Имам Саджад (ғ.с.)-ның миссиясы – имам Хосейн (ғ.с.)-ның қозғалысының жалғасуы
Илаһи тұлғалар, соның ішінде Исламның ұлық пайғамбары әулеті азаматтарының туған күні мен шәһид болған күндерінің жылдығы олардың өмірлеріне шолу жасау үшін жақсы мұрсат.
Бүгін мұхарам айының 12-ші жұлдызы – Исламның ұлық пайғамбары немерелерінің бірі имам Хосейн (ғ.с.)-ның перзенті имам Саджад (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығы. Кербала оқиғасы мен имам Хосейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін басталған имам Саджад (ғ.с.)-ның имамат кезеңі назар аударарлық ерекшеліктерге ие. Хазірет бұл кезеңде тағдырды шешетін маңызды рөл атқарды. Кербала оқиғасы кезінде имам Саджад (ғ.с.) шамамен 24 жаста еді. Имам аталмыш оқиғадан кейін 34 жыл өмір сүріп, сол уақытта Ислам үмбетінің басшылығын мойнына алып, зұлымдық және надандықпен әртүрлі тәсілдер арқылы күресті. Күрестің мақсаты Кербала оқиғасы мен осы үлкен әрі мәңгілік қозғалыстың жолдауын адамдардың жадында сақтау болды. Имам Саджад (ғ.с.) хиджри қамаридің 95-ші жылы осындай күні Амави әулетінің басшысы Валид бен Абдолмалектің бұйрығымен уландырылды. Имам Саджад (ғ.с.) шәһид болды.
Кейде бір қозғалысты жалғастырып, нәтижелерін сақтау оның өзінен қиынырақ міндет болады. Әкесі имам Хосейн (ғ.с.)-ның көтерілісінен кейін мұсылмандарды басқару үшін илаһи тағдыр имам Саджад (ғ.с.)-ды Кербала оқиғасында аман алып қалды. Имам Саджад (ғ.с.) Амави билігі діни құндылықтарды бұрмалап, өзгертіп, әділеттен алыстатып, дүние мен билікқұмарлық айқын байқалған кезде имаматты өз міндетіне алды. Амави үкіметі өзін діндар көрсеткенімен, исламдық қоғам діннің шынайы тағылымдарынан алыстаған болатын. Шын мәнінде, Амави әулеті діннің сыртқы көріністерін ғана сақтап, Исламның құндылықтарына соққы беруді көздеді. Исламдық қоғамдағы олардың алдап-арбаушылық істері имам Хосейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейінгі алғашқы күндері білінді. Амави үкіметі Ашура оқиғасын өз мүдделеріне пайдалануға талпынып, имам Хосейн (ғ.с.) мен серіктерінің қозғалысын бүлік ретінде көрсетпек болды. Осындай жағдайда имам Саджад (ғ.с.) өз міндетін қысқа және ұзақ мерзімде іске асырды. Қысқа мерзім болып имам Хосейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін имам Саджад (ғ.с.) мен пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің басқа мүшелері Куфе мен Шамда тұтқында болған күндер саналады. Имам Саджад (ғ.с.) міндетінің ұзақ мерзімі хазіреттің Мәдине қаласына оралғаннан кейінгі уақыт. Имам Хосейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін исламның ұлық пайғамбарының мүшелері, соның ішінде имам Саджад (ғ.с.) мен әкесінің қарындасы хазірет Зейнаб Амави билігінің қылмыскер сарбаздарының тұтқынына түсті. Сол кезеңде имам Саджад (ғ.с.) Куфеге кірген кезде халықтың ортасында сөз сөйледі. Хазіреттің сөзі адамдардың көбінің жылап, одан кешірім сұрауына себеп болған. Хазірет былай деді: «Уа, халайық! Мен – имам Хосейннің перзенті Әлимін. Сендер құрметсіздік көрсеткен адамның ұлымын. Алла Тағала бізді тақуа, әділ әрі пәк жаратты. Сендер әкеме хат хазып, оған адалдыққа ант бермеп пе едіңдер? Бірақ кейін алдап, оған қарсы шықтыңдар. Істерің мен ойларың қандай жаман болды».
Имам Саджад (ғ.с.) мен хазіреттің сөздері Ашура қозғалысы мен халықтың ой-пікірінің арасындағы көпір болды. Сол кездің маңызды әрі дағдарысты жағдайында имам Саджад (ғ.с.) уайым мен қайғыға батқанымен, имам Хосейн (ғ.с.)-ның шындығын баяндау үшін ең әсерлі жолдың ұждандарды оятып, имам Хосейн (ғ.с.) мен серіктеріне қарсы Амави әулетінің жалған үгіт-насихаттарын әшкерелеу екенін түсінді. Тұтқында өткізген күндер имам Саджад (ғ.с.) мен пайғамбар әулетінің басқа мүшелері үші өте қиын күндер болды. Кербала тұтқындары көптеген қорлық көрді. Бірақ бұл қиын күндері имам Саджад (ғ.с.) мен хазірет Зейнабтың болуы тұтқындар үшін жұбаныш болды. Кербала жолдауын жеткізушінің өмірінің жарқыраған беттерінің бірі Шамдағы Амави мешітіндегі қатаң әрі әшкерелеуші сөздері саналады. Хазірет Язид бен Муавиенің сарайына кірген кезде оның жеңісіне масаттанып отырған көрді. Язид жағдайды өзінің мүддесіне сай деп ойлады. Бірақ, имам Саджад (ғ.с.) батыл түрде мінберге шығып: «Халайық! Алла Тағала бізге, пайғамбар әулетіне білім, сабыр, кешірімділік, жомарттық, шешендік пен ержүректілік сынды ерекшеліктерді сыйлап, біздің махаббатымызды мүміндердің жүректерінде қалыпастырды. Халайық! Мені танымаған әрбір адамға өзімді таныстырамын»,- деді. Сол кезде имам өзін пайғамбардың немересі деп таныстырып: «Мен – ең жақсы адамның перзентімін. Мен – миғраж түні әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне жеткен адамның перзентімін»,- деп қуаттады. Имам хазірет Әли (ғ.с.)-ның ержүректігі және Исламның ұлық пайғамбарының қызы хазірет Фатима (ғ.с.)-ның ерекшеліктері, әкесі имам Хосейн ( ғ.с.)-ның мәртебесі туралы баяндап: «Мен – дүниеден шөлден кенезесі кеуіп озған адамның перзентімін. Оның қаны зұлымдықпен төгіліп, өзі Кербала жеріне құлады. Аспан періштелері жылап отырғанда оның сәлдесі мен абасын ұрлап кетті. Мен – басы найзаның ұшында көтерілген, жанұясы тұтқын ретінде Ирактан Шамға жеткізілген адамның баласымын»,- деді.
Имам Саджад (ғ.с.)-ның Шамдағы сөзінің әсерлі болғаны соңдай, Амави үкіметін теңселтіп, олар Кербала қозғалысы салдарларының толқынымен бетпе-бет келді. Нәтижесінде тұтқындардың керуенін Мәдинеге қайтарды.
Имам Саджад (ғ.с.)-ның Мединеге оралуы хазіреттің міндетінің жаңа кезеңге кіруіне себеп болды. Имам бұл кезеңде ұзақ мерзімді мақсаттарды көздеді. Сол кездің жағдайы имам Саджад (ғ.с.)-ды халықтың діни сенімдері мен ой-пікірлерін өзгерту туралы шешімге жеткізді. Сол себепті 34 жыл имаматы кезінде кейін имам Саджад (ғ.с.)-ның перзенті имам Бақер (ғ.с.) жалғастырған ғылыми-мәдени жұмыстардың кеңеюіне жағдай туды. Имам Саджад (ғ.с.)-ның Кербала көтерілісінен кейінгі жылдардағы маңызды қызметтерінің бірі рухани дұғаларын баяндауы болды. Бұл дұғалар «Сахифе Саджадие» деп аталған кітапта жинақталды. «Сахифе Саджадие» дұға жинағы болғанымен, оның мәтіні адамның Жаратушымен сырласу тілімен айтылып, өмір мен жаратылыс философиясына қатысты болып табылады. «Сахифе Саджадие» имам Саджад (ғ.с.)-ның ғылыми және рухани ұлылығын көрсетеді. Имам Саджад (ғ.с.) дұға мен мүнәжәт түрінде илаһи ахкам мен діни білімді таратып, ғалымдардың таңғалдырарлық қадамдар жасауына себеп болды.
Имам Саджад (ғ.с.) дұғалары мен мүнәжаттарына байланысты «Зейн әл-Абедин, яғни ғибадат жасаушы, ал ұзақ сәжделері үшін «Саджад», яғни көп сәжде жасаушы деп танымал болды. Имам Саджад (ғ.с.)-ның қарапайымдылық, достық және мейірімділік сынды ерекшеліктері хазіреттің өмірінің барлық кезеңдерінен анық байқалды. Имам түндерде иығына қоржынын асып, Мединенің мұқтаждарына көмекке асығатын. Бұл пайғамбар әулеті ерекшеліктерінің бірі еді. Олар өзінің ғылыми күш-қуаты және рухани байлығымен қоғамның әлсіз топтарымен бірге өмір сүретін. Имам Саджад (ғ.с.)-ның мұқтаж адамдарға аяушылық білдіру жолдарының бірі құлдардың жағдайына назар аударуы болды. Құлдар әсіресе Амави билігі кезінде ең күшті қоғамдық қысымдармен бетпе-бет келді. Имам Саджад (ғ.с.) бұл таптың қоғамдық орнын көтеруге талпынды. Сол себепті олардың көбін сатып алып, содан соң азат етті.
Имам Саджад (ғ.с.) имаматы кезінде Амави үкіметінің исламның үнін өшіруді көздеген кегі мен дұшпандық толқынына душар болды. Өкінішке орай, хиджри қамаридің 95-ші жылы Валид бен Абдолмалектің билігі кезінде Амави билігінің қара ниеті іске асырылып, имам Саджад (ғ.с.)-ның имаматы аяқталды. Имам Саджад (ғ.с.) хиджри қамаридің 95-ші жылының мұхаррам айының 12-ші жұлдызында шәһид болды.