Имам Хусейн (ғ.с.) – ақлақ пен адамгершіліктің үлгісі
Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад-Мұстафаның (с.ғ.с.) немересі әрі шиіттер мен әлемнің азаттық талап етушілерінің көшбасшысы имам Хусейннің (ғ.с.) туған күні құтты болсын!
Хиджраттың төртінші жылының шағбан айының үшінші жұлдызында жер бетіндегі ең жақсы үйлердің бірінде сәбидің дүниеге келуі туралы хабар Исламның ұлық пайғамбарының жүрегін қуанышқа бөледі. Бұл сәби хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың (ғ.с.) екінші перзенті Хусейн (ғ.с.) еді. Ол атасы Пайғамбардың (с.ғ.с.) жолын жалғастыру үшін дүниеге келді.
Имам Садықтың (ғ.с.) рауаяттарының бірінде: "Имам Хусейн (ғ.с.) дүниеге келген кезде Жебірейілге мың періштемен бірге хазірет Фатиманың (ғ.с.) перзентіне қуаныш білдіріп, бақыты болуын тілеу үшін жерге түсу бұйырылды",- деп айтылған. Имам Хусейннің (ғ.с.) есімі Тәуратта "Шабр", "Шабир", Інжілде "Таб", "Тайеб" деп аталған. Күниесі – Аба Абдолла, лақабы – Сейед Шабаб әхл әл-Джаннаһ (жәннат жастарының көшбасшысы).
Имам Хусейн (ғ.с.) ерекше қадір-қасиеттерге ие. Ол алты жыл Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында өмір сүргендіктен атасының пәктігі оған әсер етті. Хазіреттің зияратнамасынан: "Уа, менің басшым! Уа, Аба Абдолла! Сенің пәк әке мен пәк анадан дүниеге келіп, сені жәһілдіктің ластамағанына куәлік етемін",- деп оқимыз. Имам Хусейнді (ғ.с.) Исламның ұлық пайғамбары мен ағасы имам Хасан (ғ.с.) ерекше жақсы көрді. Күндердің бірінде Алла елшісі сахабаларымен қонаққа бара жатқан кезде көшеде ойнап жүрген немересі имам Хусейнді (ғ.с.) көреді. Хазірет балаға қарай жүргенде бала қашады. Атасы күліп, оны қуалайды. Қуып жеткен соң оны бетінен сүйіп: "Хусейн менен, мен Хусейнненмін. Алла Тағала Хусейнді жақсы көрген адамды жақсы көреді",- деді.
Имам Хусейн (ғ.с.) хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың (ғ.с.) отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленіп, әділет, адамгершіілк пен қадір-қасиет негіздерін бала кезінен үйренді. Ол уаһи хабарлар түскен кездегі Алла елшісінің жүзін тамашалайтын. Ол сол кездері Пайғамбардың (с.ғ.с.) жүзінің нұрланғанын көріп, көптеген нәрсе үйренді. Тіпті дұшпан хазіреттің ұлы тұлға екендігін мойындайтын. Имам Хусейннің (ғ.с.) түрі мен сөзі хазірет Әлиді (ғ.с.) еске түсіретін. Ол жастық шағынан батылдығы және қырағылығымен Ислам діні мен оның басшысын қорғауды өз өмірінің маңызды негізі деп білді. Ол білімнің теңізі болып, барлық құбылыстан хабардар болды. Имам: "Біз – Құранның іліміне иеміз. Бізге берілген нәрсе басқаларға берілген жоқ",- деген. Имам Хусейннің (ғ.с.) болмысында білім мен мистиканың астасуы бұл тұлғаның рухын мейірімді әрі сенімді етті. Имам әлсіздер мен мақұрымдарға ерекше жаны ашитын. Алламен сырласқан кезде бар махаббатын білдіретін.
Исламның ұлық пайғамбарының дүниеден озғанынан 50 жыл өткен кезде жалғандық шындықтың орнын басып, дүниеқұмар, кекшіл әрі қатыгез адамдар халықты кемсітіп, дінді бұрмалай бастады. Имам Хусейн (ғ.с.) егер дер уақытында шара қолданбаса, жалғандық таралып, барлық нәрсенің оның құрбаны болатыны, сондай-ақ, егер шындық шетте қалса да, адал армандардың еш уақытта жеңілмейтінін, қараңғыда да жарқырай түсетінін жақсы білді. Имам Хусейннің (ғ.с.) көтерілісі Құран Кәрімнің: "(Бәдір соғысындағы) екі топтың қарсыласуында сендерге бір ғибрат бар. Бір топ Алла жолында соғысады. Екінші жақ қарсы еді...",- деген "Әл-Имран" сүресінің 13-ші аятына сай келеді. Басқаша айтқанда, имам Хусейн (ғ.с.) мен Язид – бір-бірімен бетпе-бет келген шындық пен жалған ағымдардың екі үлгісі.
Имам Хусейн (ғ.с.) ержүрек, жомарт, мейірімді әрі қарапайым адам болды. Ол кедейлермен бір дастарханның басында отырып, олардың шақыруын қабылдап, өзі де оларды асқа шақыратын. Қарыз сұрағандарға көмектесіп, әрқашан мазлұмдарды қолдайтын. Білім тұрғысынан әкесі хазірет Әли (ғ.с.) секілді ғылымның барлық саласында білімді болды.
Имам Хусейн (ғ.с.) туралы тарих бойында мұсылмандар ғана емес, мұсылман еместер де көп жазды. Христиан зерттеушісі әрі тілші Антонио Бара: "Имам Хусейн (ғ.с.) қозғалысының рухындағы шексіз рухани энергияны пайдалану қажет. Бұл энергия – мұсылмандардың арасындағы аманат. Сондықтан оны үлкен мақсатқа ие символ ретінде әлемдіктерге таныстыру керек. Бұл аманат – барша әлемдіктерге қатысты үлкен байлық. Сондықтан оны адамзатқа ұсыну қажет",- деді. Ол имам Хусейннің (ғ.с.) христиандық ой-пікірлеріне әсерін зерттеп: "Біз имам Хусейнді (ғ.с.) таныстырайық десек, тіпті Ислам пайғамбарының ол хазіретті "жаннат жастарының көшбасшысы" деп атауының мағынасының оннан бір бөлігін де түсіндіре алмаймыз. Менің ойымша, имам Хусейн (ғ.с.) – Исламның жарығы. Бұл жарық миллиондаған мұсылманды дұрыс жолға нұсқап, құтқарды. Егер Имам Хусейн (ғ.с.) біздің діннен шыққанда, жердің әр бөлімінде ту тігіп, мұнара орнатып, халықты христиан дініне шақыратын едік. Хусейннің (ғ.с.) жеңісі мені таң қалдырды», - деп айтқан еді.
Имам Хусейннің (ғ.с.) өмірі, ой-пікірі мен көтерілісінен сабақ алдық. Хазіреттің туған күні адамзат адамгершілік пен қадір-қасиеттерінен айрылып келе жатқан жағдайда имам Хусейнмен (ғ.с.) танысып, оның ерлігін қайта оқып, оның армандары мен мақсаттарын шындық үшін талпынуға үлгі тұту керек. Расында, имам Хусейн (ғ.с.) – адамдарды өмірдің ең жоғары түсініктерімен таныстыра алатын мәңгілік шындық.