Адамгершілік көшбасшысын аза тұту
(last modified Thu, 16 Nov 2017 19:25:24 GMT )
Қар 17, 2017 01:25 Asia/Almaty
  • Адамгершілік көшбасшысын аза тұту

Аспан Алла елшісінің шәһид болуының жылдығына қатысты аза тұтуда. Бұл күні имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) өз үйінде мазлұм түрде шәһид болды. Имамат пен велаяттың жарқыраған екінші жұлдызы имам Хасан Моджтаба (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығына байланысты Исламның ұлық пайғамбарының барлық ғашықтары мен жақтастарына көңіл айтамыз.

Имам Хасан (ғ.с.) – имам Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың перзенті және Алла елшісінің  бірінші немересі. Тарихта имам Хасан (ғ.с.)-ның түрі басқалармен салыстырғанда пайғамбарға көбірек ұқсас болғаны айтылған. Имам Хасан (ғ.с.) өмірінің сегіз жылын пайғамбардың қасында өткізіп, хазіреттің ғамалдары оған үлкен әсер етіп, атасының нұрлы болмысынан ақиқат пен илаһи сырды үйренді. Кейбір уақытта атасы хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ға уаһи түскен кезде қасында болып, илаһи аяттарды хазіреттің аузынан естіп, анасы хазірет Фатима (ғ.с.)-ға айтып беретін. Ол сабырлы және қарапайым, халықтың арасында мол адамгершілігі  және жомарттығымен танымал болды. Имам Хасан (ғ.с.) үш рет өзінің мүлкінің жартысын Алланың жолында жұмсап, мұқтаждарға сыйлап, «Пайғамбар әулетінің жомарты» деген лақап атқа ие  болды.  «Кәрім» – өте жомарт, қайырымды адам.

«Халим» (сабырлы, шыдамды, төзімді) деген сөз Құранда 15 рет кездесіп, 11 жайтта Алланың сипаты,  екі рет хазірет Ибрахимді, бір рет  хазірет Исмаилды, сондай-ақ басқа бер жерде хазірет Шуайбтың сипаты ретінде пайдаланылды.   «Халам» (сабыр) – исламдық және ахлақи маңызды құндылықтардың бірі.  Сондықтан бұл сипатқа пайғамбарлар сынды әйгілі тұлғалар ие. Негізінде, бұл илаһи сипаттардың бірі. Алла Тағала Құран Кәрімде хазірет Ибрахимды мұндай сипатқа ие болғандықтан мадақтап: «Шынында хазірет Ибрахим сабырлы, қамқор, бой ұсынушы»,- деп айтқан. («Һуд» сүресінің 75-ші аяты).

Сабырлық – имам Хасан (ғ.с.)-ның сипаттарының бірі. Шамның хабарсыз бір қариясы Мединеге келіп, атқа мінген имам Хасан (ғ.с.)-ды көріп, хазіретті  балағаттайды. Имамның серіктері қартты қуып жібермек болғанда имам рұқсат етпейді. Қарт сөзін аяқтаған кезде имам оның қасына жақындап, амандасып, күлімсіреп: «Уа, қария! Басқа жерден келген боларсың. Сен қателестің деп ойлаймын. Егер біздің ризалығымызға ие болғың келсе, ризалығымызды білдіреміз; егер бізден бір нәрсе сұрасаң, береміз; егер жол сұрасаң, дұрыс жолға нұсқаймыз; егер мұқтаж болсаң, мұқтажсыз етеміз; егер панасыз болсаң, пана береміз; егер атыңның басын біздің үйге қарай бұрсаң, қалағанша біздің қонағымыз боласың. Саған жақсы болады, өйткені біздің үйіміз қонақ күтуге дайын»,- дейді. Хабарсыз қария мұндай мейірімді сөздерді естіп, имамның сабырлығына тәнті болып, пікірі өзгеріп, көзі жасқа толып: «Куәлік етемін, сен – Алланың жердегі халифасысың. Әрине, Алла Тағала жоғары дәрежесін кім беруді біледі. Сені мен әкең мен үшін дұшпан болдыңдар, бірақ енді сен мен үшін ең сүйікті адамсың!»- дейді. Содан соң ол имам Хасан (ғ.с.)-ның үйіне кіріп, хазіреттің қонағы болады.

Имам Хасан (ғ.с.) сабырлы болғаны сондай, ресалат әулеті дұшпандарының бірі саналған және имам Хасан (ғ.с.)-ды көп азаптаған Марван: «Бұл жұмыстарды сабыры таудай адммен бірге орындадым»,- деген болатын. Имам Хасан (ғ.с.) мен басқа пәк имамдар Құран мектебінде тәрбиеленіп, көркем рухы, мінез-құлқы және жағымды амалдарымен танымал болды. Рауаяттардың бірінде былай деп айтылған: «Қызметшісі хазіретке гүл шоғын береді. Гүлдің жұпар иісі бөлмеге таралып, имам оны иіскейді. Содан соң күлімсіреп: «Сені азат еттім»,- дейді. Қызметшісі қуанғаннан не айтарын, имамға алғысын қалай білдірерін білмей, бөлмеден шығып кетеді. Хазіреттің серіктерінің бірі таңғалып: «Бір кішкентай гүл шоғына бола оны неге азат еттіңіз?»- деп сұрағанда  имам мейірімімен: «Алла бізді осылай тәрбиеледі. Құранда сыйлық берген кезде одан жақсырақ жауап қайтаруға кеңес берді. Алланың жолында оны азат ету ол үшін ең жақсы сый болды»,- деп жауап берді». Имам Хасан (ғ.с.) әкесі хазірет Әли бен Абитолеб (ғ.с.) Куфеде шәһид болған соң, халықтың қалауымен билікті қабылдап, әкесінің әділет жолын жалғастырды. Халықтың имам Хасан (ғ.с.)-ның билігін мойындауы Шамды билеп отырған Муавие үшін күтпеген оқиға болды. Сол себепті ол имам Хасан (ғ.с.)-мен текетіресті. Имам Хасан (ғ.с.) Муавиеден қырсықпай, шындыққа бият етуді талап етті. Бірақ, Муавиенің имаммен қарсыласуы  хазіретке қарсы шығып, әскер жіберуге дейін жетті.  Муавие әскер арқылы Куфенің ықпалды адамдарының мүдделерін қамтамасыз етуді көздеді. Муавиенің бүлік тудыруды көздеуі мен оның әскербасшыларының қастықтары бір жақтан, имам әскерінің кейбір қолбасшыларының садқындықтары мен халықтың бірнеше топқа бөлінуі басқа жақтан Ислам мен мұсылман мүдделерін қорғау үшін имам Хасан (ғ.с.)-ды Муавиемен бейбітшілік туралы келісімге келуге мәжбүрледі.

 Иран Ислам революциясы жетекшісі аятолла Хаменеи имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) өмірінің қиын кезеңі туралы: «Имам Әли (ғ.с.) сол кездегі исламдық қоғамның жағдайынан шәһид болды. Содан кейін имаматтың кезегі имам Хасан (ғ.с.)-ға жетті. Қоғамның жағдайына байланысты имам жалғыз қалды. Имам Хасан (ғ.с.) егер өзінің санаулы серіктерімен Муавиемен соғысса, шәһид болатынын, өйткені сол кезде ислам қоғамы билігінің оның қанының төгілуінің алдын ала алмайтынын білді.  Муавиенің үгіт-насихаттары, ақшасы мен алдап-арбауы баршаны билеп, екі жылдан кейін халық «имам Хасанның Муавиеге қарсы шығуы пайдасыз болды» деп айтар еді. Сондықтан, ол барлық ауыртпалықтарға төзіп, шәһәдат майданына шықпады. Өйткені, босқа өлетінін білді. Кейде шәһид болу тірі қалудан оңай. Расында, осылай. Бұл мәселені ақылды адамдар жақсы түсінеді. Кейде тірі қалып, өмір сүру және бір ортада талпыныс жасап өлу шәһид болудан қиын. Имам Хасан (ғ.с.) осы қиындықты таңдады»,- деді.  

Амави үкіметі имам Хасан (ғ.с.)-ды бейбіт келісімді қабылдауға мәжбүрлеп, өз мақсаттарына жеткенімен, имамның болуы оларға кейбір ұзақ мерзімді мақсаттарын іске асыруға кедергі болды. Муавиенің мақсаттарының бірі өз орынбасарын тағайындау болды. Муавие имамның кезінде бұл мақсатын іске асырса, имам Хасан (ғ.с.)-ның қатаң қарсылықтарымен кезігетінін білді. Сондықтан, кез келген мүмкін жолды пайдаланып, имамды өлтіруге шешім қабылдады. Көптеген зерттулерден кейін имам Хасан (ғ.с.)-ның әйелі Джудені өз мақсатына жету үшін ең қолайлы адам деп таңдады. Ол жасырын түрде Джудеге жүз мың дерхам жіберіп, оған егер имамды өлтірсе, оны Язидтің әйелі ету туралы уәде берді. Джуде патшалық өмір сүру туралы армандап, имам ішетін суға у араластырды. Хазірет суды ішіп, уланып, көп ұзамай шәһид болды. Ибн Аббас Алла елшісінің: «Перзентім Хасан Моджтаба уланып, шәһид болған кезде аспан мен жер тұрғындары оны аза тұтады. Перзентім Хасан үшін аза тұту мен жылау өте маңызды. Ол үшін уайым-қайғыға батып, жылаған адамның көздері барша зағип болған күні соқыр болмайды. Баршаның жүректері қайғыға батқан күні бұл адамның жүрегі қайғыдан алыс болады. Сондай-ақ, Бақи  зиратындағы оның қабірін зиярат ететін адамның қадамы Сират көпірінен өткен кезде нық болады»,- деп айтқанын еске алатын.

Алланың дінін құтқару үшін Муавиенің дінсіз үкіметімен бейбітшілік келісімге келудің ащылығының дәмін татқан сабырлы имамға сәлем мен салауат жолдаймыз!

Әлемнің барша мұсылмандарына Исламның ұлық пайғамбарының немересі – имам Хасан (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығына байланысты көңіл айтамыз.