Табриз – 2018 жылғы Ислам әлемінің туристік астанасы
Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің шешімімен Табриз қаласы ислам әлемінің 2018 жылдағы туристік астанасы ретінде таңдалды. Жуырда ИИР-ның президенті Руханидың қатысуымен осы оқиғаға қатысты арнайы шара өткізілді. Бүгінгі бағдарламамызды осы салтанатты шараға арнаймыз.
Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (OIC) деген атпен танымал Ислам конференциясы ұйымы 2015 жылдан бастап «Мұсылман елдеріндегі туристік астананы таңдау» атты жоба бекіткен болатын. Бұл жоба бойынша жыл сайын мұсылман елдерінің ішінен бір қала "Ислам әлемінің туристік астанасы" ретінде таңдалады. 5000 жылдық тарихы бар көне Табриз қаласы 2015 жылы желтоқсанның жиырма екісі күні, Нигердің астанасы Ниамей қаласында өткізілген Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің жоғары лауазымды басшылары мен туризм министрлерінің 9-шы конференциясында Малаизияның Таилинг, Бангладештің Дакка және Силхет, Түркияның Мардин және Сауд Арабиясының Мәдине қалалары секілді үміткерлердің ішінен мұсылман елдерінің 2018 жылғы туристік астанасы ретінде таңдалған болатын. Мұндай таңдау қаланың мәдени, тарихи және әлеуметтік бағалы ерекшеліктері негізінде жасалады. ЮНЕСКО-дағы әлемдік мәдени мұра тізіміне енген екі ескерткішін, қолайлы туристік инфрақұрылымдарын, экспонаттарға бай мұражайларын, әсем табиғатын, көптеген тарихи ескерткіштері бар туристік мекендерінің болуын, қалаға келетін ішкі және шетелдік туристердің санының көп болуын Табриз қаласын мұсылман елдерінің туристік және әлемдік кілем астанасы ретінде таңдаудағы себептердің қатарына жатқызуға болады.
Ислам Ынтымақтастық Ұйымы хатшылығының бұл шешімі Шығыс Әзірбайжан облысының әкімшілігі мен Мәдени мұра ұйымына хабарланғаннан кейін 2018 жылы "Табриз – 2018" шарасының Саясат жөніндегі кеңесі мен хатшылығы ашылды. Бұл трансұлттық мәселе 2017 жылдың сәуір айында Үкімет кеңесінде қабылданып, 2017 жылы Табриз Ұлттық штабы құрылып, анықталған жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Осылайша Табриз қаласының облыстық және ұлттық Саясат жөніндегі кеңесіне қарасты атқарушы органдардың барлығы мен қаланың барша тұрғыны осы трансұлттық маңызды шараны өткізуге дайындалды. Сонымен қатар Ұлттық саясат жөніндегі штаб пен Жоспарлау және жүзеге асыру жөніндегі штабтың 23 атқарушы органында онға жуық жоба мен бағдарламаны жүзеге асыру бекітілді.
"Табриз-2018" шарасының мақсаттарын жүзеге асыруда атқарылған шаралар ретінде әуе компанияларының, атап айтқанда Turkish Air Lines әуе компаниясының өзінің барлық рейстерінде Табриз қаласы мен Шығыс Әзірбайжан облысының туристік тұрғыдан тартымды жерлерін жарнамалауын, Табризді әлемдік деңгейдегі қалаға айналдыру мақсатында облыстағы көне үйлерді жергілікті нақыштағы пәтерлер мен дәстүрлі стильдегі үйлерге айналдыру, жиһаздар мен қала атрибуттары мен символдарын дайындау және Табриз қаласының қонақүйлерін жаңартып, стандарттау үшін сыйлық беруді атауға болады.

Осы шаралармен бірге х.ш.ж.с.б 1396 жылы дей айының он төрті, яғни 2018 жылдың қаңтар айында "Табриз-2018" шарасына дейін тағы бір рәсім өткізіліп, ағымдағы жылдың ордибеһешт айының бесі күні (2018 жыл 25 сәуір) "Табриз-2018" рәсімінің ашылу салтанаты Иран президенті Хасан Рухани, министрлер тобы, президенттің орынбасарлары мен ислам елдерінің туризм министрлері, шет мемлекеттердің елшілері, елдегі және шетелдік қонақтардың қатысуымен Табриздің Халықаралық конференц-орталығында өткізіліп, Табризде туризм фестивалі басталды.
Хасан Рухани шарада сөйлеген сөзінде туризмді дамытуды әлеммен өзара әрекеттестіктің бір жолы деп атап: "Туризм әлемдегі басқа халықтар мен олардың тарихын дұрыс түсінуге себепр болады. Шынтуайтында, туризм адамның өткен тарихпен байланысына негіз жасап, әлемнің бүгінгі және келешектегі жағдайын танып-білуге себеп болады",- деді.
Иран президенті: "Бұл аймақ әрдайым Иранның Батыс және әлеммен байланыстыратын қақпасы болған. Бұл – Ұлы Жібек жолының негізгі бағытында орналасып, Шығыс пен Батысты бір-бірімен байланыстырған аймақ. Бұл байланыстыру буыны мәңгілік сақталады",- деді.
Рухани Табризді осы аймақтағы сауда-саттықтың орталығы деп атап: "Табризде шебер кәсіпшілер, қолөнершілер мен кәсіпкерлер бар. Бұл қалаға сапар шеккен әрбір адам осы кәсіптің түрлерін үйрене алады",- деді.

Экономкалық Ынтымақтастық Ұйымының (ECO) бас хатшысы Табриздің 2018 жылдағы Ислам әлемінің туристік астанасы ретінде таңдалғанына қуаныш білдіріп: "Бұл тарихи әрі көркем қала Түркия және Кавказ аймағы секілді көршілес елдердің туристік полюсі бола алады",- деп мәлімдеді.
Халил Ибраһим Акча діни, тарихи және мәдени ортақтастықтарды түрлі мемлекеттер арасындағы туризм саласының дамуы мен гүлденуінің маңызды факторларының бірі деп атап: "Иранның Кавказ аймағы, Түркия, Әзірбайжан Республикасымен арадағы берік діни және тарихи байланыстарына байланысты Табриз бен осы аймақ арасындағы туризм әртүрлі жарнамалар жасау және осы қаланы таныстыру арқылы тезірек дамиды",- деп баса айтты.
Ол ортақ тіл қолданылатын аймақтарға туристердің келуін маңызды әрі жеңіл мәселе деп атап: "Табриз қаласының басшылары осы салада ынталандыратын түрлі саясаттарды жүзеге асыра алады",- деді.
Акча Табриз қаласының ақкөңіл әрі әдепті тұрғындарын "Табриз-2018" атты ұлы шарамен құттықтап, бұл оқиғаның осы аймақ пен Ирандағы туризм саласының гүлденіп, өркендеуі үшін қолайлы мүмкіндік болатындығына үміт білдірді.
Ол сонымен қатар Табризді өте әсем әрі таза қала деп сипаттап, тұрғындарының сауда-саттық пен экономикаға қатты қызығушылық танытатынын айтты.
Акча сөзінің жалғасында: "Табриз қаласының кәсіпшілері мен саудагерлерінің бойынан жоғары ахлақтық қасиеттер байқалады. Олар клиенттер мен шетелдік туристерді құрметпен және өз бауырындай қабылдайды. Мұндай қасиеттер туризм саласының дамуына айтарлықтай маңызды әсерін тигізеді",- деді.
Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы бұл аймақтық ұйымның туризм саласын дамытуға шындап кіріскенін баса айтып: "Ұйымға мүше 10 елдің арасында туризмді дамытудағы біздің негізгі мақсатымыз – осы елдердің азаматтары арасында ынтымақтастық қалыптастыру. Осы аяда Табриз қаласы туристік мақсаттардың бір бөлігі ретінде таңдалды. Біз бұл мақсатта көп іс атқарамыз",- деп айтты.
Бангладештің Ұлттық туризм ұйымының атқарушы директоры Насраддин барлық мұсылман елдерін "Табриз-2018" оқиғасымен құттықтап, осы маңызды мұрсатты барынша пайдалану қажеттігін баяндап: "Біз Иран және оның түрлі қалаларымен туризм саласындағы ынтымақтастықтарды дамытуға мүдделіміз",- деді. Насраддин көне тарихы мен көптеген тарихи ескерткіштері бар Табриз қаласын құрметке лайық қала деп бағалады.
Бангладештің Ұлттық туризм ұйымының атқарушы директоры сыпайылық пен көпшілдікті осы аймақтағы туризм саласын дамытуда септігін тигізетін Табриз тұрғындарының бойындағы көрнекті қасиеттер деп атады.
Құрметті оқырмандар, бағдарламамыздың соңғы бөлігінде сіздерді Ирандағы Шығыс Әзірбайжан облысының көрікті жерлерімен таныстыруды жөн көрдік.
Иранның туристік ең тартымды жерлерінің бірі Шығыс Әзірбайжан облысы саналады. Бұл облыс дара табиғатымен, көңіл көтеретін және туристік тарихи, табиғи көрікті жерлерінің алуан түрлілігімен Иран туризмінің таңғажайып әлеуеттерінің бірі саналады.
Облыс орталығы саналатын Табриз қаласы маңызды сауда орталықтарының бірі ретінде ерте заманнан елдегі және шетелдік саудагерлер мен кәсіпкерлердің назарын өзіне аударған. Ерекше географиялық орыны, Ұлы Жібек жолының бойында ораналасуы, Түркия, Армения және Әзірбайжан секілді елдермен көршілестігі, табиғи ресурстары, қолайлы климаты және құнарлы жері мен түрлі өнеркәсіп түрлерінің болуы, автомагистральді, темір жол және әуе тасымал желілері, сауда-экономикалық орталықтарының болуы осы қаланың түрлі салаларына инвестиция салуға қолайлы негіз тудырды. Жүздеген жылдар бойы Иранның астанасы болған тарихи Табриз қаласы тарихы бір ғасырға жететін халықаралық транзиттік бағыттағы тұрақты қала саналады. Ғажайып табиғи және тарихи көркем жерлерге бай ерліктер, жанпидалықтар мен шәһидтердің мекенін оның бағалы тарихи ескерткіштері жадыңызда сақталуы үшін жақыннан көру керек.
Конституциялық революция мұражайы, әлемдегі ең ірі жабық базар, Кабуд мешіті, Роб-е Рашиди құрылысы, Ғатран Табризи, Хақани, Шаһрияр және 400 ақын, мистик пен танымал тұлға жерленген мекен саналатын Табриз шайырларының кесенесі, көне үйлер мен тарихи қамалдар, алуан түрлі қолөнер бұйымдары мен қолдан тоқылған теңдессіз кілемдер, түрлі әрі дәмді тағамдар қала тартымдылықтарының тек бір бөлігі саналады. Әзірбайжан халқының қонақжайлылығы мен бұл облыстың түрлі қалаларындағы теңдессіз табиғи ерекшеліктер келген туристер үшін Шығыс Әзірбайжан облысынан ұмытылмас сапар сыйлайды.
Мемлекеттік органдардың ынтымақтастығы мен Табриздің қонақжай халқының жылы қабағы "Табриз-2018" шарасын Иранның басқа қалалары үшін құнды тәжірибе, маңызды әрі пайдалануға болатын үлгіге айналдырып, жақын арада мінсіз үлгі ретінде ішкі және шетелдік туристерді Иранның жер-жерінде қабылдауда "Туристік қала" атты идеяның жүзеге асқанына куә болатынымыз шүбәсіз.