Аспандық жолдаулар (10)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i37372-Аспандық_жолдаулар_(10)
Құдіреті күшті Алладан біздің ғибадаттарымыз бен құлшылықтарымызды қабылдап, рақым мен шапағатқа бөлеуді сұраймыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Maм 29, 2018 20:48 Asia/Almaty

Құдіреті күшті Алладан біздің ғибадаттарымыз бен құлшылықтарымызды қабылдап, рақым мен шапағатқа бөлеуді сұраймыз.

Өткен бағдарламаларда айтып өткеніміздей, иман келтіргендердің маңызды міндеттерінің бірі – Алла мен пайғамбарға бойсұну рухына ие болу. Рух өзінен-өзі дайын бола қалмайды. Оған қолайлы жағдай жасау керек. Бұл мәселеде басты рөлді Алланың қасиетті болмысына құлшылық ету принципіне беріктікті сақтау атқарады. Алла Тағала "Хаж" сүресінің 77-ші аятында: "Әй, иман келтіргендер! Рүкүғ, сәжде қылып, Раббыларыңа ғибадат қылыңдар. Және қайыр қылыңдар. Әрине құтыласыңдар",-деген.

 

Құлшылық, яғни толығымен бойсұну, Оған ғана табынып, Оның ғана бұйрығын орындау деген сөз. Оның ең маңызды белгілерінің бірі – рүкүғ, яғни иіліп, басты жерге тигізіп, сәжде ету. Пенде екенін сезетін адам Алланың алдында тәкаппарланбай бас иеді. Тәкаппарлық оның бойын билеп алмайды, керісінше асқан кішіпейілдікпен маңдайымен жерге басын тигізеді. Егер осындай рух пенденің болмысында қалыптаспаса, Алланың ұлылығына бас имесе, еркіндікке толы құлшылық кеңістігінде бола алмайды. Сол себепті бұл аятта алдымен иіліп, сәжде ету жайлы айтылып, кейін Құдайдың "құлшылық ет" деген бұйрығы шығарылған.

 

Құран иман келтіргендердің Алла елшісі жолындағы әрекеттерін баяндап, "Фатих" сүресінің 29-шы аятын келтіреді: "Оларды рүкұғда, сәждеде көресің. Олар Алладан мәрхамет әрі ризалық тілейді. Олардың жүздерінде сәжделердің ізінің дерегі бар". Құран иман келтіргендердің бос бұрышқа тығылып, ұдайы намаз оқып немесе әрдайым рүкүғ пен сәжде жасап, өзінің қоғамдағы маңыздыміндеттерін ұмытуын көздемейді. Құранның мақсаты олар өмірлерінің шарықтаулары мен құлдырауларында Алла елшісінен үлгі алып, құрметке толы құлшылықтың тәжін басына киіп, тек "резван" дәрежесіне жетіп, Алланы риза етуді ғана ойлайды.

Бір қызығы, Құран тура осы аятта былай дейді: "Сәжде болып табылатын сол кішіпейілдік белгілері олардың жүздерінен көрінеді". Яғни, олардың барлық қимыл-әрекеттері пайғамбардың бұйрығына бағыну арқылы Құдайға құлшылық ететінін көрсетеді.

Жаратушыға құлшылық етудің қажеттігін сезінетін адам Алланың бұйрықтарынан бастау алатын пайғамбардың әмірлеріне себебін сұрамастан бағынады. Құран Кәрімнің кеңесі бойынша, пенделер пайғамбар Алланың әмірлері ретінде ұсынғанды қабылдап, оны орындайды, тыйым салған нәрсесінен алшақ болады. Егер осы ерекшелік адамның бойына сіңірілетін болса, Алла мен пайғамбардың бұйрықтарын орындауда өзіне шәк келтірмейді. Аллаға құлшылық ету рухының оның болмысына тереңдей енетіні соншалықты, тіпті өзінде ерік жоқ сияқты көрінеді. Құран бұл жайында былай дейді: "Алла (Т.) және Елшісі, қашан бір іске үкім берсе, Мүмін ер және Мүмін әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ, кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, сонда, рас ашық адасқан болады." ("Ахзаб" сүресі, 36-шы аят).

Сондықтан еріктің жоқтығы мен  Алла мен пайғамбардың қасиетті болмысына қарсы шықпау – шынайы түрде иман келтірген адамдарды өтірік әрі екіжүзді иман келтірген адамдардан бөліп алу үшін берілген критерий.

Мынадай сауал туындауы мүмкін: "Неліктен тек Құдайға ғана құлшылық ету керек?" Құран бұған қатысты былай деп жауап береді:«Негізінен Алла менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Оған құлшылық қылындар, тура жол осы» ("Әли Имран" сүресі, 51-ші аят, "Мариям" сүресі, 36-шы аят, "Зухруф" сүресі, 64-аят). Демек, осы аят негізінде Аллаға құлшылық етудің басты пәлсапасы мынадай деп айтуға болады: Құдай – біздің Раббымыз. Ол біздің осы әлемде рухани және материалдық салаларда дамуымыз үшін барлық мүмкіндіктерді жасады. Құранның алға тартатын екінші бір дәлелі – Алла бізді жаратқан құдірет. Бізді жоқтан бар етіп, денемізге болмыс киімін кигізді. Адамды ең кемел әрі әдемі қалыпта жаратып, оны өзінің жердегі орынбасары етіп тағайындады, оны басқа барлық тіршілік иелерінен жоғары қойып, керемет қасиеттердің тәжін басына кигізді. Алла: "Әй Адам баласы! Сондай сендерді де сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар. Әрине, сақтанған боларсыңдар" ("Бақара" сүресі, 21-шы аят).