Трамп пен Путинның жанжалды кездесуі мен оның салдарлары
(last modified Sun, 29 Jul 2018 09:08:24 GMT )
Шіл 29, 2018 15:08 Asia/Almaty

2018 жылы шілденің он алтысы күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Финляндияның астанасы Хельсинкиде өткен кездесу оған дейін және кейін де көптеген реакция тудырды. Шын мәнінде, сегіз жыл өткеннен кейін АҚШ пен Ресей басшылары екіжақты отырыс ұйымдастырды. Бұл кездесу екі ел арасында көптеген мәселелерге қатысты келіспеушілік болған жағдайда өтті.

АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының жақсару ықтималдығы жайлы айтылған бұрынғы болжамдарға қарамастан, Трамптың билік басына келуімен оның үкіметі әртүрлі себептерге байланысты өзіне дейінгі үкіметтің Мәскеуге қатысты қолданған тәсіліне ұқсас әдіс ұстанды. Вашингтон бәсекелестеріне, соның ішінде Ресейге қарсы қоқан-лоққы мен әрекеттері арқылы халықаралық жүйедегі гегемониялық алып держава ретіндегі орнын сақтап қалуға талпыныс жасаса, Ресей ашық түрде әлемде көп полюсті жүйе құрып, нығайтуды көздеп отыр. Қос тараптың қауіпсіздік, саяси және экономикалық салалардағы көптеген мәселелерге қатысты ұстанымдарындағы алшақтыққа байланысты екіжақты отырыс өткізетінін ешкім күтпеген еді. Трамптың бірнеше рет Ресеймен қарым-қатынас негізін өзгертуге ынта білдіріп, ресейліктердің көмегінсіз әлемдік қиындықтарды шешудің мүмкін еместігін айтқанына қарамастан, Трамп Ресеймен қарым-қатынас жайлы түпкілікті шешім қабылдай алмай отыр. Сол себепті Ресей мен АҚШ басшыларының кездесуі сегіз жылдық үзілістен соң екі ел арасындағы қатынастарды жақсарту мақсатында айтарлықтай көкжиек ұсынбады. Шынтуайтында, Трамптың бұл әдісі республикашылдармен қоса, демократтардың да ауқымды қарсылықтарын тудырды. Одан да маңызды мәселе Трамп пен Путинның Хельсинкидегі кездесуі қарсаңында америкалықтар Вашингтонның Мәскеумен дұшпандығын көрсету үшін ашық түрде демонстрациялық әрекеттерді жүзеге асырды. Сенаттың Барлау комитеті Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президенттік сайлау үдерісіне араласқанын растап, АҚШ-тың Әділет министрлігі де  ресейлік 12 азаматқа Демократтар партиясының компьютерлік серверіне хакерлік шабуыл жасады деген айып тақты. Бұл екі шара Трамп пен кеңесшілерінің алдында Мәскеумен қарым-қатынастарды жақсарту үшін өте ауыр жол тұрғанын білдірді.

Сарапшылардың көзқарасы бойынша бұл кездесудің екі тарап үшін айтарлықтай жетістік бермегеніне қарамастан, Трамптың Мәскеуге қатысты қолдаушы сипаттағы әрі жұмсақ ұстанымы АҚШ-тың ішінде қатаң реакция тудырды. Дональд Трамп Владимир Путинмен кездесудің басында тілшілердің алдында сөйлеген сөзінде Вашингтонның Ресеймен қарым-қатынастын жақсартуға ықыласты екенін мәлімдеді. Путин де: "Қарым-қатынастарымыз жайлы түпкілікті сұхбаттасатын кез жетті",-деді. Екі жақты кездесу мен екі ел басшыларының баспасөз конференциясынан кейін Трамп Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президенттік сайлауда рөл атқарғаны туралы көптеген сауалдарға Мәскеуді қорғап, АҚШ-тың түрлі ұйымдарының араласушылық әрекет жайлы тергеулерін теріске шығарды. Бұл мәселенің АҚШ-тың билік құрылымы үшін қымбатқа түскені соншалықты, тіпті Трамптың саяси орталарда сатқындық жасағаны жайлы мәселе көтерілді. Шын мәнінде, АҚШ-тың билік құрылымы Трамптың Ресеймен қатынасты жақсарту тәсілімен келіспей, кез келген мүмкін жолмен оның жүзеге асырылуының алдын алуға талпыныс жасауда. Мәскеу Трамппен қатынасы және АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласқаны туралы айыптауды бірнеше рет теріске шығарған болатын. Трамп та Ресеймен жасырын байланыс орнатқаны туралы уәждерді теріске шығарды. Трамп бұл айыптаудың шетелдіктердің ықпалымен президенттікке жеткен АҚШ-тың алғашқы президенті ретінде бағаланатын оның жағдайын әлсірете алатынын жақсы білді.

Трамп АҚШ президенті ретінде Путинмен кездескеннен кейін Ресеймен қарым-қатынастарына қатысты Вашингтонның жоғары лауазымды тұлғаларының көзқарасы бойынша үстірт әрі тым қарапайым ұстаным білдірді. Трамп Ресей мен АҚШ қарым-қатынастарының ешқашан қазіргі кезден нашар болмағанына тоқталып, бұл жағдайдың 4 сағаттан, яғни оның Путинмен келіссөзі басталғаннан бері өзгергенін айтты. Трамп Ресей мен АҚШ-тың ортақ мүдделерді жүзеге асыру жолында ынтымақтастық жасау жолдарын табу үшін талпыныс жасауы қажеттігін баса айтты. Трамптың жуырда Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ынмен келіссөзінен кейін оның Пхеньянмен арадағы барлық қиындықтарды шешу туралы мәлімдеген бұл әдісі саясат әлеміндегі оғаш іс саналады. Әсіресе, қазіргі таңда Ресей мен АҚШ-тың әскери-қауіпсіздік, саяси және сауда-экономикалық мәселелерге қатысты қарым-қатынастары өте терең әрі кең жағдайда, қос тарап арасында көптеген аймақтық және халықаралық мәселелерге қатысты келіспеушілік сақталып, Трамптың бірнеше сағаттық келіссөзден кейін бұл жағдайдың өзгергені жайлы уәж айтуы асыра сілтеушілік секілді көрінеді. Трамп пен Путинның кездесуінен кейін АҚШ-тың саяси орталары мен саясаткерлерінің қатты реакциясын тудырған маңызды мәселе Трамптың Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президенттік сайлауға араласты деген айыптау бойынша Мәскеуді қорғауы болды. Трамп Ресей президентіне ме, әлде АҚШ-тың барлау ұйымдарына сенеме деген сұраққа жауап ретінде: "Демократтар партиясының ұлттық комитетінің серверлері қайда? Клинтонның электронды поштасы қайда? Неліктен Ресей Демократтар партиясы ұлттық комитетінің серверіне хакерлік шабуыл жасауы мүмкін? Ресейдің АҚШ-тың 2016 жылғы президенттік сайлауға араласуына себеп көріп тұрған жоқпын",- деді.

Бұл мәселе АҚШ-тың ішкі саяси жағдайындағы үлкен есеңгіреушілікке ұқсас болды. Тіпті, Трампқа қарсы сатқындық жасады деген айып тағылды. АҚШ-тың Орталық Барлау Агенттігінің бұрынғы басшысы Джон Бернанның айтуынша: "Трамптың Хельсинкидегі баспасөз конференциясында шынайы қылмысқа дейін жетіп, тіпті одан асып түскен әрекеті сатқындықтан кем нәрсе емес. Трамптың сөзі ақылсыз болуымен қоса, оның толығымен Путинның алдында жаңадан келген адам екенін көрсетті. Республикашыл патриоттар қайдасыңдар? Республикашыл партияның жоғары лауазымды басшылары да толығымен Трампқа қарсы позиция ұстанып отыр". Тіпті, Республикашыл партияның жоғары лауазымды басшылары да Трамптың бұл сөздеріне қарсы берік позиция ұстанды. Өкілдер палатасының республикашылдар фракциясының басшысы Пол Райан: "Ресейдің еліміздегі президенттік сайлауға араласып, елдегі және әлемдегі демократияны бұзуға талпыныс жасағанында күмән жоқ",- деді. Осылайша, республикашылдар үстемдік еткен кезеңде үнемі Ресейге қарсы позиция ұстанған АҚШ-тың ресми құрылымы Трамптың Мәскеуге қатысты жұмсақ ұстанымдарының алдында үнсіз қалмай, демонстрациялық әрекеттер арқылы Ресейге қатысты Трампқа толығымен қайшы позиция ұстанатынын көрсетті. АҚШ президентінің Мәскеумен қарым-қатынасында жаңа кезеңнің басталғаны жайлы хабарлаған Трамп пен Путинның ортақ баспасөз конференциясымен бір мезгілде ресейлік азаматша Мария Бутина АҚШ-та тыңшылық жасады деген айыппен құрықталды. Бұл мәселе АҚШ президенті мен билік құрылымының Ресейге қатты қарсылығын көрсетіп отыр.

Вашингтондағы басшылар мен саясаткерлер тарапынан айтылған сөздер Трамптың Ресейге қатысты ұстанымдарын 180 градусқа өзгертуіне себеп болды. Трамп Ақ үйде Конгрестің бір топ мүшесімен өткізген отырыстан бірнеше күннен кейін Владимир Путинмен кездескеніне қарамастан, Ресейге қарсы санкциялардың күші жойылмай, санкциялардың өз күшінде қалатынын мәлімдеді. Трамп іс жүзінде қыспаққа алынған кезде өз ұстанымдарынан кері шегініп, айтқан сөзінен қайтатынын көрсетті. Бұл АҚШ президентінің соңғы бірнеше күннің ішінде өз позициялары мен сөздерінен екінші рет кері шегінуі саналады. АҚШ-тың БАҚ өкілдері, қоғамдық пікір мен зиялы қауым өкілдері АҚШ президенті мен Влдимир Путинның бірлескен баспасөз конференциясы мен Трамптың Ресейге қолдау көрсету әрекетіне шабуыл жасағаннан бір күн өткеннен соң ол өз сөздерінен артқа шегінуге мәжбүр болды. Трамп өзінің ресейлік әріптесімен кездесуінен кейінгі қарама-қайшы сөздерінде Ресей әрекеттерінің сайлау үдерісіне әсер етпегенін баса айтып, өз елінің барлау ұйымдарының Ресейдің 2016 жылғы президенттік сайлауға араласқанына негізделген қорытындысын қабылдады. Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Хельсинкиде өткен кездесуінен кейін айтқан сөздерін ақтап, сол кезде Ресейден басқа елдің де сайлауға араласқаны жайлы тұжырым жасамаудың дәлелі жоқ екендігіне меңзегенін айтты. Қалай болғанда да оның бұл мойындауы өзіне қатысты айтылған сынды азайтпады. Қазіргі кезде Трампқа қатысты сенімсіздіктің артқаны соншалықты Конгресс мүшелері екі президенттің жеке келіссөзінің аудармашысын шақыртып, келіссөздің мазмұнын біліп, Трамптың өз елінің ұлттық мүдделерін бұдан артық қатерге ұшыратпағанына көз жеткізуді көздеп отыр.

АҚШ-тың саяси басшылары мен БАҚ Трамп пен Путинның кездесуінің екіжақты қатынастарға айтарлықтай әсер ете алмайтынын көрсетіп, Вашингтонда Трампқа аталмыш келіссөздің жеңілген тарапы ретінде қарайтынын көрсетіп отыр. Ресейдің саяси мәселелер жөніндегі сарапшысы Сергей Караганов бұған байланысты: "Ресей мен АҚШ қарым-қатынастарындағы жағдайдың шиеленісуі әбден мүмкін. Себебі, Трамптың болжауға келмейтін әрі ықпалға ергіштігіне байланысты айналасындағылар оны Ресейге қарсы әрекеттерге итермелеуі мүмкін",- деді. Трамп пен Путинның жанжал тудырған кездесуі АҚШ пен Ресей қарым-қатынастарын жақсартуға айтарлықтай тиімді әсер етпей, бұл қатынастар сол күйінде көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Соған қарамастан, Трамп Путинды Ақ үйге шақырып, екіжақты келіссөздерді жалғастыруға негіз жасауды көздеп отыр. Сондықтан бұл мәселе АҚШ-тың басқару құрылымының қарсыласуына себеп болды. Бүгінгі таңда Ресейге қарсы жаңа санкцияларды бекіту туралы заң жобасын ұсыну түрінде көрініс тапқан Конгрестегі Ресейге қарсы ұстанымға байланысты тіпті Трамп пен Путин тағы бір келіссөз өткізген жағдайда да Вашингтон мен Мәскеудің суық қатынастарында айтарлықтай жаңалық орын алмайтын секілді көрінеді. Трамп пен Путинның Хельсинкидегі кездесуі Трамп үшін ешқандай оң саяси жетістік әкелмеуімен қоса, Трамптың АҚШ-тың дұшпанына қолдау көрсеткеніне байланысты оған шынайы айыптар, тіпті одан да үлкен айып, яғни сатқындық айыбы таңылды.