«Мұғалім күні» – ұстаз Мортаза Мотахаридің шәһид болған күні
Ұлы ұстаз Мұртаза Мұтахаридің шәһид болған ордибехештің он екісі мұғалімдерге алғыс айтып, құрмет білдіретін күнге айналды.
Ұлы ұстаз Мұртаза Мұтахаридің шәһид болған ордибехештің он екісі мұғалімдерге алғыс айтып, құрмет білдіретін күнге айналды.
Мұғалімге тағзым етіп, құрмет көрсету – ғылым мен білімге тағзым ету. Мұғалімді ұлықтау күнде таңертең шынайылық себетін өзімен бірге сыныпқа алып кіріп, аялы алақанымен жүректердің бұтақтарын үмітке толы ертеңмен жалғайтын бағбанға құрмет білдіру болып табылады. Ислам пайғамбарының айтуынша, "Жердегі ғалымдар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Олардың көмегімен сайын дала мен теңіздің қараңғылығында да дұрыс жолды табуға болады. Олар сөнгенде жол тапқандардың адасқаны көп-ақ".
Мұғалім күні құтты болсын! Осы күнге орай шәһид Мұтахаридің ұстаздық дәрежесі мен ойлары жайлы әзірлеген бағдарламамызды ұсынамыз.
Ғылым адам құндылығының жоғарылап, ой-санасының өсуіне себеп болады. Мұғалім – білім беріп, ғылым үйрететін адам. Сондықтан шәкірттер мен қоғамдағы барлық адамдар оған қарыздар. Ол илаһи аманаттарды бұзылу мен бүлінуден сақтайды, балаларға тәлім-тәрбие беру арқылы олардың дамуы мен кемелденуіне жағдай жасайды. Алланың елшісі: "Құдай, періштелер, Жер тұрғындары, тіпті ұясындағы құмырсқа мен теңіздегі балықтар халыққа жақсылық үйрететін мұғалімдерге сәлем айтады",-деген. Пайғамбар шәкірттерден өз мұғалімдерін қадірлеп, олардың құқықтарын сақтауды сұрады. Алла елшісі үш рет: "Уа, Алла, орынбасарларыма рақым ет",-деп айтқан. Одан: "Сіздің орынбасарларыңыз кім?"-деп сұрағанда: "Менің хадисім мен сүннетімді баршаға жариялап, менің үмбетіме үйрететіндер",-деген.
Мұғалімнің ең негізгі және бірінші белгісі –адам қалыптастыруға талпыныс жасауы. Құран Кәрім адамзат тарихындағы ұлы мұғалім Ислам пайғамбарын былай таныстырады: "Мүміндерді жақсы көреді, оларға жетекшілік етіп, жол көрсетуге ұмтылады". Адамдарға жетекшілік етіп, бағыт-бағдар беруге құштарлық – кемел мұғалімнің қасиеті. Мұндай құштарлығы жоқ ешбір мұғалім сәттілікке қол жеткізбейді. Шындығында, бұл рух – мұғалімді тәлім-тәрбие беруге ұмтылдыратын күш. Мұғалімнің құштарлығы білім ордасының қуаныш пен шаттыққа толы болуына себеп болады. Мұндай ортада мұғалім мен шәкірт болашаққа үмітпен қарап, жақсырақ әрі жарқын күндер үшін талпыныс жасайды.
Мұғалім болу – өнерпаз болу, ұстаздық өнермен таныс болу. Мұғалім болу тек мағлұматтарға ие болу деген сөз емес. Әрбір мұғалім ұстаздық өнерімен таныс болуы керек. Даналық, ой толғау және жаңашылдық – заманауи ғылыммен бірге қадам басатын мұғалімнің ерекшеліктерінің бірі. Заманауи ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерден хабардар әрі оларды оқушыларын оқытуда пайдаланатын адам сәтті мұғалім болып табылады.
Оқушыларға мұғалімнің рухани ықпалы қатты әсер етеді. Кейде бұл әсер бір ұлттың тағдырын өзгертеді. Сәтті адамдардың көбі өздерін жетістіктері үшін мұғалімдеріне қарыздар санайды. Өз өмірлеріндегі сәтсіздіктер мен күйзелістерді мұғалімдердің нашар қатынасынан деп санайтын адамдар да бар. Ұстаз шәһид Мұтахари өз мұғалімі қажы Мырза Әли Ширази туралы былай деп айтқан: "Ол ұлы адам еді. Маған бірінші рет Наһдж ул-Балағені таныстырды. Ол кісіден дәріс алу әрдайым менің өмірімнің бағалы қазынасы саналады. Оны ештеңеге айырбастамаймын. Ол кісіні еске алмаған, есімін атамаған күнім болған емес",-деген.

Ислам революциясы көрнекті мұсылман ойшылдары мен ғалымдары ұзақ жылдар бойы қалыптастырған, тамыры тереңге бойлаған мәдени-идеологиялық талпыныстарға қарыздар. Ұстаз шәһид Мұтахари бұл замандағы көрнекті мәдени-идеологиялық тұлғалардың бірі саналады. Ол исламдық ойды терең түсіну арқылы қазіргі буынның көптеген сұрақтарына жауап берді. Ұстаз шәһид Мұтахаридің ерекшелігі – жаңа ойлар мен жасампаз идеяларға ие болып, исламды дұрыс тани білгенінде. Ұстаз Мұтахари қоғамдағы сауатты адамдарды, әсіресе мәдени тұлғаларды тәрбиелеуде әсерлі рөл атқарып, өзінен кейін құнды еңбектер қалдырды. Бұл еңбектер революциядан кейінгі буынның идеологиялық қажеттіліктерін ұзақ жылдар бойы қамтамасыз етіп келеді. Өйткені ұстаз Мұтахари ислам дінін қоғам мен жас ұрпақтың сол кездегі қажеттіліктеріне сай тәпсірлеп, бұл діннің ағартушылық құндылықтарын қайта жаңғыртқаны соншалықты, Батыстың кез келген ағартушысымақ ойлары мен кертартпа пікірлерінің ықпал ету жолдарын жауып тастады.
Ұстаз шәһид аятолла Мұтахари х.ш.ж.с.б. 1298 жылы 13 бахманда, сәйкесінше 1919 жылы Мешхед қаласынан 75 км жерде орналасқан Фариман елді мекенінде текті дінбасы жанұясында дүниеге келді. Сәл есейген соң мектепке барған. 12 жасында Мешхедтегі діни оқу орталығында исламдық ғылымдар негізін оқыды. Х.ш.ж.с.б. 1316 жылы, сәйкесінше 1927 жылы Реза ханның дінбасылармен қатты күресі мен жақын достардың қарсылығына қарамастан, білімін жетілдіру үшін Құмдағы діни оқу орталығына аттанды. Құмда 15 жыл тұрған кезде ол марқұм аятолла Бруджердиден фикһ пен негіздер пәнінен, хазірет имам Хомейниден 12 жыл бойы Молла Садраның философиясын, сопылық, ақлақ және негіздер пәндерінен, марқұм алламе сейіт Мұхаммад Хосейн Табатабаидан философия, теология, Ибн Синаның "Шипа" және басқа да пәндерден дәріс алды. Х.ш.ж.с.б. 1331 жылы, сәйкесінше 1952 жылы танымал мұғалімдердің бірі әрі діни оқу орталығының үміттерінің бірі саналған тұста Мұтахари Теһранға көшіп келді. Ол Теһранда Марви мектебінде дәріс беріп, баяндамалар жасады. Х.ш.ж.с.б. 1334 жылы, сәйкесінше 1955 жылы ұстаз Мұтахари Студенттердің исламдық қоғамының алғашқы тәпсір сабағын өткізді.
Шәһид Мұтахари имам Хомейни қудалауда болған кезде дінбасыларды біріктіруде негізгі тіректерді бірі болды. Ол халыққа жол көрсетіп, жетекшілік жасау үшін табандылық танытып, Ислам революциясының ауытқуына жол бермей, исламның қоғамды басқарудағы әлеуетіне толық сеніммен Ислам революциясының көзқарастарын баяндап, баршаға оның әртүрлі қырын түсіндірді. Ұстаз Мұтахари исламдық емес және эклектикалық жүйелерді тарату туралы әртүрлі пікірлер естіліп жатқан жағдайда имам Хомейниді жақтап, Ислам революциясының армандарын қорғады. Қырағы исламтанушы ғалым, данышпан, мықты философ, ұстаз шәһид Мұтахаридің ойлары әрдайым жастар мен оқымыстылардың қызығушылығын тудырып келеді. Ұстаз сол замандағы күдік-күмәндарға жауап беріп, идеологиялық бұрмалаушылықтармен күресті өз талпыныстарының өзегіне айналдырған тұлға болған. Ол тіпті осы ғылыми талпыныстардың жолында жанын пида етті. Имам Хомейни ұстаздың қайтыс болғаны туралы хатында: "Мен өте қадірлі баламнан айырылдым, соны жоқтап отырмын. Ол менің өмірімнің нәтижесі саналатын тұлғалардың бірі болды. Бұл қадірлі ұл әрі мәңгілік ғалым шәһид болғаннан кейін Исламда ешкім орнын толтыра алмайтын жарықшақ пайда болды",-деген.
Шәһид Мұтахаридің ойлары мен еңбектерінің ислам қоғамына терең әсерін ескеріп, Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи шәһид Мұтахариді сарқылмайтын берекелі бұлақ деп атаған. Қоғамның гүлденуі мен ой-сананың дамуы үшін оның ойлары мен еңбектерін зерттеу керек. Ғылымға құмар адамдар мен зерттеушілер шәһид Мұтахаридің әртүрлі тақырыптардағы ойлары мен пікірлерін саралауы керек. Аятолла Хаменеи: "Оның еңбектері өзі сияқты тірі. Шәһид Мұтахаридің кітаптары өлмейді де, бітпейді де. Біз революциядан осы күнге дейін шәһид Мұтахаридің еңбектерін үсті-үстіне басып шығару арқылы қайталамалы іс атқарып жатырмыз деп ешкім ойламасын. Ақиқат және хикмет сөзі қайталанбайды. Біздің қоғам, жас буын мен ғылыми-мәдени орта әлі күнге дейін осы ұлы ұстаздың қаламынан шығып, ислам үмбетіне тарту етілген тақырыптарды білуге мұқтаж",-деді.