15 ордибеһешт – Шейх Садуқты ұлықтау күні
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i36726-15_ордибеһешт_Шейх_Садуқты_ұлықтау_күні
Х.қ.ж.с.б ордибеһешт айының он бесінші жұлдызы – ұлы үлем шейх Садуқты ұлықтау күні. «Шейх Садуқ» деген лақаппен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад ибн Әли ибн Бабавайһ Құми х.қ.ж.с.б төртінші ғасырда өмір сүрген ұлы данышпандардың бірі болған. Ол «Кутуб арба’а» (کتب اربعه) деп аталатын негізгі төрт хадистер жинағының бірі, яғни "Ман ла йахдурухул-факих" (من لایحضره الفقیه) атты кітаптың авторы саналады. Бүгінгі бағдарламамызда сіздерді осы ұлы үлеммен және оның бағалы еңбектерімен таныстырамыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Maм 06, 2018 11:54 Asia/Almaty
  • 15 ордибеһешт – Шейх Садуқты ұлықтау күні

Х.қ.ж.с.б ордибеһешт айының он бесінші жұлдызы – ұлы үлем шейх Садуқты ұлықтау күні. «Шейх Садуқ» деген лақаппен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад ибн Әли ибн Бабавайһ Құми х.қ.ж.с.б төртінші ғасырда өмір сүрген ұлы данышпандардың бірі болған. Ол «Кутуб арба’а» (کتب اربعه) деп аталатын негізгі төрт хадистер жинағының бірі, яғни "Ман ла йахдурухул-факих" (من لایحضره الفقیه) атты кітаптың авторы саналады. Бүгінгі бағдарламамызда сіздерді осы ұлы үлеммен және оның бағалы еңбектерімен таныстырамыз.

Құдай Ислам дінін адамзат баласының өмір сүруі мен бақытқа кенелуі үшін ең соңғы әрі ең толық бағыт-бағдар көрсетуші ретінде таңдап, 14 ғасыр бұрын оны өзінің ең соңғы пайғамбары хазірет Мұхаммад Мұстафаға (с.ғ.с) жіберген. Адамзат баласы пайғамбардың тілімен жеткізілген Жаратушысының жолдауын бағалы мұра ретінде сақтап, оны адамзаттың бүкіл тарихында жоймай және өзгертпей сақтай алатындай кәмілдік пен дамудың ең жоғары деңгейіне жеткендіктен, адамдарға ең соңғы пайғамбар жіберілді. Соңғы пайғамбар (с.ғ.с) пайда болғаннан бері дүниеге келген миллиардтаған адамдардың ішінде бұл құнды мұраны сақтау жауапкершілігі өмірінің барлық күндері мен сағаттарын ең соңғы дінді танып-біліп, оны насихаттауға жұмсаған жүздеген үлемдердің мойнына артылды. Бұлар – дәл сол хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с) оларды өзінің ізбасарлары мен мұрагерлері және жер бетіндегі жанып тұрған шырақтар деп атаған адамдар. Иран күнтізбесінде ордибеһешт айының он бесі Пайғамбар (с.ғ.с) мен Аһле бейттің (ғ.с) хадистерін жеткізудегі асқан адалдығы мен аманатшылдығы үшін «шейх Садуқ» деген атпен танымал болған осындай құрметті үлемдердің бірін ұлықтау күні саналады.

Шейх Садуқ

«Шейх Садуқ» деген атпен белгілі шейх Абу Джафар Мұхаммад ибн Әли ибн Бабавайһ Құми х.қ.ж.с.б. төртінші ғасырда қасиетті Құм қаласында рауаят пен фикх аспанында жарық жұлдыздай дүниеге келген ұлы данышпандардың бірі саналады. Факиһ болған осы үлемнің дүниеге келуі имам Заманның (ғ.с) қысқа мерзімді ғайып кезеңімен және ол хазіреттің үшінші өкілі Хусейн ибн Руһтың өкілдікке сайланған уақытымен тұспа-тұс келді. Ол 300 жылдан астам уақыт бұрын Иранның орталығындағы танымал ғұлама ғалым шыққан "Бабавайһ" атты атақты ғалымдар әулетінде дүниеге келген. Садуқ осы әулеттің ең көрнекті тұлғасы саналады. Ол кісінің әкесі Құмның ұлы данышпаны болған. Ол имам Заманның (ғ.с) қысқа жасырыну кезеңінде 200-ден астам еңбек жазып қалдырған. Шейх Садуқтың әкесі 50 жасқа дейін перзент сүймеген. Кейін имам Мәһдидің (ғ.с) өкілі арқылы өз заманының имамынан перзент сүюі үшін дұға тілеуін сұрап хат жазады. Хазірет Мәһди (ғ.с) оған береке мен қайыр әкелетін екі ұл баланың дүниеге келетіні жайлы сүйінші хабарды жеткізеді. Сол екі ұлдың бірі асқан ақыл-парасаты мен білім алуға деген шексіз құмарлығына байланысты және пәк имамның (ғ.с) берекелі дұғасымен өз ғасырының ұлағатты ұстаздары мен тұлғаларының бірі атанып, шиіттік хадистер жайлы бірқатар негізгі еңбекті, соның ішінде "Ман ла йахдурухул-факих" атты кітап жазған шейх Садуқ еді. 

Мұхаммад бала кезінде діни сауат ашуды өз әкесінің жанында бастап, орта білімді ұлы данышпандар мен мұхаддистер жиналған мекенде, яғни өзінің туған жері Құм қаласында алады. Ұзақ уақыт өтпей оның бойындағы білім алудағы дарыны және керемет есте сақтау қабілеті Құмдағы ғылыми топтардың аузынан түспейді. Шейх Садуқ білім алуда жоғары дәрежеге жеткенде ұлы ұстаздардың еңбектерін түсініп, пәк имамдардың (ғ.с) хадистерін сол кездегі хадистанушылардың өздерінен есту үшін ғылыми мақсаттағы сапарларын бастайды. Пайғамбар (с.ғ.с) мен пәк имамдардың (ғ.с) нұрлы сөздерін жинақтауға деген махаббат оның өз қаласы мен туған жерін тастап, сапарға аттануына себеп болады. Шейх Садуқ шебер ұстаз және сенімді мұхаддис тұратын кез келген жерге сапар шеккен. Сондықтан Шығыс пен Батыста шейх Садуқтың хадис есту үшін өз сапарларында түрлі қиындықтарды бастан кешіріп, жолықпаған беделді хадистанушы қалмаған деп айтуға болады. Соның ішінде шейх Садуқтың Бұхара, Нишапур, Тус, Исфаһан, Сарахс, Мерв, Балх, Самарқанд, Ферғана, Мекке, Медине, Куфа және Бағдадқа жасаған сапарларын ерекше атауға болады. Ол осы сапарлары кезінде басқаларға дәріс беріп, тәрбиелік сипаттағы пікірталастарға қатысып, әрбір жердегі халықтардың сұрақтарына жауап беріп, күмәндарын сейілтіп, ағартушылық ісімен айналысқан.

Шейх Садуқтың Рей қаласындағы Ибн Бабавайһ зиратында орналасқан кесенесі

Бұл ұлы тұлғаның Ислам әлемінің шығысы мен батысынан хадистерді жинақтаудағы тынымсыз талпыныстары мұсылмандар үшін "Аһле бейттің (ғ.с) тағылымдары" («Маорефе Аһле бейт») атты теңдессіз қазынаның сенімді түрде жетуіне және өзгеріске ұшырап немесе жоғалып кетуден аман қалуына себеп болды. Шиіттік хадистерге қатысты негізгі төрт еңбектің бірі саналатын фикх ілімінің түрлі тарауларын қамтитын 6000 хадистен құралған "Ман ла йахдурухул-факих" кітабы осы ұлы ғалым еңбегінің жемісі болып табылады. Шейх Садуқ мұсылмандар қауымдастығының имам Заманның (ғ.с), яғни Пайғамбар әулетінің (Аһле бейт (ғ.с)) соңғы пәк имамы ұзақ мерзімге ғайып кезеңіне таяп, пәк имамның сөздері мен жетекшілігін ешбір өкілсіз есту бақытынан айрылған сәтте хадистерді жинақтап, топтауды бастаған. Бұдан кейін адамзат баласының қоғамы Пайғамбар мен пәк имамдардың сөздері және сүннетінен қалған мұрамен бақытқа жетудің жолын табуы тиіс болды. Себебі, Құдай Құранды тәпсірлеу мен діни егжей-тегжей жайттарды анықтап шешуді Пайғамбар мен Аһле бейттің мойнына артты.  Осындай жағдайға байланысты шейх Садуқтың сол кезде осы ұлы мұраны сақтап қалу үшін жасаған әрекеті өте бағалы болды. Сонымен қатар, бұл ұлы үлем өзінің жоғары деңгейдегі ерік-жігерінің арқасында жинақтаған хадистердің барлығын олардың қамтитын тақырыптарына байланысты топтаған. Шейх Садуққе дейін мұндай іс жүзеге аспаған еді, тіпті қазіргі кездегі көптеген мүмкіндіктерді назарға алғанның өзінде бұл істі орындау бір адамның қолынан келмейді. Бірақ шейх Садуқ өзінің асқан қабілеті және Аһле бейттің (ғ.с) тағылымдарына деген махаббатының арқасында осындай маңызды істі орындап, имам Заманның (ғ.с) ұзақ мерзімді ғайып кезеңін бастан өткізгелі отырған мұсылмандар үшін өте бағалы асыл қазынаны қалдырды. Сол себепті шейх Садуққа "мұхаддистердің басшысы" деген лақап берілген болатын.

Шейх Садуқтың ең маңызды еңбегі – он екі ғасыр бойы шиіттік рауаяттар туралы жазылған ең негізгі төрт кітаптың бірі "Ман ла йахдурухул-факих" кітабы. Бұл еңбек фикхтік мәселелер негізінде топталған 6000 хадистен тұрады. Шейх Садуқ бұл кітап жайлы: "Бұл бүгінге дейін тазалықтан құн дауына дейінгі фикх ілімінің түрлі тақырыптары жайлы жазған барлық еңбектерім қамтылатындай фикх, халал мен харам, шариғат заңдары мен ережелері туралы жазылған кітап саналады. Халықтың керек болған жағдайда және фикхтің ғалымына қолжетімділік жоқ сәтте оған жүгініп, сенім артуы үшін оның атын "Ман ла йахдурухул-факих", яғни «Факихке қолжетімділігі жоқ адамның кітабы» деп атадым. Бұл кітаптағы басты мақсатым пәтуа беріп, оның растығы мен пәк имамдар (ғ.с) тарапынан айтылғанын растап, оларды орындауға үкім ететін рауаяттарды келтіру болды",- деп жазған.

Шейх Садуқ тек мұхаддис қана болмады, сонымен қатар түрлі ғылымдармен, атап айтқанда фикх, калам мен тәпсір ғылымдарымен терең таныс болды. Садуқтың есімі бағалы "Ман ла йахдурухул-факих" кітабының арқасында танымал болуына қарамастан, бұл ұлы ғалым діни наным-сенімдер, калам, тәпсір және т.с.с тақырыптарды қозғайтын 300-ге жуық діни еңбек жазып қалдырды. Калам мәселесін көтеретін және шиіттік ағымды дәлелдеп, шектен шығатын және қателік жасайтындардың сенімдерін теріске шығару туралы жазылған еңбектерінің қатарына "Әл-Этеқадат" (الاعتقادات) және "Эбтал әл-ғолов уәт-тақсир" (إبطال الغلو و التقصیر) атты кітаптарды жатқызуға болады. Сондай-ақ шейх Садуқтың басқа мазхабтың ұлы тұлғаларымен пікірталастары оның калам ілімін жетік меңгергенін көрсетеді. Ол тіпті "Камал ад-дин уә тәмам ән-нима" (کمال الدین و تمام النعمه) кітабында хадистер арқылы маһдавиаттағы күмәнды жайттарды ашып, оларға жауап беруге талыпыныс жасады. Сондықтан  шейх Садуқ сырттай тек хадистерді баяндайтын кітаптарында каламдық мәселелерді, яғни сенімдерді дәлелдеу үшін ақыл мен басқаның айтқан сөзіне негізделген дәлелдер келтіріп, пікірін білдіріп, шүбә мен күмәндарды сейілтіп, дұрыс санаған көзқарасты баяндайды.

Шейх Садуқтың бойындағы қасиеттердің бірі исламдық мазхабтарды жақындастырып, бір-бірлеріне қатысты жаман пікірлер мен теріс көзқарастарды жоюға деген шынайы талпынысы саналады. Бұған қарамастан, ол шиіттік сенімдерді қорғауда тынымсыз еңбек етіп, бұл мәселеге қатысты көптеген пікірталас өткізіп, бірқатар еңбек жазған. Бұл әрекеттердің жоғары ғылыми деңгейде болуы және дау-жанжал мен тәкфірліктен алыс болғаны соншалықты, тіпті қарсыластардың сезімталдығын тудырмаған. Ол шиіттік ұстаздармен қоса, сүниттік ағымды ұстанатын ұстаздардың білімінен сусындаған. Оның шәкірттерінің арасында басқа мазхабты ұстанушылар да болған.

Сонымен, танымал үлем шейх Садуқ исламдық тағылымдарды сақтау мен баяндау жолында өмір бойы тынымсыз еңбек еткен соң 381 жылы 75 жасында дүниеден озып, Рей қаласында жерленді. Бұл ұлы үлемнің қазасынан 800 жыл өткеннен кейін тарихта ғибрат алатын оқиға орын алды. Ирандағы Қаджар әулетінен шыққан Фатхәли шаһтың билік еткен кезеңінде шамамен х.ж.с.б. 1238 жылы Рей қаласының территориясында орналасқан шейх Садуқтың кесенесі шамадан тыс жауын-шашын мөлшерінен бұзылып, қабір айтарлықтай дәрежеде қиратылады. Халық бұл қабірді қайта жөндеуге кіріскенде шейх Садуқтың жаңа ғана моншадан жуынып шыққан секілді денесін көреді. Сол кезеңде өмір сүрген жиырмаға жуық ұлы тұлғалар, соның ішінде Мирза Абулхасан Джелве, аятолла Мулла Мұхаммад Ростамабади, хазірет аятолла Мараши Наджафидің әкесі қажы сейіт Махмұд Мараши өз көздерімен осы оқиғаға куә болған. Фатхәли шаһ Қаджар осы оқиғадан хабардар болғаннан соң тез арада сол қалаға барып, шейх Садуқтың сау, бүлінбеген денесін көргеннен кейін осы мекеннің айналасына үлкен күмбез бен сарай салуға бұйрық береді.