Керманшаһ – өркениет, сабырлық пен ерліктің мекені
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i32573-Керманшаһ_өркениет_сабырлық_пен_ерліктің_мекені
Бірнеше апта бұрын Иранның батысында орын алған жел сілкінісі барша Иран халқының қайғы мен азасына себеп болып қана қоймай, сондай-ақ, әлемнің жер-жеріндегі қайырымды әрі азаттық сүйгіш адамдардың да қайғы-қасіретін тудырып, олар Иранның азалы халқының қайғысына ортақтастық білдірді.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Қар 30, 2017 14:30 Asia/Almaty
  • Керманшаһ – өркениет, сабырлық пен ерліктің мекені

Бірнеше апта бұрын Иранның батысында орын алған жел сілкінісі барша Иран халқының қайғы мен азасына себеп болып қана қоймай, сондай-ақ, әлемнің жер-жеріндегі қайырымды әрі азаттық сүйгіш адамдардың да қайғы-қасіретін тудырып, олар Иранның азалы халқының қайғысына ортақтастық білдірді.

Күз мезгілінің жартысы өтіп, аспан әлі де жаз мезгіліндей жылы әрі ашық еді. Жауын жауған күннің өзінде өте аз мөлшерде жауатын

Бірақ таулы аймақтарда ауа-райы салқындап, үстіге жылы киім киіп, дос-жаранмен бірге ішетін ыстық шай жанды жылытатын кезең еді.

Сағаттың тілі кешкі 9:48 көрсеткен сәтте жер осындай үнсіз бақытты көтере алмай, адамгершіліксіз ашуға толы күйде айқай салды. Жерасты дүмпулері тоқтауды білмейтін сынды жалғаса берді. Жер сілкінісі баршаны өзіне қаратып, оның үрейлі дабысы Далаһу, Амруле, Парау, Далахани, Шаһу тауларында жаңғырып, Беһистун тауын сілкінісімен таңырқатты.

Аспан жерге телміре қарап, жер сілкінісінен түнерген күйде Керманшаһта орын алған зілзаланың қараңғы түнінен жарқын нұр іздеумен болды. Аспан қираған үйлерді, үрейленген балалардың көзін көріп, абан айының есірген ызғарлы желін ақырын шақырды. Бірақ жер де, жел де, ешқайсысы аспанға достық қолын ұсынбай, барлығын жермен-жексен етіп, қиратты. Әке, ана, махаббат, арман, балалық – мұның бәрі кетті. Аспан болса қирандылардың арасынан жарқын әрі жылылыққа толы ертеңгі күнді іздеумен болды. Аспанның тамағына тас кептеліп, ертеңінде жерге есеңгіреп қарады. Оның жасы кеуіп кеткен еді.

Х.ш.ж.с.б. абан айының жиырма бірі, қарашаның он екісі күні түнгі сағат онда Керманшаһ облысының Езгеле қаласының маңында, Иран мен Ирактың шекарасына жақын жерде Рихтер бағамы бойынша 7,3 балдық жер сілкінісі орын алды. Апат салдарынан 435 адам қаза болып, 7817 адам жарақат алды. Жер сілкінісі он бір шақырым тереңдікте орын алды. Зілзала тереңдігінің аз болуы және ұзақ уақытқа созылуына байланысты Иранның солтүстік-батыс және батысындағы барлық аймақтарында қатты сезілді. Жер сілкінісі сондай-ақ Түркияның оңтүстік-шығысы, Кувейт және Сауд Арабиясының солтүстігінде де сезіліп, «2017 жылы әлемде ең көп өлімге себеп болған жер сілкінісі» деп аталды.

Қаза болғандар мен жарақат алғандар туралы ең жоғары көрсеткіш Қасре Ширин, Сарполе Заһаб және Соласе Бабаджани қалаларында тіркелген. Зілзала салдарынан мыңдаған үй қирап, аймақтық кейбір инфрақұрылымдар да қатты зардап шекті. Ақпарат көздері кемінде 70 000-ға жуық адамның баспанаға мұқтаж екендігін хабарлады.

Керманшаһтағы зілзала кезінде көптеген үй толығымен қирап, жермен-жексен болды

Загрос тау сілемдерінің арасында орналасқан Керманшаһтың аты ерте кезеңдерде тарихтың алғаш орын алған көптеген оқиғаларымен байланысты. Шамамен 9000 жыл бұрын жер бетіндегі температураның жылынуына байланысты үңгірлерінен шығып, отырықшылыққа бет бұрған алғашқы адамдар Иранның осы аймағын мекендеген. Бұл адамдар алғаш рет шикі кірпіш жасауды ойлап тауып, оны үй құрылысы мен өнеркәсіпте қолданысқа енгізген. Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы алғашқы ауыл бұл аймақта неолит дәуірінде қалыптасқан.

Керманшаһтың тұрғындары көне дәуірде керамиканы ойлап тауып, өнеркәсіппен айналысуды бастаған алғашқы адамдар саналады. Керманшаһтан біздің заманымызға дейінгі дәуірге жататын көптеген ескерткіш табылған.

Керманшаһ қаласының ислам дәуіріне дейінгі тарихи ескерткіштері көбінесе Сасани әулеті билік еткен кезеңнен қалған. Солардың бастысы Керманшаһ қаласының символына айналған "Тақ Бостан" тарихи ескерткіші саналады. "Тақ Бостан" – Керманшаһтың солтүстік-батысында орналасқан Сасани әулеті билігі кезеңінде тас бетіне қашалып жазылған жазбалар мен суреттер жиынтығы. Бұл ескерткіш б.з. үшінші ғасырда салынған тарих және өнер тұрғысынан өте бағалы. Бұл көне жазбалар мен суреттер кешенінде Хосроу мен Парвиздің, екінші Ардашир ІІ (ІІ Артаксерокс), Шапур-І мен Шапур-ІІ патшалардың тәж кигізу рәсімдері мен Пехлеви тілінде жазылған көне жазбалар қашалып салынған.

"Тақ Бостан" ескерткіші

Беһистун тас жазбалары Керманшаһ қаласынан 30 шақырым қашықтықта Беһистун тауының етегінде орналасқан Хақамани дәуіріне жататын тарихи ескерткіш саналады. Беһистун жазбалары әлем тарихының ең маңызды әрі ең танымал құжаттарының бірі әрі Хақамани патшасы Дарийдің сиқыршы Гауматаны жеңіп, бүлікшілерді құрықтауы баяндалған маңызды тарихи мәтін болып табылады. Бұл ескерткіш 2006 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне тіркелген.

Селжұқтар дәуірінде б.з. он бірінші ғасырда Керманшаһ күрдтер мекендейтін аймақтардың бас қаласы болған. Бұл қала Қажар әулетінің билігі кезінде қайтадан өзінің қалалық өмір салтына оралды. Керманшаһ солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс екі бағыты тоғысқан жерінде және Иракпен көршілес орналасуына байланысты және Кербала мен Наджаф секілді зиярат жасайтын қалаларға баратын жолдың басында орналасқандықтан, өте маңызды қала саналды. Керманшаһ Ирандағы конституциялық революция кезінде айтарлықтай үлес қосып, І және ІІ дүниежүзілік соғыстары кезінде бөгде әскери күштер тарапынан басып алынып, соғыс аяқталғаннан кейін азат етілді.

Керманшаһ Иранға қарсы таңылған соғыс кезінде негізгі майдандардың бірі болған. Тіпті ресми түрде соғыс басталмас бұрын, Керманшаһта жерде және әуе соғыстары орын алып, дұшпан күштері шабуылдарының нысанасы мен сол күштердің қақтығыстарының сахнасына айналды. Ирактың Иранға қарсы соғысы осы облыста басталып, бұл облыстың ержүрек халқы соғыс жылдары БААС режимінің басқыншыларымен күресіп, өз отанын қорғады.

Керманшаһ Иранның ауыл шаруашылығының орталығы болып табылады. Бұл облыстың табысының басым бөлігі егіншілікке жарамды жерлерден түседі. Керманшаһты Кербала, Наджаф пен Бағдадта орналасқан имамдардардың кесенелерінің дарбазасы, Ұлы Жібек жолының бір торабы (Хосрави шекарасы), күрд тайпасы мекен ететін ең ірі орталық, тайпалар мен мазхабтардың түрлілігіне байланысты «Иранның Үндістаны» және көне мыңжылдықтар болған қоныс орындары табылғаны үшін өркениеттің алтын бесігі деп аталады. Бұл айтылғандардың әрқайсысы осы аймақтың ұзақ тарих бойындағы жоғары маңызын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, Иранда мордад айының бесі (шілденің жиырма жетісі) "Керманшаһ – өркениеттің алтын бесігі" атты ұлттық мереке ретінде аталып өтіледі.

Беһистун тауы, Керманшаһ

Иранда жер сілкінісі туралы хабар тараған алғашқы сағаттарда осы апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін елдің барлық күштері жұмылдырылды.  Керманшаһта зардап шеккен халықты керек мүмкіндіктермен қамтамасыз ету қажеттігі маңызды сәттерде Иран халқының бірлігі, ынтымағы мен белсендігін тағы көрсетті. Қазіргі таңда Иран халқының қолдаулары осы апаттан жақындарынан айрылған әрі зардап шеккен адамдардың көңілін жұбатып, жанына дауа болды.

Ислам революциясының жетекшісі зілзаладан зардар шеккендерге жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін қуаттауы Иранның Қызыл жарты ай қызметкерлерінің ерік-жігері, Иранның қайырымды әрі шарапатты халқының жоғары қолдауы мен ерекше әлеуетін осы қайғылы оқиғадан зардап шеккен адамдарға көмектесіп, олардың қайғыларына тілектестік білдірудің маңызын екі есе арттырды.

Өткен күндерде қоғамдық белсенділер де шұғыл түрде көмек көрсету үдерісіне қосылып, әртүрлі жолдармен, атап айтқанда виртуалды кеңістік пен әлеуметтік желілер арқылы зілзаладан зардап шеккендердердің қажеттіліктеріне байланысты жолдаулар мен хабарламаларды таратты. Осы арада өнерпаздар мен спортшылар жер сілкінісінен зардап шеккендерге айтарлықтай көмек көрсетуге талпыныс жасады. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр. Теһранның Спортшылар қоғамы зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу үшін және халықтың көмектерін жинап, оларды апаттан аман қалғандарға жеткізу үшін шамси жыл санағы бойынша абан айының жиырма төрті күні Теһрандағы шәһид Шируди атындағы спорт алаңында жиналды.

Сонымен қатар, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан бірінші орынды иемденген ирандық ауыр атлет Киануш Ростами Керманшаһтың зілзаладан зардап шеккен халқына көмектесу үшін өзінің алтын медалін аукционға қойды. Керманшаһтан шыққан чемпион өзінің жолдауында: "Тағы жер сілкініп, жақындарынан айырылған миллиондаған ирандықтың жүрегін қайғы басты. Тарих бетінде Керманшаһтың ержүрек ерлері мен батыл әйелдері елді қорғаудың алдыңғы шебінен көрінді. Бүгін қайғылы оқиға дауылына ұшыраған сол батыл әрі ержүрек адамдар қолдарын аспанға жайып, ғазиз отандастарынан көмек күтіп отыр",- деп жазды.

Сонымен қоса, Иранның паралимпиадалық құрамасының тапаншемен ату түрі бойынша мақтанышы Сара Джаванмарди Иранның батысында орын алған зілзаладан зардап шеккен отандастарына көмектесу үшін Рио-де-Жанейродағы паралимпиадалық ойындарда жеңіп алған алтын медалін сатылымға қойды. Рио-де-Жанейрода өткен паралимпиада ойындарында тапаншамен 10 метр және 50 метр қашықтыққа ату түрлері бойынша екі алтын медальға қол жеткізген Джаванмарди: "Осы апат орын алғаннан кейін және еліміздің спортшылар қоғамының зілзаладан зардап шеккендерге көмектесіп жатқанын көргенде мен де паралимпиаданың спортшысы ретінде қандай көмек көрсете аламын деп ойладым. Осылайша осындай ұлы іске өзімнің аз ғана үлесімді қосуға бел будым",- деп мәлімдеді.

Иран халқының барлық әлеуметтік таптарының Керманшаһтағы зілзаладан зардап шеккендерге көмектесуі