Жаңа заман құлдығы – астыртын қылмыс
(last modified Sun, 03 Dec 2017 05:31:10 GMT )
Жел 03, 2017 11:31 Asia/Almaty
  • Жаңа заман құлдығы – астыртын қылмыс

Дүниежүзілік құлдықты жою күніне арналған бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз.

1949 жылы БҰҰ 2 желтоқсанды Дүниежүзілік құлдықты жою күні деп атады. Құлдықтың ресми түрде жойылғанынан 200 жылдан астам уақыт өтіп, Дүниежүзілік құлдықты жою декларациясы жарияланғанына қарамастан, құлдыққа алу үдерісі әлі жалғасып жатыр. Бұл астыртын қылмыс әлемнің көптеген елдерінде әлі күнге дейін бар. Осындай түйткілдің барын ескеріп, әлемдік қауымдастық Дүниежүзілік құлдықты жою күнін белгілеу мәселесін көтеріп, осы сұрқия құбылыспен күреске әлем халықтарының бұрынғыдан да көбірек көңіл аударуын мақсат тұтты. Бүгін – 2 желтоқсан. Дүниежүзілік құлдықты жою күніне орай дайындалған бағдарламаны назарларыңызға ұсынамыз.  

2016 жылы жарияланған "заманауи құлдық" тақырыбындағы үшінші әлемдік есепте дүние жүзі бойынша 45 млн-нан астам адамның құлдықта жүргені айтылды. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сәйкес құл иеленушілерге жыл сайын 150 млрд доллар заңсыз табыс әкелетін құлдар есірткі мен қару-жарақ контрабандасынан кейін әлемдегі үшінші лас, бірақ табысы мол сауданы қалыптастырды. Құлдардың 70 пайызға жуығы мәжбүрлі түрде жұмыс істейді, олардың 33 пайызы балалар. Сонымен қатар қазіргі заман құлдарының жартысы әйелдер мен қыздар.

Әрине, құлдықтың бұл түрі дамудан артта қалған елдерде ғана өршіп тұрған жоқ, дамыған елдер де бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр.  Еуроодақтың ішкі саясат жөніндегі комиссары Сесилия Мальмстрем осыдан біраз бұрын берген бір сұхбатында аталмыш құбылыстың Еуропада бар екендігіне тоқталып: "Сену қиын, бірақ Еуроодаққа мүше елдерде тауар сияқты саудаға салынатын ондаған мың адам өмір сүреді. Бұл бір ащы шындық: адам саудасы біздің айналамызда бар, ол бізге біз ойлағаннан әлдеқайда жақын",-деді.

Мәжбүрлі түрде жұмысқа салу – құлдықтың ең маңызды түрлерінің бірі.  Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда 21 млн адам әлемде мәжбүрлі түрде жұмысқа салынып жатыр. Оңтүстік-шығыс Азия – құлдық көп көрініс тапқан аймақ. Ақпарат құралдары күнде заңсыз жұмысшыларды демалыс уақыттарында қашып кетпеуі үшін торларда ұстайды деген хабар таратады. Бұл аймақтағы теңіз өнімдерін аулайтын  кемелерде мыңдаған балықшы осындай құлдарды пайдаланатын көрінеді. Ал құрлыққа қайтар кезде бұл адамдар қайтадан торға қамалады екен. Құлдар көбінесе мьянмалық немесе аймақтың басқа елдерінің азаматтары болып табылады. Индонезия суларындағы шалғай жатқан аймақтарда жұмыс күшін мәжбүрлі түрде балық аулауға және оны әлемдік нарыққа, соның ішінде АҚШ-қа сату мақсатында пайдалану Оңтүстік-шығыс Азиядағы адам құқығы  жағдайына күмән тудырады.  

Бұл құлдар темір қапаста өмір сүреді, онда тіпті аяқты созып жатудың өзі қиын. Тамаққа аздаған күріш пен бұршақ тұқымдас дақылдар беріледі. Демалып, тамақ ішкеннен кейін олар балық аулайтын қайықтар мен кемелермен мәжбүрлі түрде теңізге шығарылады.

Оңтүстік-шығыс Азия суларында торға қамалған балықшы құлдар

Бұл табысы мол саудада, өкінішке орай, балалардың орны ерекше, өйткені балалар өте арзан, тіпті тегін жұмыс күші болып саналады. Оларды оңай түрде жыныстық тұрғыдан теріс мақсатта пайдалануға болады, сондықтан оларға деген сұраныс өте жоғары.  БҰҰ-ның Балаларды қолдау қоры ЮНИСЕФ-тің хабарлауы бойынша,  жылына әлемнің түкпір-түкпірінде 1 млн 200 мың бала адам контрабандасымен айналысатындар тарапынан ұрланып, құлдыққа алынады. ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуінше, бұл балалар казармаларда мәжбүрлі түрде қызмет ету немесе тамақ, дәрі-дәрмек пен күнделікті керек-жараққа айырбасталу, болмаса заңсыз істерге жегілу мақсатында құлдыққа алынады. Балалардың көбі Африканың батысы мен орталық бөлігіндегі Того, Мали, Буркина-Фасо мен Гана сияқты елдерден заңсыз әкелінеді. Қожайындардың қол астында үй қызметшісі болып жұмыс істейтін бұл балалардың 90 пайызы жас қыздар.

Жаңа заман құлдығы атты сұрқия құбылыстың тағы бір түрі – жыныстық құлдық.  Пенсильвания штаты университетінің ұстазы Кейтлин Барри "Жезөкшелік және гендерлік саясат" атты танымал кітабында: "Экономикасы тұрақсыз кедей елдерде әйелдер көбірек жыныстық құлдыққа тартылады. 20 ғасырдың 70 жылдарынан осы күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған әйел жезөкшелікке сатылды. Әйелдердің көбі Оңтүстік-шығыс Азия, Шығыс Еуропа, Оңтүстік Америка пен экономикасы дамымаған Африка елдерінен шыққан",-деп жазады.

Сену қиын, бірақ қазір 21 ғасырда делдалдар құлдықтағы әйелдерді клиент тарту үшін жұрт назарына ұсынады, тіпті кейбір агенттіктерде әйел саудасы үшін ай сайын жеңілдікпен сатылым өткізіледі. Кей жағдайда жыныстық құлдыққа сатылған қыздар мен әйелдер бірнеше мәрте делдалдардың  қолынан өтеді. Кейде  қыздар мен әйелдер ауыр соққыдан көз жұмады немесе барған елдерінде тағдырдың тәлкегіне ұшырайды. Қыздар тән сатудан бас тартса, алыпсатарлар тіпті алданған қыздар мен әйелдердің жанұя мүшелерін өлтіреміз деп қоқан-лоққы жасап, оларды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, заңсыз түнгі клубтардың иелеріне сатады. Швецияның Әділет министрлігінің бір жауапты қызметкері бір сұхбатта осындай үдерістің бар екендігіне  өкініш білдіріп: "Мектептерде балаларға ғасырлар бұрын болған құлдықтың түрлері туралы дәріс береміз, ал оның заманауи түрінің әлі де бізбен бірге екені таң қалдырады",-деді.

Жаңа сипаттағы құлдық – қазіргі заманның сұрқия көрінісі

Жүргізілген зерттеулер бойынша, өкінішке орай, көп жағдайда қазіргі заман құлдарының негізгі барар жері – Батыс Еуропа мен АҚШ. Қазіргі замандағы ең үлкен адам құқығы дағдарыстарының бірі осы елдерде қалыптасып отыр. АҚШ-тағы ресми ұйымдардың зерттеулері көрсеткендей, жыл сайын АҚШ-та заңды жастан төмен 100 мыңнан астам қыз жыныстық құлдыққа саудаланып жатыр. БҰҰ тарапынан жарияланған статистикалық мәлімет те әлемде жыл сайын орын алып отырған 3 млн-ға жуық адам контрабандасының жартысының барар жері АҚШ екенін және осы лас индустриядан түсетін миллиардтаған доллар табыстың 50 пайызының америкалықтарға тиесілі екенінрастайды.

Еуропа елдері де жаңа құлдарға, әсіресе жыныстық құлдарға тапсырыс беретін негізгі елдердің бірі болып табылады. Бұл елдерге құлдарШығыс және орталық Еуропадан (Молдавия, Албания, Румыния, Украина мен Болгария), Африка (Марокко, Алжир, Нигерия, Судан, Сьерра-Леоне), Азия (Қытай, Шри-Ланка, Пәкістан мен Ауғанстан) және Оңтүстік Америкадан (Бразилия, Доминикан республикасы, Эквадор) жіберіледі. Жүргізілген зерттеулер бойынша, тек Германияда Чехия, Польша мен Болгариядан келген 10 мың әйел өз қалауынан тыс түнгі клубтарда жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, осы лас сауданың мол қаржы табысы бұл аймақта осы сұрқия құбылыстың таралуына себеп болып отыр.

Еуропа басшыларының көңіл аудармауы салдарынан әлемнің бұл аймағындағы бір жыныстық құлдың бағасы ұсталған көліктің немесе смарт телефонның құнымен бірдей. Қыздар 800 еуродан 3000 еуроға дейін еуропалық делдалдарға сатылады.  Мұнымен қоса, жыл сайын шамамен 1 млн бала (қыздар мен ұлдар) Еуроодақта жоғалып кетеді. Оған үйден қашқан, ұрланған, ата-ана тарапынан ұрланған, жоғалған, жалғыз өздері жолға шыққан балалар жатады. Бұл құрбандардың көбі қыздар. Олар кейін жыныстық құлдыққа салынады, немесе қайыршы ретінде көшелерде, кейбіреулері егіс алқаптары мен үйлерде жұмыс істейді, немесе тіпті дене мүшелерін сатуға мәжбүр болады.

Балаларды жыныстық құлдыққа салу

Осы дүниежүзілік түйткілдің таралуы БҰҰ-ның өзінің әртүрлі органдары арқылы құлдықты үсті-үстіне айыптап, осы ұйымдасқан қылмыстың алдын алу үшін көптеген шара атқаруына себеп болды. Алайда, әлі де әлемде көптеген адамдар көбірек пайда табу үшін өзі тектес тіршілік иесіне зұлымдық жасап, оны теріс пайдаланады. Осы сұрқия құбылысты жою үшін  азаматтардың жеке және азаматтық құқықтары мен бостандықтары сақталуы тиіс. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін әлемдік алпауыттар мен ұлттық үкіметтер саяси кедергілерге қарамастан жаңа заман құлдығымен күресу үшін іс жүзінде әрекет жасап, адам құқығы мен жеке бас бостандықтарының демеушілері ретіндегі өзжауапкершіліктерін орындауы тиіс.  Дүниежүзілік құлдықты жою күні шын мәнінде осы маңызды жауапкершілікті еске түсіруге берілген мұрсат болып табылады.