АҚШ – халықтық қозғалыстарды басып-жаншушы (3)
Gallup институтының зерттеулеріне сәйкес, АҚШ азаматтары экономикалық қиыншылықтарды, соның ішінде жұмыссыздықты осы ел қоғамының соңғы 20 жылда душар болып отырған мәселелерінің қатарына жатқызады.
Көптеген адамдардың пайымдауынша, АҚШ-тың жемқор қаржы жүйесі бұл елдегі экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік әділетсіздіктің негізгі факторы болып отыр. 2011 жылы Wall Street-те қалыптасқан наразылық қозғалысы осы қиыншылықтардан туындап, АҚШ-тағы үкіметке қарсы қозғалыстардың тарихындағы маңызды тараулардың біріне айналды. Бүгінгі бағдарламада сол оқиғаға шолу жасаймыз.
7 жыл бұрын АҚШ халқының наразы дауысы Wall Street көшесінен әлемнің құлағына шалынды. 2011 жылдың 17 қыркүйегінде ақпарат құралдары мыңдаған америкалықтың осы елдің жемқор қаржы жүйесіне наразылығын АҚШ-тың капиталистік экономикасының символы әрі жүрегі саналатын Wall Street көшесіне жиналғанын хабарлады. Олар АҚШ-тың жемқор қаржы жүйесін бұл елдегі экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік әділетсіздіктің негізгі факторы санайды. Америкалық наразылар осы шеруде "Капитализм емес, демократия орнатыңыздар", "Байлардың билігін доғарыңыздар" сияқты ұрандар айтып, бұл күнді «АҚШ-тың ашу-ызасы күні» деп атады.
Бұл шеруді ұйымдастырушылар қатігездіксіз шеру өткізіп, наразылықтарды жалғастыра беруді көздеген. Алайда бірнеше күннен кейін жаппай құрықтау мен полицияның қатігез қатынасы туралы хабарлар таратылды. АҚШ полициясы наразылық үнінің әлем халықтарының құлағына жетпеуі үшін тек бір күнде 700 наразыны құрықтады. Кедейшілік, жұмыссыздық, ірі компаниялардың билігі мен ықпалы, әлеуметтік теңсіздік, Таяу Шығыстағы соғыстар, студенттердің қарыздары, Wall Street-тің қызметкерлеріне көп сыйақы төлеу сияқты мәселелерге наразылық осы қозғалысты бастаудың мақсаттарының бірі болды. АҚШ үкіметі ғана емес, әлем халықтарына да тосын оқиға болған осы наразылықтар басталғаннан кейін бір айдан аз уақыттың ішінде аталмыш қозғалыстың "99 пайыз 1 пайызға қарсы" атты басты ұраны капиталистік жүйеге қатысы бар әлемнің басқа елдеріне кең таралды. "Банктік жүйенің ашкөздігі" деп аталған мәселеге қарсы халықаралық наразылықтардың саны артты.
АҚШ-тың Массачусетс университетіндегі экономика пәнінің ұстазы Франклин Фишер "Уолл-Стритті басып ал" қозғалысыныңқалыптасуының себептері жайында: "Бұл қозғалысты көптеген факторлар тудырды. Алайда бәрінен бұрын адамдарды бір-бірінің қасына жинаған нәрсе екі тақырыпқа көбірек сену, соларды сезіну болды: біріншісі, АҚШ-тың экономикалық жағдайы халықтың өздерінің ғана жағдайы қолайсыз болып қалмайды, балаларында да тиісті болашақ болмайды деген нәтижеге жетуіне себеп болды. Шерушілер ауыр экономикалық қиыншылықтарға ұшыраған; екіншіден, шерушілер АҚШ-тағы табыс пен байлықтағы күннен күнге еселеніп бара жатқан теңсіздікке ызалы болды. Осындай жағдайда Конгрестің республикашылдары кез келген шешім қабылдау арқылы мұнымен күресуге қарсы шығып отыр",-дейді.
БҰҰ-ның кедейшіліктің АҚШ-тағы адам құқығы мен азаматтық құқықтардың жағдайына әсерін зерттеу туралы арнайы өкілі Филипп Алестон: "Әлемнің ең бай елі АҚШ-та өте кедей өңірлер болмауы керек деп ойлаймыз. Бірақ осы елдің кейбір өңірлеріндегі кедейшілік дамымаған елдердегідей",-дейді. Ресми статистика бойынша, АҚШ-тың 43 млн азаматы (бұл елдегі халық санының 13,5 пайызы) кедейшілік деңгейінен төмен өмір сүреді. АҚШ-тағы кедейшілік деңгейі нәсілдік мәселелермен тікелей байланысты.
АҚШ Конгресі зерттеу орталығының бір есебінде мына шындық айтылған: 2011 жылдан басталған "Уолл-Стритті басып ал" қозғалысыныңнаразылықтарында нақты талап қойылмады. Наразылар әртүрлі көзқарастарға ие топтардың өкілдерінен тұрды. Елдегі банк иелері, қаржы институттарының басшыларынан тұратын 1 пайыз байлар мен басқа 99 пайыз халықтың арасындағы таптық алшақтықты "Уолл-Стритті басып ал" қозғалысының басты алаңдаушылығы деп атауға болады. Наразылардың сенімінше, мол байлық пен құдірет адамдардың 1 пайызының қолында шоғырланған. Ал олар экономиканың жақсаруына мүдделі емес.
Наразылықтар кеңейіп, әлемнің Wall Street-ке назары ауғаннан кейін АҚШ үкіметі наразыларға жанашырлық таныту құралымен ішкі және халықаралық қысымнан құтылуға тырысты. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама Wall Street наразылықтарын осы ел халқының елдегі экономикалық жүйеден үмітін үзгендігінің белгісі деп атады. Ол өзінің АҚШ-тағы экономикалық дағдарыс кезінде қарапайым халық көріп отырған қиыншылықтардан хабардар екенін айтты. АҚШ үкіметі алдымен ақпарат құралдарын ескермей, наразылықтарды маңызды емес, негізсіз, үстірт оқиға деп санады. Наразылардың көшеге шығып, полициямен қақтығысуынан бір аптадан астам уақыт өтсе де, әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан тынышсыздықтарды егжей-тегжейлі баяндап тұратын ең ірі ақпарат құралдары Нью-Йорктың Манхеттен ауданында болып жатқан оқиғаларға тиісінше назар аудармады немесе оны теріске шығарып отырды. Әлемнің ірі ақпарат құралдарының масқара болғаны соншалықты, батыстың көптеген сыншылары, соның ішінде АҚШ-тың режиссері әрі деректі фильм түсірушісі Майкл Мур осы қатынасты ашық түрде сынға алды. Алайда АҚШ қауіпсіздік күштерінің наразыларды басып-жаншуы шындықтың бетін ашты.
Полицияның "Уолл-Стритті басып ал" қозғалысымен қатынасындағы қатігездігі толығымен ұйымдасқан сипатта болды. АҚШ полициясының қатігездік көрсетуге мәжбүр болғанына ешкім сенбеді. Полиция бөлімшелерінен босатылған кейбір адамдардың айтуынша, қамауда болған кезде түрменің басшылары бірнеше сағат бойы оларға тамақ ішуге, су ішуге және әжетханаға баруға тыйым салған. Наразыларға атпен шабуыл жасау, жерге құлағандарды мотоциклмен басу жайты бірнеше рет байқалды. Наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдану шерушілердің жараланып, естен танып қалуына соқтырды. Бұл оқиғалар егер әлемнің басқа жерлерінде, әсіресе Батысқа қарсы елдерде орын алғанда АҚШ пен оның одақтастары мұны адам құқығын бұзу, азаматтық құқықты бұзу, қатігездік жасау және басып-жаншу деп айыптаған болар еді.
АҚШ халқының экономикалық жағдайы қазіргі таңда жақсармағанымен қатар нашарлап барады. АҚШ-тың халық санағы басқармасының мәлімдемесі бойынша, 2016 жылдағы кедейшілік деңгейі бір адамнан тұратын жанұяның жылына 12 мың доллар алуына, 4 адамнан тұратын жанұяның жылына 25 мың доллар алуына тең болып белгіленді. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, өте кедей өмір сүретін адамның табысы мен кедейлшілік деңгейінен төмен өмір сүретін адамның табысы арасындағы айырмашылық 2000 жылғы 9509 доллардан 2016 жылы 10505 долларға артты.
Сонымен қатар сараптамалар көрсеткендей, өте кедей өмір сүретін адамдардың пайызы үздіксіз артуда. Ең нашар жағдайда қалып отырған адамдардың табысы күн өткен сайын кедейшілік деңгейінен төмендеп барады. Экономикалық жағдай нашарлап, кедейшілік пен аштықтың күн сайын артып бара жатқанына байланысты қазір АҚШ-тың 46 млн халқы мемлекеттік көмекке мұқтаж болып отыр. Сол себепті сарапшылардың пайымдауынша, "Уолл-Стритті басып ал" қозғалысы тарихқа айналған жоқ. Бұл қозғалыстың рухы әлі тірі және бір кездері олардың жиналатын жері болған қосындармен шектелмейді. Америкалық тілтанушы, сарапшы әрі сыншы Ноам Хомский өзінің "Басып алыңдар!" атты кітабында осы ақиқатқа тоқталып: "Уолл-Стритті басып ал" қозғалысының шынайы жетістіктерінің бірі, яғни қалыптасқан жағдайды қабылдамаудың таралуы айдан анық. Халық бұл қозғалысқа өздері үшін қатысып жатқан жоқ, басқалар үшін, келешек ұрпаққа ашығырақ қоғам құру үшін келіп отыр. Олар қалыптасқан жағдайды өзгертуді мақсат тұтады. Сондықтан қоғамдағы көпшіліктің талаптары орындалмайынша, АҚШ-тың қазіргі жағдайына наразылықтарды жалғастыру үшін тиісті стимул мен потенциал бар. Осы қозғалыстан туындаған саяси үдеріс болашақта АҚШ-тың саяси-экономикалық билігін күресуге итермелейтін болады",-деп жазды.