Күрдістан аймағының Ирактан бөлініп шығуы туралы өтетін референдумды сараптау
(last modified Tue, 05 Sep 2017 09:50:19 GMT )
Қыр 05, 2017 15:50 Asia/Almaty

Ирактың Күрдістан аймағының президенті Масуд Барзани 2017 жылы маусымның 7 Күрдістанның Ирактан бөлінуі туралы референдумның 2017 жылы қыркүйектің 25 өткізілетінін мәлімдеді. Осыған байланысты бірнеше бағдарлама аясында Ирактағы күрдтердің орны, Күрдістанның Ирактан бөлінуі туралы референдум мәселесі мен алда тұрған кедергілер, жобалар мен салдарларына тоқталамыз.

  1. Ирактағы күрдтер: 1920 1991 ж.ж.

Ирактың қазіргі заман тарихы 1932 жылы бұл елде Ұлыбритания протекторатының алынуымен басталғанына қарамастан, қазіргі Ирактың негізі 1920 жылдардың басында қаланды. Шын мәнінде, Ирактағы тайпалық-этникалық келіспеушіліктер пен қақтығыстың тұқымы Осман империясы құлағаннан кейін Ұлыбританияның жаңа Ирак құру туралы саясаттарының нәтижесінде себілді. Ирак билеушілері 1920-1975 ж.ж. араб құндылықтарын таратып, күрдтік болмысты теріске шығарып, оларды қудалау үшін шаралар қолданды. Иракта Баас партиясы билік басына келгенге дейін жалғасқан мезгіл аралығында күрдтер 1920, 1930, 1940, 1950, 1960, 1970, 1980 жылдары бытыраңқы түрде көтерілістер жасады. Мұстафа Барзани осы бүліктерге жетекшілік етіп, оларды басқаруда негізгі рөл атқарды. 1970 жылдың наурыз айында Мұстафа Барзани мен Ирактың Орталық үкіметі арасында келісімге қол қойылды. Сол келісімге сәйкес Күрдістан аймағына автономия статусы беріліп, Барзанидің талаптарымен, соның ішінде күрд тілін араб тілімен қатар ресми тіл деп қабылдау, күрдтердің мемлекеттік істерге қатысуы, әскери және мемлекеттік лауазымдарды иеленуі, күрдтерге білім беру мен мәдениетін нығайту, күрдтер мекендейтін аймақтарға территориялық өзгерістер енгізу және т.б. мәселелер мақұлданды. Бірақ бұл келісім сол күйі жүзеге асырылмады.

Этникалық қақтығыстар 1970 жылдың жартысынан бастап шиеленісе түсті. Баас партиясы 1968 жылы Ирактағы билік тізгінін өз қолына алды. Саддам наразы азшылықтарды, әсіресе күрдтерді көпшілікпен, яғни арабтармен алмастыруға талпыныс жасады. Күрдтер 1975-1991 ж.ж. өмірлерінің ең қараңғы кезеңдерін бастан кешірді. Саддам күрдтер мекендейтін қалалар мен ауылды мекендерді қирату, күрдтерді басқа аймақтарға, тіпті басқа елдерге көшіру арқылы арабтандыру саясатын жалғастырып жатты. Арабтандыру саясаты аясында қоғамдық жерлерде күрд тілінде сөйлеуге тосқауыл қойылып, күрдтерге араб есімдерін таңдау баса айтылып, ресми құжаттарда олар арабтар ретінде танылды. Саддамның Ирак күрдтеріне қарсы бұл саясаты "тілді жою" саясаты болды. Осылайша Саддамның күрдтерге қарсы жасаған қатыгездігі 1988 жылы орын алған Саддамның немере інісі Әли Хасан әл-Мәджид басқарған Ирак күрдтеріне қарсы "Анфаль" атты әскери амалдар кезінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Күрдтерге қарсы бұл жаппай амалдар олардың Ирактан тәуелсіздік алу жолындағы күресі үшін жасалды. Әли Хасан әл-Мәджид күрдтер мекендейтін қалалар мен ауылдарға қарсы биологиялық және химиялық қаруларды пайдаланғаны үшін "химиялық Әли" деген лақаппен танымал болды. Ең үлкен химиялық шабуыл 1988 жылдың наурыз айында Халабджа қаласында орын алды. Бұл күрестің негізгі мақсаты 15-70 жас аралығындағы күрд ерлерінен құралған Ирак үкіметінің содырлар деп атаған күрдтердің қарсыласу қозғалысының көзін кез-келген жолмен жою болды. "Анфаль" әскери амалдары кезінде 4000-нан астам ауыл  жермен-жексен болып, 180 мыңнан астам адам қаза болып, он мыңдаған адам босқынға айналды.

2-Ирактағы күрдтер: 1991-2003 ж.ж.

90-жылдардың бас кезінде Ирак күрдтері үшін жаңа кезең басталды. Ирактың күрдтері 1991 жылы бұл елдің солтүстік аймақтарында Саддам басқарған Баас режиміне қарсы төңкеріс жасады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі №688 қарарымен төңкерісті қолдап, Ирактың солтүстік аймақтарын тыйым салынған аймақтар деп жариялады. Төңкеріс пен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің оны қолдауы Күрдістан аймағы мен Ирактың Орталық үкіметі арасындағы құқықтық-әкімшілік қатынастардың алғашқы рет үзілуі мен Ирактың Күрдістан аймағының "қауіпсіз аймақ" аталып, автономия алуына себепкер болды. Сол кезден бері Ирактың Күрдістан аймағы жергілікті Мәжіліс пен Күрдістанның аймақтық Үкіметін құрумен көрініс тапқан өзінің саяси өмірінің жаңа кезеңіне куә болды. 1992 жылдың мамыр айында Күрдістан аймағында еркін парламенттік сайлау өтіп, аймақтағы алғашқы Парламент құрылды. 1994 жылы аймақтың екі негізгі партиясы арасында соғыс басталғандықтан, Ирактың Күрдістан аймағының алғашқы жергілікті Парламентінің жұмысы 2002 жылға дейін қалдырылды. 1992 жылы Ирактың Күрдістан аймағының жергілікті Парламенті құрылумен қоса, жергілікті Үкімет құрылған еді. Премьер-министр мен министрлер кабинеті арқылы басқарылатын Жергілікті Үкімет Эрбиль аймағының орталығында құрылды. Бірақ Эрбильде Фуад Масумның басқаруымен біртұтас алғашқы үкіметтен басқа екінші, үшінші және төртінші үкіметтік кабинеттер Демократиялық партия мен Күрдістан патриоттық одағы арасындағы азаматы соғысының пайда болуына байланысты Эрбиль мен Солейманиеде екі бөлек үкімет құрылды.

1998 жылы, яғни төрт жыл өткен соң екі партия азамат соғысын доғару үшін АҚШ-тың бітістіруімен "Вашингтонның бейбітшілік келісіміне" қол қойды. Сол келісімге сәйкес, екі партия дұшпандықтарын доғарып, 1999 жылы парламенттік сайлау өткізіп, біріккен үкімет құруы тиіс еді. Алайда соғысты доғарудан басқа тармақтар 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа шабуылына дейін іске аспады. Шынтуайтында, Күрдістан аймағының бүгінгі таңдағы саяси жүйесі 1998 жылы Вашингтонның бейбітшілік келісімі бойынша мақұлданған келісімдерді жүзеге асыру болып табылады. 2002 жылы Күрдістан Парламенті алғаш рет отырыс өткізіп, 1998 жылғы келісімді бекітіп, жаңа Конституция жобасын жасау үшін келіссөздерді бастады.

  1. Ирактың жаңа саяси жүйесіндегі күрдтер: 2003 жылдан қазірге дейін

1920 жылдан 2003 жылға дейін бәрінен көп Ирак Үкіметімен қарама-қайшылық, күрес пен қарсыласудың куәсі болған күрдтер 2003 жылдан бері Күрдістан аймағының ресми түрде автономия алуы мен саяси федералдық өміріне куә болып отыр. Бұл осы аймақтың түрлі салалар бойынша, соның ішінде саяси және экономикалық салаларда дамуына негіз жасады. Шын мәнінде, бұл елдің 1920 жылдан бергі сегізінші Конституциясы саналатын 2005 жылы қабылданған Конституциясында Ирактың саяси жүйесінің түрі ашық түрде федералды демократиялық республика деп қуатталған. Ирактың 2005 жылғы Конституцияның 4 бабында күрд және араб тілдері елдің негізгі тілдері ретінде, ал жаңа Конституцияның 113 бабына сәйкес, Күрдістан аймағы мен оның билігі федералды облыс ретінде ресми түрде танылған.

Шынтуайтында, Ирактың жаңа жүйесіндегі күрдтердің орны айтарлықтай артып, Ирак күрдтері "қудаланған азшылықтан" "заңды азшылыққа" айналғды. Күрдтердің өздері мекендейтін Солеймание, Даһук және Эрбиль облыстарына билігі ресми түрде танылды. Ирактың Күрдістан аймағында бір Парламент, премьер-министр, жергілікті Үкімет кабинеті, Полиция күштері мен "Пишмәрге" атты әскери қауіпсіздік құрама күштері бар.

Ирактың бүкіл бюджетінің тек 17 пайызы ғана Күрдістан аймағына бөлініп отыр. Күрдтер ұлттық деңгейде Ирактың жаңа жүйесіндегі билікті бөлуде айрықша рөлге ие. Ирак президенті, премьер-министрдің орынбасары, Парламент төрағасы, Ирактың шетелдердегі маңызды елшіліктеріндегі елші лауазымы мен маңызды әскери шендер, атап айтқанда Ирак Әскері ортақ штабының қолбасшылығы мен бірнеше министрлік Ирак күрдтерінің қолында шоғырланған. Ирак Парламентінде де 57 орын күрдтердің ықтиярында. Олардың бірі Парламент төрағасының орынбасары болып табылады. Ирактың Күрдістан аймағында көптеген маңызды мемлекеттердің басым бөлігінің өкілдіктері немесе консулдықтарының кеңселері орналасқан. Бұл артықшылықтар шиіттер мен сүнниттердің Үкімет құру үшін осы ағымға қосылу мақсатында күрдтердің жаңа Иракта өздерін "Үшінші ағым" деп атауына себеп болды.

Қорытынды

Саддам режимінің биліктен кетуі мен Иракта жаңа саяси жүйенің құрылуымен Ирактың саяси деңгейіндеші ойыншылардың да реті ауысты. Жаңа кезеңде шиіттер шектеуден, күрдтер қудалаудан құтылды. Сүнниттер де жаңа кезеңде өткен бірнше онжылдықтарға керісінше өзінің халқының саны мен саяси беделіне байланысты жаңа Иракты басқаруда рөл атқарды. Шындығында Ирактың қазіргі саяси жүйесінің үш жағында ойыншы бар: жүйе басында шиіттер, оның екі бүйірінде күрдтер мен сүниттер орналасқан. Күрдтердің жаңа Ирактың билік құрылымында айтарлықтай көтерілуіне қарамастан, Ирактың Күрдістан аймағының президенті Масуд Барзани биыл маусымның жетісі күні Күрдістан аймағының Ирактан бөлініп шығуы туралы референдумның 2017 жылдың қыркүйек айының жиырма бесі күні өткізілетіні туралы хабарлады.

Осымен біздің бағдарламамыз өз мәресіне жетті. Келесі бағдарламада неліктен Барзани мен Демократиялық партия Ирактың саяси құрылымындағы ерекше жағдайды пайдаланып, Күрдістан аймағының жағдайын жақсартудың орнына Ирактан бөлінуге ұмтылып отыр деген сауалға жауап береміз.

Тегтер