Отыз күн – отыз хикая 6
Мал-байлыққа ие немесе кедейшілік кезінде басқаларға көмектесетіндер, ашуларын басып, басқалардың қателерін кешіретіндер – қайырымдылар. Алла Тағала қайырымдыларды жақсы көреді.
Ер адам айналасына қарады. Мединеге жаңа жеткен болатын. Қасынан өтіп бара жатқан адамнан Алланың елшісі туралы сұрап, өзіне: "Мен бедуиінмін. Алла елшісін көретін уақыт көп кездеспейді. Сондықтан хазіретпен қазір кездесіп, өмірімдегі қиындықтарды шешетін ақыл-кеңес сұрайын",- дейді. Ол осы ойымен Исламның ұлық пайғамбарының қасына келіп: "Уа, Алланың елшісі! Маған ақыл-кеңес беріңіз",- деп өтінеді. Пайғамбар оған қарап, тек: "Ашуланбаңыз",- дейді.
Ер адам өз ел-жұртына оралды. Өз тайпасының жастарының басқа тайпаның мүліктерін ұрлағаны мен ол тайпаның да солай әрекет жасап, енді екі тайпаның бір-бірімен соғысуға дайын екендігінен хабардар болды. Ер адам ашуланып, қаруын алып, өз тайпасының адамдарының қатарына қосылып, соғысуға әзірленеді. Ол екі тайпаның қаруланған, ашулы, бір-бірімен қақтығысуға дайын адамдарының сапына қарап, екі жақ қақтығысса, қаншама адам өледі, қаншама адам жарақат алады және бұл дұшпандықтың қанша уақытқа жалғасатыны туралы ойланады. Ол айналасына қарап тұрып, Мединеге барғаны мен Алла елшісін көріп, хазіреттің оған "ашуланба" деп кеңес бергенін есіне түсіреді. Ер адам "Неліктен мен ашуландым? Неліктен басқаларды өлтіруге, өзімді өлімге қиюға шықтым? Алла елшісінің ақыл-кеңесіне сай амал ететін уақыт келді",- деп қатты ойланды. Ол қаруын жерге тастап, алға шығып, тайпаның ақсақалдарына: "Мына соғыс не үшін керек? Егер бұл соғыс надан жастарымыздың қателіктері үшін болса, мен олардың келтірген шығындарын өз мүлкімнен төлеймін. Мәселені сөйлесіп, шығындарын өтеп шеше алатын жағдайда бір-біріміздің қанымызды төккен дұрыс емес",- дейді. Тайпаның ақсақалдары ер адамның сөзін естіп: "Біз сөзімізді ұмытып, кешіреміз",- деседі. Сөйтіп, екі жақ соғыстан бас тартып, бір-бірімен татуласып, өз тайпаларына оралады. Алла елшісінің ақыл-кеңесін орындап, ашуды жеңіп, пайдасыз қантөгісте бас тартады.
Мейірімді Алла Тағала қайырымдылардың қасиеттерінің бірін ашуды басу деп таныстырады: "Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар. Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді". ("Әл-Имран" сүресі, 133-134 аяттар).