Африкадағы азық-түлік дағдарысы: себептері мен салдарлары
Бүгінде әлемнің әртүрлі мемлекеттері, әсіресе Африка құрлығы елдерін азықпен қамтамасыз ету шынайы дағдарысқа айналды. Халықаралық мәлімдемелер азық-түлік тапшылығы, сондай-ақ оны бөлу саласындағы әділетсіздік пен дүниежүзінің әртүрлі жерлеріндегі кедейшіліктің артқанын көрсетеді. Мәліметтер бойынша әлемнің 37 мемлекеті, соның ішінде Африкада орналасқан 28 ел азық-түлік қауіп-қатерімен кезігіп отыр
Әлемдік есептер Африка мемлекеттерінің көбіндегі азық-түлік тапшылығын, кедейшілік пен ашаршылықты көрсетеді. Бүгін Нигерия, Нигер, Оңтүстік Судан, Сомали, Эфиопия мен осы құрлықтың басқа аймақтары халқының көбі азық-түлік тапшылығымен кезігіп отыр.
Экономикалық қиындықтар, артту қалу, қажет инфрақұрылымдардың болмауы, таптық теңсіздік, компаниялар мен үлкен шетелдік компаниялардың алып-сатарлығы, ауылшаруашылығы мен өндіріс бөлімдеріне қажет инвестицияның болмауы, кейбір Батыс үкіметтерінің отаршыл саясаттары сынды мәселелер Африка елдері кедейшілігінің себептеріне жатады. Африка құрлығы мемлекеттерінің көбі жағымды климаттың болмауы, ауылшарушылық жерлерінің дұрыс дамымауымен бетпе-бет келіп, соның салдарынан азық-түлік тапшылығына душар болуда. Ауылшаруашылығы білімінің, жақсы тұқымдар мен ауылшаруашылығы үшін қажет жаңа құралдар мен біртұтас егістік жерлерінің болмауы Африканың диқандарының ауылшаруашылығы өнімдерін дәстүрлі тәсілдермен салуды жалғастыруының себептеріне жатады. Бұл салада құрлықтың кейбір мемлекеттері ауылшаруашылығы үшін қажет жаңа технологиялар мен тұқымдар сатып алғысы келгенімен, бұл ғылымның көбі Батыс компанияларының монополиясына түсіп, технологияларымен басқа елдермен, әсіресе Африка елдерімен бөліспейді. Сонымен қатар су ресурстарының тапшылығы мен инвестицияның салынбауы Африка диқандарының көбінің су тапшылығымен бетпе-бет келуіне себеп болды. Сондықтан су ресурстары мен ауылшаруашылығының құнарлы жерлеріне қатысты қайшылықтар қақтығыстар мен текетірестердің тамырларының бірі саналады. Мәселен, Зимбабве климатының өзгеруіне байланысты дәнді дақылдар шығаратын елден осы өнімдерді импорттайтын елге айналды. Тропикалық климатқа ие аймақтардағы ауылшаруашылығын зерттеу халықаралық институтының (IITA) тропикалық және сулы-батпақты алқаптарды зерттеу жөніндегі ғылыми зерттеулер бағдарламасының директоры (CGIAR) Кивиса Ата-Кара Африкадағы ауылшаруашылығы потенциалының төмендігі мен биологиялық проблемаларға, сондай-ақ бұл мәселелерді шешу үшін әртүрлі жүйелердің бірлігінің қажеттігіне тоқталып: «Біз зерттеулер мен саясаттың арасында әрқашан қоғамдық қажеттіліктер мен мақсаттарға сай қарым-қатынас орнатуымыз керек»,- деді. Азық-түлік тапшылығы мәселесі Африкада кең таралуда. Бұл мәселе Африка тұрғындарының көбінің басқа аймақтарға қоныс аудару себептерінің біріне айналды.
Соғыс пен ашаршылық – африкалық мемлекеттердің көбінде кездесетін келесі мәселенің бірі. Ұлтаралық, тайпалық, мазхабаралық қайшылықтар, саяси даму мен демократияны құрметтемеу, халықтың дауысымен санаспау, тәуелді биліктің орнатылуы бұл құрлықтағы азамат соғыстарының себептері саналады. Оңтүстік Суданның басым бөлігі, Орталық Африка, Демократиялық Конго республикасы мен осы құрылықтың басқа елдерінде азамат соғыстары жүріп жатыр. Соғыстар тұрғындардың су мен азыққа қолжетімділік мүмкіндіктерін шектеуімен бірге адамдардың бұл аймақтардан көшіп кетуіне де әсерін тигізді. Бұл салада Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бессли соғыс, қоныс аудару және ашаршылықтың артуы арасындағы байланысты растап, әлем бойынша бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды талап етті. Осыдан біраз уақыт бұрын жарияланған БҰҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігі туралы жылдық есебі бойынша, әлемде 815 миллион аш адам бар. 489 миллион адам соғысқа шырмалған елдерде өмір сүруде. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Оңтүстік Судан, Сомали, Нигерия мен Йемен елдеріндегі азық-түлік тапшылығы мен қайшылықтарына тоқталып, бұл аймақтағы қашылықтар шешілмей және даму үдерісі басталмай, бүкіл аймақтың ашаршылық пен қиындықтарға тірелетіні туралы ескертті. Бұл соғыстардың көбінен отаршыл үкіметтердің әсерін байқауға болады. Африка құрлығы көптеген байлығы мен ерекше жағдайына сай әрқашан отаршыл елдердің, атап айтқанда Батыс үкіметтерінің көзіне түсті. Бұл үкіметтер Африканың көптеген аймақтарында азамат соғыс ұшқынын жалындатып, өз мақсаттары мен мүдделеріне жету үшін пайдаланды. Оңтүстік Суданның Суданнан тәуелсіздік алуы Батыс мемлекеттерінің көбінің қолдауымен орын алды. Соғыспен қатар бұл ел азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы және тіпті жедел көмектің дер уақытта жетпеуімен кезігіп отыр. Орталық Африкада да қақтығыстар мазхабаралық және дінаралық қайшылықтардан тамырланып, бірнеше жыл бойы жүздеген адамның өліп, қаншама адамның жаралануына себеп болып отыр. Бұл мәселе Франция сынды бөгде елдердің әскери күштерінің бейбітшілік орнатуды сылтауратып, сол елде орналасуына себеп болды. Орталық Африканың аймақтарының көбі азық-түлік тапшылығымен бетпе-бет келуде. Осыдан біраз уақыт бұрын БҰҰ өз мәлімдемесінде: «Азамат соғысы – Орталық Африка тұрақсыздығының негізгі себебі. Орталық Африка халқының жартысы гуманитарлық көмекті қажет етеді»,- деп мәлімдеді.
Лаңкестік топтар мен бұл топтардың Африкадағы әрекеттері – құрлықтың тұрақсыздығы мен бейберекеттігіне себеп болып отырған келесі мәселе. Лаңкестік топтар мен әскери жасақтардың шабуылдары бір жақтан қақтығыс орын алған аймақтардағы халықтың мәжбүрлі қоныс аударуына себеп болса, басқа жақтан тынышсыздықтардың артуы, экономикалық және инвестициялық мәселелер бұл құрлық елдерін қауіп-қатерге тіреді. Мәселен, лаңкестік шабуылдардан кейін Мысыр мен Тунис сынды елдердің туристік кірістері азйып, бұл мәселе кедейшілік пен жұмыссыздықтың артуына себеп болды.
БҰҰ-ның Халықаралық Азық-түлік бағдарламасы (WFP) осыдан біраз уақыт бұрын жасалған зерттеу нәтижелерінде ашаршылық пен миграция мәселесінің тікелей байланысы бар екендігін дәлелдеді. Бұл зерттеулер ашаршылық деңгейі жоғары және қарулы қақтығыстарға куә болып отырған елдерде мигранттар санының жоғары екендігін көрсетті. Жыл сайын қақтығыстар мен қантөгістер әр 10 000 адамның ішінде 40 адамның өз елінен қашуына себеп болуда. Бұл мәселе халықтың көбінің отандарынан кетуден бұрын өз елінде бірнеше жерді ауыстырғанын, жері, жұмысы мен тұрмыстарынан айрылғанын көрсетті. Әлемдік мәліметтер бойынша өткен жеті жылда Бокохарам шабуылдары 15000 астам адамның қаза болып, екі миллионнан астамның босқынға айналуына себеп болды. Бұл миграция екі бөлімде орын алды: біріншісі, Еуропаға қарай заңсыз миграция. Мигранттардың көбі Ливияны таңдап, Жерорта теңізінен өтіп, Еуропаға жетпек. Олар бұл жолда көптеген қатерлермен кезігіп, көбісі мақсаттарына жетпейді. Орталық Африка, Оңтүстік Судан, Конго демократиялық республикасының тұрғындары елдерінен кетіп, шекара аймағындағы мекендерде орналасып жатыр. Босқындар мен мигранттар ашаршылық, ауыз су тапшылығына душар болып, медициналық көмектерге мұқтаж. Батыс мемлекеттері мен АҚШ гуманитарлық көмек, адам құқығын қолдау туралы уәж айтқанымен, іс жүзінде тіпті қаржы туралы уәделерін де орындамайды. Мигранттар тақырыбына қатысты еуропалық басшылар Африканың әртүрлі елдері басшыларымен мигранттардың жолын жабу туралы келісімге қол қоймақ. Халықаралық ұйымдардың басшылары Батыс мемлекеттері мен АҚШ-ты африкалық елдердің алдындағы қаржы міндеттемелерін орындамауына жауапты санайды. Мәселен, көмек көрсетуші үкіметтер сәуір айында Йеменге бір миллиард 100 миллион долларлық көмек туралы уәде берген болатын. Бірақ, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының өкілі Шабия Манто осы уақытқа дейін уәде берілген көмектердің тек 29 пайызының ғана БҰҰ-ына түскенін айтты. Бұл салада осыдан бұрын Нигерия вице-президенті Йеми Осинбаджо да еуропалық мемлекеттердің басшыларынан Африкаға көмектесу туралы уәделерін орындауды сұраған болатын. Тіпті гуманитарлық көмектер түскен кезде де Африка елдерінің қате экономикалық құрылымы мен бұл елдердің кейбір башыларының жемқорлығы көмектердің қажет бөлімдерде жұмсалмай, азық-түлік қиындықтарының бәз-баяғы қалпында қалуына себеп болады. БҰҰ азық-түліктің қолжетімділігін, азық-түлікпен қамтамасыз етілуді және азық-түлік қауіпсіздігін қауіпсіз тамақтанудың үш негізгі көрсеткіші ретінде атады. Көптеген африкалық елдерде бұл үш көрсеткіш өте төмен. ФАО мен көптеген адам құқықтарын қорғау мекемелері африкалық елдердің азық-түлік қауіпсіздігі және гуманитарлық әрекеттерін қолдау туралы айтқанымен, қазіргі қиын жағдай олардың уәждеріне шектеу қояды. Кейбір сарапшылар ішкі қақтығыстар мен саяси қайшылықтарды тоқтатып, тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату және ауылшаруашылығы бөлімін дамытатын дұрыс экономикалық саясаттар жүргізу Африка құрлығындағы ашаршылық мәселесіне көмектесе алады деп санайды. Алайда қазіргі жағдай Африка тұрмысының жақсармағанын көрсетеді. Бұл құрлықтың мемлекеттерінің көбі кедейшілік пен мигранттар мәселелеріне тірелді. Негізінде Африка құрлығы елдерінің көбі кедейшілік пен миграция мәселелерімен бетпе-бет келіп отыр. Осындай жағдайдағы негізгі құрбандар – Африка тұрғындары.