CAATSA заңы – Иранмен қақтығысты күшейтуге бағытталған талпыныс (2)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i36810-caatsa_заңы_Иранмен_қақтығысты_күшейтуге_бағытталған_талпыныс_(2)
Өткен қырық жылдың ішінде АҚШ үкіметі Иран халқы мен Үкіметіне экономикалық қысым көрсету мақсатында оқтын-оқтын заңдар бекітіп, оларды жүзеге асырды.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Maм 09, 2018 13:38 Asia/Almaty
  • CAATSA заңы – Иранмен қақтығысты күшейтуге бағытталған талпыныс (2)

Өткен қырық жылдың ішінде АҚШ үкіметі Иран халқы мен Үкіметіне экономикалық қысым көрсету мақсатында оқтын-оқтын заңдар бекітіп, оларды жүзеге асырды.

"Алғашқы санкциялар" деп аталған олардың кейбіреуі Иран мен АҚШ арасындағы экономикалық қатынастарды нысанаға алды. Ал "Санкциялардың екінші легі" деп аталған санкциялардың келесі тобы Иранның басқа мемлекеттермен арадағы сауда-экономикалық қатынастарына әсер етуде. Осы арада CAATSA деп аталған "АҚШ-тың дұшпандарымен санкциялар арқылы күресу" туралы заң АҚШ-тың ИИР-на қарсы санкциялық саясатының соңғы мысалы саналады. Бұл санкция Иранға қарсы ең ауқымды әрі ең әсерлі санкциялар деп аталып, бір топ оны "санкциялардың анасы" деп атады.

Алдыңғы бөлімде "Иранның тұрақсыздық тудыратын шараларымен күресу заң жобасы" атты Иранға қарсы санкция салу туралы заң жобасын ұсыну үдерісін, бұл заң жобасына Ресей мен Солтүстік Кореяға қарсы санкциялардың қосылуы мен оны АҚШ Конгресінде бекітуін қарастырған болатынбыз. Бүгінгі бөлімде Иранға қарсы санкциялардың ерекшелігі мен олардың салдарларын қарастырамыз.

CAATSA заңы бір жағынан Дональд Трамптың Ақ үйдегі билікті Барак Обамадан қабылдап алған кезде, басқа жағынан АҚШ-тың жаңадан сайланған президентінің Иран мен "алтылық топ" арасындағы ядролық келісімін жиі-жиі "ең нашар әрі жаман келісім" деп атаған кезеңде қабылданды. Сонымен қатар, ИИР-ның зымырандық бағдарламаларын ілгерілетуде және оның лаңкестерге, әсіресе ДАИШ қылмыскер тобына қарсы аймақтық рөл атқаруындағы жеңістері Иран халқының дұшпандары арасында көптеген алаңдаушылық тудырды. Сол себепті, Конгрестегі Иранға қарсы ағым өзінің жігері мен кесімділігін көрсету үшін ядролық келісім мен Ислам республикасының қорғаныстық-қауіпсіздік саясатын жұмыс тәртібіне енгізді. Осылайша, ядролық келісімнің бұзылуы мен Ислам республикасының жауапты шаралар қолдануына қатысты туындаған алаңдаушылық Иранға қарсы ағымды "Ортақ қадам" келісімімен тікелей қарсыласудың орнына Ислам революциясы Сақшылар корпусының зымырандық бағдарламалары мен белсенділіктерін нысанаға алуға итермеледі. Сол себепті "Иранның тұрақсыздық тудыратын шараларымен күресу" заң жобасында зымырандық белсенділіктермен байланысты санкциялар назарға алынып, бірінші рет Ислам революциясының Сақшылар корпусы лаңкестердің демеушісі ретінде танылып, оған қарсы санкциялар салынды.

ИИР-ның қорғаныстық-зымырандық әрекеттері Америка жетекшілік етіп отырған Батыс елдері мен Иран арасындағы қайшылықтардың ең негізгі тақырыптарының бірі болды. Ислам революциясының жеңісі мен Иран Батыс елдерінің ықпалынан құтылғаннан кейін қорғаныстық сипаттағы өз-өзіне жеткіліктілікке қол жеткізу үдерісі басталды. Сегіз жылдық таңылған соғыс тәжірибесі Иран халқының өзін дұшпандардан қорғау үшін тек өзіне иек артудан басқа жолдың жоқ екендігін көрсетті. Иран қалалары Ирактың БААС режимінің Әскері тарапынан зымырандық, тіпті химиялық шабуылдар толқынының астында қалған жағдайда батыстықтар Иранға тіпті тікенекті сымды да сатпай қойды. Бұған қарамастан, Иран халқы ұлттық бірлігін сақтап, жауынгерлердің жанпидалығы мен өз жетекшісіне адалдығының арқасында осы тең емес соғыстан жеңімпаз болып шығып, жерінің дұшпанның қолына түсуіне жол бермеді. Соғыс аяқталғаннан соң қорғаныстық қуатты қайта құру мен дамыған соғыс қаруларымен жабдықтану міндеті ирандық қайраткерлердің жұмыс тәртібіне енгізілді. Алайда Батыс елдерінің Иранға қару-жарақ сатуға тыйым салуды жалғастыруына байланысты, ирандықтар бұл жолы да өзінің ішкі қабілеттеріне иек артып, Батыс Азиядағы ең қуатты әрі ең әсерлі зымырандық жүйені құрды. Бұл жүйе толығымен қорғаныстық мақсатта және дұшпанның сегіз жылдық таңылған соғысты қайталауын тежеу үшін іске қосылды. Сонымен қоса, Батыс елдері осымен бір мезгілде соңғы 40 жылдың ішінде аймақ елдеріне жүздеген миллиард доллар көлемінде қару-жарақ сату арқылы ИИР-ның зымырандық бағдарламасын аймақ пен әлемнің бейбітшілігі мен қауіпсіздігі үшін төнген қауіп деп атады.

Соңғы жылдары АҚШ, Еуропа, тіпті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан Иранның зымырандық бағдарламаларына қарсы әртүрлі санкциялар жарияланды. Америкалықтар Иранның орта қашықтықтағы және баллистикалық зымырандарға қол жеткізуіне тосқауыл жасауға талпыныс жасап жатыр. Кейбір америкалық саясаткерлер мен сарапшылардың пайымдауынша, Иранға 300 шақырымнан астам қашықтықты бағындыра алатын зымырандарға ие болуға тыйым салу керек. Бұл топтың көзқарасы бойынша, мұндай қаруды, әсіресе Иран халқының ішкі қуатына негізделген қаруды иемденуі АҚШ пен оның Батыс Азия аймағындағы одақтастарының мүдделеріне қауіп төндіреді. Бұған қарамастан, ИИР өзінің зымырандық бағдарламасының тек қорғаныстық мақсатты жүзеге асырып жатқанын баса айтып, өз елінің қорғаныстық қуатын басқалардың қалауы мен өтінішіне сәйкес өзгертпейтінін мәлімдеді. Сол себепті, өткен 40 жылдың ішінде Иранға қарсы зымырандық салада жарияланған бірде-бір санкция даму үдерісіне кедергі бола алмады. Иран осындай санкциялар қысымының жағдайында өз зымырандарының ұшу қашықтығын жүздеген шақырымнан 2000 шақырымға дейін арттырып, қанатты зымыран технологиясын бастап, олардың нысананы көздеу дәлдігін жақсартты. Алайда, өз-өзіне иек арту әрекеті америкалықтардың Иран халқына қарсы жаңа санкциялар жариялау саясатын жалғастыруда көзжұмбайлық танытуына себеп болмады.

Иранның зымырандық белсенділіктеріне қатысты CAATSA заңында мұның алдындағы кейбір санкциялар қайта еске алынып, кейбір жаңа жайттар да назарға алынды. Жалпы алғанда, Иранның зымырандық бағдарламаларына қатысы бар бұл бағдарламаларға көмектескен немесе Иранға қарсы зымырандық санкцияларды айналып өтуде рөл атқарған тұлғалар мен компаниялар АҚШ-тың санкцияларына ұшырайды. Ал тұлғалар мен компаниялардың мал-мүлкін бұғаттау жайлы: "Зымырандық белсенділіктерге қатысты кез келген тұлғаға тиісті мал-мүлік пен табыстар бұғатталады" деп жазылған. Иранның зымырандық бағдарламаларымен байланысы бар тұлғаларға АҚШ-тың визасын беруге және бұл адамдардың АҚШ жеріне кіруіне тыйым салу CAATSA заңында көрсетілген келесі жазалардың қатарын құрайды.

ИИР-ның Батыс Азиядағы аймақтық рөлімен күресу мен Ислам революциясы Сақшылар корпусының қуатын ауыздықтау CAATSA заңын құрастырушылардың тағы бір мақсаты болды. Бұл заң Иранның Сақшылар корпусы күштерінің, әсіресе "Құдс" күштерінің көмегімен ДАИШ секілді лаңкестік топтардың көзін жоюда елеулі жетістіктерге жеткен кезде бекітілді. Сонымен қатар, Ирактағы Тикрит пен Мосул, Сириядағы Алеппо мен Дейр эз-Зоур секілді қалаларын лаңкестерден азат ету ирандық күштердің көмегінсіз мүмкін емес еді. Бұған қарамастан америкалықтар саудиялықтар және сионистермен бір дауыспен бұл жетістіктерді Иранның аймаққа үстемдік орнатуға бағытталған талпынысы деп атап, мұнымен  күресуді сұрады. Осы аяда Конгрестегі бір топтың мүшелері Сақшылар корпусына қарсы санкция жариялауды жұмыс тәртібіне енгізді. Оның алдында Иранға қарсы шекарадан тыс қоқан-лоққылармен күресу міндеті жүктелген Сақшылар корпусына қарасты "Құдс" күштері АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізіліп, Құдс күштерінің қолбасшысы сардар Ғасем Солейманиге қарсы санкция жарияланды. Осылайша, 2017 жылға дейін Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы толығымен АҚШ Конгресінің нақты бір заңында санкцияға ұшыраған болатын. АҚШ-тың өзі мен одан тыс Иранға қарсы ағым Сақшылар корпусының Иран экономикасына үстемдік ету секілді уәж айту арқылы осы күштерге қысым көрсетсе, ИИР-ның Батыс Азия аймағындағы жеңістерінің алдын алатындығына шамасы келеді деп ойлады.

Қайткен күнде де, CAATSA заңының бекітілуімен алғашқы рет Сақшылар корпусының атауы АҚШ-тың айтуы бойынша лаңкестік топтардың қатарына кірді. Жалпы белгілі бір мемлекеттің әскери ұйымын лаңкестік топ ретінде атау бұрын-соңды болмаған жағдай саналады. Алайда, Иранның аймақтағы жетістіктеріне қатысты қатты алаңдаушылық америкалықтардың кез келген сыпайылықты қойып, Сақшылар корпусын лаңкестердің демеушісі ретінде таныстыруына себеп болды. Әлбетте, Иранның жоғары шенді басшыларының, атап айтқанда Сақшылар корпусының жоғары шенді қолбасшыларының қатаң ескертулерінің жалғасында Дональд Трамп Сақшылар корпусының есімін Қазына министрлігі мен Мемлекеттік департаменттің де тізімдеріне енгізбеді. Бұл шараның нәтижесінде АҚШ әскері тарапынан Сақшылар корпусын "лаңкестердің демеушісі" деп атап, оны нысанаға алу үдерісі тоқтатылды. Себебі, Иран бұл мәселеге қатысты кез келген шараның екі ел арасындағы әскери қақтығысқа ұласатыны туралы ескерту жасаған еді. Бұл қоқан-лоққы Трамптың Сақшылар корпусының лаңкестік топтарға қолдау көрсетуі мен оның аймақтағы тұрақсыздық тудыратын әрекеттерін сылтауратып, Сақшылар корпусы мен оның қолбасшыларына қарсы қаржылай санкциялар жариялауы үшін жеткілікті болды. Бірақ санкциялардың бұл бөлігін жүзеге асыру әлі күнге дейін Иран мен Сақшылар корпусының аймақтағы лаңкестік топтарды басып-жаныштауы және Ирак пен Сирия секілді көршілес елдерге көмектесуіне кедергі жасай алмады. Бұл мәселе CAATSA заңын құрастырушылар "санкциялардың анасы" деп атағаннан азырақ Иранның саяси, қауіпсіздік және әскери әрекеттеріне әсер еткенінің нышаны саналады.

Қалай болғанда да Ресей, Иран мен Солтүстік Кореяға қарсы АҚШ-тың дұшпандарымен санкциялар арқылы күресу" туралы заңның бекітіліп, жүзеге асқанынан бері бірнеше ай өтті. Бұл аралықта үш мемлекет АҚШ-тың санкцияларына қарамастан өзінің даму үдерісін жалғастырып келеді. Иранға қатысты айтатын болсақ, Иранның зымырандық белсенділіктері мен оның аймақтағы ықпалын нысанаға алған CAATSA заңында қарастырылған санкция өз мақсаттарына жете алмады. Сондықтан Иран өзінің қорғаныстық және аймақтық бағдарламаларын қайта қарастырар деген үмітпен Трамп үкіметі тарапынан ядролық келісімді тоқтату туралы қоқан-лоққы жасау Иранға қарсы қозғалыстың жұмыс тәртібіне енгізілді. Бұған қарамастан, ИИР соңғы 40 жылдың ішінде АҚШ тарапынан енгізілген санкциялардан, соның ішінде CAATSA заңынан айналып өту жолдарын үйренгендіктен, Дональд Трамп тарапынан ядролық келісімнен шығуда есептелген қателік орын алған жағдайда, Иран қатаң талап етуші шара қолданады.