Жел 26, 2017 13:57 Asia/Almaty
  • Германияның Батыс пен Еуроодақтың алдағы онжылдықтарда құлау ықтималы туралы болжамы

Батыс пен оның өркениетінің бұлыңғыр болашағы мәселесі осы уақытқа дейін еуропалық және америкалық ойшылдар мен зерттеу институттары тарапынан талқыланып келеді. 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін америкалық теолог Франсис Фукуяма 1992 жылы тарих аяқталады деген болжам айтты.

Бұл теория Батыс өркениеті мен либерализмді кемел санау дегенді білдіреді. Соның аясында Батыстың либерал демократиясы саяси жүйенің түпкілікті моделі ретінде көтерілді.

Алайда соңғы жылдары орын алған әртүрлі оқиғалар мен үдерістер бұл уәждерге қатты күмән тудырды. Мұнымен қоса, Батыстың ғылыми орталықтары мен институттарында Батыс өркениеті бетпе-бет келген түйткілдер туралы әртүрлі зерттеулер жүргізілді. Германия армиясы тарапынан жүргізіліп, осы күнге дейін құпия сақталған соңғы зерттеулердің бірі жуырда "Шпигель" апталық газетінде жарияланды. Германия армиясының 2017 жылдың ақпан айының соңында дайындаған "2040 жылға дейінгі стратегиялық перспектива" атты 102 беттік зерттеуінде германиялық стратегтер тарихта бірінші рет Батыстың қазіргі қалпындағы құрылымы құлдырауы мүмкін деген болжам айтты. Олар 2040 жылға дейін Батыс пен Еуроодағының  қазіргі құрылымының құлдырау ықтималы бар деді. Осы зерттеуді жүргізушілер Еуроодақтың дамуының тоқтап қалуын, елдердің Еуроодақтан шығуға қызығушылық танытуын, Еуропаның әлемдік бәсекелестікке қабілетінен айырылуын, әлемде бейберекеттік пен қақтығыстардың күн сайын артуын өздерінің дәлелдерінің бірі санайды. Бұл оқиғалар Германия мен Еуроодақтың қауіпсіздік жағдайын айтарлықтай  өзгертті. Еуроодақтың ең негізгі елі Германияның маңыздылығын ескерсек, бұл зерттеу де аса маңызды. Еуропаның сыртқы қарым-қатынастар кеңесінің зерттеушісі Джозеф Янингдің пайымдауынша, Германия жаңа Еуропаны басқаруда айшықты рөл атқаратын болады.

Айғақтар мен деректерге негізделген зерттеуде халықаралық және әлеуметтік өзгерістер үдерісіне қатысты алты болжам мен олардың Германияның қауіпсіздігіне әсері қарастырылған. Германия армиясының зерттеу құжатында мына мәселе баса айтылған: бұлар алдын ала болжау ғана емес, онда Федералды Қарулы күштердің бағдарламалар кеңсесінің зерттеушілері тарапынан ұсынылған болжамдар да қарастырылған. Зерттеушілер болжамдар 2040 жылға дейін орын алуы мүмкін деп отыр. Ең нашар жағдайды назарға алатын болжамдардың бірі Еуроодақ құлап, Германияның қарымта реакция білдіру жағдайын қабылдауға мәжбүр болған кезде орындалады. Осы болжам бойынша, халықаралық жүйе бірнеше онжылдыққа созылатын тұрақсыздықтан кейін құлап, өзінің әсерлі де құнды тетіктерінен айырылып, жаһандану үдерісі тоқтатылады. Осы болжам бойынша, Еуроодақтың дамуы тоқтап, басқа елдер одақтан шығуды талап ететін болады. Бұл құрлық өзінің әлемдік бәсекелестіктегі қабілетінен  айырылды. Зерттеуді жүргізушілердің айтуынша, мұндай жағдайда Германия бірнеше қиыншылықпен бетпе-бет келеді. "Батыс Шығысқа қарсы" деп аталатын келесі болжам бойынша, Еуропаның шығысындағы кейбір елдер Еуроодаққа қосылу үдерісін тоқтатады. Сол жағдайда басқа елдер де Шығыс Еуропадағы елдердің блогына қосылады. "Бірнеше полюсті бәсекелестік" деп аталатын келесі болжамда  экстремизм белең алып, Еуроодақтың кейбір серіктері Ресейдің саяси үлгісіне қарай қозғалатын болады деген жорамал айтылды.

Шын мәнінде Германия армиясының зерттеуі көбінесе Еуроодақтың қазіргі үдерістерін назарға алып, алдағы жиырма жылда бетпе-бет келуі мүмкін тұспалдарды қарастырған. Еуроодақтың түйткілдері мен қайшылықтарына қатысты шындықты ескерсек, бұл тұспалдарды жөнсіз деп айтуға болмас. Олардың кейбіреуінің орындалуы әбден мүмкін. Еуроодақ пен еуропалық елдердің жоғары лауазымды қайраткерлерінің көбі қазір бұл елдер мен Еуроодақ бетпе-бет келіп отырған үлкен қиыншылықтарды мойындады. Алайда бұдан үлкен қиындық осы елдердің аталған мәселелерді шешу тәсілдері және қазіргі көптеген дағдарыстардан шығу жолы туралы бір пікірге келе алмауы болып отыр. Еуроодақ бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер мен түйткілдер әртүрлі салаларды қамтиды. Босқындар дағдарысы, лаңкестіктен туындаған қауіпсіздік жағдайы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер Еуропаның ауыр қиыншылықтарының қатарына жатады. Шын мәнінде қазір еуропалық елдердің алдында ауқымды саяси-экономикалыққауіпсіздік және әлеуметтік мәселелер туындап отыр. Сол мәселелердің бірі – Украина дағдарысы. Онда әртүрлі саяси-экономикалық, дипломатиялық, сауда-саттық, бәрінен маңыздысы әскери-қауіпсіздік аспектілер бар. Украина дағдарысы 2014 жылдан осы күнге дейін Еуропа үшін ең маңызды әскери-қауіпсіздік түйткіліне айналды. Бұл мәселенің дәлелі Еуроодақ пен Еуропаның қауіпсіздік органы НАТО-ның  Ресеймен текетіресі саналады. Келесі мәселе –  заңсыз босқындар мен мигранттар мәселесіне көрсетілетін қатынас тәсілі. Босқындар екі негізгі жолмен, яғни Грекия арқылы және Жерорта теңізі мен Италия арқылы Еуропаға енеді. Босқындар легі Еуроодаққа мүше елдердің оларға қатынас пен оларды бақылау тәсілінде екіге бөлінуіне себеп болды. 2016 жылдың аяғына қарай босқындардың жалпы саны шамамен 3 млн адам деп есептелді. Бұл еуропалық елдер үшін ауыр түйткіл тудырды. Басқа жағынан лаңкестік шабуылдардың айтарлықтай артуы мигранттар мен босқындарды шығаруға қатысты қысымдардың күшейтілуіне себеп болды. Қазір Еуропаның қауіпсіздік саласындағы басшыларының ең негізгі мәселелерінің бірі еуропалық азаматтардың, әсіресе жастардың эктремистік топтарға бет бұруы болып отыр.   

Бірақ бұлардың бәрінен үлкенірек қауіп Еуроодақтың құлауы саналады. Бүгінде  еуропалық басшылар үшін бұл қауіптің ықтималы жоғары.  Қазіргі түйткілдер бұл одақтың болмысына қатер төндіруде. Дағдарыстар, соның ішінде  босқындар мәселесі, қаржы қиындықтары, жұмыссыздық, Еуроодақтың жұмысына наразылықтардың артуы националистік тенденциялардың нығаюына себеп болады. Бұл біртұтас Еуропамен мүлдем үйлеспейді. Еуроодақ қазір бірнеше мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Оларды еуропалықтардың бірігуі негізінде ауқымды және шұғыл өзгерістер жасау арқылы ғана жеңуге болады. Еуроодақ бетпе-бет келіп отырған келесі мәселе – осы одақтағы кейбір елдердің орталықтан бөлінуге талпынуы. Ұлыбритания Еуроодақтан бөлініп шыққаннан кейін бұл талпыныс күшейіп, одаққа мүше кейбір елдердің осындай жолға ықылас білдіруге себеп болды. Бұл мәселе өз кезегінде еуропалық елдерде, әсіресе Германия мен Францияда оңшыл әсірешіл партиялардың позициясының нығаюына соқтырды. Деректер көрсеткендей, әртүрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік факторлар жиынтығы осы құбылыстың пайда болуында ерекше рөл атқарған. Осы саладағы ең маңызды дәлелдердің бірі еуропалық елдердегі халықтардың көбінің өз үкіметтері мен Еуроодақтан экономика саласында көңілдерінің қалуы болды. 2008 жылғы қаржы-экономикалық дағдарыс пен оның дағдарысқа ұшыраған елдерге ықпалы осы елдердің халықтарының Еуроодақтың саясаттарына қатты наразылық білдіруіне себеп болды.

Еуроодақтың жоғары лауазымды басшылары, соның ішінде Еуропа комиссиясының басшысы Жан Клод Еуроодақта қайшылықтардың артуының, соның ішінде "екі есе жылдамдыққа ие Еуропа" идеясының теріс салдарлары жайлы ескертті. Қазіргі таңда  бұл мәселе Еуроодақтың батысы мен шығысы, басқа сөзбен айтқанда осы одақтың бай және кедей мүшелері арасындағы қайшылықтардың біріне айналды. Мұның өзі осы еуропалық ұйымда алшақтықтардың артуына себеп бола алады. Шын мәнінде, Германия армиясының зерттеулерінде айтылған кейбір болжамдарда Еуроодақтың батыс және шығыс фракциялары арасында қайшылықтардың артып, соның бүлдіргі салдарларының Еуроодақтың құлауына соқтыратыны айтылған. Шығыс Еуропаның кейбір елдері, соның ішінде Польша мен ВенгрияЕуроодақта қайшылықтар мен теңсіздіктердің артатыны туралы ескерту жасады. Чехия республикасының Еуропа Парламентіндегі өкілі Томаш Здеховски: "Еуроодақтың батыс мүшелері тарапынан қысымдардың  күшеюі осы одаққа мүше елдер арасында қайшылықтарға соқтыруы мүмкін. Одаққа мүше елдердің көбі Еуроодақтан шығуды ойластыруы ықтимал. Бұл мәселе Еуроодақтың құлау перспективасын нығайта түседі",-деп қуаттады. Еуроодаққа мүше Еуропаның шығысындағы елдердің көзқарасы бойынша, "екі есе жылдамдыққа мие Еуропа" идеясы Еуропаның шығысы мен батысы арасындағы бөлініске бастама болумен бірдей. Басқаша айтқанда, осы елдердің көзқарасы бойынша Ұлыбритания Еуроодақтан бөлініп шыққаннан кейін біртіндеп осы еуропалық ұйымның ірі әрі мықты елдері де бөлек жолды таңдап, өздері межелеген жобаларды орындауды көздейтін болады. Бұл Германия мен Франция  тарапынан "екі есе жылдамдыққа ие Еуропа" атты ұғым аясында көтеріліп, Италия, Испания, Бельгия, Нидерланды мен Люксембург тарапынан қолдауға ие болған идея болып табылады. Осы ұғым аясында бір-бірімен интеграцияны нығайту үшін одақтасқан елдердің тобы шара қолданбайтын Еуроодақтың басқа елдеріне көңіл аудармастан өз жолын жалғастыруы қажет. Словакияның Еуропа Парламентіндегі өкілі Иван Стефаниц: "Екі есе жылдамдыққа ие Еуропа" идеясын орындау тек Батыс және Шығыс Еуропа елдері арасында алшақтықтың артуына себеп болады. Еуропаның шығысындағы елдердің халықтары "Еуропаның екінші деңгейлі азаматтары" болып саналатындай сезінеді",-деді. Шығыс Еуропа басшыларының осылай сөйлеуі олардың "Екі есе жылдамдыққа ие  Еуропа" идеясына, жалпы Еуроодақтың басты мүшелері тарапынан көтерілетін жобаларға пессимистік көзқараста екенін көрсетеді. Экономиканы зерттеуші Саид Низамлу Еуроодаққа мүше елдердің кейбіреуінің экономика тұрғысынан теңсіздігіне тоқталып, жақсы нәтиже шықпауының дәлелдері мен факторларының бірі теңсіздікке байланысты",-дейді. Германия Еуроодақтың ең үлкен әрі маңызды елі және экономикалық жүрегі болғандықтан, бұл ел Еуроодақтың құлауынан ең көп зиян шегетін болады. Сол себепті Германия армиясының зерттеуінде Еуроодақтың болашағы туралы көтерілген болжамдарда Еуроодақтың бөлінуі мен құлауы мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Шын мәнінде, неміс стратегтері ықтималды болжамдарға алаңдап, қазірден бастап осындай үдерістің орын алуына кедергі жасауға қажет шараларды орындауды талап етіп отыр.  

Тегтер