Сағди – махаббат, бейбітшілік пен достықтың айнасы
1 ордибехешт, сәйкесінше 21 сәуір Иранның күнтізбесінде ирандық үлкен ақын Сағди Ширазиді ұлықтайтын күн болып белгіленген.
Қазіргі ақпараттық ғасырда емес, осыдан бірнеше ғасыр бұрын байланыс пен сапар өте қиын болған кезде жазушылардың шығармаларының бір-екі нұсқасы ғана болған жағдайда өзінің сирек ойларымен бүкіл әлемді таңқалдырып, сөзі жалпақ дүниені шарлаған адам жайлы шағын бағдарлама аясында қысқа жолмен қалай жеткізуге болады.
Шейх Мослехеддин Сағди Ширази – Иранның әйгілі сөз шеберлері мен ойшылдарының бірі. Ол өз заманында кең танымал болған. Оның сөздері сол замандағы халықтың, патшалар мен ойшылдардың арасында да, ғылыми және әдеби орталарда да ерекше орынға ие болып, туындылары қолдан қолға өтіп, "Гүлістан" кітабы Үндістан пен Осман патшаларының дәріс кітабы болған.
Марокконың атақты саяхатшысы Ибн Батута Қытайдың ең шалғай батыс аймағындағы Гингсе қаласында қайықтың ескегін есіп бара жатып, Сағдидің өлеңдерін парсы тілінде айтқан қайықшылар жайлы еске алған кезден бері сан ғасыр өтті. Алайда әлі күнге дейін осы ирандық оқымысты хәкімнің танымалдығы жер әлемді шарлап, оның ойлары алтын қағаз сияқты қолдан қолға өтіп, БҰҰ ғимаратының қабырғасында жазылып, осы ұйымның негізгі мақсаттарын еске түсіріп тұр:
Адам баласының бәрі – бір дененің мүшесі.
Олар жаратылысында бір негізден тараған.
Тағдыр тәлкегі бір мүшені ауыртқанда
Басқа мүшелерде тағат қалмайды.
Басқалардың қиындығынан бейқам жүрсең,
Атыңды адам деп атауға болмайды.
Сағдидің бұл өлеңі Ирандағы кілем тоқу өнерінің атақты шебері, исфахандық өнер иесі Мұхаммад Сирафианның қолымен өте нәзік парсы кілемінің ортасына саф алтынмен өріліп жазылған. 5х5 метрлік бұл кілем БҰҰ-ның ең жақсы жерлерінің бірінде, яғни дипломаттардың кездесулері мен келіссөздері өтетін жерде ілулі тұр. Осы өлең Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі тарапынан ағылшын тіліне аударылып, кілемнің жанына ілінген. Содан бері әрбір көрермен Иран мәдениеті мен өркениетіне, ирандықтардың даналығы мен хикметіне тамсанып келеді.
Сағдиден қалған барлық туындылар әлемнің түкпір-түкпірінде жалпақ жұрттың қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың себептері мен факторларын талдау көптеген зерттеушілердің жұмыс тақырыбына айналып, әлі де сарапталып келеді. Осыншама қолдау мен жаһанға таралудың себебі бұл дана хәкімнің адам мен адамдықты терең түсінгенінен басқа не болуы мүмкін. Ол ел көрген, жер көрген хакім болды: ислам әлемінің батысынан шығысына дейін саяхаттап, әртүрлі адамдар мен әралуан мәдениеттермен танысқан. Сағди – хикмет үйретуші. Оның хикметі достыққа негізделген. Шын мәнінде, барша әлем жұртшылығының көңілін аударған тақырып – Сағдидің ақлақтық тағылымдары. Оның түпкі мақсаты адамды сүю, адамдық пен адамгершілікті қадірлеу болды. Адам – Сағдидің әлемге таралған ойларының басты өзегі. «Гүлістан», «Бустан» мен тіпті оның ғазалдары, қасидалары мен уағыздарынан тұратын өлеңдер жинағы адам туралы. Сол себепті Сағдидің сөзі кез келген замандағы және кез келген орта мен мәдениеттегі адамның болмысымен үйлеседі. Бұл ойды Сағдидің барлық туындыларынан көруге болады.
Сағдиді туындыларының әрбір парағынан іздеп, оның әлеміне жол тауып, оның өмірінің шарықтаулары мен құлдырауларын көріп, махаббат, ықылас, тәуекел мен қанағатты ұстануға болады. Ол өзінің ғазалдарында ғашық болуды үйретеді. Ол махаббатты ешбір өрнексіз өте қарапайым тілмен баяндайды. Оның тілінің қарапайымдылығы соншалықты, прозаға жақын, өте әдемі әрі тартымды. Сағдидің ғазалдары сопылық сарындар мен ақлақтық принциптерге беріктікке негізделген ғашықтық туралы. Адамды адамдықтан алшақтатып, сұрқиялық пен пасықтыққа жақындауына себеп болатын кез келген нәрсе Сағдидің жиренішін тудырады. Ақынның ғазалы – ғашықтық, барлық шарықтау, құлдырауымен бірге берілген ғашықтық: бұл ғашықтық дерт, қажеттілік, мойынсұну мен кешірімге толы; құмарлық емес, жанның жайлылығы мен ризашылық; ақынның жан-жүрегін әрдайым бойсұнып, фәниге айналуға дайындайтын рухани қажеттілік.
Өмір бойы басымды осы масайтатын құмарлықтан алып қаштым,
Мен әлі болмай тұрып, сен менің жүрегімнен орын тептің.
Сен шығып, бататын күндей емессің.
Басқалар келіп, кетер. Сен бұрынғыдай өзгеріссіз қаласың.
Саған тұтқын болған менің дертті жүрегім, ей, жар!
Қосылғанмен айықпас....
Сағди – ел көріп, жер көрген адам. Ол жылдар бойы әлемнің түрлі жерін аралап, жалпы-жалқымен кездесіп, әртүрлі дін, әдеп-ғұрып ұстанатын адамдармен тілдесіп, көп тәжірибе жинап, басын ақ қырау шалған қария болып туған жері Ширазға қайтып оралған. Шираздың көктемі, гүл мен бақтың жұпар иісінің оны масайратқаны соншалықты, ол гүлге толы бақ-бустан мен әрдайым жайнап тұратын бақша-гүлістан тудыруға бел байлайды. Қазірге дейін бұл «Бустан» мен «Гүлістанның» балғын да жап-жасыл жапырақтарына күздің желі де зиян тигізе алмады, оның мән-мағынаға толы ашық сөздеріне уақыт тезі де шаң қондыра алмай келеді. Сағди барлық сыншылардың көзқарасы бойынша әлеуметтік реформатор болған. Қоғамда ақлақсыздық пен әділетсіздіктің таралуына әрдайым алаңдап отыратын хабардар әрі озық реформатор, болған. Сағдидің «Бустаны» мен «Гүлістанын» практикалық және теориялық хикметтің толық курсы санауға болады. Сағди «Гүлістанда» адам жайлы қаз қалпында айтады, ал «Бустанда» адам мен қоғамның қалай болуы керектігін баяндайды. Сағди адам егер өзін тап сол күйінде танымаса, қалай болуы керек жайындағы ізденіс нәтиже бермейді деп санайды.
Оның «Гүлістаны» сол замандағы адамдар мен сапарлары жайлы әртүрлі әңгімелерге толы. Ол күздің желі Гүлістанның парақтарына қастық жасай алмайды, уақыт ағымы оның көктемдік қуанышын күздік мұңға айналдыра алмайды деп санайды. Сағдидің «Гүлістаны» – әрбір замандағы әлемнің жанды сипаттамасы. Өйткені, ол бұл кітапта адам мен оның әлемін барлық кемшіліктері мен артықшылықтары, оның бойындағы барлық қарама-қайшылықтарымен сипаттаған. Сағди адам мен әлемді қаз қалпында бейнелеген.

Сағди өз заманын сипаттап, оның кемшін тұстарын айтумен ғана шектелмеді, ол әлеуметтік реформатор және дүние көрген хакім ретінде дерттерді баяндап, сұрықсызды сипаттаумен қатар оларды емдеу үшін де әрекет етіп, дұрыс өмір сүрудің тәсілін үйретті. Сағдидің «Гүлістаны» адамның қазіргі жағдайы мен тыныс тіршілігін бейнелейді. Ал «Бустан» ақлақ пен қайырымды қала идеясына негізделген утопияға толы. Бұл ақлақтың тамырын Сағди ғашықтықтан бастайды. «Бустанда» әлемнің қандай болуы керектігі және адамның қалай өмір сүруі керектігі баяндалған. «Бустан» – Сағдидің шынайы әлемі. Онда ақиқаттан басқа ештеңе айтылып, естілмейді.
Сағдидің «Бустаны» – оның арманындағы әлем. Бұл дүние жақсылық, пәктік, әділдік пен адамдыққа толы. Сағди «Бустанда» адамның биік орнын еске салып, кішіпейілдік, қанағат, ризалық пен дұрыс тәрбиені үйретіп, әділдікті сақтауға кеңес береді. Сағди қалайтын әлем – Құдайға иман келтіруге, жақсылық пен тазалықты сақтауға негізделген әлем. Мұндай әлем – қазіргі заман адамы үшін арман. Сағди болашақ әлемнің бейнесін жасап, жүректерді жақсырақ әрі адамгершілігі молырақ әлем жасауға талпынуға ынталандырады.
Сағдидің сөзін бүкіл әлемге таратқан нәрсе – жеке және қоғамдық өмірдің сырлары мен егжей-тегжейі. Мұны ақын туындыларының әрбір парағынан табуға болады. Сағдидің әрбір сөзі ешқашан ескірмейтін және әрдайым ұстануға лайық ақлақтық және әлеуметтік кеңестер болып табылады. Британ ақыны Эдвин Орланд (1832-1904) Сағдиді бұрынғы заманға да, қазіргі әлемге де тиесілі санайды. Ол «Гүлістаннан» таңдап жасаған аудармаларының кіріспесінде Сағдиді біздің заманымыздағы баршаның досы әрі кеңесшісі деп атап, ешкімнің Сағдидің кеңестерін ұстанғаннан ұялмайтынын немесе қорықпайтынын мәлімдеген.
Әлем халықтарын Сағдиге ғашық еткен нәрсе оның ойларының белгілі бір мекен мен мерзімнің құрсауынан ада болуы. Оның әлемдік арманын түсіндіретін ойдың ерекше түрі – адамның бүкіл адамзатқа тілеулестігі. Ол бұған жетудің жолын жеке басты түзеу санайды. Сағдидің адамгершілік тақырыбындағы ойларының жаңғырығын әлемнің ұлы жазушыларының көбінің туындыларынан көруге болады. Еуропаның философтары, ақындары мен жазушыларының пікірлері мен хикметке толы кейбір әңгімелердің тамырын Сағдидің жазбаларынан іздестіруге болады. Әлемнің көптеген ойшылдары Сағдидің ойларындағы мазмұндарды алып, батыс әдебиетіне таратты. Лафонтен, Вольтер, Гете, Форте, Эмерсон, Виктор Гюго, Морис Баррес, Андре Жид және тағы да басқа көптеген еуропалық ойшылдар Сағдидің ойларына қарыздар.
18 ғасырдың философтары ақлақтық тағылымдардың көбін, соның ішінде бауырластық, шынайы адамсүйгіштік, ақиқатты тану үшін алдын ала сын айтудан бойды аулақ салу сияқты тағылымдарды Сағди шығармаларынан іздеген. Өз заманындағы дінбасылардың екіжүзділігімен күрескен адамдар бидай деп арпа сататындармен күрескен Сағдиді өздерімен жақтас санаған. Сағди туындыларында сипаттаған дана уәзірдің Вольтердің патшалардың қызметінде болуын армандаған қырағы әрі қайырымды кеңесші мен насихатшымен ұқсастығы көп.
1747 жылы өмір сүрген Фортені философиялық хикаяттардың негізін қалаушы санайды, өйткені оған дейін Еуропада ешбір әдебиетші мен философ философиялық әңгіме жазбаған. Фортенің хикаяттары Сағдиден алынған. Шын мәнінде, Сағди Еуропада жаңа әдеби жанрдың пайда болуына себеп болған. Дәл солай Фридрих Рюккерт те Моуланадан әсер алып, Еуропа мен Германия әдебиетіне ғазал жанрын енгізген. Сонымен қатар, Еуропаның екі ұлы ақыны мен жазушысы, яғни Франциядан Виктор Гюго, Германиядан Гете өз елдерінде Сағдиден шабыт алып романның негізін қалаған.
Charles Barbier de Meynard: «Сағдидің Батыстағы беделінің себебі мынада: Сағди – «Гүлістанда» жаңа эстеттер қалаған сипаттар мен қасиеттердің толық жиынтығы. Оның сызат түспейтін таза құштарлығы, шейхтің хикаяттарына жан мен рух беретін тартымдылығы, адамзат қоғамының кемшін тұстарын түйрей баяндайтын иронияға толы сарыны, бойында замандастарында сирек кездесетін қасиеттердің болуы Сағдиді біздің тағзым етуімізге лайық адам етеді» деген.
Ирандық күнтізбе бойынша, бүгін 1 ордибехешт х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда, милади жыл санағы бойынша 13 ғасырда өмір сүрген атақты ақын, хакім шейх Мослехеддин Сағди Ширазидің атымен аталған.