде қызмет көрсететін барлық ирандық арналардың жұмысы бірнеше рет бұзылып, олардың ақпарат таратуына шектеулер қойылып, қиындыққа ұшырады»,-деді.

  

ИИР  Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабының басшысы доктор Пейман Джебели

 

ИИР Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабының басшысы: «Көбінесе мұндай шектеулер айқын себепсіз қолданылады. Осы жолы да Al-Alam веб-сайтының бұғатталу себебі белгісіз»,-деді.

 

Өткен жылы осы уақытта сайттарды класcификациялаумен айналысатын әлемдік инстанция ретіндегі Alexa сайты Сирия мен Ирак халықтарының өздеріне қажет мағлұматтар алуда басқа ақпарат арналарына қарағанда Al-Alam сайтына көбірек жүгінетінін айтқан еді. Осы мәліметке сәйкес, Сирия мен Ирак елдерінде Al-Alam  сайтының қолданушылары әл-Майадин, әл-Минар, әл-Джазира, әл-Арабиге қарағанда көбірек.  

Араб елдеріндегі тұрғындардың көзі ашық, көңілі ояу болуында айшықты рөл атқарған факторлардың  бірі – интернет пен спутниктік телеарналар. Осы себептермен Сауд әулеті мұнайдан тапқан қаржысына сүйеніп, шындықты цензуралауға және араб елдерінде интернет сайттарды бұғаттап, әртүрлі спутниктік арналардың таралуын тоқтатуға көп күш жұмсайды.

Сауд Арабиясының диктаторлық режимі бұл интернет сайттардың осы елде халықтың ашу-ызасы мен наразылығын қоздыратын факторға айналып, аясының кеңейе түсуінен қорқады. Осы уақытқа дейін бұл наразылықтар көлік жүргізу құқықтарын талап еткен әйелдердің шеруі мен әш-Шәрқие облысының кейбір аудандарындағы шиіттердің шеруімен шектелген еді.

Сауд Арабиясындағы интернет қолданушылардың басым көпшілігі Сауд әулетіне наразылықтарын білдіріп,   мұны өз жазбаларында жариялаған. Интернет сайттарында пікір білдірген адамдардың көбі Арабстандағы жемқорлық, жұмыссыздық пен адам құқығы жағдайының нашарлығына ашу-ыза білдірген.  

Сауд Арабиясы халқы осы уақытқа дейін көптеген мақұрымдық мен шектеулерді бастан кешіп, өтірікті көп естіді. Алайда интернет желілерін пайдалану оларға жаңа әлемнің перспективасын ашты. Олар енді диктатор билеушілердің осы уақытқа дейін оларға қандай зұлымдық жасап келгенін түсінді.

Сауд әулетінің диктаторлығы

 

Сауд әулеті халықтың хабардарлығының артуына тосқауыл қою үшін елдің іші мен шетелдерде шындықтарға цензура жасап, интернет және спутниктік желілерді бұғаттауға көп күш салды. Сауд Арабиясы басқа елдердің де ішкі істеріне араласады. Сауд әулеті режимі кейбір елдерге тиесілі спутниктік арналардың жұмысын тоқтату үшін көптеген қастандықтар жасап, үлкен көлемде пара берген. Сауд Арабиясы Йемендегі көптеген интернет сайттарын еш ескертусіз немесе алдын ала хабарлаусыз бұғаттап тастады. Рияд басшылары соңғы жылдары араб көрермендердің Al-Alam ақпарат арнасына қолжетімділігінің алдын алуға көп күш жұмсады.

Al-Alam арнасының  «Nilesat» мен «Arabsat» спутниктерінен алынып тасталуы, осы арнаның сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына хакерлік шабуылдар ұйымдастыру, Сауд Арабиясында Al-Аlam әлеуметтік желілері мен сайтының жұмысын тоқтату – осындай талпыныстардың бірі.

Арабстан екі жыл бұрын «YouTube» сайтына қысым жасап, Al-Аlam сайтының парақшасын жаптырған. Сондықтан, Мысырдың Al-Аlam сайтын жабудағы осы қадамын Мысыр мен Арабстанның саяси байланыстарына байланысты бұл елдің Сауд әулетімен ымыраласып жасағаны деп қарастыруға болады.