Фарвардинның жиырмасы – Иранның ұлттық ядролық технология күні
Иранның жас ғалымдарының мақтан тұтарлық талпыныстарына алғыс ретінде фарвардин айының жиырмасы ирандықтардың ресми күнтізбесінде «Ұлттық ядролық технология күні» деп бекітілді.
Хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1385-ші жылдың фарвардин айының жиырмасы, сәйкесінше 2006-шы жылдың сәуір айының тоғызы күні Иранның уранды байыту технологиясына қол жеткізгені және Натанз нысанында уран байытатын толық желінің іске қосылғаны туралы хабар жарияланды. Бұл хабардан кейін Мәдени революция жоғары кеңесінің шешімімен исламдық Иранның жас ғалымдарының мақтан тұтарлық талпыныстарына алғыс ретінде фарвардин айының жиырмасы ирандықтардың ресми күнтізбесінде «Ұлттық ядролық технология күні» деп бекітілді. Бұл ғылыми табыстың арқасында Иран уран байыту технологиясына ие мемлекеттердің қатарына қосылды. Ядролық қару шығару мен оны таратуға тыйым салатын хаттамаға сәйкес ядролық ғылымға ие болу бұл хаттамаға мүше және оған табанды әрбір мемлекеттің заңды құқығы болып табылады. Қазіргі таңда тұрақты даму мақсаттарға жету саласында ядролық энергияны пайдалану қажеттілікке айналды. Ядролық технология табиғатта кездесетін табиғи уранды атомдарын бөлшектеу арқылы орасан қуатқа ие байытылған уранға айналдыру мүмкіндігі бар технология болып табылады. Бүгінде әлемнің шамамен 10 мемлекеті бұл ғылымға ие.
Ядролық энергия көптеген салаларда қолданылады. Жалпы алғанда ядролық энергияны екі салаға, нақты айтқанда әскери және әскери емес мақсаттарда қолданылады деп бөлуге болады. Ядролық технологияның алға ілгерлеуі оған қатысты басқа ғылымдардың дамуына себеп болады. Сондықтан бұл ғылымның дамуы басқа ғылымдарды да дамытады. Атом стансаларында электр тоғын шығару ядролық ғылым мен технологияның пайдаланылатын салаларының бірі саналады. ИИР да қазба ресурстары қорының таусылуы және елдегі әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін ескере отырып, ядролық энергияны электр қуатын шығару үшін пайдалануды маңызды әрі қажет санап, атом стансасын салуға ерекше назар аударды. Ядролық ғылым медицина ғылымымен ажырамас байланысқа ие. Өнеркәсібі дамыған мемлекеттерде ядролық технология медицина саласында қолданылады. Бүгінде атом энергиясы рентгенге түсіру кезінде пайдаланылуымен бірге онкологиялық аурулар тәрізді қатерлі ауруларды емдеу үшін қажет радиографияда қолданылады. Ядролық технология жер асты суларын анықтау, жер үсті мен жер асты суларын бағыттау, сулардың босқа ағуын бақылау және бөгеттердің қауіпсіздігін анықтау үшін пайдаланылады. Сондай-ақ, бұл технология арқылы тұзды суларды тұщыландыру мүмкіндігі пайда болады. Ядролық энергия ауылшаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібінде де көп қолданыс тапты. Аталмыш энергия ауылшаруашылығында азық-түлік өнімдерінің көктеуінің алдын алу, жәндіктерді бақылау және оларды жою, өнімдердің жетілуін кейінге қалдыру, ауылшаруашылығы өнімдерінің сақталу мерзімін арттыру, сонымен қатар мал ауруларын диагностикалау және емдеу, мал өсіру мен малдың жем-шөбін өндіру салаларында пайдаланылады.
Иран көптеген мемлекеттер сияқты ғылым мен технология импортымен айналыспайды, керісінше, елдің ішкі мүмкіндіктеріне сүйенеді. Сол себепті Иран жергілікті ғылым мен мықты инфрақұрылымдарға ие. Ядролық ғылымға ие болу көптеген мемлекеттердің арманы. Бүгінде ИИР аталмыш ғылымға ие елдердің тізіміне тіркелді. Иран бейбіт мақсатты үлкен ядролық жобаларды іске асыруды көздеп, халықаралық деңгейде ядролық ынтымақтастықтарын іске асыруда. Бұл мақтан тұтарлық қозғалыс Ислам революциясы жетекшісінің ядролық және жаппай қырып-жоятын басқа қарулар шығаруды және оларды пайдалануды харам санайтын пәтуасы аясында дұшпандардың көптеген сұм жобаларын залалсыздандырып, әлемдік деңгейде жаңа көкжиектерге жетті. Иран қазір осы салада тәжірибеге ие мемлекеттермен ынтымақтастық жасауда.
ИИР ядролық ғылымды пайдаланып отырған әлем бойынша төртінші, Таяу Шығыс аймағындағы бірінші мемлекет саналады. Иран осы ғылымды пайдалануының арқасында шығарған дәрілерін Үндістан, Пәкістан, Мысыр мен Ливанға экспорттайды. Осы күні Иранның нано технология, жаңа энергиялар, ғарыш, микроэлектроника және діңгекті жасушалар сынды жаңа технологиялар саласындағы үлесі артуда. Жаңа технологиялар саласындағы іргелі білімге негізделген компанияларының дамуының арқасында Иранда орта және жоғары технологиялық өнімдердіің экспорты артты. Мұнай мен газ қорларына бай болуына қарамастан Иран табиғи ресурстарға сүйенген экономикадан инновацияға сүйенген экономикаға қарай бет бұруда. ИИР өз мақсаттарына жетіп, ядролық энергия саласында даму үшін зерттеу орталықтарын ашып, елдің ғалымдары мен зерттеушілері әртүрлі ғылыми салаларда зерттеу жұмыстарымен айналысу мүмкіндігіне ие болды.
ИИР Президенті Хасан Рухани өткен 1396-шы жылы Қазақстанның Елордасында өткен ислам елдерінің ғылыми ынтымақтастығына арналған бірінші отырыста: «Біз «жасай аламыз!» деп айтуға келдік. Сондықтан, ғылым мен технологияның атымен және ғылыми дипломатияға сүйеніп, ислам әлемінің мүмкіндіктерін толық пайдалануға жағдай жасауымыз керек»,- деді. Стансалардың мүмкіндіктерін дамыту мен ядролық ғылымның медицина саласындағы мүмкіндіктерін арттыру бұл ұйымның жаңа жылдағы басты мәселелері болып белгіленді. Иранның Атом қуаты ұйымының баспасөз хатшысы Бехруз Камалванди Иранның Атом қуаты ұйымының странсалардың мүмкіндіктерін арттыру саласындағы талпыныстарына тоқталып: «Қуат өндіру мен суды тұщыландыру саласында шағын стансаларды дамыту ұйымының келесі басты мәселелерінің бірі саналады»,- деді. Камалвандидің айтуынша, Иранның Атом қуаты ұйымы ауыр суды басқа өнімдер үшін негізгі материал ретінде пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстың бір бөлігі Ұлттық ядролық технология күні ұсынылады. Иранның Атом қуаты ұйымының баспасөз хатшысы сондай-ақ, жаңа жылда Алборз облысында жоғары технологиялы ядролық аурухана құрылысының басталатынын хабарлады. Иранның Атом қуаты ұйымының басшысы Әлиакбар Салехи өзі басқаратын ұйымның жаңа жылдағы бағдарламалары туралы: «Батыс Азия аймағында бірінші рет салынып жатқан жоғары технологиялы ядролық аурухана алдағы төрт жылда емі жоқ деген аурулардың алдынан есігін ашады»,- деді. Әлиакбар Салехи сәуірдің 9 күні Иранның Атом қуаты ұйымының көптеген жетістіктерінің тұсауы кесілетінін қуаттап: «Бұл ұйым су тапшылығы мен құрғақшылық салаларында да бағдарламалар қарастырып, осы салада мамандар аз мөлшерлі энергиямен ауаның ылғалдығын суға айналдыратын құрылғы жасап шығарды»,- деді.
NPT хаттамасы бойынша, ядролық мәселемен байланысты үш маңызды тақырыпқа қатысты пікірталас жүргізіледі: бірінші тақырып – барлық ядролық қаруларды жою, басқаша айтқанда ядролық қарусыздандыру; екінші тақырып – ядролық қарудың артуына тыйым салу және бұл үдерісті қатаң бақылауға алу. Өкінішке орай, Агенттік бұл екі мәселе саласында оң нәтижеге жетпеді. Қазіргі кезде ядролық қраулар жойылмақ түгілі, АҚШ пен ядролық қаруға ие басқа кейбір мемлекеттер олардың жаңа түрлерін шығаруда. НПТ хаттамасының үшінші тақырыбы Агенттіктің ядролық технологияның бейбіт мақсатта қолданылуына көмектесуі болып табылады. Бұл салада да Агенттік саяси мақсаттардың әсерін түсіп, барлық елдер үшін бірдей әрекет етпейді. Өкінішке орай, НПТ келісімі бойынша ядролық қаруды таратуға тыйым салуға келіскен мемлекеттердің өздері бүгінде ядролық қарудың жаңа түрлерін шығару үшін бюджеттерінен миллардтаған доллар бөліп отыр. Бейбіт мақсатты ядролық энергияның әртүрлі салаларда пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударып, мүше елдердің, әсіресе дамушы елдердің көбі Агенттіктен ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдану және бұл салада білім алу жобаларына көмек алғысы келеді. Иранның Ислам революциясынан кейін бұл елге қарсы ядролық және ядролық емес мәселелерге байланысты әртүрлі санкциялар салынды. Бірақ ирандық ғалымдар санкцияларға қарамастан ғылыми салада дамуға қол жеткізді. Ядролық ғылым осындай жарқыраған жетістіктердің бірі болып табылады.