Наурыз-4
(last modified Sun, 07 Apr 2019 11:37:54 GMT )
Сәу 07, 2019 17:37 Asia/Almaty
  • Наурыз-4

Көктем келді. Көктем көзді қуантып, рухты өрлетіп тағы да келді. Оның езуі күлкіге, құшағы гүлге толы. Ол көңілсіз көздерді жұбатып, шаршаған жандарға қуат сыйлайды.

Жолға су шашыңдар, сүйікті келеді.

Бақтарға сүйінші айтыңдар, көктем келеді.

Бақтардың гүлдейтін кезі келеді, көзіміздің қарашығы келеді.

Қайғы қашып, мейірім жанымызға келеді.

Бақ сәлемдесіп, сауырағаш бой түзейді.

Көк шығып, ағаш бүр жарады.

 

Жолдан сүйінші сұраңдар, көктем буы келеді.

Көктем Алла рақымының жауыны мен гүлін ала келді. Балғын өсімдіктер сәждеден бас көтерді. Бұлбұлдар жас бұтақтардың құлағына тіршіліктің әнін шырқайды. Арықтардан су ағып, өмірдің қайта жанданғанын сүйіншілейді. Аспан жердің езуіне күлкі үйіртеді.

Ақ және алқызыл гүлдер – тазалық пен тіршіліктің жаршысы. Биыл екі көктем бір-бірімен астасты. Биылғы көктемнің фарвардин айы қадірлі ережеп айымен қатар келіп, құрметті шағбан айымен жалғасын тауып, қасиетті рамазан айымен аяқталады.

Ия, қазір көктем күлкісі ережеп айының нұры және еркелігімен әрлене түсті. Алла рақымының көрінісі оған ғашық жандардың тынымсыз жүректеріне тыныштық сыйлады.

Бұл көктемде Алланың ізгі есімдерінің бірқатары, соның ішінде Жаратушы, қайта тірілтуші, нәзік, шебер, қабілетті және ойластырушы адамның көз алдында тұрады. Бірақ барлық есімнен жоғары – "әр-Рахман". Көктем – осы көркем есімнің көрінісі. Алла Тағала көктем туралы бір аятта ("Рум" сүресі, 50-аят) өз рақымының әсерлерін баяндап: "Алланың рақыметінің әсерлеріне қара. Жер жүзі өлгеннен кейін оны қалай жандандырды. Рас, Ол өлілерді тірілтеді, Оның әр нәрсеге күші толық жетеді",-деген. 

Бұл аяттың ең айқын тәпсірі мынадай: өлімнен кейінгі Қиямет күні Алла рақымының лебі есіп, адам қайтадан тіріледі. Тәпсіршілер бұдан да жоғарырақ мағына берген. Өлі табиғат Алла рақымының лебімен қайта тірілетіндей, адамдардың өлі жүректері де Алла рақымының лебі және демімен қайта тіріледі. Тек тірілу үшін адам табиғат сияқты Алла рақымының лебін сезуі керек.

Алла Тағала адамға "жүрек" деген үлкен нығмет сыйлады. Құранда айтылғандай, жүрек иман, сенім, жан тыныштығы мен Алла Тағаланы көретін жер болып табылады. Имам Әли (ғ.) айтқандай: "Сыртқы көз оны ешқашан көрмейді, тек жүрек қана оның иманының ақиқатын түсінеді".  Алайда дәл осы жүрек кейде өледі. Яғни, жаман, жағымсыз істер арқылы алдымен адам жүрегінің көзі соқыр немесе жүрегінің құлағы керең болып қалады. Күнә қайталанған соң адамның жүрегі өледі.  Имам Зейнолабединнің (ғ.) осы туралы өте әдемі тәпсірі бар. "Тәубеге келушілер мінәжаты" деген атпен танымал дұғасында ол Құдайға былай дейді: "Құдай, менің үлкен қылмысым жүрегімді өлтірді. Құдай,  менің жүрегімді өзіңе назар салуға ынталандырып, оны өзіңнің рақымшыл көзіңмен қайта тірілт". Бұл – сол Алла рақымының лебі. Егер ол адамның жүрегіне қарай ессе, оның жүрегі тіріледі.

Алайда бүкіл әлемге, соның ішінде біздің жүректерімізге есіп, оны тірілтетін рақым лебі қайда? Қадамдарының жасыл үні жүректердің ауласын әйнекпен көмкеретін және құлазыған жандарды шаттандыратын адам – сол. Көктемнің кереметі мен нәзіктігін тудыратын адам – сол. Шынайы көктем келуден басталады. Ол – шынайы көктем. Ол – әлем халықтары асыға күтетін имам Мехди (ғ.).

Халықтың көктемі мен өмірдің шаттығына сәлем!

Имам Заманның (ғ.) келуі жайлы айтылатын рауаяттарда ол "раби ул-анам" – «халық көктемі» деп аталады. "Раби" араб тілінде "көктем" деген және жерді нығмет пен тазалыққа толтыратын, гүлдер мен өсімдіктерге жаңа өмір сыйлайтын "көктем жаңбыры" деген де мағына береді. Өйткені, жаңбыр көктем мезгілінде басталады. Сол себепті өсімдіктер осы мезгілде өсіп, көгереді. Басқа жағынан "анам" сөзі тек халық пен адамдарға қатысты айтылмайды. Оның кең мағынасы бар. Ол Жердегі бүкіл тіршілік иесін, тіпті одан да жоғары мүмкін әлемдегі бүкіл болмыс пен жаратылыс жүйесіндегі әрбір құбылысты қамтиды. Сондықтан егер имамның рақымшылық демі адамның болмысына жетсе, күнәдан солған жүректер қайта тіріледі. Сол себепті имам "раби ул-анам" деп сипатталған. Бір рауаятта "раби" сөзі бір рет Құран үшін, екінші рет имам үшін айтылған. Құран – "раби ул-ғулуб" – жүректердің көктемі. Егер Құран аяттары мен уағыздары адамның жүрегіне жетсе, жүрек тіріледі. Сондай-ақ, имам да "раби ул-анар", адамдардың көктемі. Егер адам имам билігінің аясына кірсе, көктемге енгендей болып, бүкіл өмірі көктемге айналады.

Жыл сайын көктем келіп, табиғат қайта жанданады. Бүкіл болмыста бір көктем бар. Ол көктемді илаһи діндердің барлығы күтуде. Ол кезде Алла Тағала имам Заманға көрінуге рұқсат береді. Сонда ол халықтың арасында пайда болады. Сол кезде бүкіл әлем тіріледі. "Хадид" сүресінің 17-аятында "Біліңдер, Алла жерді өлгеннен кейін жандандырады. Расында түсінулерің үшін сендерге белгілерді ашық көрсетеді" деп жазылған. Жердің өлуі дегеніміз онда тұратын адамдардың күпірлікке салынуы. Демек, Алла Тағала жерді онда әділет орнататын хазірет Махди (ғ.) арқылы тірілтеді. Сөйтіп, жерді жандандырып, оның тұрғындарын өлген соң қайта тірілтеді.

Кейбір рауаяттарда келтірілгендей, Имам Заман (ғ.) Наурыз күні келеді. Әрине, бұл рауаяттың дұрыс-бұрыстығына қарамай, Имам Заманның пайда болатын күнінің Жаңа күн болатынын айта аламыз.  Ол күні Наурыз бен көктемнің барлық балғындығы бүкіл әлемге тарту етіледі. Ол күні адамзат баласы қам-қайғыдан арылады, зұлымдық пен зорлық жойылады. Ол күні адамдардың жүректеріне иманның ақиқаты келіп, барша жұрт хазіреттің шапағатына бөленеді. Имам Заманның пайда болатын күні илаһи нығметтер, береке мен рақым жауа бастайды. Сол күннен мәңгілікке дейін адамдар илаһи нығметтерге бөленіп өмір сүретін болады. Хазірет Мехди (ғ.) келгеннен кейін әділетсіздіктердің барлығы жойылып, шынайы мейрам келеді. Хадистерде айтылғандай, Имам (ғ.) қай жерге аяқ басса, сол жер көгеріп, гүлденеді. Қай үйге тоқтаса, ол үй шаттық пен тазалыққа бөленеді. Ол табан тіреген жердің барлығынан бұлақ ағады. Аштар мен шөлдегендердің шөлін қандырады. Ол кезде  әділет әрбір үйге келеді. Халық үйлеріне ыстық пен суықтың енгенін қалай сезсе, қауіпсіздік пен әл-ауқаттың да дәмін солай татады...". Ол күні барлық жақсылық пен тазалық қайта оралады. Ол күні қыс мәңгіге кетіп, шынайы көктем келеді.