Құм халқының 19-шы дей көтерілісі
(last modified Tue, 08 Jan 2019 05:44:18 GMT )
Қаң 08, 2019 11:44 Asia/Almaty
  • Құм халқының 19-шы дей көтерілісі

19-шы дей – шаһхтың үстем жүйесін құлату мен имам Хомейни басқарған Ислам революциясының жеңісіне әсерін тигізген маңызды саяси оқиғалардың бірі.

Шаһ жүйесінің құлауынан бір жыл бұрын Құм қаласында болған көтеріліс ғұлама, Ислам революциясының көсемі имам Хомейниге тіл тигізген "Эттелаат" газетінде жарияланған "Иран: қызыл және қара отаршылдық" деген мақалаға көрсетілген реакция болды. Бұл көтеріліс Иранның әртүрлі жерлеріндегі келесі көтерілістердің бастамасы болып, шаһтың үстемшілдігіне қарсы үлкен толқынысқа себеп болғандықтан өте маңызды саналады. Сарапшылардың көбі бұл көтерілісті Ислам революциясының бастамасы немесе революцияның жеңіске жетуіне ықпал еткен маңызды оқиға ретінде атайды.

"Иран: қызыл және қара отаршылдық" деген мақала САВАК-тың бұйрығымен  сол кезде қуғында жүріп, қасиетті Наджаф қаласында шаһ режиміне қарсы әрекет етіп жүрген имам Хомейнидің діни және саяси беделіне нұқсан келтіру мақсатында жарияланды. Мақалада имам Хомейниге құрметсіздік көрсетіліп, хазіретті «қара реакцияның символы», «отаршылдықтың факторы» және «ирандық емес» деп атады. Мақаланың авторы Ақпарат және туризм министрі Дариуш Хомаюн САВАК-тың растауынан кейін шығарды. Иран режимінің аталған мақаланы жариялау мақсатын түсіну үшін елдің сол кездегі саяси-қоғамдық өзгерістеріне шолу жасау қажет. 1977-ші жылдың басында шаһ дүниежүзінің қоғамдық пікірінің қысымы мен сол кездегі АҚШ-тың билік басына жаңадан келген президенті Джеймс Картердің адам құқығына қатысты саясаттарының ықпалына түсіп, елдегі қысым мен басып-жаншуларды азайтып, Иранның саяси кеңістігі салыстырмалы түрде ашылды.  Мұндай жағдайда режимнің қарсыластарының көбі, соның ішінде діни күштер, солшылдар мен    ұлтшылдар көбірек әрекет жасау мүмкіндігіне ие болып, мешіттер мен басқа діни мекендер мен партиялардың негіздері режимнің қарсыластарының саяси белсенділіктерінің орталығына айналды. 1977-ші жылғы бірқатар оқиға күрестің артуы мен күшейе түсуіне көмектесті. Режимге қарсы ойшылдардың бірі доктор Әли Шариатидің күдікті өлімі, кейбір саяси басшылардың шаһқа қарсы хаттары, діни ғұламалардың режимнің жұмысына қарсы мәлімдемесі, АҚШ-та өмір сүретін ирандық студенттердің шаһтың сол елге жасаған сапары кезіндегі шерулері, ең маңыздысы имам Хомейнидің перзенті аятолла Сейед Мұстафа Хомейнидің қайтыс болуы имам Хомейниді халықтың арасында сүйікті әрі беделді тұлғаға айналдырған оқиғалар болды.

Оқиғалардың арасында имамның перзентінің күдікті түрде қайтыс болуы халықтың сол кезде Иракта қуғында жүрген имам Хомейниді көбірек тануы үшін әсерлі рөл атқарды. Аятолла Сейед Мұстафа Хомейниді еске алу рәсімдері, әсіресе Теһран мен Құмда имам Хомейниді мадақтап, режимге әскери қарсылық білдіретін рәсімдерге айналды. Еске алу рәсімдерін діни адамдар ғана емес, оларға қарсы зиялылар да өткізді. Негізінде, бұл рәсімдер елдің түкпір-түкпіріндегі қарсылас күштердің бірігуіне себеп болып, саяси қарсыластарға шаһ режимі заңды әрі бейбіт күрестің жолын жапқан, сондықтан, қарулы күрес тығырыққа тірелген жағдайда, діни және дәстүрлі орталықтарға сүйеніп, күрестің жаңа тәсілдерін пайдаланып, халықтық көтеріліс ұйымдастыру қажет деген жолдауды жеткізді. Сондай рәсімдердің бірінде сөз сөйлеген Иранның қазіргі Президенті Хасан Рухани аятолла Хомейниді бірінші рет "имам" деп атады. Көп ұзамай бұл сөз саяси басшының ең айқын сипатына айналып, саяси әдебиетте "аятолла Хомейни" деген тіркестің орнына "имам Хомейни" деген тіркес қолданылатын болды. Ихсан Нарақи САВАК басшыларының бірінің сөзіне сілтеме жасап: "Осындай оқиғалар мен аятолла Хоменидің қарсыластары арасындағы ықпалының артуына байланысты шаһ аталмыш мақаланы жазуға бұйырды",- деді.

"Иран: қызыл және қара отаршылдық" деген қорлаушы мақала хиджабты шешу күніне байланысты хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1356-шы жылдың дей айының 17 күні шықты.  Газет Құм қаласына жете салысымен аятолла Хомейни мен діни азаматтарға құрметсіздік көрсетілгені туралы хабар ғылыми және діни орталарда жылдам таралды. Келесі күні таңертең діни оқу орындары бірауыздан сабаққа келмей, шамамен 200 діни шәкірт аятолланың үйне қарай шеруге шықты.  Наразылықтар мен шерулер дейдің 19 күні де жалғасып, сол күні түсте қауіпсіздік күштерінің араласуымен шерулер қақтығыстарға айналып, наразылардың 7 шәһид болып, шамамен 15 адам жараланды. Бұл оқиғадан кейін наразылықтар мен қақтығыстар туралы хабар Наджафқа жетіп, имам Хомейни режимге қатаң ескерту жасап, режимммен күресуді ашық түрде талап етті. Бұл оқиға шәһидтердің қырқына байланысты Иранның әртүрлі қалаларында болған шерулер мен басқа оқиғалардың бастамасы болды. Шәһидтердің қырқына байланысты өткен рәсімдер әртүрлі қалалардағы наразылықтардың артып, халықты режимге қарсы жұмылдыру ісіне маңызды әсер етіп, шаһ режимінің құлауына, керісінше Ислам революциясының жеңіске жетуіне қалған күндерді санаудың бастамасы болды. Құм халқының қырылуының қырқы күні, яғни 1356-шы жылдың бахман айының 29 күні базарлар жабылып, жоғары оқу орындарында сабақ болмай, елдің әртүрлі қалаларында шәһидтерді еске алу рәсімдері өтті. Еске алу рәсімдері 13 қалада саяси шеруге айналды. Табриз қаласындағы шеру қақтығысқа айналды. Табризде полиция офицерілерінің бірінің жасөспірімді атып өлтіруінен кейін шеру қақтығысқа ұласты. Мыңдаған адам көшелерге шығып, режимге қарсы ұрандар айтып, аятолла Хомейниді қолдап, кинотеатрлар мен ішімдік сататын дүкендерді қиратты. Қақтығыстарда көп адам өліп, жарақат алды. 1357-ші жылдың фарвардин айының 10 күні елдің 15 қаласында Табриз шәһидтерін еске алу рәсімдері өтті. Язд секілді кейбір қалаларда полицияның шабуылы бірқатар шерушінің қаза болуына себеп болды. Язд шәһидтерінің қырқы 1357-ші жылдың ордибеһешт айының 20 күні Иранның 24 қаласында өтіп, наразылықтардың көбісі қақтығыстарға айналды. Наразылықтар шаһтың Шығыс Еуропаға жоспарлаған сапарға шықпауына себеп болды. Барлық наразылықтың ортақ ұраны "Шаһқа – өлім", "Хомейни жасасын!" және "Құм мен Табриз шәһидтері жасасын!" болды.

Наразылықтар ешбір жергілікті немесе шетелдік сарапшы бұл оқиғалар жылдың соңына дейін режимнің құлауына себеп болады деп ойламаған жағдайда орын алып жатты. Өйткені, Картердің Иранға сапар шегіп, шаһқа қатты қолдап, Иранды «бейберекеттіктерге толы Таяу Шығыс аймағындағы тұрақты арал» деп атағанына көп уақыт өтпеген болатын. Тіпті, америкалық дипломаттардың өз елдерінің Мемлекеттік департаманетіне жіберген мәліметтері аса алаңдатарлық емес еді. Сол кездегі Американың Ирандағы елшісі кейін өз кітабінда: "Әр қырық күні бір рет өткен шәһидтерді еске алу рәсімдері мен шерулер  басында толығымен діни сипатта болып, либерал, социалист, демократтар мен коммунистер секілді қарсылас топтардың ешбір ықпалы болмады. Бұл топтардың кейбіреуін САВАК бақылауға алып, олардың айқын белсенділігі мүмкін емес болмады. Режимге қарсы шерулер діни сипатты болғандықтан саяси бақылаушылардың көбі оларды режимге қарсы шынайы қатер деп ойламады",- деп жазды. Алайда сарапшылардың ойларына қайшы 1357-ші жылы халықтық шерулер артып, бірте-бірте руханилер, зиялылар мен саудагерлердің арасында режимге қарсы бейресми коалициялар құрылып, әртүрлі қалаларда революцияшыл әрекеттер орын алды. Әртүрлі қалалардағы наразылықтардың артуымен режимге қарсы әрекеттер үш есе, белсенді қарсыластардың саны төрт есе көбейді.

Шәһидтерді еске алу рәсімдері 1357-ші жылы шаһ режиміне қарсы күресті жаңа кезеңге жеткізді. 1357-ші жылдың мордад айында қасиетті Рамазан айының басталуымен діни шәкірттердің көбі елдің қалалары мен ауылдарына аттанып, халықты режим туралы хабардар етіп, имам Хомейнимен таныстырды. Кейбір қалалармен бірге Теһрандағы Ораза айт намазы да режимге қарсы діни-саяси жиынға айналып, халық саяси ұрандар айтып, имам Хомейнидің есімі сан рет еске алынды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында оқу жылының басталуымен оқушылар мен студенттер күрескерлердің қатарына қосылып, режимге қарсы кең ауқымды наразылықтар ұйымдастырылды. Өкінішке орай, 13-ші абан секілді кейбір күндері бұл наразылықтарда бірқатар оқушы мен студент қаза болды. 1357-ші жылдың күзінің басынан Ислам революциясы жеңіске жеткен баһман айының соңына дейін көптеген оқиға болып, шаһ дей айының 26 күні емделуді сылтауратып, елден кетті. Шаһ қарсыластардың қысымына түсіп, революцияшыл наразылықтарды тыныштандыру мақсатында  әскери үкіметті жариялаудан бастап, билікке қатыгез генералды әкеліп, премьер-министрлік міндетін қарсылас партияларының біріне, яғни, ұлттық майдан басшысына тапсыруға дейін барғанымен әрекетінің ешбіреуі революцияшыл халыққа бөгет бола алмады. Имам Хомейнидің елге оралуымен шаһтың үстемшіл жүйесі құлап, Ислам революциясы Құм қаласы халқының 1356-шы жылдың 19-шы дей күнгі көтерілісінен 1357-ші жылдың баһманына дейін шамамен бір жылда жеңіске жетті.

 

 

 

 

Тегтер