Діни жетекшінің қажылыққа жолдауын сараптау
Қажылық мүмін әрі қырағы пендені рухани биікке жеткізіп, оны жоғары деңгейде нұрланған, қырағы, ержүрек, тәуекелшіл әрі қайратты адам етіп қалыптастырады.
Хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1358 жылдың абан айында, милади жыл санағы бойынша 1979 жылдың қараша айында, яғни Иран Ислам революциясының жеңісінен тоғыз ай өткен кезде имам Хомейни алғашқы рет әл-Харам мешітінің қажыларына жолдау жіберді. Имам Хомейнидің жолдауында қажылықтың философиясы мен оның ислам әлемінің оянуындағы рөлі баяндалды. Сол кезден бастап жыл сайын Ислам революциясының көсемі имам Хомейни, содан кейін Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі аятолла Хаменеи қажылық кезінде қажыларға, негізінде бүкіл мұсылмандарға сабақ болатын әрі хабардар ететін жолдау жіберетін болды. Биыл да діни жетекшінің қажылық жолдауы қажыларға Арафат даласындағы мүшіріктерден безу рәсімінде оқылды. Бұл жолдау маңызды жайттарға толы болды.
Аятолла Хаменеидің биылғы қажылық жолдауы да қажылықтың рухани және саяси тұрғыларына назар аудартып, ислам әлемнің қазіргі жағдайын анықтады. Діни жетекші жолдауының басында қажылықтың әсері туралы: «Биыл да әлемнің түкпір-түкпіріндегі мүміндердің қалың тобына қажылыққа бару бақытын бұйырып, осы мейірімділіктің қайнар көзінен сусындап, қасиетке толы әрбір сағаты мұғжиза тудыратын сусын сияқты жүрекке қозғау салып, жанды тазартатын күндер мен түндерде Құдайдың үйіне жақын жерде құлшылық жасап, ғибадат етіп, зікір етуге мұрсат берген Алла Тағалаға мың алғыс айтамын»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі сөзі мен жолдауларында қажылықтың қажылар үшін Алланың бұйырған рәсімдерін орындап, өздерін рухани тұрғыдан алға ілгерілете алатын мұрсат екенін қуаттады. Қағбаны тәуәп ету, Сафа мен Маруаның арасындағы сағи, Арафат даласы, Машғар мен Минада тоқтау, шайтанға тас лақтыру сынды рәсімдер – Ұлы Аллаға жақындататын ғамалдар.
Ислам революциясының жетекшісі жолдауының жалғасында қажылықты – құпияға толы ғибадат, Қағбаны – илаһи нығметтерге толы орын, хазірет Хақ тағаланың аяттары мен сөздерінің символы деп атады. Өкінішке орай, бүгінде ислам әлемінде кейбіреулер қажылықты тек жеке адамның ғибадаты және тек адамның жеке өзіне ғана рухани әсер етеді деп көрсетуге талпынуда. Аятолла Хаменеи қажылықтың екі тұрғыдан тигізетін әсері туралы айтқан сөзінде: «Қажылық мүмін әрі қырағы пендені рухани биікке жеткізіп, оны жоғары деңгейде нұрланған, қырағы, ержүрек, тәуекелшіл әрі қайратты адам етіп қалыптастырады. Осы теңдессіз парызда рухани және саяси, жеке және әлеуметтік қырлар да айқын көрініс тапқан. Мұсылман қоғамы бүгінде мұның екеуін де қажет етеді»,- деп баса айтты. Негізінде қажылықтың әлеуметтік және саяси қырларын ұмыту исламдық қоғамға үлкен шығын келтіріп, қажылықтың осы саладағы әсерлерінен мақұрым қалдырады.
Аятолла Хаменеи қажылық жолдауында бүгінгі қоғамның қажылықтың рухани және саяси тұрғыларын қажет ететіндігін баса айтты. Хазірет ғаламтор, телеарналар, компьютерлік ойындар мен басқа да дамыған қүралдарды пайдаланып, Батыстың мұсылмандардың иманына теріс әсер етіп, оларды діннен алыстату мақсатын көздеген рухани қоқан-лоққысына, ақпараттық шабуылы мен психикалық соғысына назар аудартты. Сондай-ақ, мұсылмандарға қарсы саяси және әскери қастықтар саласындағы үстемдік етіп отырған саясаттардың мұсылмандардың арасына жік салып, соғыс отын тұтандырып, ислам елдерін бейберекеттік жайлаған тозақ пен қайшылықтарға айналдырып отырғаны туралы қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі жолдауының жалғасында: «Қажылық ислам үмбетінің осы екі ауруын емдеуде шипалы дәрі болып, жүректерді таттан тазартып, тақуалық пен таным нұрымен сәулелендіреді. Сондай-ақ, көздерді ислам әлемінің ащы шындықтарына қарай ашып, ерік-жігерді соларға қарсы шығуға бағыттап, қадамдарды нығайтып, қол мен сананы іске дайындайды»,- деді. Басқаша айтқанда, қажылардың қажылық рәсімдердің арқасында тазаруы олардың Батыстың ақпараттық шабуылдарынан сақтандырып, ислам дұшпандарының қастықтарынан хабардар етіп, оларға қарсы тұруға дайындайды.
«Фатх» сүресінің 29-шы аятынан: «Мұхаммад (с.ғ.с.) Алланың Елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге қатаңырақ, өзара тым мейірімді...»,- деп оқимыз. Қажылық жолдауының жалғасында Ислам революциясының жетекшісі осы аятқа сүйеніп, ислам үмбетінің нашар жағдайының екі себебін атайды: «Бүгінде ислам әлемі бейберекеттікке душар болып отыр. Ақлақтық, рухани және саяси тынышсыздық біздің қапылдығымыз бен дұшпандардың рақымсыздықпен шабуыл жасауының факторына айналды. Біз дұшпанның шабуылы алдында өзіміздің діни және ақлақтық міндетімізді атқармадық. Кәпірлерге қатал болуды, өзара рақымды болуды естен шығардық. Соның салдарынан сионист дұшпан ислам әлемі географиясының жүрегінде іріткі салумен айналысып жатыр. Біз Палестинаны құтқаруға қатысты кесімді міндетімізден қапы қалып, Сирия, Ирак, Йемен, Ливия мен Бахрейнде азамат соғысымен, ал Ауғанстан мен Пәкістанда терроризммен күресіп жатырмыз». Ислам әлемінің шындықтары дәл осы мәселені көрсетеді. Ислам елдерінің кейбір басшылары АҚШ үкіметі сынды Исламның дұшпандарымен достасып, бірігіп, басқа мұсылман халықтарға бауыр болудың орнына оларға дұшпандық білдіруде. Сирия, Ирак, Йемен, Ливия мен Ауғанстандағы ащы оқиғалар сырт көзге исламдық саналатын үкіметтердің араласуымен орын алды.
Мұндай жағдайға қарамастан аятолла Хаменеи ислам елдерінің оянуы, хабардар болып, бірігуіне үміт білдіріп, оны ислам әлемінің қазіргі қиындықтарын шешетін жол санайды. Аятолла Хаменеи бұл жұмысты ислам елдерінің басшылары, ислам әлемінің діни, саяси және мәдени қайраткерлерінің міндеті деп атап: «Ислам елдерінің басшылары мен ислам әлемінің саяси, діни және мәдени қайраткерлеріне ауыр міндет жүктелген. Олар бірлік қалыптастырып, баршаны тайпалық және мазхабтық жауластықтан сақтандырып, халықтарды дұшпандардың айла-шарғылары және үстемшілдер мен сионизмнің қылмыстарынан хабардар етіп, баршаны жұмсақ және тікелей соғыс майдандарында дұшпандарға қарсы тұру үшін жарақтап, бүкіл әлемде қайғы мен наразылық тудырған қазіргі Йемендегі оқиғалар сияқты ислам елдерінде болып жатқан ащы да апатты жағдайларды тез арада тоқтатып, Мьянма мен басқа жерлерде жапа шеккен мұсылман азшылықтарын кесімді түрде қорғап, бәрінен маңыздысы, Палестинаны қорғап, 70 жылға жуық уақыт бойы өзінің басып алынған жері үшін күресіп жатқан халыққа қалтқысыз көмектесуге міндетті»,- деп баса айтты. Діни жетекші қажылық жолдауының бұл бөлімінде ислам әлемінің шамамен барлық қиындықтарын ИИР-ның ұраны болып қалыптасқан Палестина халқын қорғаумен байланыстырды. Өйткені, өкінішке орай, Батыс Азиядағы қантөгістер кейбір араб үкіметтерінің Палестина мәселесін ұмытуына себеп болып отыр. Олар тіпті Палестинаны басып алып, халқын өлтіріп, қамауға алып, босқынға айналдырған сионистік режиммен достық қарым-қатынас орнатуда.
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи қажыларға арнаған жолдауында мұсылман халықтардың бұл міндеттерді өз үкіметтерінен орындауды талап етуі керектігін және көрнекті тұлғалардың шынайы жігер, ақ ниеттерімен бұл жолда талпыныс жасауы қажеттігін қуаттап: «Мұның барлығы біздің бәріміздің мойнымыздағы міндет. Халықтар мұны өздерінің үкіметтерінен талап етуі керек. Тұлғалар бар күш-жігерлері және пәк ниеттерімен осы міндеттерді орындауға талпыныс жасауы тиіс. Бұл істер – Алла дінінің жеңіске жететіндігінің кесімді дәлелі. Алланың уәдесіне сәйкес, оның көмегінің бізге серік болатыны анық»,- деді. Аятолла Хаменеи «Мұхаммад (с.ғ.с.)» сүресінің «Әй, мүміндер! Егер Аллаға (дініне) жәрдем етсеңдер, Ол сендерге жәрдем етіп, табандарыңды бекітеді»»,- деген 7-ші аятына сүйеніп, Алланың көмегін еске салды. Аятолла Хаменеи 2015 жылғы қажылық кезіндегі Мина апатында шәһид болғандарды еске алып, жолдауын: «Мина мен әл-Харам мешітінде шәһид болғандарды құрметпен еске алып, рақымды да мейірімді Алладан олардың дәрежелерінің өсуін сұраймын»,- деп аяқтады.