31-ші Теһран халықаралық кітап көрмесінің ашылуына орай
(last modified Wed, 02 May 2018 15:38:18 GMT )
Maм 02, 2018 21:38 Asia/Almaty
  • 31-ші Теһран халықаралық кітап көрмесінің ашылуына орай

Сейсенбі, 11 ордибехештте (1 мамырда) Теһранда 31-ші Халықаралық кітап көрмесі өз жұмысын бастады. Көрме 22 ордибехештке (12 мамырға) дейін қызығушыларды қабылдайды. 30 жылдан кейін бұл көрме қалай өтеді? Бағдарламаның жалғасында осы сұраққа жауап береміз.

Теһран халықаралық кітап көрмесі – жыл сайын ордибехешт айының ортасында өтетін көрме. Бұл көрме  Ирандағы ең үлкен мәдени оқиғалардың бірі болып табылады. Оны Иранның Мәдени көрмелер ұйымы ұйымдастырады. Теһран халықаралық кітап көрмесінің алғашқы кезеңі х.ш.ж.с.б. 1366 жылы (1987 жылы) өтті. Сол заманнан бері  мәдени ауқымының кеңдігіне байланысты жас ұрпақты жазушылар, баспагерлер және кітаптармен таныстыру үшін жағдай жасап келеді. Соңғы жылдары ережелер мен қағидаларға сәйкес кітап көрмесіндегі жұмыстардың басым бөлігі баспа саласына берілген. Бұл олардың көбірек  қатысуына септігін тигізіп отыр.

130 мың шаршы метр аудан баспагерлердің ықтиярына тапсырылған. Теһран халықаралық кітап көрмесіне 2050 отандық баспа мен 53 елден келген баспагерлер қатысады. Солардың арасында осы көрмеге университет, балалар мен жасөспірімдерге арналған баспагерлер мен оқу құралдарын шығаратын баспаханалардың үлесі көп болады. Әрине басты орында қоғамдық баспагерлер тұрады. 1147 қоғамдық баспагер көрмеге шамамен 86 мың кітаппен қатысады.

Биылғы жылы Иранның кітап астанасы ретінде Кашан қаласы аталатынын ескеріп, Теһран халықаралық кітап көрмесінің бір күні  Кашан атымен таныстырылады. Кашанды Иранның кітап астанасы ретінде таныстыру, баспагерлер мен ақпарат таратушылардың бұрыштарын таныстыру және Кашан павильоны мен "Қалам иелері" (Ахл-е қалам) сарайында күнделікті бағдарламалар өткізу Теһран халықаралық кітап көрмесінің қосалқы бағдарламаларының қатарына жатады. Кітаптың тұсаукесерін жасау, кітапқа сын айту, Кашаннан шыққан  авторлардың қолтаңбасын алу және оларды марапаттау, әдеби тұлғалар мен жазушылармен кездесу осы көрмеде өтетін басқа бағдарламалардың қатарын құрайды.

Көрменің осы кезеңінде 5 тақырыптағы 7 бөлім болады. Бұл бөлімдердің әрқайсысында әртүрлі бағдарламалар назарға алынған. "Қалам иелері" (Ахл-е қалам) бөлімінде 90 сағатқа арналған 60 бағдарлама қарастырылған. Бағдарламалардың кейбіреуінің тақырыбы төмендегідей: баспа индустриясының түйткілдері мен кедергілерін талқылау, көшірме жасау, баспагерлерді салықтан босату заңы, баспа экономикасы, Иранның шетелдік көрмелерге қатысуы, Ирандағы кітап импорттау мен экспорттаудың жағдайы. Сонымен қатар, Теһраның баспагерлері мен кітап сатушылары одағының құрылғанына 60 жыл толуына байланысты көрмеде осындай тақырыпта рәсім өтеді.

Палуандар рәсімін өткізу, Шейх Саддуқты еске алу рәсімі, күту мәдениетін таныстыру, суды дұрыс пайдалану мәдениетін тарату, ирандық басшылар мен шетелдік елшілердің қатысуымен Иранның мәдени және туристік мүмкіндіктерін таныстыру – осының барлығы Теһран халықаралық кітап көрмесі аясында тамашалаушылар көре алатын бағдарламалар.

31-ші Теһран халықаралық кітап көрмесінің шетелдік бөлімі араб пен латын тілді баспагерлерден тұрады. 86 араб баспагер шамамен 37500 кітаппен, 46 латын баспагер 120 мың кітаппен осы көрмеге қатысады. 86 сандық баспагер бөлек залдарда көрменің басқа бөлігінде өз өнімдерін жұрт назарына ұсынады.

Өткен жылдардағы кітап көрмесін ұйымдастырушылардың артықшылықтарының бірі мәдениет пен кітап арқылы әлеммен диалог орнатып, мәдени дипломатияны нығайту болды. Сол себепті қонақ ел мен қаланың бағдарламасы қарастырылып, жыл сайын нығайтылады. Өткен жылы Италия елі арнайы қонақ болды. Соның оң нәтижелерінің бірі италиялық баспагерлердің ирандық туындыларды аударуға қызығушылық танытуы болды. Өткен жылдан бері осы күнге дейін 10 ирандық роман италия тіліне аударылды.

Көрменің осы кезеңінде Сербия елі арнайы қонақ болады. Арнайы залда осы елден келген 30 басшы, жазушы, ақын, баспагер, тілші мен бір музыкалық топ болады.  Көрмеде  сербиялық қонақтар үшін 20-дан астам отырыс пен басқосу өткізу жоспарланған.

Сербияның Мәдениет және ақпарат министрі Владан Вукосавлевич пен Сербия Ұлттық кітапханасының директоры Ласло Блашкович ресми делегацияның құрамында көрмеге қатысады.  Сербия павильонында осы елдің әдебиеті, тарихы, өнері, туризмі саласындағы 300-ден астам кітап жұрт назарына ұсынылады. Қонақтар үшін Иранның университеттері мен мәдени орталықтарымен әріптестік жасау бағдарламасы қарастырылған.

Сонымен қатар, 6 жазушы, ақын мен баспагер қонақ ретінде Теһран халықаралық кітап көрмесіне шақырылған. Жазушы Горан Петрович, мұсылман жазушы Махрам Баздул, ақын Вячеслав Каранович, жазушы Сардан Сарич, баспагер Бура Бабич – осы қонақтардың қатарында. Сербия делегациясының құрамында  8 адамнан тұратын бір өнер тобы да бар. Олар "Теркалия" атты концерт өткізеді. Көрме барысында Сербияның бір фильмін де көрсету жоспарланған.

Теһран халықаралық кітап көрмесінің қаржы айналымы баспа индустриясының қаржы айналымының шамамен 20 пайызын құрайды. Баспа индустриясы – тұтынушылар мен кітап өндірушілерді байланыстыратын буын. Кітап баспасы индустриясы – шын мәнінде кітап деп аталатын мәдени тауарды өндірумен айналысатын сала. Бұл индустрия жазба мәдениеті туындыларын дайындау, өндіру және көбейту мақсатында атқарылатын белсенділіктердің барлығын қамтиды.  

Баспа индустриясы мен баспахананың Иранға келу тарихы 100 жылдан асады. Иран баспагерлерінің бірінші буыны жалпы Теһран базарының айналасында өз жұмысын бастады. Олар Құран, Шахнама мен маснавиді басып шығару арқылы баспагердің рөлін атқарған кітап сатушылар болған. Теһран әуел бастан баспа орталығы болған, қазір де оның орталық екені сезіледі. Бұл жайт басқа елдердің барлығынан байқалады. Елдің астанасы баспагерлердің шоғырланған жері болып табылады.

Жылдар бойы баспагерлер классикалық парсы әдебиеті мен діни мәтіндерді басып шығаруға көбірек көңіл бөлген. Кітап басып шығару ісі дәстүрлі түрде әкеден балаға немесе бауырға  беріліп отырған. Бұл буын х.ш.ж.с.б. 1300 жылға дейін (1921) тек бір баспа ұйымын ашса, 1301-1310 жылдары (1922-1931) Иранда 16 баспа ұйымын құрды. Олардың көбі базардың әртүрлі аудандарында, соның ішінде "Ходжат ад-Доуле" тимчесі, "Бейн ул-харамейн" базары, Насыр Хосроу көшесінің айналасында өз жұмыстарын бастады, алайда Теһран қаласы кеңейтілгеннен кейін олар өздерінің кітап дүкендерін Теһран университетіне қарама-қарсы жерге көшірді.

Иран баспагерлерінің бірінші буынының атақты адамдарынан Аламилер мен Рамазанилерді атауға болады. Алами  баспасы – Ирандағы кітап басу индустриясының бірінші буынындағы ең танымал әрі ең көп қолданылатын баспагерлердің бірінің атауы. Аламилердің ата-бабасы Мырза Әли Акбархан Хансари Хансар қаласында кітап сатумен айналысқан. Ол Теһранға келіп, "Ходжат ад-Доуле" тимчесінде кітап дүкенін ашты. Оның ұлы Мырза Мұхаммад Исмаил алдымен әкесімен, содан соң тәуелсіз түрде Насирие (қазіргі Насыр Хосроу) көшесінде кітап дүкенін ашып, баспа ісімен айналысқан.

Иран баспагерлерінің екінші буыны х.ш.ж.с.б. 30-50 жылдары біртіндеп кітап басу индустриясына аяқ басты. Олардың баспа компанияларын құрудағы стимулы заманауи әдебиеттен хабардар болуы еді. Баспагерлердің көбі жазушы, аудармашы әрі әдеби сыншы болатын. Бұл буын қазіргі заманғы парсы әдебиеті мен әлемнің  заманауи  әдебиетінің өкілдерін құрады.

Революция жеңіске жеткеннен кейін осы салаға аяқ басқан үшінші буын  жас баспагерлер саналады. Бұл баспагерлер жұмыстың басталу шарттарын ескеріп, қазіргі заманғы отандық және шетелдік жазушылардың туындыларын шығарып, әлемдегі жаңа туындыларды қысқа уақыт ішінде Иранның баспа базарына жіберіп отыр. Қазіргі таңда  Иранның баспа индустриясы мемлекеттік және жеке сектор болып екіге бөлінеді. Мемлекеттік баспа жеке сектордың ықтиярында жоқ мүмкіндіктер мен әлеуеттерге ие. Екі сектордың арасындағы жағдай бірдей емес. Бұл өзара бәсекелестік тудырып отыр.

Жеке баспагерлер мәтіндердің сандық негізде интернет кеңістігіне енуінен көп зардап шекті. Соңғы жылдары Иранда интернет кең таралған соң қағаз кітап, газет пен журналдарды сатып алушылардың көбі виртуалды кеңістікке бет бұрды. Мәтіндерді виртуалды кеңістіктен оқу үдерісі артып келеді. Тіпті, Иранның қоғамдық кітапханалар ұйымы бас хатшысының соңғы мәліметі бойынша, Иранда орташа есептегенде  8,8 пайыз адам электронды кітап оқиды. Бұл көрсеткіш кітап оқитын адамдар арасында 42 пайызға артты.

Мәтіндердің электронды нұсқасын жасау зерттеушілер үшін мол мүмкіндік бергенімен, интернет кеңістігі шағын баспаханалардың табыс табу жолын жойды.  Осындай жағдайда ақпараттық технологияларды дамыту,  баспа индустриясындағы білімді арттыру, баспа индустриясының кәсібилену бағытында қозғалуы осы саланың жеке секторда дамуына, халықты оқуға ынталандыруға және елде жан басына шаққанда оқу деңгейінің артуына көмектесе алатын жайттардың қатарын құрайды.