Ирандағы Наурыз мерекесі (1)
(last modified Thu, 29 Mar 2018 07:43:44 GMT )
Нау 29, 2018 13:43 Asia/Almaty
  • Ирандағы Наурыз мерекесі (1)

Екі бөлімнен тұратын "Ирандағы Наурыз мерекесі" атты бағдарламамызда ирандықтардың арасында кең таралған Наурыз мерекесінің салт-дәстүрлерімен таныстырамыз.

Иран – әлемдегі ең дамыған көпмәдениетті мемлекеттердің бірі. Иранда күрд, белудж, түркімен, түрік пен лурдан бастап, Хузестан мен Бушеһрдің көшпелі тайпалары мен қашқайларға дейінгі онға жуық ру-тайпалар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп, мыңдаған жылдар бойы Иранды отаны ретінде қорғап келеді. Бұл тайпалардың әрқайсысының өзіндік әдет-ғұрпының болуына қарамастан Наурыз мерекесі мен оның салт-дәстүріне қатысты олар ортақтастықтарға ие. Наурыз көптеген жылдардан бері ирандық тайпалардың бейбітшілігі мен бірлігінің символына айналған. Әртүрлі тайпалар мен әртүрлі мазхаб ұстанушылардың арасында Наурыз мерекесіне қатысты кейбір салт-дәстүрлер мен рәсімдердің аздаған айырмашылықтармен жүзеге асуына қарамастан бұл рәсімдер мен салт-жоралғылардың болмысы бірдей. Сол себепті Наурыз Ирандағы аса маңызды ұлттық мерекелердің бірі саналады. Барлық ирандықтар тайпалық және діни наным-сенімдеріне қарамастан бір дастарханның басына жиналып, оның берекесін сақтауға тырысады. Бұл көне мереке халық санының көптігіне қарамастан бірлікке ұмтылудың символы саналып, елдегі ұлттық рухты нығайтады. Наурыз кезінде ирандықтардың барлығы бірігіп, үйлерін тазалап, көктемді шаттықпен қарсы алады. Иран халқы жылдың соңғы сәрсенбісінің кешінде көшелерде от жағып, өздерінің қам-қайғылары мен сырқаттарын отқа өртеп, солардан құтылдық деп санайды-мыс. Табиғат жаңарған кезде ирандықтар да өздеріне жаңа киім сатып алып, өз үйлеріне жаңа дем береді. Бұл кең байтақ елдегі барлық үйге жаңа маусым еніп, жаңа жылдың басталғанын алдын-ала хабарлайды. Барша халық Наурызды өсіп-өну мен өзгерістің символы санап,  жүректерін реніш пен өшпенділіктен тазартуды Наурыз мерекесін қарсы алудың негізгі қағидасы деп біледі. Бүгінгі бөлімде ирандық тайпалардың арасындағы Наурыз мерекесіне қатысты салт-дәстүрлермен таныстырамыз. 

Түркі тілдес ирандық тайпалар арасындағы Наурыз мерекесі шаттық пен ерекше дәстүрлермен қатар жүреді. Түркі және әзірбайжан тілдес тайпалардың Иранның әртүрлі қалалары мен облыстарында шашыраңқы түрде өмір сүруіне қарамастан осы тайпалардың шоғырланған орталықтары саналатын Ардебиль, Шығыс және Батыс Әзірбайжан мен Занджан облыстарында халық Наурыз мерекесін бірге бас қосып, қызықты етіп қарсы алады. Наурыз бен көктемнің келе жатқанын хабарлайтын өлеңдер оқу мен ән айту саналатын "тәкам у тәкам чи" рәсімі, "чахаршамбейе сури", сыйлық беру, жаңадан түскен келіндер мен күйеу балаларға сый жіберу, жыл басы кезінде отбасы мүшелерінің "һафт син" дастарханының басында жиналуы Наурыз мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерінің қатарына жатады.

Батыс Әзірбайжан облысының тұрғындары әлі күнге дейін есфанд айын "байрам айы" деп атайды. Батыс Әзірбайжан тұрғындарының көнеден келе жатқан салт-дәстүрінің біріне есфанд айының алғашқы аптасын "қуылған шілде" немесе "жалған сәрсенбі" деп атап, қыс мезгілінің аяқталуын тойлауы жатады. Бұрын Әзірбайжанда есфанд айының екінші аптасы "куле чаһаршамбе" яғни, қысқа сәрсенбі, үшінші сәрсенбі "муштулуқчи чаһаршамбе" яғни, жолдау әкелетін сәрсенбі немесе "қара сәрсенбі" немесе "хабар жеткізуші сәрсенбі" деп аталатын.

Антропологиялық зерттеу жұмыстарына сәйкес, есфанд айының әрбір сәрсенбісі төрт түрлі элементтің, яғни су, топырақ, жел және оттың символы саналған. Бұлар Батыс Әзірбайжан аймағының ауыл шаруашылығының табиғатынан бастау алады. Халық осы айдың сәрсенбілерін арнайы рәсімдері арқылы құрметтеп, атап өтетін болған.

Ардебилдің Намһил Һашаджин ауылындағы Наурыз әнін айту рәсімі

Әзірбайжанда қазірге дейін көптеген отбасыларда сақталған Наурыз мерекесінің маңызды әдет-ғұрыптарының бірі ата-ананың тұрмысқа шыққан қыздың үйіне ас жіберуі саналады. "Байрам пайи" ананың тұрмыс құрған қызын мерекемен құттықтауы саналады. Бұл салт тек қыздарының тұрмыс құрған алғашқы жылдарында ғана емес, ата-анасының көздері тірі кезінде жүзеге асырылады.

Наурыз мерекесіне жиырма күн қалғаннан бастап "чаһаршамбейе суриге" (жылдың соңғы сәрсенбісіне) дейінгі кештерде нағашы ағалары мен ағалары секілді қыздың өз жұртының туыстары, әсіресе қыздың өз отбасы тұрмыс құрған қыздарының үйіне пісірілген тағамдар мен мата, киім т.с.с. сыйлықтар жібереді.

Қонақтарды күту үшін мерекелік дастархан мен "һафт син" дастарханын жаю да Батыс және Шығыс Әзірбайжан, Ардебил облыстарының қалалары мен ауылдарында жүзеге асырылатын Наурыз мерекесі дәстүрінің бірі саналады. Мерекелік дастарханда әдетте ноқат, жүзім, бадам, жаңғақ, құрма, инжир, анар, алма, мейіз, тәтті күлшелер мен қолдан пісірілген тәтті дәмдер молынан болады.

Қашқайлар Иранда көшпелі өмір салтын ұстанатын тайпа саналады. Олар күз бен қыс мезігілінде өздері мен малын суықтан сақтап қалу үшін жылы аймақтарда қыстап, қыс мезгіл аяқталған соң жылы аймақтардағы жайлауларына көшіп, көктем мен жаз мезгілінде сонда тұрақтайды. Әдетте ауа-райы мен жайылымдардың жағдайына байланысты қашқайлар х.ш.ж.с.б фарвардин айының ортасына дейін жылы аймақта өмір сүреді. Көбінесе Наурыз мерекесі сол жерде өткізіледі.

Түркі тілдес қашқай тайпасы арасында Наурыз мерекесі ертеден "Наурыз байрам" деген атпен таралған. Бұл мейрам осы тайпа арасында тойланатын есте қаларлық ең маңызды және баршаны шаттыққа бөлейтін ең игі күндердің бірі саналады. Наурыз мерекесі көшпелі халық үшін өмірді жаңадан бастауға бұйыратын табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келеді. Наурыз қыстың суық күндерінен аман-есен өтіп, созылған суық мезгілдің аяқталғанын білдіретін көшпелі халық үшін арнайы үндеу болып табылады. Егер қыс мезгілі берекелі болып, жауын-шашын мол жауса, әдетте жылы аймақтарда орналасқан көшпенділердің қыстауына көктем ерте келіп, барлық жерде жап-жасыл шөп пен халық "наурыз гүл" деп атайтын жабайы қызғалдақтар қаптап, көшпелі халықты шаттыққа бөлеп, олардың көңіл-күйін көтереді. Көктем өмірі мал басының өсіп-өнуіне байланысты халық үшін көбірек әрекет, мал үшін табиғи нығметке толы мезгіл саналады. Сол себепті олар жаңа табиғатты шүкіршілікпен қарсы алып, шаттықпен жыл басының арнайы рәсімдерін өткізеді.

Наурыз гүл

Жылдың соңғы күні қашқай тайпасының әйелдері ұн, май және құрмадан арнайы тәтті халуа пісіріп, жылдың соңғы күніне орай дүниеден қайтқан жақындары үшін құдайы тамақ таратады. Бұл күн "Арапа күні" деп аталады. Егер олар тұрақтаған жердің маңында зират немесе имамдардың ұрпақтарының кесенесі болса, көшпенді халық сол жерге барып, аруақтарға Құран бағыштайды. Қашқайлар мерекелік кешкі ас үшін қойдың етінен немесе тауықтың еті қосылған палау секілді тойымды ас әзірлеуге тырысады. Мереке күні кешке барлығы өз үйлерінде болуы тиіс. Егер жолда немесе сапарда болса, өз үйлеріне оралатын болған. Олардың пайымдауынша, Жаңа жылдың бірінші кешінде үйдің ошағын сөндірмей,  мол тамақ әзірлеу келер жылда береке мен гүлденудің жалғасуына кепіл болады. Наурыз мерекесі күндері көшпенді халық киіз үйлерін түрлі-түсті кілемдер мен текеметтермен әсемдеп, уықтарға түрлі-түсті басқұрлар іледі. Балалардың қолдарына қына жағып, барша үстеріне жаңа киім киеді. Наурыз қарсаңында жақын туыстардың арасында көрісу рәсімі басталады. Жасы кішілер алдымен ақсақалдардың алдына көрісуге барады. Сосын барлығы бір жерде бас қосып, жиналады. Содан кейін өздерінің жақын туыстарының киіз үйлеріне көрісуге барады. Амандасып, келе жатқан мерекемен құттықтап болғаннан соң бидай ұны, жаңғақ, кептірілген құрма, інжір мен мейізден жасалған "юхе" атты жергілікті тәттілер мен балкүлшелерден дәм татады. Сонымен қатар бір-бірлеріне арнаған мерекелік сыйлықтарын ұсынады. Әдетте көшпелі халық Наурыз мерекесінде құда түсу, той мәселесі жайлы сұхбаттасып, көктемнің келесі айларында қуанышты тойларын өткізеді.