Йемен соғысының бесінші жылы 2
(last modified Sat, 27 Apr 2019 09:36:54 GMT )
Сәу 27, 2019 15:36 Asia/Almaty
  • Йемен соғысының бесінші жылы 2

2019 жылдың 26 наурызында саудиялық коалицияның Йеменге қарсы бастаған соғысының бесінші жылы басталды. Саудиялық коалицияның өткен төрт жылдағы ең кедей араб елі Йеменге қарсы әрекеттері әскери қылмыс саналады.

Саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысы адамдардың қырылуы, жаралануы, босқынға айналуы, аштық пен аурулардың  таралуы секілді адами апаттар мен халықтың тұрмысынан айрылуы және қалалардың инфрақұрылымдарының қирауы сынды салдарларға соқтырды. Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, өткен төрт жылда 600 000-нан астам йемендік жұмыс орындарын жоғалтқан. Йемен халқының көбі ауылшаруашылығында жұмыс істейтін. Бүгінде елдің ауылшаруашылығы жойылды. Жүздеген мың отбасы отағасы немесе жанұя мүшелерінің бірінің өлуіне байланысты психикалық дағдарыспен бетпе-бет келуде. Бұл жағдай Йемен халқына ұзақ уақыт бойы теріс әсерін тигізеді.

Йеменнің әртүрлі аймағында мектептердің қирауына немесе халықтың босқынға айналуына байланысты 2 миллионнан астам йемендік бала білім алудан мақұрым қалды. Құқық және даму орталығының мәліметі бойынша, өткен төрт жылда 15 әуежай, 2661 жол мен көпір, 1824 үкіметтік мекеме, 14 порт, 193 электр генераторы мен аялдама, 434 байланыс желісі, 341 аурухана мен дәрігерлік орталық, 945 мешіт пен 424654 тұрғын үй саудиялық коалицияның әскери ұшақтарының шабуылдары салдарынан қиратылды немесе зардап шекті. Бұл соғыс салдарынан Йеменнің медициналық орталықтарының жартысынан көбі жабылды немесе жұмыстарын азайтты. Йеменнің аймақтарының 18 пайызында дәрігер жоқ. Соғыс салдарынан дәрігерлердің көбі Йеменнен кеткен немесе жандарынан қорқып, ауруханаларға бармайды.

Бұл қылмыстар 2019 жылдың 26 наурызында Йемен соғысы бесінші жылға аяқ басқан күні де қайталанды. Тек бір күні ғана, 26 наурызда Йеменге қарсы 26 әуе шабуыл жасалды. Солардың салдарынан 8 адам қаза болып, 7 адам жарақат алып, 11 тұрғын үй мен бір аурухана зардап шекті. Саудиялық коалицияның әскери ұшақтары 26 наурызда Сааде облысындағы ауруханалардың бірін бомбалап, кемінде 8 адамды, соның ішінде 5 баланы өлтірді. Балалардың бірі 8 жаста, екеуі 10 жаста, тағы біреуі 12 жаста, басқасы 14 жаста болды.  

Йемендегі БҰҰ-ның гуманитарлық істердің үйлестірушісі Лиз Гранд халықаралық құқық бойынша ауруханалар мен медициналық орталықтарға жасалған шабуылдарды айыптап, бұл шабуылдарды тоқтатуға шара қолдануды талап етті. Бірақ, Йеменге қарсы саудиялық коалицияның қылмыстарын тоқтатуға қатысты әлемдік ерік-жігер байқалмайды.

 

Қауіпсіздік кеңесі секілді шешім қабылдайтын халықаралық ұйымдар саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысының төртінші жылы бұл коалицияның қарапайым халыққа қарсы  көптеген әскери қылмыстарына қарамастан үнсіздік танытып, соғыстың алдын алатын және Йемен халқына қолдау көрсететін шара қолданудан бас тартты. Бірақ, адам құқығы сияқты тәуелсіз халықаралық органдар көптеген мәлімет жариялап, әлемдік қоғамдық пікірдің назарын саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысына аудартты. Сауд коалициясының әскери ұшақтары 2018 жылдың тамыз айында Сааде облысында оқушыларды тасымалдайтын автобусқа шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан әскери емес 50 адам қаза болып, 79 адам жараланды.  Олардың көбі 13 жасқа толмаған оқушылар еді. Оқушылар Захиан қаласында жазғы демалысқа шыққан болатын. Бұл қылмыс саудиялық коалицияның Йеменге қарсы әрекеттері туралы көптеген мәліметтің жариялануына себеп болды. Балаларды құтқаратын ұйым саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысын «балаларға қарсы соғыс» деп атады. БҰҰ Амнистия ұйымы өткен жыл бойы Сауд Арабиясы басқарған коалицияның Йеменге қарсы қылмыстары туралы көптеген мәлімет жариялап, коалицияға мүше болып кіретін елдерге қару-жарақ санкциясын салуды талап етті. Адам құқығы инспекторлары да әртүрлі мәліметтер басып, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігінің Йеменде әскери қылмыс жасап жатқанын жариялады.

 

Йемен дағдарысына қатысты ащы жайттардың бірі адам құқығы туралы жар салушылардың саудиялық коалицияға тікелей қолдау көрсетуі немесе бұл қылмыстарды үнсіздікпен қолдауы болып табылады. Америкалық «Нью-Йорак таймс» газеті 2018 жылы 3 мамырда «Көк қалпақтылар» деп танымал болған АҚШ-тың арнайы күштерінің Сауд Арабиясы мен Йемен шекарасында саудиялық әскерилерге көмектесу үшін орналасқанын хабарлады. Бұл газет Йеменге қарсы соғысып отырған саудиялық коалицияға Батыстың көмектерін арттырғанын қуаттап, америкалық сенаторлардың Пентагон басшыларымен бірге өткізген отырысына тоқталып, АҚШ-тың орталық штабының басшысы Жозеф Вотельдың сөзіне сүйеніп: «Олардың шекараларын қорғау үшін саудиялықтарға көмектесеміз. Біз оларға ақпараттық және логистикалық көмек көрсетіп, кеңес береміз»,- деп жазды. 2019 жылдың наурыз айында АҚШ Конгресі екі палатасының өкілдері саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысын қолдайтыын мойындады. АҚШ Конгресі Йеменге қарсы соғысып жатқан саудиялық коалицияға АҚШ-тың әскери қолдауын тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл қарар 14 наурызда 54 «оң»  және 46 «қарсы» дауыспен АҚШ Сенатында, 4 сәуірде 247 «оң» және 175 «қарсы» дауыспен АҚШ Өкілдер Палатасында бекітілген болатын. Бірақ, Трамп бұл шешімге вето қолданады.  

Басқа Батыс үкіметтері саудиялық коалицияның Йеменге қарсы қылмыстарын айыптап, Сауд Арабиясына қару-жарақ экспортын тоқтату керектігін сөз жүзінде жариялағанымен, іс жүзінде Йеменге қарсы соғысты тоқтатып, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігінің ең кедей араб еліне қарсы қылмыстарын зерттеп, оларды жауапқа тарту үшін еш шара қолданған жоқ.  Сөйтіп, адам құқығы туралы уәж айтатындар адам құқығы мәселесіне екіжүзділік білдіретіндерін көрсетті. Олардың мүдделірне қатысты жайттарда адам құқығы құрбан болады. Саудиялық тақмұрагері Мұхаммад бен Салманның жобалауымен Стамбұлдағы елшілігінде саудиялық тілші Джамал Хашоғджи өлтіріліп, мүрдесі бөлшектенген соң еуропалық мемлекеттер мен АҚШ Конгресі Сауд Арабиясына дұрыстап қысым жасаған жоқ.

Саудиялық коалицияның Йеменге қарсы қылмыстарының жалғасуы және бұл соғыстың бесінші жылының басталуымен оның келешегі белгісіз қалып отыр. ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф: «Сауд Арабиясы мен одақтастары 2015 жылдың сәуір айында Иранның Йеменге қатысты жобасын қабылдамады. Бұл сұм соғыстың бесінші жылы басталғанда соғысты тоқтату үшін әлі кеш емес екенін еске саламын»,- деп жазды.

 

Йеменге қарсы соғысқа Сауд Арабиясы күн сайын 200 миллион доллар қаржы шығарып отыр. Сауд Арабиясы бюджет тапшылығымен бетпе-бет келгенімен, Сауд әулеті мен оның одақтастарының Йеменге қарсы қылмыстарын тоқтатқысы келетіні байқалмайды. Сондай-ақ, кейбір араб мемлекеттері соғысты тоқтату туралы емес, бұл соғыстан көріп отырған пайдалары туралы ойлауда.

 

 

      

 

Тегтер