Аспандық жолдаулар (6)
Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде мүмін адамның болашақты жоспарлау мен өлгеннен кейін қайта тірілді ұмытпауы жайлы сөз қозғаймыз.
"Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын..." (Хашр сүресі,18-аят).
Бұл аятқа сәйкес, Құдайға сенетіндер иманнан бөлек жалғыз Аллаға, өлгеннен кейінгі қайта тірілу мен Қиямет күніндегі адамның өз Жаратушысына қайта қайтарылатынына иман келтіруі тиіс. Құдайға деген иман мен илаһи тақуалықтың адамның тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқаруына қарамастан, өлгеннен кейінгі қайта тірілуге, яғни миллиардтаған адамның илаһи әділ соттың алдында өз істері үшін жауап беретін, адамның қашып құтылар жолы болмайтын күнге деген иман адамның қалыптасуында елеулі рөл атқарады деп айтатын болсақ, қателеспейміз. Бұл әлемде бойында иман мен тақуалық қалыптасқанын сырттай көрсетуге болады, бірақ басқа әлемде бүкіл құпияларды жасырып тұрған перде ашылып, адамдардың шынайы болмысы әшкереленеді. Бәлкім, дәл сол себепті де осы аяттың соңында: "Және Алладан қорқыңдар. Шәксіз, Алла не істегендеріңді толық біледі" (Хашр сүресі,18-аят) деп айтылған болар.
Аят негізінде Қиямет күні адамның тағдырын оның жасаған іс-әрекеттері анықтайды деген қорытынды жасауға болады. Оң әрі лайықты амалдардың саны көп болған сайын адам соғұрлым жоғары мәртебеге ие болады. Бұл салада негізгі рөлді атқаратын ең ізгі қор дәл сол тақуалық саналады. Құран Кәрімде бұл жайлы былай деп жазылған:
"Нендей қайыр істесеңдер, Алла оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде, азықтың жақсысы – тақуалық. Әй, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар» (Бақара сүресі, 197-аят).
Адамды көбірек талпыныс жасауға итермелеп, оның ынтасын арттыратын маңызды факторлардың бірі істің аяқталуы мен оның нәтижесі саналады. Адамның жасаған талпыныстарының соңы нәтижелі әрі жемісті болған сайын, оның болашаққа деген үміті де күшейе түседі. Алла Тағала тақуа адамдар жасаған істің соңын сипаттауда Құранда былай дейді: "Ал Раббыларына қарсы келуден сақсынғандар, топ-топ жаннатқа жолданады. Сондай-ақ, олар оған барғанда оның есіктері ашылады. Оларға оның сақшылары: “Сендерге сәлем! Қош келдіңдер, жаннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер” дейді" (Зүмәр сүресі, 73-аят).
Құдайдың берген нығыметтерінің қадірін түсініп, оларға шүкіршілік ету – Жаратушысынан қорқатын тақуа адамдарға тән қасиеттердің бірі. Олар егер Құдай әмір еткен бағытта қадам басатын болса, егер бойында жоғары ахлақтық және адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастырса, егер Құдайға иман келтіру мен илаһи тақуалықтың жарық нұрымен сенімдік, амалдық, жеке тұлғалық және әлеуметтік тұрғыдан теріс жолға түсіп, жартастан құлаудан өздерін аман сақтап қалса, мұның барлығы Алланың рақымшылығының арқасында екенін жақсы біледі. Сол себепті мәңгілік илаһи жұмаққа кіргенде: "Олар: “Бізге берген уәдесін шынға шығарған және бізді жаннаттың жеріне мұрагер еткен Аллаға барлық мақтау лайық. Жаннаттан қалағанымызша орын аламыз. Амал қылушылардың сыйлығы қандай жақсы” дейді" (Зүмәр сүресі, 74-аят).
Жаратқан Алладан бізді мейірімі мен рақымшылығына бөлеп, мәңгілік жұмақта мүміндер мен тақуа адамдардың жанына отырғызуды бұйыруын тілейміз.