Аспандық жолдаулар (5)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i37492-Аспандық_жолдаулар_(5)
Топтамамыздың кезекті бөлімінде мүміндердің бойындағы тақуалық қасиет жайлы сөз қозғаймыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Маусым 03, 2018 12:02 Asia/Almaty
  • Аспандық жолдаулар (5)

Топтамамыздың кезекті бөлімінде мүміндердің бойындағы тақуалық қасиет жайлы сөз қозғаймыз.

Дұға мен ғибадат айы саналатын қасиетті Рамазан айында Алла Тағаладан ислам әлемі үшін ғиззат пен ұлылық тілейміз. Өткен бағдарламаларда сіздерге өзін-өзі қалыптастыру мен жетілдіру, отбасын сақтау мен қорғау және отбасылық қатынастардың деңгейі туралы баяндап, иман келтіргендердің рауаяттар мен Құран аяттарында айтылған міндеттерін біраз түсіндірдік. Исламға бет бұрып, мұсылман болғаннан кейін жасалатын келесі негізгі қадам иманды адамның тақуалыққа қарай әрекет етуі саналады. Қасиетті Құранда тақуалық жайлы шамамен 110 рет сөз қозғалып, оның дүниелік және ақыреттік жауапкершілігі мен жетістіктері түсіндірілді. "Тақуа" сөзі "сақтау", "қорғау" деген мағынаны білдіретін "وقایه" сөзінің түбірінен шыққан. Ойшылдар тақуа адамдардың илаһи ізгі амалдарды орындап, Алла Тағала тыйым салған нәрселерден аулақ болып, осы бағытта жаттығып, бар күштерін салу арқылы тақуалықты сақтау олар үшін әдетке айналатын дәрежеге жетеді деп есептейді. Тақуа  нәпсісін тыйып, ауыздықтап, шайтанның азғыруына берілмей, өз бойында мықты иммунитет қалыптастырып, жоғары илаһи және адами дәрежеге қол жеткізеді. Тақуалардың толыққанды көрінісі әрі көшбасшысы саналатын имам Әли (ғ.с) тақуалық ұғымын сипаттауда былай дейді: "Тақуалық оны қолға үйретіп, ауыздықтау шабандоздың қолындағы, жүйрік әрі жуас жылқы секілді. Бұл жылқы өз шабарманын асықпай жұмаққа жеткізеді" (Нахдж ул-Бәлағе, 16-құтпа). Хазірет Әлидің (ғ.с) келесі бір сөзінде: "Илаһи тақуалық Құдайдың ерекше назары ауған қасиетті әрі әулие адамдарды өз қамқорлығына алып, илаһи тыйымдардан сақтап, жүректеріне Құдайға бағынбаудан қорқыныш ұялатқан",- деген.
 
Құран Кәрімде тақуалық ұғымы ерекше орын алып, иман ұғымын толықтырып отырады. Басқа сөзбен айтқанда, иман мен тақуалық бір-бірін қажет етеді. Құран аяттарынының басым бөлігінде иманнан кейін бірден тақуалық жайлы сөз қозғалады. Мысал үшін Құранның келесі аяттарына құлақ салыңыздар.

"Әй, мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер" (Әли Имран сүресі, 102-аят). Бұл аят тақуалықтың адамға иман арқылы қалай өмір сүріп, қалай өлу керектігін жеткізеді. Көптеген адамдар ешбір бағдарлама мен мақсатсыз өмірлерін өткізіп, соның салдарынан өмірлерінің шарықтаулары мен құлдырауларында рухани және психологиялық тұрғыдан осал болып, бойларында толық қанағаттанушылық пен ризашылық сезімі болмайды. Бірақ саналы түрде иман келтіріп, бойларында тақуалық қалыптасқан және жауапкершілікті сезінетін адамдардың өмір сүру үшін арнайы бағдарламалары бар. Олар илаһи тұрғыдан болатын және болмайтын, яғни рұқсат етілген және тыйым салынған заңдарды сақтау арқылы өмірлеріне қанағаттанып, өмірлерінің соңында да өздерін Алланың қалауына толық берілгендерін сезінеді. Олардың қалай өлу керек деген түсінікке беретін мағынасы иман мен тақуалықтың өткелі арқылы қол жеткізілген бағалы жетістік саналады.

Қалай өмір сүріп, қалай өлу керектігіне әсер ететін факторлардың бірі қырағылық пен ақиқатты жалғаннан анықтау қабілетіне ие болу саналады. Аспандар мен жерді нұрландырып, жарық сыйлаушы Құдай ғылыми тұрғыдан айтарлықтай білім мен хабардарлығы жоқ тақуа адамға әлеуметтік, мәдени және саяси дағдарыстар кезінде ақиқатты жалғаннан ажыратып, байлық пен биліктің жарқыраған сәулесіне алданып қалмас үшін тақуалық, нәпсіні тыю, илаһи тыйымдар мен шектеулерді сақтауда оған қырағылық пен ерекше нұр сыйлайды. Құранда осы шындықты сипаттауда: "Ей, иман келтіргендер! Егер тақуалыққа бет бұрсаңдар, оның жарығымен ақиқатты жалғаннан, дұрысты бұрыстан ажырата алатындай ерекше нұрға бөленесіңдер",- деп айтылған. Бұған қарамастан, бойында тақуалық қалыптасқан адам байқаусызда кейде жолдан тайып немесе қателік жасауы мүмкін. Мұндай жағдайларда оларға илаһи рақымшылық түсіп, оларға былай деп үндейді:

"Әй, мүміндер! Егер Алладан қорықсаңдар, Ол сендерге жақсы, жаманды айыратын қабілет береді әрі жамандықтарыңды жойып жарылқайды. Алла зор кеңшілік иесі" (Әнфал сүресі, 29-аят). Бұл илаһи рақымшылықтың себебі мынада: тақуалар Құдайға бағынбауды мақсат етпейді, алайда адами болмысы мен табиғатына байланысты олар байқаусызда қателік жасауы мүмкін. Мұндай жағдайда Алла Тағала оларды кешіріп, олардың жоғары мәртебесіне нұқсан келтірмей, Алланың түзу жолындағы илаһи шектеулерді сақтауға бағытталған талпыныстарын жалғастыру үшін олардың сұлу сипаты мен адамгершілік бейнесін сақтап қалады. Алла Тағаладан осы қасиетті айда бізге де илаһи рақымшылығын түсіріп, біздің ықтималды күнәларымыз бен қателіктеріміздің салдарын жоюды сұраймыз.