Нау 31, 2019 01:30 Asia/Almaty
  • Имам Казем (ғ.с.)-ның үйі – тілектер орындалатын үй

Қасиетті Каземайн қаласы имамат аспанының жетінші жұлдызы шәһид болған күні қарсаңында Исламның ұлық пайғамбары әулетінің Ирактың іші мен сыртындағы ғашықтары мен зияратшылары қасиетті кесенеге жиналып, аза тұтуда.

Қарттар мен жастар, әйелдер мен ерлер хазірет Мұса Каземнің (ғ.с.)  шәһид болған күні аза рәсімдерін өткізу үшін хазіреттің кесенесіне жиналады.

Исламның ұлық пайғамбарының пәк ұрпақтарының бірі имам Мұса Каземнің (ғ.с.) шәһид болған күніне  орай әлемнің барша мұсылмандарына, әсіресе хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) әулеті мен ұрпағының жақтастарына көңіл айтамыз. 

 

Имам Мұса Казем (ғ.с) х.қ.ж.с.б 128 жылы сафар айының жетінші жұлдызында Мекке мен Медине қаласының арасында орналасқан Абуа ауылында дүниеге келген.   Хиджри қамари күнтізбесі бойынша 148 жылы әкесі Имам Садық (ғ.с.) шәһид болған соң хазірет имам Каземнің (ғ.с.) имаматының кезеңі басталды. Имам өмірінің көптеген жылдарын Аббаси халифасы Харун әр-Рашидтің билігі кезінде тұтқында өткізіп,  хиджри қамаридің 183-ші жылының ережеп айының 25-ші  жұлдызында тұтқында шәһид болды. Имам Казем (ғ.с.) шәһид болған кезде 55 жаста еді. Имам Мұса Каземнің (ғ.с.) танымал лақап аттарының бірі «Баб әл-Хаваедж» болды. Өйткені, ол хазіретке келген әрбір адамның тілегі орындалатын. Хазіреттің үйі адамдардың қажеттіліктерін шешетін үй болғандықтан, ирактықтар үшін «Баб әл-Хаваедж», яғни "тілектер орындалатын үй" деп танымал болды.  

Имам Садық (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін имам Каземнің (ғ.с.) діни, ғылыми, саяси және тәлім-тәрбиелік басшылығы басталды. Алтыншы имам көзі тірісінде хазірет Каземді (ғ.с.) орынбасары деп таныстырды. Аббаси халифасы Мансурдың жетінші имамды басшылыққа жеткізбеуді көздеген жобасы іске аспады. Мансур өлген соң Аббаси әулетінің Мәһди мен Хади халифалары билік басына келді. 20 жылдан артық кезеңге созылған олардың билігі кезінде, әсіресе Мәһди халифаның биілігінде Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті салыстырмалы түрдегі азаттыққа ие болды. Имам Казем (ғ.с.) бұл мұрсатты халықты дұрыс жолға нұсқау үшін пайдаланды.

 

«Казем» деген лақап атқа ие болған имам Абу әл-Хасан Мұса бен Джафардың (ғ.с.) болмысында барлық жақсылық жинақталып, хазірет ислам қоғамының әртүрлі топтары мен халықтарына, тіпті мұсылман еместердің жүректеріне ықпал етті. Біреулер имамның ғибадаттарына, басқалар сабырлығы мен жомарттығына, үшіншілер имамның адамдардың мәселелерін шешуіне куә болып, хазіретке бет бұрды. Халық имамға бет бұрып, Ибн Хаджардың айтуы бойынша, «жүректердің имамына» айналды. Имам Казем (ғ.с.) өмірінің бір бөлігі Харун әр-Рашидтің билігімен тұспа-тұс келді. Харун хиджри қамари жы санағы бойынша 170-шы жылы билік басына келді. Ол Исламның ұлық пайғамбары әулетіне деген кегі және дұшпандығымен танымал болды. Имам бұл кезеңде көптеген қиындықтармен бетпе-бет келді. Имам Мұса Казем (ғ.с.) халықтың жүрегінен орын алды. Бұл тіпті Харун әр-Рашид мойындаған имамның қасиеті болды. Ибн Хаджар Хейсами хазіреттің бұл ерекшелігі туралы: «Күндердің бірінде имам Казем (ғ.с.) Алланың үйінің қасында отырды. Харун имамды көріп: «Сен халық сенімен жасырынып, бият ететін адамның өзісің бе?»- деп сұрайды. Сонда имам: «Мен – жүректердің имамымын, сен – денелердің имамысың»,- деп жауап береді. Негізінде имам бұл сөзімен Харунға оның халыққа тек физикалық тұрғыдан ғана билік жүргізетінін айтты. Хазірет: «Сенің билігің тек көзбояушылық, материалдық пен зорлық-зомбылыққа негізделеді. Алайда менің билігім халықтың жүрегіне таралады. Халықтың жүрегі менімен, денелері сенің тұтқынында»,- деді. Сондықтан Харун имамды қатаң бақылауға алып, азап-қорлық көрсетуді көздеді. Харун әр-Рашид билігінің басында имамды зынданға қамады. Хазірет кейде Басренің, кейде Бағдадтың зындандарында болды. Бұл қиын жылдар басқа жылдардан өзгеше болды. Өйткені, Харун үнемі имамды кемсіткісі келді. Барлық қиындықтарға қарамастан имам Казем бар күшін илаһи мақсаттарына жету мен мойнындағы міндеттерін орындауға талпынды. Имам Казем (ғ.с.) Харунның саясатын, және тіпті оның соңғы шешімінің хазіретті өлтіру екенін жақсы білді.

Имам Каземнің (ғ.с.) пікірі бойынша, жердің түпкір-түпкірі – мешіт, Аллаға ғибадат етіп, Оны мадақтайтын мекен. Адамның қиындықтары артқан сайын ол Аллаға жақындап, намаз бен сабыр сақтаудан көмек алады. Имам зынданды Жаратушыға ғибадат ететін мекенге айналдырды. Ол қамаудағы жалғыздығын Алламен сырласу үшін пайдаланды. Ол күндіз ораза тұтып, түндерді намаз оқып, дұға жасаумен өткізді.   

 

Имам – қоғамда бүліктер мен қиындықтардың толқыны көтерілген теңізде үмбетін жағалауға нұсқайтын кеменің капитаны сынды. Имам Казем (ғ.с.) әкесі сияқты мұсылмандардың іс-әрекеттеріне өзін жауапты санап, осалдық пен кемшіліктерді көрген кезде үмбетті тәрбиелеумен айналысты. Тарихта имам Каземнің (ғ.с.) қарапайым, батыл әрі жомарт болғаны айтылған.  Имамның дарыны мұсылмандар өмірінің берекесіне себеп болды. Мұсылман тарихшы Ибн Шухр Ашуб имам Казем (ғ.с.) туралы: «Хазірет өз кезеңінің ең дана және Алланың кітабын ең жақсы білетін ғұламасы болды. Ол Құранды көркем оқитын, басқа адамдармен салыстырғанда өте шешен адам болды»,- деп жазды. Діни мәдениетте адамдарға өмірлерінің соңғы сәттеріне дейін өлімді ұмытпауға көп кеңес берілген. Алла елшісі мен пәк имамдар еш уақытта өлімді ұмытпаған. Имам Казем (ғ.с.) да басқа имамдар секілді өлімді ұмытпаған. Хазіреттің намазы мен мүнәжәттарындағы дұғаларының бірі дәл осы мәселеге арналған болатын. Хазірет бұл дұғаны әрқашан өзінің ұзақ сәжделерінде қайталайтын: «Уа, Алла! Өзіңнен жеңіл өліп, қиямет күні кешіруіңді сұраймын». Имам Казем (ғ.с.) намаздарында жылап: «Уа, Алла! Пендеңнің күнәсі үлкен, сондықтан кешіруіңді сұраймын. Сенің кешірімің – жақсылық»,- дейтін.

Имам Мұса Каземнің (ғ.с.) шәһид болған күніне орай әлемнің барша мұсылмандарына  көңіл айтамыз. 

 

 

 

Тегтер