Наурыз‑3
Наурыз – ирандықтардың ұлы мейрамы 1398 жылдың фарвардин айының бірі – ирандық жаңа жылдың бірінші күні. Көктем демалыстары ирандықтардың ұлы мейрамы Наурыз кезінде басталады. Фарвардин – берекеге толы жаңа жыл, жасыл көктем мен қасиетті Наурыздың бастауы. Мереке мен шаттық құтты болсын!
Шырақтардың биі, осы әуен мен әуез
Бәрі көктем келгенін хабарлайды.
Тұр да, жылы құшағыңды айқара аш.
Болмыстың рухы көктемге жан бітірді,
Бұл күндердің ауырлығына көзжұма қара.
Аңызға толы тарих қойнауынан еліктіретін дауыс естіліп, қыстың суық түндерінің қажытатын үнсіздігін бұзды. Бұл дауыстың бойды елітетін әуені адамды өзі қалаған және сырттан таңылған аурулар мен оқшаулықтардың барлығынан арылтып, өмір тасқынына шақырады. Бұл дауыс өмірдің тұңғиық тереңінен бас көтереді.
Кенет тыныштық, үнсіздік, өлім, алшақтық пен қақтығыстар кетіп, күннің алтын шұғыласының астынан ирандық сырнай мен даңғараның даусы мұғжиза үніндей естіліп, тыңдарманды шаттық пен өзгеріске шақырып жатқанын таңырқай естиміз. Иран мен ирандықтардың бұл мейрамы әлемнің басқа мерекелерінен ерекше.
Наурыз «жаңа күн» деген мағына білдіреді. Ежелгі Иранда көктемде Наурыздың тойланғаны туралы көптеген дерек бар. Олардың ең маңыздысы – фарвардин айы мен осы айда орындалатын рәсімдер. Олар Наурыз мейрамына қатысты рәсімдердің көбімен тығыз байланысты. «Фарвардин» айы «fravaši» (фраваши) сөзінен алынған. Бағзы замандарда Иран қайырымды да діндар марқұмдардың рухына тиесілі болған. Кейбіреулер бұл сөздің тамырын «дұрыс шешім» деген мағынадағы сөзден алынған деп санайды.
Абу Рейхан Бируни көктем басындағы Наурызды жаратылыстың қайта туатын күні, адамның жаралған күні деп атаса, Шамседдин Мұхаммад Дамешқи оны нұрдың жаралған күні деп атады. Көктем мезгілінің басталуы адамдардың қыстағы табиғаттың суық әрі күйзелісті кезеңінен шығып, көктемнің жылы, жайлы әрі гүлденген кезеңі мен қайта жаңару дәуіріне аяқ басуын білдіреді.
Наурыз мерекесін тойлау б.з. дейінгі үшінші мыңжылдықта Азияның кең аумағын алып жатқан Иран халқы арасында кең тараған. Ол күнді "тағдырды анықтау күні" деп атаған. Халықтардың сеніміне сәйкес, Наурыз – көктем мезгілінің басы. Жаңа жылдың басы – адамның алдағы бір жылға тағдыры анықталатын уақыт.
Наурыз мейрамын тойлауды алғашқы патшалар бастаған деседі. Х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырдағы ақындар мен жазушылар, соның ішінде Фердоуси, Ансари, Бируни, Табари мен басқалардың тарихи-мифологиялық дереккөздері исламға дейінгі әдебиет болғаны күмәнсіз. Олар Наурызды Джамшид патшаның заманынан басталған деп санайды. Иранның мифологиялық патшасы Джамшид жамандық, қараңғылық, жәһілдік пен қатігездікті жеңген күні, яғни көктемнің бірінші күні таққа отырып, билікті бастағанын тойлаған. Сол күннен бүгінге дейін халық бұл күнді "жаңа күн" деп атап келеді. Алайда Наурыз мейрамының Джамшидке дейін де тойланғанын айту керек. Абу Рейхан Наурызды Джамшидке телігенімен: "Жаңа күні Джамшид мейрам өткізді. Бірақ оған дейін де Наурыз мейрамы һәм үлкен, һәм қадірлі болған",-деп жазған.
Кейбір тарихшылардың болжамдарына сәйкес, б.з.д. 538 жылы Ахеменилердің патшасы Куруш Наурызды ұлттық мейрам деп жариялаған. Бұл күнде сарбаздардың дәрежесін жоғарылатып, қоғамдық орындарды тазалап, үйлерді жинау жұмыстары орындалған. Сондай-ақ, бұл күні сотталғандар кешірілген. Роман Гришман мен Хартфильд сияқты кейбір зерттеушілердің пікірлеріне сәйкес, Персеполис Наурыз мейрамын өткізу үшін салынған. Өйткені, Ахеменилер заманында Наурыз салтанатты мейрамы 21 есфанд пен 19 ордибеһешт аралығында шамамен екі ай көлемінде көптеген қонақтардың қатысуымен өткізілген.
Ахеменилер заманынан қалған жазба тақташаларға жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Наурыз кезінде әлем халықтарының өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, Персеполис қаласында жиналып, Наурызды тойлаған. Олар бұл рәсімде Иран патшалары мен сарай маңындағыларға қымбат сыйлықтар тарту еткен.
Ахеменилер дәуіріндегі жазба тақташаларда әлем халықтары өкілдерінің Иран патшасына тарту еткен сыйлықтары көрініс табуымен қатар, Дарий I-нің б.з.д. 416 жылы Наурызға арнап алтыннан тиын соққанын, оның бір жағында садақ тартып тұрған сарбаз бедерленгенін көрсететін тарихи құжаттар қалған.
Ислам келгеннен кейін де Наурыз бұрынғыдай ирандықтардың назарында болды. Тіпті, оның дұрыс өткізілуі үшін күнтізбеге өзгерістер енгізілген. Ирандықтар қазір қолданып жүрген күн күнтізбесін 1079 жылы 6 наурызда (15 есфанд) хакім Омар Хайям Нишапури толықтырған. Ол «Джалали күнтізбесі» деген атпен танымал болды. Джалали күнтізбесі жасалғанға дейін кібісе жылдар я есептелмеді немесе күнтізбеде қиындық тудыратындай орналасты. Сондықтан Джалали күнтізбесін маңыздылыққа ие еткен нәрсе кібісе жылдарын есептеу тәсілі болып отыр. Хайям мұны дұрыс есептеп, қиындықты жойды. Зерттеушілердің есептеулері мен астрономдардың пікірлері бойынша, Джалали күнтізбесі – әлемнің ең нақты күнтізбесі. Өйткені, ай күнтізбесінде жыл сайын 10 күн айырмашылық болса, еуропалық күнтізбе әрбір 2500 жылда бір күнге қателеседі. Джалали күнтізбесі әрбір 10000 жылда бір секундқа ғана қателеседі.
Ислам дәуірінде, әсіресе Сефевилер заманында (х.қ.ж.с.б. 10-11 ғасырлар, григориан жыл санағы бойынша 16-17 ғасырлар) Наурыз мейрамы мен рәсімдері исламның кейбір әдет-ғұрыптарымен араласып, жаңа реңк пен діни сипатқа ие болды. Діни әулиелерден қалған хадистер мен рауаяттарда Наурызға ерекше маңыз бен пен құндылық берілген. Оның орны Иран мұсылмандары үшін одан ары жоғарылай түсті. Шиіт ғұламалардың рауаяттары бойынша, Наурыз қасиетті илаһи күн саналады. Бұл күні хазірет Адам (ғ.с.) жаралған. Келесі рауаят бойынша, қоныс аударғаннан кейінгі 10-шы жылы осындай күні хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) хазірет Әлиді (ғ.) Ғадир Хом жерінде өзінің орынбасары етіп тағайындап, мұсылмандардың халифі ретіндеп таңдап, таныстырған. Сондықтан ирандық мұсылмандар Наурызды ұлы да қасиетті күн санап, Наурыздың әдет-ғұрыптарын ирандық-исламдық мәдениетпен араластырып, оған ерекше ұлылық пен салтанат берді.
Бүгінде Наурыз мейрамы кемінде екі аптаға созылады. Ол ескі жылдың соңғы күндері басталып, фарвардиннің 13 күні аяқталады.
Наурыз мәдени-тарихи құбылысы Иран мен ирандық мәдениет әлеміндегі өзінің ұзақ қоғамдық өмірінде сан түрлі шарықтаулар мен құлдыраулардан өтті. Алайда мықты мәдени және әлеуметтік ерекшеліктеріне, рәсімдерінің табиғаттың жаңаруы және халықтың өмір салтымен біте қайнасуына байланысты бұрынғыдай Иран жерінде сақталып, осы күнге дейін жалғасып келеді.
Иран халқы мен Наурыз мәдениеті таралған елдерде Наурыз бен оған қатысты рәсімдердің сақталып қалуының құпиясы бірнеше факторға байланысты. Оның ең маңызды факторлары ретінде Наурыздың табиғаттың қайта жандануымен байланыста болуын, көктем мезгілінде жылдың жаңаруының қайталануын, Наурыз бен оның рәсімдерінің экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген қоғамдармен тығыз байланысын, Наурыз мәдениетінің мықты негізі және оның рәсімдерінің халықтың күнделікті өмірінде қолданыста болуын, ең маңызды ерекшелігі – Наурыз рәсімдерінің шаттық пен қуаныш сыйлауын атауға болады.
Иран бірнеше мыңжылдық өркениеті мен бай мұралары, терең рухани және материалдық мәдениетіне байланысты өзінің ұлттық болмысын қалыптастыратын көптеген элементтерге ие. Ежелгі заманда ирандықтарда өте көп мейрам болған. Олардың көбі қоғамдық деңгейде және жалпыхалықтық сипатта өткізілген. Бірақ уақыт өте келе әртүрлі тарихи оқиғалар біртіндеп осы мейрамдарға әсер етіп, олардың саны мен маңызы төмендеген. Осы күнге дейін сақталып, қоғамдық деңгейде және ресми түрде тойланып келе жатқан жалғыз мейрам – Наурыз бен оның алдындағы кейбір рәсімдер. Бұл мейрам әлемде Иранның атымен танымал.
Наурыз – 2010 жылдың 23 ақпанында дүниежүзілік мұра ретінде ЮНЕСКО ұйымының тізімінде тіркелген көпұлтты жәдігерлердің бірі. Бұл жәдігер халық саны тұрғысынан ең ірі ортақ мұра саналады. Наурыз мейрамы материалдық емес мәдени мұра ретінде дүниежүзілік тіркеуден өтті.
Материалдық емес мәдени мұра көбінесе атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызекі түрде беріледі. Таратушылар оған өз болмыстарының бір бөлігі ретінде қарайды. Бұл мұра тарих бойында уақыт пен мекеннің талаптарына сай әрдайым жаңғырып тұрады. Бұл қайта жаңғыру – оның тірі сақталуының нышаны. Материалдық емес мәдени мұра тағы бір ерекшелікке ие. Материалдық мәдени мұраға керісінше ол шекараларды басып өтіп, адамдар, топтар, қауымдар мен ұлттар арасындағы қарым-қатынасқа әсер етіп, бір географиялық аумақтан екіншіге енеді.
Наурыз мейрамында әдемі символикалық рәсімдер бар. Оларды мыңдаған жылдардан бері Иран халқы орындап келеді. Жыл сайын бұл мейрам біртұтас өзектей әлемнің түкпір‑түкпіріндегі ирандықтардың басын қосады. Наурыз ирандықтар үшін алыс-жақындығына қарамай, қай жерде болса да, жыл ауысқанға дейін өз үйлері мен ата-аналарының, жұбайлары мен балаларының, үйдің үлкендерінің жанына жетіп, Наурыз дастарханы айналасына жиналып, жаңа жылды қарсы алу үшін мықты дәлел болып табылады
1398 жылдың Наурызы да жүздеген, мыңдаған жыл бұрынғы Наурыз сияқты болды. Жаңа күні ескі рәсім орындалды.
Наурыз құтты болсын!