Хазірет Мәһди (ғ.с.) – уәде етілген құтқарушы
Шағбан айының 15-ші жұлдызы – адамзаттың құтқарушысы хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығы.
Шағбан айының ортасының таңы нарцисс гүлдері имамат бағының соңғы гүл бүршіктерінің ашылғаны туралы хабарды жеткізді. Әлемде теңдік пен әділет, бейбітшілік пен достық орнататын сәби дүниеге келді. Алланың соңғы халифасы, әлемді зұлымдық пен зорлық-зомбылықтан құтқарушының туған күні құтты болсын!
Алла Тағала адамды жаратпастан бұрын періштелеріне: "Әрине мен жерде бір орынбасар жаратамын!» - деді. ("Бақаре" сүресі, 30-шы аят). Бірінші халифа хазірет Адам болған. Одан кейін пайғамбарлар мен әулиелер кезек-кезек бұл міндетке ие болып, Жаратушы мен жаратылғандар арасындағы қарым-қатынасты жалғастырды. Жер бетінде Алланың халифасының өмір сүруі – жаратылған әлемнің барлық кезеңдерінде қалыптасқан өзгертілмейтін заң. Өйткені, илаһи халифа – барлық шындықтардың көрінісі; Жаратушымен тікелей байланыстағы адам. Адам – Алланың жердегі халифасы ретіндегі ең кемел әрі ең жақсы жаратылыс. Құран Кәрім әртүрлі халықтардың тағдыры туралы баяндап, Алла Тағаланың олардың барлығы үшін теңдессіз пайғамбар жібергеніне тоқталады. Бұл халықтардың кейбіреуі олардың шындық сөздерін қабылдады, кейбіреуі қабылдамай, илаһи азапқа шырмалды. Құран хикаялары Жаратушының ешбір халықты халифасыз қалдырмайтыны туралы жолдауды жеткізеді. Бұл – бүкіл жаратылған жүйенің заңы. Имам Әли (ғ.с.) "Наһдж ул-Балағенің" бірінші құтпасында адамның жаратылысына сілтеме жасаған соң: "Сұбхан Алла еш уақытта адамзат қоғамын пайғамбарлар, қасиетті кітап, нақты дәлел және айқын жолсыз қалдырмайды",- деді.

Қазіргі кезде де хазірет Мәһди (ғ.с.) Алланың халифасы ретінде өмір сүруде. Хазірет Мәһди (ғ.с.) хиджри қамари жыл санағы бойынша 255-ші жылдың шағбан айының 15 күні Самерра қаласында дүниеге келді. Ол хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-мен аттас, яғни оның есімі де Мұхаммад, күниесі – Абу ал-Қасем. Имам Мәһди (ғ.с.) хиджри қамари жыл санағы бойынша 260-шы жылы әкесі имам Хасан Аскари (ғ.с.) шәһид болған соң илаһи сүннет бойынша илаһи халифатқа ие болды. Мыңдаған жылдар өткенімен хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның халифаты әлі жалғасуда.
Имам Мәһди (ғ.с.) келіп, дүниені өзгертіп, зорлық-зомбылық пен зұлымдыққа сүйенген жүйені тамырынан жояды. Ол илаһи құндылықтар негізінде жаңа өркениет қалыпастырып, жер бетінде бейбітшілік, достық және әділет орнатады. Әрқашан күпірлік білдіріп, шындықты жасырғысы келген Алла дінінің дұшпандары бұл жолы да бұрынғыдай илаһи халифаны өлтіруге шешім қабылдады. Сондықтан әлемнің Жаратушысы имамды тірі сақтап қалу үшін оны жасырды. Илаһи халифа қолайлы уақытта ғайыптан шығып, әлемде әділет орнатады.
Имам Мәһди (ғ.с.) қолайлы уақытта келу үшін мүміндері мен серіктеріне қамқорлық жасайды. Соңғы имамның келуі үшін халықтың ақылы артып, білімі жетіліп, ахлағы жақсарып, адамдар хазіретті күтіп алуға дайын болуы қажет. Соңғы халифа әрі адамдардың илаһи басшысы халықты мақсатына жеткізу үшін Аллаға құлшылық етуді, әділет пен заңдылықты талап ететін билікті өз қолына алады. Бұл іс халық илаһи жетекшілікті қабылдауға дайын болған жағдайда ғана мүмкін болады. Қоғамда қолайлы жағдай қалыптаспай, халық имамның нұсқауларын қабылдауға дайын болмаса, илаһи басшысы әрі үмбеттердің құтқарушысының мұндай халықтың ортасына келуі нәтиже бермейді. Адам өзінің қоғамдық өмірінде аман-есен қалып, алға ілгерілеуі үшін үкімет пен басшыны қажет етеді. Адам басшыларының бұйрықтарын орындап, оларға зұлымдық пен зорлық-зомбылықтан ада қауіпсіз қоғам құруға көмектеседі. Бірақ адам бұл қалауына жетпек түгілі, күннен күнге әртүрлі зұлымдық пен зорлық-зомбылықтың артуына куә болуда. Сондықтан әлемнің саяси және қауіпсіздік кеңістігі шайқалып, әртүрлі қастықтар мен белгісіз жұқпалы аурулар таралып, ахлақи бұзақылық артқан қазіргі кезеңде адамдар илаһи тұлғаның билік басына келіп, адамзат қоғамында әділет орнатуын армандайды. Бұл арман мен бұл күту әлемдік илаһи үкіметті қабылдауға жағдай тудырады. Алайда имам Мәһди (ғ.с.)-ды күту адамның үнсіз отыруын білдірмейді. Ынтызарлық – үміт және арман. Адамның өміріндегі үміт пен арман оның алға ілгерілеуіндегі ең маңызды факторлар. Бұл үміттердің рухы – адамның Алла Тағаланың аяттар мен рауаяттарда уәде еткен келешектен үміттенуі.

Хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның үкіметі – осы кезге дейін адамзат көрмеген, армандағы әділет орнатылған қоғам. Хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның келуімен бейбастақ, залым үкіметтер тарихтың сахнасынан тамырымен жойылады. Қоғамды бұзық басшыдан босату үшін олармен күресіп, қақтығысу қажет. Күресіп, қақтығысу үшін мықты әрі іскер үкімет пен қарулы әскер қажет. Сондай-ақ, үкімет адал қызметкерлерден құрылуы керек. Әлемде зұлымдық пен әділетсіздік таралған жағдайда уәде етілген құтқарушыға әділет талап ететін мақсаттарына жетуі үшін көмектесетін адал адамдар тәрбиеленуі керек. Сол себепті құтқарушы келерден бұрын оны күтушілер үлкен міндетке ие, яғни олар имам Мәһди (ғ.с.)-ды қолдайтын адамдар мен қоғамды дайындауға міндетті. Имам Мәһди (ғ.с.)-ды күтушілердің басты міндеті өз имамы туралы білімге ие болып, оны дұрыс тануы керек. Бұл тану өте маңызды болғандықтан, шиіттер мен сүнниттердің Исламның ұлық пайғамбарынан айтылған рауаяттарында: «Өз имамын танымай өлген адам надан өліммен өлді деп саналады»,- деп айтылған. Имамды күтушілердің келесі міндеті болмыстарындағы жағымсыз сипаттарды жойып, өздерін жақсы ахлақ пен жақсы амалға үйретуінде. Имам Садық ( ғ.с.): «Имам Мәһди (ғ.с.)-ның серіктерінің қатарында болғысы келген әр адам хазіретті күтіп, жақсы ахлақпен амал етуі керек. Егер осындай жағдайда қайтыс болса, хазіретті түсінген адам ие болатын сыйға тең сыйға ие болады. Сондықтан талпыныс жасап, күтіңдер»,- деген. Имам Мәһди (ғ.с.)-ның серіктері іскерлік, атқарушылық және басқару тұрғыларынан жоғары қабілетке ие болуымен бірге рухни тұрғыдан да ең жақсы әрі ең кемел адамдар саналды. Дін тұлғалары имам Мәһди (ғ.с.)-ның серіктерінің ерекшеліктерін қуаттады. Ілім мен мағрифат, иман, пәктік пен тақуалық, қырағылық, ғибадат пен құлшылық, сабыр сақтау хазірет Мәһди (ғ.с.) серіктерінің ерекшеліктері саналады. Әйгілі мұсылман ғұламаларының бірі рауаяттарының бірінде имам Әли (ғ.с.)-нан: «Мәһдидің серіктері – жүректері шынайы иманға толы адамдар. Олар бүкіл болмысымен Аллаға иман келтіргендер. Бұл ерлер соғыстарда жеңіске жетеді. Олардың кейбіреуі түнді ояу өткізіп, Құран мен дұға оқиды. Олар таң атқанша ғибадат жасайды. Олар Алладан қорқады» деп жеткізген. Қиындықтар аяқталып, жақсылықтар басталатын жалғыз жолды, яғни құтқарушының келуіне үміттеніп, «Нұтбе» дұғасының келесі үзіндісін тыңдауды ұсынамыз: «Шөліміз ұзаққа созылды. Мөлдір бұлағыңыздан шөлімізді қашан қандырамыз? Қашан біз сізбен таңды атырамыз? Қашан көзіміз сіздің айбыныңызбен нұрланады? Қашан біз сізді көреміз? Қашан әділет туы көтеріліп, әлемде жеңіс орнатылады? Өзіңіз бен серіктеріңіз келіп, жерде толық әділет орнатылған күнді көреміз бе? Әлемде үстемдік пен зұлымдықтың тамыры жойылып, қуанышқа бөленіп, Алланы мадақтаймыз».