Ашура оқиғасына қатысты сұрақтар (6)
Имам Хосейнді (ғ.) сүйетіндердің ойында хазірет Аба Абдулланың шәһид болып, пайғамбар жанұясының тұтқынға алынуына соқтырған қозғалыстың мақсаты не болды деген сауал туындауы мүмкін. Алла елшісінің (с.ғ.с.) немересі Мединеден шыққанда Язид үкіметіне қарсы көтеріліс жасауды мақсат тұтты ма немесе көтеріліс те, төңкеріс те болмай, тек имам Хосейн (ғ.) Язидтің қоқан-лоққысынан құтылып, залым билеушіге адалдық жариялауға мәжбүр болмау үшін Мәдинеден кетті ме?
Сарапшылардың бір тобының пікіріне сәйкес, имам Хосейннің (ғ.) көтеріліс жасағандағы мақсаты озбыр үкіметтің негіздерін жойып, Құран Кәрім мен пайғамбардың сүннетіне сәйкес илаһи үкімет құру болды. Алайда мұнда маңызды бір жайт бар. Егер біреу жаңа үкімет құру мақсатында көтеріліс жасағанда мақсатқа жетуге мүмкіндік бермейтін кедергілер туындаса, ақылға қонымды ең тиімді жол көтерілісті тоқтату болып табылады. Имам Хосейн (ғ.) куфалықтардың қиянаты мен дұшпанның 30 мыңдық әскерінің барын көріп, мұндай жағдайда өзі қалаған үкіметті құрудың мүмкін емес екенін анық білген. Сондықтан Хор әскерімен бетпе-бет келгенде сөйлеген сөзінде көтерілістің мақсатын: "Халайық! Алла елшісі (с.ғ.с.) айтқандай, "әрбір мұсылман Құдайдың харам дегенін халал санап, илаһи келісімді бұзатын, пайғамбардың сүннетіне қарсы шығып, Құдайдың пенделері арасында күнә жасайтын, басқыншылық пен дұшпандық тарататын залым үкіметпен бетпе-бет келгенде оған сөзі және ісімен қарсы тұрмаса, Құдайдың мұндай адамға залымға берер жазаны бергені абзал. Халайық, хабардар болыңыздар. Умайе әулеті Құдайдың әміріне бағынуды қойып, шайтанға еруді парыз санап, бұзақылықты таратып, илаһи шектеуді бұзып отыр...",-деген.
Имам Хосейннің (ғ.) заманында және Муавия қайтыс болғаннан кейін үкімет басына исламды сырттай да ұстанбайтын адам келді. Ол шарап ішетін, ашық түрде жыныстық және ақлақтық бұзықтық жасайтын. Ислам дінін теріске шығару туралы өлең оқып, сөз сөйлеп, исламға әшкере қарсы болған. Осындай бұзылған адам мұсылмандардың халифі әрі пайғамбардың орынбасары деген атақ алды. Екіншіден, осы озбыр үкіметке қарсы көтеріліске шығуға жағдай жасалған еді. Жағдайдың жасалғаны деген көтерілісшілер үшін ешқандай қатердің болмағанын білдірмейді, керісінше, ислам қоғамындағы жағдайдың имам Хосейн (ғ.) ісінің дұрыс екенін сол замандағы және кейінгі кезеңдердегі адамдардың құлағына жеткізетіндей болғанын білдіреді.
Аба Абдулла әл-Хосейннің (ғ.) көтерілісіне нақты қарағанда имамның илаһи мақсатқа ие болғанын көреміз. Ол мақсатына жету үшін әрекет етуі тиіс болған. Илаһи мақсат илаһи қажетіліктердің ең маңыздысын орындауға, яғни "ислам қоғамын дұрыс жолға қайтаруға" және "ислам жүйесі мен қоғамының ғимаратын қайта жаңартуға" бағытталды. Осы мақсатқа жету үшін жасалған әрекеттің екі нәтиженің бірін беретіні анық еді: "үкімет құру" немесе "шәһид болу". Хазірет Аба Абдулла (ғ.) екі нәтижеге де дайын болған. Ол биліктің де, шәһидтіктің де алғышартын дайындаған. Имам Хосейн (ғ.) көтеріліске шығуды таңдамадық деп ойлайық. Бұл жағдайда екі-ақ жол болды: не адалдық жариялап, тізе бүгуі тиіс, немесе күреспей де, адалдық та жарияламай, сай мен тауды паналауы керек. Мұхаммед бен Ханифа мен Ибн Аббас сияқты адамдардың ұсыныстары осы болды. Бірінші тәсілді Абдулла бен Омар қолданды. Ол алдымен Язидке адалдық жариялаудан бас тартқан, бірақ біраз өткеннен кейін бас иген адамдардың бірі болды. Бірақ, мұның нәтижесі қорлықтан басқа ештеңе болмады. Екінші тәсілді Абдулла бен Забир қолданды. Ол соңында Қағбаны паналауға мәжбүр болды. Ол Қағбаны қорғаудың орнына оны өзіне қалқан ретінде пайдаланды. Соның салдарынан Құдайдың үйіне катапультадан оқ атылды. Оны да қорлықтан басқа тағдыр күтіп тұрмаған еді. Осы екі тарихи құбылыстан имам Хосейннің (ғ.) таңдау жолының екі дүниеде абыройлы болу, ал дұшпанды екі дүниеде де қор ету болғанын анық көруге болады.
Шәһидтердің басшысы (ғ.) көтерілістің басында Жаратушыға жасаған мінәжаттарында былай деген: "Ия, Алла Тағала! Біз айтқан нәрселердің билікке таласып, материалдық байлыққа қол жеткізу емес екенін білесің. Біздің мақсатымыз – сен берген діннің белгілерін орнына қайтару, пенделерің зорлық-зомбылық жасаушылардан арылып, дініңнің үкімдері мен сүннеттерін орындауы үшін еліңді түзету".
Имам Хосейн (ғ.) сондай-ақ, Басра ақсақалдарының бір тобына жіберген хатында Язид үкіметіне қарсы көтерілістің мақсатын пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін жандандыру деп атап: "Мен сіздерді Құдайдың кітабы мен пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне шақырамын. Өйткені, бұл топ пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін жойып, жаңашылдықты бастады",-деді. Ол, сондай-ақ, келесі бір жерде: "Ислам үмбеті Язид сияқты адамның басқаруына түскен кезде исламмен қоштаса беруге болады",-деген. Сондықтан имам Хосейннің (ғ.) қозғалысы Язидтің діни принциптерге бұрмалаушылық жасап, соңғы дінді жою ниетіне қарсы ағартушылық сипаттағы реформашыл көтеріліс болды. Ең маңыздысы, хазірет имам Хосейн (ғ.): "Сол күні ғана емес, ешбір заманда Язид сияқты адамдардың ислам елдерін басқаруына жол бермеу керек",-деді. Немесе келесі бір сөзінде: "Әділетпен істің атқарылмайтынын, жалғанның теріске шығарылмайтынын көрмей тұрсыздар ба? Мұндай кезде мүмін көтеріліске шығуы керек",-деген.