Наурыздың болмыстың Жаратушысын танумен байланысы
(last modified Sun, 18 Mar 2018 10:59:58 GMT )
Нау 18, 2018 16:59 Asia/Almaty
  • Наурыздың болмыстың Жаратушысын танумен байланысы

Көкірек көзі ашық адамдардың көзқарасы бойынша, көктем – ақиқат кітабын қайта оқу үшін берілген мұрсат. Өйткені, қыстың кетіп, көктемнің келуі – мақсаттандырылған үдеріс. Адам да табиғаттың бір бөлігі ретінде маңызды бір мақсат үшін жаратылған.

Көктем мен осы мезгілдегі әдемі табиғат өмір кітабындағы көруге және оқуға тұрарлық көрініс болып табылады. Ол өзінің самал желмен өрілген парақтарымен ақиқаттың сұлу келбетін Жаратылыстың айнасында бейнелейді.  Осы салтанатты көрініс Құдайды танудың ең жақсы дәрісі болып табылады. Ия, Жаратушы адамға Оны танып, жетекшілік етілуі үшін шариғат үкімдерін жібергені сияқты сұлу табиғи көріністерді санасы бар адамдарға ақиқаттың құпиясын тану үшін жіберіп, сол арқылы оның илаһи таным мен махаббатқа жетуін көздеді.  Сағди айтқандай:

Таңертең кеш пен түстің айырмашылығы болмаған кезде,

Кең дала төсіндегі көктем көрінісі ғажап еді.

Сопы күркеңді тастап, гүлді алқапқа шық,

Үйде жұмыссыз жататын кез емес.

Бұлбұлдар ынтызарлықпен ән салу үшін бақтар гүлдеген шақта келді.

Сенің осы масайраған бұлбұлдан қай жерің кем, ән шырқа, ей, көкірек көзі ояу жан.

Жаратылыстың бәрі – жүректегі Құдайдың жазасы,

Құдайды мойындамайтын адамда жүрек жоқ.

Көктем – сұлулық пен гүлденудің мезгілі. Көктемде ағаштар бүр жарып, гүлдеп, түйін салады. Осылайша бүкіл табиғат пен қоршаған орта әсемдікке бөленеді.  Адамдардың көктем мезгілінде уақытты табиғат аясында өткізуді қалауының бір себебі – осы көктемнің сұлулығы. Түрлі түсті табиғат, көктемнің сұлулығы пен тартымдылығы адамдардың өз болмыс-бітіміне сәйкес осы мезгілді жақсы көруіне себеп болады. Алайда, көкірек көзі ашық адамдардың көзқарасынша, көктем – Жаратқанды гүлденген келбеттен көріп, жандары мен ойларын жаңартып, табиғатпен үндесуі үшін жыл сайын хикмет пен қырағылыққа бейім адамдардың алдынан ашылатын таным кітабы. Шын мәнінде, жаңа жыл –өмірдің өткінші екенін тағы еске түсіріп, көктемнің шаттығында өмірдің соңына тағы бір қадам жақындағанымызды ұмытпай, өз өміріміздің әр сәтінің маңыздылығын білуге берілген мұрсат.   

Сүйіктіңмен болғанда гүлдің қырманында кім балғынырақ?

Гүлдердің саясында шарапқа толы тостағаннан қол үзіп қалма.

Ажал желі соққан кезде,

Біздің өміріміздің көйлегі гүлдің көйлегіндей солып қалады.

Құранда да адамның өмірі аспаннан жауған жаңбыр мен оның өмір сыйлайтын тамшыларына теңелген. Жаңбыр өзгеріске дайын жерлерді қозғалысқа түсіреді. Жаңбыр арқылы әртүрлі өсімдіктер өседі. Гүлдер, жемістер мен бұтақтар жерді әсемдеп, өмірдің қозғалысқа толы көрінісін көрсетеді. Адам осы әдемі құбылыстарды көргенде тәкаппарлыққа салынып, бұл дастархан әрдайым оның ықтиярында болады деп ойлауы ғажап емес.  Алайда шаттық сыйлайтын сұлулық бір жаймашуақ күні немесе қараңғы бір түнде жоғалып кетуі әбден мүмкін.

Өмір мен салтанаттың мезгілі болып табылатын көктем табиғат келбетінің жарқырап, ауа райы жағдайының өзгеріп, тазалық пен балғындыққа ие болуымен қатар көкірек көзі ашық адамдар үшін сансыз жолдау ала келеді. Олардың барлығын бір бағдарламаның аясына сыйдыра алмаспыз. Алайда қысқаша түрде олардың кейбіреуін атап өтуге болады.

Наурыз бен көктемнің ең маңызды жолдауы – Құдайтану. Бұл сөз мұсылмандарға түсініксіз сөз емес. Оған арнайы сипат айтып немесе дәлел келтірудің қажеті жоқ, керісінше осы ақиқатқа кез келген тәсіл, соның ішінде  көру, есту және соңында түйсіне ойлау арқылы көз жеткізуге болады. Алла Тағала: «Сендердің болмыстарыңда (адамдардың бойында)  Құдайды тануға және оның құдіретін сезінуге айқын белгілер мен қанағаттандыратын дәлелдер бар. Көрмейсіңдер ме?»,-деген. Демек, Наурыз – Жаратушы жайлы ойлайтын, жүректің көзімен көретін мезгіл. Бүршіктердің нәзік, кіртілдек сабақтарды жаймен жарып шығатынын, өскіндердің ылғалды жерден қалайбас көтеретінін көріңіздер. Ақтамақгүлге қараңыз да, оның хош иісіне елтіп, оны кімнің осылай әдемі етіп, хош иіске бөлегенін ойлаңыз.  Құран Кәрім  көктемді Құдайдың құдіретінің нышаны деп атап, құрғақ та жапырақсыз қыс мезгілінің тазалық пен балғындыққа толы көктем мезгіліне айналуын ақырет күнінде қайта тірілудің айқын белгісі санайды. «Фатир» сүресінің 9-аятында былай деп жазылған: «Ол сондай Алла, желдерді жіберіп, сонда ол бұлтты қозғап, оны өлі бір жерге айдаймыз. Және жаңбыр арқылы жансыз қалған жерді қайта жандандырамыз. Өліктің тірілуі де осы сияқты (9)».

Ақырет күні де солай: «Қураған жерді көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ, құлпырып, көпсіді де әр түрлі көркем өсімдік өндірді. Осы дәлелдер бойынша, шын мәнінде Алла, Ол – хақ. Күдіксіз Ол өлікті тірілтеді. Өйткені, әр нәрсеге күші жетеді. (Хадж сүресі, 5-6-аяттар)».

Алланың бірлігі, яғни таухид жолдауынан кейін сабыр жолдауына тоқталуға болады. Наурыз өзінің демін жердің өлі денесіне үрлегенде жансыз табиғат қыстың салқын да ауыр қамшысына төзгеннен кейін сабыры мен төзімділігінің жемісін көреді. Сонда табиғат Алла Тағаланың мына сөзін еске түсіреді: «Кеңшілік иесі бай кісі өзіне Алланың бергені бойынша нафақа берсін. Алла біреуге оған бергенінен артық жүктемейді. Алла, ауыршылықтан кейін жеңілдік береді» (Талақ сүресі, 7-аят). Шын мәнінде, Наурыз да қытымыр қысты бастан өткерген соң  сабырмен жеңіске жетуге болады деген ақиқатты айқын дәлелдейді.

Көктем – жомарттық пен сыйлаудың мезгілі. Бұл мезгілде көктемгі жаңбыр жомарттықпен тау мен далаға жауып, бәрін суға қандырады. Бұл жаңбыр кең пейілділікпен барлық алқаптарға, далалар мен шөл далаларға, теңіздер мен мұхиттарға бірдей жауып, ешкімді мақұрым қалдырмайды. Демек, біз көктемнің осы жолдауын түсініп, баршаны жынысы, қауымы, этносына қарамай жақсы көрейік, жалған сылтаулармен ешкімді өзіміздің маңымыздан алыстатпайық. Керісінше, сөзіміз бен амал-әрекетімізді көріктендіріп, басқалардың жүректерін шаттандырайық.

Көктем – жаңару мезгілі.  Наурыз да жаңару мен қайта жаңғырудың дастаны. Өйткені, көктемнің келуімен бүкіл әлем қайта жанданады. Мүмін де Құран Кәрімдегі рәсімдер мен илаһи тағылымдарды орындау арқылы өзінің дүниетанымы мен мінез-құлқын өмірінің төрт мезгілі де көктем болатындай реттей алады. Яғни, табиғаттың әдемілігімен қоса, өзінің рухын сұлуландыра алады. Бұл сұлулық табиғаттың сұлулығындай уақыт өте келе жойылмайды, адаммен бірге мәңгіге қалады. Алайда адамның көңіл күйі құбылмалы: кейде материалдық істерге ауады, кейде өзінің болмысына зер салады. Жаратылыстың көріністерін көргенде өзінің осы дүниеге тиесілі екенін сезінеді, табиғаттың әдемі құбылыстары оған тыныштық пен сенім сыйлайды. Адам жаратылысқа эстетикалық сипаттама беруге ұмтылады, сұлулықты дұрыс түсінгісі келеді. Жаратылыста асқан шеберлікпен қолданылған сұлулық адамды ойға батырып, таң қалдырады. Бұл таңданыс – өзгерістің бастамасы. Ол адамды жоғарылауға итермелейді. Осылайша көктем өзінің жаңа табиғатымен ғасырлар бойы өзгерістерге себеп болып, халықтардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінде мәңгі сақталып келеді.

Көктем – жаңару мезгілі

Көктем – табиғатта өзгеріс болатын мезгіл. Күн сайын әрбір сағат пен минутта, әр сәтте оң өзгеріс орын алады. Ағаштар көгеріп, гүлдеп, жеміс салады.  Адамдар да жыл сайын  әрбір мезгіл, әр күн мен сағатта  өзінің жан дүниесінде оң өзгеріс жасауға талпынуы тиіс. Сондықтан  көктемнің ең маңызды жолдауларының бірі – өзгеріс. Оны жанның құлағымен есту қажет.  Тіршілік иелерінің бекзаты саналатын адамның өзін-өзі тануы мен Құдайға құлшылығы артқан сайын Алла Тағала жаратқан халыққа қызметі де арта түсуі керек. Сонда ақырында Аллаға жақындау, ақиқат жолында қадам басу, нәпсі мен материалдық бағыныштылықтан арылу болып табылатын шынайы көктемге жетеді.