Жиырма бірінші ғасырдағы әлем әйелдерінің қиындықтары
(last modified Fri, 09 Mar 2018 04:27:35 GMT )
Нау 09, 2018 10:27 Asia/Almaty
  • Жиырма бірінші ғасырдағы әлем әйелдерінің қиындықтары

Бүгін сегізінші наурыз – әлемдік қауымдастық Халықаралық әйелдер мерекесі деп атаған күн. Бұл күн –әлемдегі әйелдердің жағдайының өткеніне көз жүгіртіп, әйелдердің болашақ ұрпағының алдыңдағы әрекеттер мен мұрсаттарды қарастыратын мүмкіндік.

Соңғы бірнеше онжылдықта осы салада басты назарда болған тақырыптардың бірі әлем басшылары тарапынан үшінші мыңжылдықтағы ең маңызды даму бағдарламаларының бірі ретінде танылған гендерлік теңдік мәселесі саналады. Гендерлік теңдік – жоғарырақ табысқа қол жеткізу, бала өлімін азайтуға көмектесіп, денсаулықты жақсарту, қолайлы жағдайды арттырып,  дамуға көмектесудің бірден-бір жолы. Осы мәселенің маңыздылығына байланысты халықаралық қауымдастық жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап әйелдерге білім беру, әйелдердің кәсіпкер және өндіруші ретіндегі экономикалық әлеуеттерін күшейту және әйелдердің мемлекеттік және маңызды саяси істерге араласу деңгейін арттыруға негіз жасау салаларындағы мақсаттарды қадағалап келеді. Сарапшылардың пікірінше, жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы жоспарларға қарамастан, әйелдердің басым бөлгі әлі күнге дейін көптеген салаларда шынайы қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Осыған байланысты, 8 Наурыз мерекесіне орай әзірленген бағдарламамызда қазіргі әйелдердің бетпе-бет келіп отырған кейбір мәселелерін қарастырамыз. Біздің толқыннан алыстамаңыздар!

БҰҰ-ның гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейтуге қатысты ұзақ мерзімді маңызды мақсаттардың біріне әйелдерге білім беру мәселесі жатады. Сарапшылардың пайымдауынша, кедей мемлекеттерде бастауыш білім беру жүйесінде әйелдерге көбірек білім берген әрбір жылда олардың табыс көлемі орташа мөлшерде 10 пайызға артады. Бірақ, осы мәселенің маңыздылығына қарамастан, әйелдер үшін ешқашан білім алу мүмкіндігін жасай алмаған елдер де кездеседі. Осындай елдердің басым бөлігінде бастауыш мектептерден бастап жыныстық кемсітушілік пен гендерлік тұрғыдан бөлу жағдайы анық байқалады. Мысалы, Чадта оқушы қыздардың тек 55 пайызы ғана бастауыш мектептен кейін орта білім беру кезеңіне өте алады. Осы тұрғыдан Чад әлемдегі ең нашар мемлекет ретінде танылған. Чадтан кейін Кот-д'Ивуар, Пәкістан мен Йемен оқушы қыздардың бастауыш мектептен кейін орта білім беру кезеңіне өтуі бойынша гендерлік тұрғыдан бөлу көрсеткіші өте жоғары елдер саналады. Жалпы алғанда бұл елдердегі ең маңызды жетістіктердің бірі саналатын сауат ашу мәселесі бойынша әйел мен ер арасында үлкен айырмашылық бар. Мысалы, Малиде ер кісілердің 43 пайызы білім алған жағдайда әйелдердің тек 25 пайызы ғана сауатты. Чадта да осыған ұқсас жағдайға куәміз. Себебі, бұл елдегі сауаттылық көрсеткіші әйелдер арасында 28 пайызды құраса, еркектер арасында 47 пайызды құрайды. Бұл мемлекеттердегі әйелдер арасында сауаттылық деңгейінің төмен болуы олардың дамуы үшін қиындық тудыруда. Басты назар аударатын жайт, ол тіпті дамыған елдердің өзінде әйелдердің білім алу мен жоғары оқу орнына түсу бойынша алда болуына қарамастан, жұмысқа тұру мәселесі көтерілгенде, әйелдер теңсіздік мәселесімен бетпе-бет келеді.

2015 жылы жарияланған жан-жақты зерттеу нәтижелеріне сәйкес, егер әйелдер ер кісілермен тең түрде экономика саласында белсенділік танытса, 2025 жылғы әлемдік жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші 28 триллионға немесе 26 пайызға артатын еді. Бұл көрсеткіш, яғни 28 триллион АҚШ пен ҚХР-ның ұлттық жалпы ішкі өнім көрсеткішін құрайды. Статистикалық мәліметтер әйелдердің экономикалық саладағы қабілетінің тек әйел мен отбасы үшін ғана пайдасын тигізіп қоймай, сондай-ақ, қоғамның экономикалық дамуы үшін елеулі жетістіктерге қол жеткізе алатыны жайлы шындықты баяндап отыр. Осы мәселенің үлкен маңызға ие болуына қарамастан, қазіргі таңда әлемдік деңгейде әйелдердің тек 50 пайызы ғана жұмыс істеп, еңбек нарығында белсенділік танытады. Еңбек нарықтарында ер кісілердің тек 77 пайызы ғана белсенділік танытуда.

Азия мен Африка және Латын Америка елдерінде әйелдердің жұмыс істейтін бөлігі дәл сол жұмысты атқарып жүрген және білім сапасы мен қабілет тұрғысынан бірдей деңгейде орналасқан ер кісілердің 24 пайызынан азырақ жалақы алып, әлеуметтік қызметтер, сақтандыру және қызмет бойынша көтерілу мүмкіндіктерінен мақұрым қалған. Батыстың кейбір дамыған өнеркәсіптік мемлекеттерінде де әйелдер осындай жағдайға тап болған.

Мысалы, Ұлыбританияда жұмыс істейтін әйелдердің орташа жалақысы ер адамдардың жалақысымен салыстырғанда өте төмен. Соңғы жиырма жылдың ішінде бұл айырмашылықтың айтарлықтай азайғанына қарамастан, әйелдер жалақысы төмен жұмыс орындарында қызмет етеді. Ұқсас қызметтердегі әйелдер ер кісілерге қарағанда азырақ жалақы алады. Мысалы, Ұлыбританияда кеңсе қызметкері болып жұмыс істейтін әйел өзімен бір деңгейдегі әріптесінің жалақысының тек 60 пайызын алады. Сатушы әйелдер дәл осындай қызметте еңбек ететін ер адамдардың жалақысының 57 пайызын алады.

Әлемдік экономикалық есептеулерге сәйкес, егер әйелдердің экономика саласындағы белсенділігі осындай қарқынмен дамитын болса, жұмыс ортасындағы әйелдердің ер кісілермен тең деңгейде еңбек етуі үшін 81 жыл уақыт қажет. Бұл жан түршіктірерлік шындық халықаралық қауымдастықты 2030 жылға дейін әсерлі әрі келешекке көз жүгіртетін стратегия арқылы экономикалық мүмкіндіктер мен әйелдердің экономикалық саладағы әлеуеттеріндегі гендерлік айырмашылықты азайтып, әйелдер үшін жақсырақ мүмкіндіктері бар қоғам құруға итермеледі. Алайда, бұл мақсатқа қол жеткізу әлемнің түкпір-түкпірінде әйелдер бетпе-бет келіп отырған үлкенірек мәселені, яғни әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық мәселесінің шешілуіне байланысты.

Әлем үшінші мыңжылдықта әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтан құтылмаған жағдайнда әлемнің жер-жерінен әйелдердің бастапқы құқықтарының бұзылғаны туралы жан түршіктірерлік жайттар туралы хабарлар жарияланып жатыр. Хабарларда әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың тек сыртқы формасы мен түрі ғана өзгергені, оның болмысы әлі сақталғаны туралы ащы шындық айтылған. Бұл шындық біраз уақыт бұрын жарияланған Gallup зерттеу институты сауалнамасының нәтижесінен байқалды. Әлемнің 160-тан астам мемлекетінде жүзеге асырылған осы зерттеулерге сәйкес, әлемдегі әйелдердің 2 миллиардтан астамы өз өмірін азап пен машақатқа толы деп сипаттаған. Олардың тек төрттен бірі (1/4) ғана, яғни 620 миллион әйел қалыпты жағдайда өмір сүруде. Бұл әйелдердің басым бөлігі Швейцария мен Исландияда өмір сүреді. Gallup институтының есебі бойынша, өз өмірін азап пен машақатқа толы деп сипаттаған әйелдердің көбісі Ауғанстан, Грекия мен Украина секілді әлеуеметтік, экономикалық және қауіпсіздік тұрғыдан тұрақсыз елдерде өмір сүреді.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы да әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың артқаны туралы ескерту жасап: "Әлемдегі соңғы зерттеу жұмыстарына сәйкес, әрбір үш әйелдің біреуі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Назар аударатын басты жайт: адам құқықтарын сақтауды талап ететін дамыған өнеркәсіптік мемлекеттердегі әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық жағдайы дамымаған елдердегі жағдаймен бірдей. Әлемдегі әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық мәселесі туралы жасалған 500 зерттеу жұмысының нәтижелері америкалық әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың Зимбабве мен Камбоджа әйелдеріне қарсы жасалған зорлық-зомбылықпен ұқсас екендігі туралы жайтты растап отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы, сондай-ақ соғыс пен адами дағдарыстар кезінде әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылықтардың құрбандарға тигізетін жыныстық және психологиялық ауыр салдарларына қатысты ескерту жасады.

Қаруланған қақтығыс орын алып жатқан аймақтардағы соғыс тәсілдерінің бірі саналатын зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған халықаралық деңгейде қолданылып жатқан шараларға қарамастан, жыныстық зорлық-зомбылықтың халықаралық қылмыстардың мысалы ретінде қақтығыс орын алып жатқан 20-дан астам мемлекеттегі әйелдерге әсер етіп жатқанына куә болып отырмыз. Рохинья әйелдері мен қыз балаларына қарсы топтық жыныстық зорлық-зомбылық жайлы таралған хабар осындай ащы шындықтың мысалдарына жатады. Африкалық әйелдер де бірнеше жылдардан бері аймақтық текетірестен туындаған жыныстық зорлықтың құрбанына айналған. Africa Times басылымының жазуынша, осы құрлықтың әйелдері мен қыз балалары жыныстық зорлық-зомбылықтар мен басқа да жайттардың құрбандарына айналады. Африка елдеріндегі, әсіресе Конго Демократиялық Республикасы, Кот-дИвуар, Оңтүстік Судан, Сомали мен Орталық Африка Республикасы секілді тынышсыз мемлекеттердегі әйелдер кедейшілікпен қоса жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырап отыр.

Осы шындықтарға байланысты, тіпті үшінші мыңжылдықтың алғашқы жиырма жылының ішінде әлем әйелдерінің алдында терең қиындықтардың бар екендігін түсінуге болады. Әйелдердің гуманитарлық құқықтарының бұзылуы, саяси-экономикалық істерге белсенді түрде қатысуының алдындағы кедергілер мен тосқауылдар және көптеген кемсітуші сипаттағы заңдар әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы бөгеттер саналады. Біраз уақыт бұрын БҰҰ бас хатшысының Әйелдер істері жөніндегі орынбасары Фумзиле Мламбо-Нгкука әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдік үдерісінің баяу дамуына қатысты осы халықаралық ұйым мүшелері мен парламентаралық одақтың өкілдеріне ескерту жасап: "Бұл шиеленісті даму үдерісі жиырма бірінші ғасырдағы даму мақсаттарына қол жеткізуге қатерге төндіріп, шынайы қиындықтарға ұшыратуы мүмкін",- деп алаңдаушылық білдірді.

Сарапшылардың пікірінше, жиырма бірінші ғасырдың басынан әйелдердің құқықтары мен олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдікке көңіл аударылып келгенімен оларды іске асыру үшін қажет жағдайлар мен негіздер ұмыт қалған. Әсіресе, қазіргі таңда әйел құқықтары саласында тиісті қолдау мен саяси ерік жоқтың қасы. Сонымен қатар бұл іске үкіметтер тарапынан жеткілікті бюджет бөлінбейді. БҰҰ-ның әйелдер ісі жөніндегі жауапты тұлғалардың пайымдауынша, егер әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту әлемдегі барлық мемлекеттердің басымдығына айналып, әлем басшылары бірнеше жыл бұрын Бейжің конференциясында берген уәделерін дұрыс орындайтын болса, 2030 жылға дейін әлемдегі гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесінің жүзеге асатындығына әлі де үміт бар.