Наурыздың таралым аумағы: (наурызнама 4)
(last modified Wed, 06 Apr 2016 13:31:09 GMT )
Сәу 06, 2016 19:31 Asia/Almaty
  • Наурыздың таралым аумағы: (наурызнама 4)

Бұл бағдарламада наурыздың таралған кең аумағы мен сол жердегі халықтардың әртүрлі әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Көне наурыз, «джәмшидтік» наурыз немесе наурыз мерекесі – әлемдегі көктем маусымындағы ең салтанатты мейрам; ирандықтардың, ежелгі замандардан бергі ирандық мәдениет таралған жерлердегі мереке. Ұзақ ғасырларда Иран жері әртүрлі қауымдар мен өркениеттердің шыққан жері болды. Наурыз Азия мен Орталық Азия, Таяу Шығыс, Кавказ, Балкан мен әлемнің көптеген басқа жерлеріндегі миллиондаған адамның ортақ тіліне айналды.

Иран аумағы немесе «Үлкен Иран» деп, ұқсас мәдениетке ие елдер қоныстанған Батыс Азиядағы жерлерге айтылады.

Көптеген сенімдер бойынша Иран жерінің шекараларын қайта тану үшін ең жақсы дәйек наурыз мерекесінің іздерін тану болып табылады. Наурыз тойланатын аумақ Қытай Түркістаны мен Орта Азиядан Анадолы мен Месопотамияға дейінгі, Кавказдан Үнді мұхиты жағалауларына дейінгі аумақты қамтиды. Осы кең-байтақ жерлердегі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Әзірбайжан мен Түркия және Ирак елдері 2009 жылы наурызды ЮНЕСКО әлемдік мұралар ұйымында тіркеген керуенге қосылды. Иранның ұлттық және тарихи ерекшеліктеріне ие осынау рухани мерекенің бүгін әлемдік және халықаралық сипатқа ие болып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамның мейрамына айналуы қуанышқа себеп болып отыр.

Наурыз Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан, Қырғызстан мен Албанияда осы күннің атауымен демалыс күні деп жарияланған. Басқа да кейбір аймақтарда наурыздың ресми танылмағанына қарамастан, жыл сайын көптеген адамдар наурыздық салт-дәстүрлерді орындайды. Наурыз мейрамы Сирияда тұратын күрдтер үшін ерекше маңызды әрі қастерлі.

Ең кең тараған көне мейрам – наурыз халықтық болуы және табиғатпен етене байланыстылығының арқасында мәңгілікке сақталып қалды. Шын мәнінде наурыздың мәңгіліктілігінің сыры оның дәстүрлеріндегі жағымды, көңілге қонымды ойлар мен әдет-ғұрыптарға байланысты. Наурыз тойланатын аумақты қоныстанған халықтар ұлттық және діни ерекшеліктеріне қарамастан наурыздық дәстүрлерді орындау арқылы өздерінің ежелгі және тарихи біртұтастықтарын көрсетеді. Бұл әдет-ғұрыптардың әр жерде әртүрлі реңкке ие болуы мүмкін, бірақ барлығынан наурыздық иіс пен леп сезіліп, жаңа көктемнің келгенін білдіреді. Қадірменді тыңдармандар, көктемнің осы күндері сіздерді әртүрлі жерлердегі наурыздық әдет-ғұрыптармен таныстыруды жөн көрдік.

Түрлі түске ие Иран табиғаты алуандығымен қатар, төрт маусымға ие болуымен әртүрлі нәсілді, діндері мен мазхабтары бөлек халықтарға мекен болып отыр.

Бұл халықтардың әрқайсы өздеріне тән әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерге ие болғанымен, наурыз деген дәстүрлердің болуымен олар ортақтастықтарға ие. Түрік, күрд, лур, балуч, фарс, гилан, араб халықтарына тиесілі наурыздық рәсімдердің орындалуы барысында олардың арасындағы сүннит пен шиіт сынды мазхабтық айырмашылықтар жойылады.

Иранда тұратын және тұрмайтын халықтардың барлығының наурызды тойлауы ұлттық біртұтастық пен бірлікті нығайтатын фактор саналады.

Ирандық әртүрлі халықтар арасында наурызды қарсы алу және оны атап өту рәсімдері «хунетекани»-үйді тазалап, қағып-сілку, жаңа киім сатып алу, «һафт син» дастарханын жаю, Құран оқу, Хафиз ғазалдарын оқу, көк өскін өсіру, сыйлық беріп, сыйлық алу, «наурызхани», наурыздық көрісулер, үлкендерге құрмет көрсету сынды дәстүрлерді орындауда шаттық пен қуаныш сезімін нығайтудан, сонымен қатар демалыс күндері табиғат аясында серуендеп, наурыздың он үшінші күні көкке шығудан көрініс табады.

Барша халық наурызды өсу мен өзгерістің символы санап, кек пен жеккөрініштен жүректерді тазартуды наурызды қарсы алудағы ең негізгі принцип деп біледі. Көшелер мен базарларда наурызды қарсы алу рәсімдеріне дайындалып жүрген адамдардың барлығы жүректерінде ортақ сезімге ие болады. Шәксіз, олардың әрқайсы өздерін сол жердің бір бөлшегі санап, барлығын бір сағат, бір минут, бір секундта «һафт син» дастарханының басына отырғызатын ортақ дәстүрлерді өткізудің ләззатын жүректерінде сезетін болады. Бұл денсаулық, қуаныш пен тазалық және балғындықтан басқа белгі емес.

Наурыз дастархандарының наурыз рәімдері кезінде наурызды тойлайтын адамдардың көбісінің арасындағы ортақ дәстүрлердің бірі екендігін білгендеріңіз жөн. Иран мен Әзірбайжан республикасының және Ауғанстанның көптеген жерлерінде «һафт син» дастарханы жайылады. Бұл дастарханда айна, су, Құран мен алма, саману, сумақ, сірке суы, санджад, көк өскін және тиын сынды парсы тілінде «син» әрпінен басталатын жеті зат қойылады. Әзірбайжан республикасында жеті санына баса назар аударылмастан, наурыздық дастарханға аджил де қояды. Кабул мен Ауғанстанның солтүстік қалаларында «жеті жеміс» дастарханы жайылып, дастарханға жеті түрлі жеміс қойылады: жасыл және қоңыр мейіз, жаңғақ, бадам, пісте, сары өрік, және санджад. Кептірілген жемістер қойып, дастархан жаю Пәкістандағы шиіттердің арасында да кең тараған. Наурыз мерекесіне орай дайындалатын, кең таралған тағамдардың бірі саману (саманак, самунак, сумалак, саману, самане) деп аталады. Бұл тағам бидайдың өскіндерін пайдаланып әзірленеді. Наурызды тойлайтын елдердің көбінде осы тағам пісіріледі. Кейбір елдерде бұл тағамды дайындау арнайы рәсімдерге ие. Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанның әртүрлі аймақтарында самануды қыздар мен әйелдер жиналып, кейде түні бойы дайындайды. Оны дайындау барысында арнайы әндер шырқалады.

Наурыз рәсімдері Пәкістанның солтүстік аймақтары мен осы елдің солтүстік-батыс шекаралық аймақтарында мазхабтық және ұлттық ерекше жөн-жоралғылармен өтеді. Бұл аймақтардың халықтары түрлі-түсті жарқыраған жалаулармен жаңа жылды қарсы алуға шығып, жыр кештерін өткізіп тойлайды. Пәкістандықтар жаңа күн келіп, өзінің келуімен әлемді жарыққа бөлеп, жарқыратады деп санап, наурызды «әлемді нұрландырушы» мейрам деп атайды. Пәкістан халықтары арасындағы наурыз мерекесінің әдет-ғұрыптарының қатарында «хуне текуни», яғни үйлер мен қора-қопсыны тазалап, жинауды, әртүрлі тәтті тағамдар әзірлеп, мерекелік арнайы тағамдар пісіруді, сыйлық беріп, сыйлық алуды және адамдардың бір-бірімен көрісуін атауға болады.

Тәжікстан халқы да Иран өркениеті аумағындағы басқа елдер сынды наурыз мейрамы келерден бірнеше күн бұрын дәстүрлі рәсімдерді өткізіп наурызды қарсы ала бастайды. Наурыз мейрамы Тәжікстан халықтары үшін, әсіресе сол елдің оңтүстік-шығысындағы Бадахшан аймағының халықтары үшін ұлттық, ата-бабадан қалған мереке саналады. Олар бұл мерекені достық пен барлық тіршілік иелерінің жандануы деп атайды. Тәжікстан халқы, әсіресе Бадахшан аймағының тұрғындары наурыз мерекесі қарсаңында үйлерін тазалап, қағып-сілкиді.

Сонымен қатар ескі жылдан ешқандай шаң-тозаң мен кір қалмасын деп, үйдегі барлық ыдыс-аяқты жуып-шаяды. Наурыздық тәтті тағамдар мен әртүрлі тамақтар пісіру тәжіктердің наурыз күндері орындайтын жағымды істері болып табылады.

Осы күндері әткеншек тебу, жұмыртқамен ойнау, құр және әтеш төбелестіру, ұлттық күрес сынды жарыстар өткізу олардың қуаныштарын арттыра түседі. Көже, палау сынды дәстүрлі тамақтар дайындалып, барлық аймақтарда «һафт син» дастарханы жайылады.

Қазақстан халқы наурызды жаңа жыл, жақсылық жер бетіне түсетін күн деп санайды. Қазақ халқы жаңа жылда үйдің таза болуын үйдегі адамдардың ауру, науқастық пен бақытсыздыққа ұшырамауына себеп болады деп санайды. Наурыз мерекесінде қазақтар үстеріне шаттықтың белгісі болып табылатын жаңа, таза киім киеді. Осы мерекеде бір-бірімен көрісу де қазақ халқының наурыздық рәсімдерінің қатарына кіреді. Қазақстанда наурыз күндері әртүрлі спорт жарыстары өткізіледі.

Иран мен Түркияда, Ирак пен Сирияда тұратын әртүрлі күрд топтары да наурыз мейрамын өте салтанатты түрде өткізеді. Күрдтер тіл, мазхаб тұрғысынан айырмашылықтарға ие болғанымен, олардың барлығы наурызды тойлайды. Күрд халқы жылдың ауысуы мен көктемнің басталуын от жағып тойлатады. Көне сенімдер бойынша наурыздық от өмір сүретін жерлеріндегі ең биік жерде, яғни үйдің төбесінде жағылуы керек. Күрдер тұратын кейбір аймақтарда бұл рәсім әлі сақталған. Наурыз күрдтер үшін байлық пен құдірет күні ғана емес, сонымен қатар бейбітшілік пен татуласудың символы да. Түркиядағы Мардин күрд халқы наурыз күні таңертең үстеріне жаңа киім киіп, бір-бірінің үйлеріне барады. Содан кейін үлкен алаңға жиналып, қуаныш пен шаттықтың тойын тойлайды. Түркияның заза күрдтері көбінесе шығыс Анадолыда тұрады. Тілдері – зазаки күрд тілі. Олар наурызды наурыз айының 21 күні мерекелейді. Заза күрдтері бұл күні «айиине джам» деп аталатын рәсім өткізеді. Заза күрдерінің әдет-ғұрыптары музыкамен сүйемелденеді.

Табиғаттың қайта көктеп, жандануымен Өзбекстанның астанасы Ташкент жаңа, ерекше көңіл-күйге бөленеді. Шаттықтың түрлі түсті жалаулары ілініп, көшелер мен махаллелер безендіріліп, көшелердің тазартылуы – адамдардың наурыздық мерекелерге деген ықыластарының белгісі. Өзбектер Орталық Азияның басқа да халықтары сынды наурыздың 21 күнін парктер мен мәдениет орталықтарында қуанышпен өткізеді. Содан кейін үстеріне ұлттық киімдерін киіп, үлкендерге құрмет көрсету үшін әке-шешелерінің үйлеріне барады. Татарлар, орыстар сияқты басқа да ұлттар өзбектермен бірге наурыздың дәстүрлі мерекелерін өткізу арқылы осы көне мерекеге ерекше көрініс сыйлайды. Өзбекстандағы наурыз рәсімдерінің қатарына «саманак»-«саману» пісіру жатады. Бұл іс арнайы рәсімдер арқылы орындалады. Оны әзірлеген соң рәсімге қатысушылар шаттық пен қуанышқа бөленіп, ән салады. «Һафт син» дастарханын жайып, наурыздық сыйлықтар беру Өзбекстан халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің келесі қатарын құрайды. Әзірбайжан республикасында наурыз мейрамы ұлттық және ресми мейрам деп танылған. Бұл мереке ерекше маңызға ие. Әзірбайжандағы наурыздық дәстүрлер мен жөн-жоралғылардың ауқымы кең әрі тартымды.

Наурыз мейрамы Әзірбайжанда өте ерте замандардан бері тойланып келеді. Наурыз астықтың молдығы мен денсаулықтың, береке мен нығметтердің көптігінің басталуы деп саналады.

Әзірбайжанда наурыздық рәсімдер әдетте наурыздан бір ай бұрын әртүрлі дәстүрлерді орындау арқылы басталады. Әзірбайжан халқы есфанд айының сәрсенбі күндерін арнайы рәсімдерді өткізу арқылы тойлайды. Мұнымен қатар наурыз қарсаңында Әзірбайжанда әртүрлі қойылымдар көрсетіледі. Соған ұқсас қойылымдар Иранда да кең таралған. Шаттық пен берекенің, нығметтің белгісі – бидай өскіндерін өсіру, саману пісіріп, наурыздық тәтті тағамдар әзірлеу, үйді тазалап, қағып-сілку, қоғамдық орындарды шырақтандыру, достар мен таныстар және көршілермен көрісу, наурыздық қойылымдар қою Әзірбайжан республикасында наурыз мерекесіне тән әдет-ғұрыптар болып табылады.

Құрметті халайық, наурыздың жаһандық мейрамға айналуымен әлемнің аумағындай дастархан жаю арқылы барлық халықтарды бейбітшілік, бірлік пен достыққа шақыруымыз үшін мүмкіндік пайда болды. Наурыз құтты болсын!