Рамазан – қасиетті ай 1
Жақсылық пен береке, илаһи рақым мен мейірімге толы қасиетті Рамазан айына сәлем! Бұл айдағы демдеріңіз тәсбих, ұйқыларыңыз ғибадат саналып, іс-әрекеттеріңіз қабыл болып, дұғаларыңыз орындалады.
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла Тағала сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар». («Бақара» сүресі, 185-ші аят).
Жақсылық пен береке, илаһи рақым мен мейірімге толы қасиетті Рамазан айына сәлем! Бұл айда демдеріңіз тәсбих, ұйқыларыңыз ғибадат саналып, іс-әрекеттеріңіз қабыл болып, дұғаларыңыз орындалады.
Алланың қонағы болуға шақыратын, ғибадат ететін және рақым түскен қасиетті Рамазан айының келуі құтты болсын!
Хазірет Әлидің (ғ.с.) айтуынша, Алла елшісі шағбан айының соңғы күндеріндегі уағыздарында қасиетті Рамазан айы туралы былай деді: «Уа, халайық! Алланың айы берекесі, рақымы және кешірімімен сендерге бет бұрды. Бұл ай – Алланың алдындағы ең жақсы айлардың бірі, күндері – ең жақсы күндер, түндері – ең жақсы түндер, сағаттары – ең жақсы сағаттар. Алланың қонағы болуға шақыратын бұл айда демдеріңіз тәсбих, ұйқыларыңыз ғибадат саналып, іс-әрекеттеріңіз қабыл болып, дұғаларыңыз орындалады. Бұл айдағы аштық пен шөлдің арқасында қиямет күніндегі аштық пен шөлді еске алып, мұқтаждар мен кедейлерге садақа беріңіздер, үлкендеріңізді құрметтеп, кішкентайларыңызға аяушылық білдіріп, жақындарыңызға жақсылық жасаңыздар. Сөздеріңізге абай болып, көздеріңізді харам нәрселерден сақтаңыздар. Халал емес нәрселердің алдында көздеріңізді жұмыңыздар. Жетімдерге мейірім білдіріңіздер. Сонда олар де сіздерге мейірім білдіреді. Жасаған күнәларыңыз үшін Алладан кешірім сұрап, тәубеге келіңіздер. Намаз кезінде қолдарыңызды аспанға қарай жайып, дұға тілеңіздер. Өйткені, намаз уақыты – ең жақсы сағаттар. Алла Тағаланың намазхандар мен сәжде жасаушыларға қаһарын білдірмей, қиямет күні тозақ отынан құтқаруға ант бергенін біліңіздер. Уа, халайық! Бұл айда жәннаттың есіктері ашық. Сондықтан Алладан оның есігін алдарыңыздан жаппауды сұраңыздар. Керісінше, бұл айда тозақтың есігі жабық, Алладан оны алдарыңыздан ашпауды сұраңыздар. Бұл айда шайтандар қамауға алынады, сондықтан Жаратушыдан оларды сендерді билетпеуді сұраңыздар». Хазірет Әли: «Мен орнымнан тұрып: «Уа, Алланың Елшісі! Бұл айдағы ең жақсы ғамал не?»- деп сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Аба әл-Хасан! Бұл айдың ең жақсы ғамалы Алланың тыйым салған нәрселерінен алыстату»,- деп жауап берді.
Рамазан айы – қамари күнтізбесінің тоғызыншы айы және ең жақсы айлардың бірі. Илаһи рақымның дастарханы Аллаға ғашық пенделерді өзіне шақырады. Періштелер: «Уа, адам! Бұл айда тозақтың есігі жабық; шайтан шынжырлануда. Жәннаттың есіктері пенделерінің алдынан ашық. Сондықтан ораза және ғибадаттарыңызбен Алланың ризалығына ие болып, өздеріңізді жәннатқа дайындаңыздар»,- дейді. Қасиетті Рамазан айы – сәресі және ауызашар кезінде дұға жасау, Құран аяттарын оқу, күнәлардан алыстау және Аллаға жақындау, басқалармен келісімге келу және кедейлер мен аштарға аяушылық білдіру үшін ерекше мұрсат. Алла елшісінің немересі имам Хасан (ғ.с.): «Алла Рамазан айын өз пенделері бір-бірімен Оның ризалығына ие болу үшін бәсекелесетін майдан етіп қалыптастырды»,- деді. Алла елшісі мен пәк имамдар (ғ.с.) көптеген хадистерінде Рамазан айының маңыздылығы туралы айтты. Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.): «Рамазан айының бірінші түні аспанның есіктері ашылып, айдың соңғы күніне дейін жабылмайды», келесі бір хадисінде: «Бұл ай өтіп, күнәлары кешірілмеген адам қандай бақытсыз»,- деген болатын. Жүректі тазартып, әртүрлі ахлақи ластықтар және жағымсыз істерден таза ұстау илаһи рақымға бөлену үшін қажет жағдайлардың бірі.
Құранның нұрлы аяттарын оқып, жүректерімізді тазартып, бұл қасиетті айды Аллаға жақындау үшін пайдаланайық. Илаһи шақыруға немқұрайдылық танытатын адамдар илаһи рақымның жаңбырын көрмейді, мүміндер бұл ерекше мұрсатты ең жақсы түрде пайдаланады. Рамазан айында Алланың шексіз мейірімі ерекше байқалады. Рамазан айындағы илаһи дастархан – күнәлардан тазарып, құлшылық жолында қадам басу. Жүректері ояу адамдар Алланың қонағы болудың сәттері мен бұл айдың берекесін пайдалануға талпынады. Олар Алла елшісінен үлгі алып, бұл айдың әр күні үшін ғибадат бағдарламасын белгілейді. Алла елшісі мен хазірет әулеті Рамазан айының берекеге толы күндерін көбірек пайдалану, дұға мен Құран оқу, зікір айту мен тәубе ету, мұстахаб намаздарын оқу туралы көптеген ақыл-кеңес берді. Алла елшісі мен хазірет әулетінің мүшелерінен сәресі, уәжіп намаздардан кейінгі, күндіз және түнде оқитын дұғалар қалды.
Құран оқу – Исламның ұлық пайғамбары мен хазірет әулетінің Рамазан айы үшін қуаттаған амалдарының бірі. Басқа айға қарағанда Рамазан айында Құран оқу ерекше сауапқа ие. Бұл айда оқылған бір аят басқа айлардағы бүкіл Құранды оқыған сауапқа ие. Діни тұлғалар қасиетті Рамазан айының түндері мен күндері Құран оқуды ең жақсы ғамал санайды. Өйткені, Рамазан – Құран жіберілген ай. Хадистердің бірінде: «Әр нәрсенің көктемі бар. Құранның көктемі – Рамазан айы»,- деп айтылды. Негізінде, шынайы мұсылмандар шағбан айынан бастап өздерін қасиетті Рамазан айына дайындайды. Олар шағбанның мүнәжеттерін оқып, Аллаға жақындауға талпынады. Мүнәжеттерінің бірінде: «Уа, Алла! Өзіңнен басқадан алыстауға көмектес»,- деп айтылған.
Шынайы мүмін Рамазан айында Жаратушыға ғибадат жасап, материалдық өмір мен Алладан басқаға тәуелді болудан алыстауды көздейді. Ол Алланың ризалығына ие болу үшін ішіп-жеуден тартынып, Құран аяттарын оқиды; көздері мен құлақтарына тыйым салынған нәрселерді көріп, тыңдауға рұқсат етпейді. Мүмін бұл айда адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, жетімдерге мейірім білдіріп, кедейлер мен мұқтаждарға көмектесіп, Алланың ризалығына ие болғысы келеді. Сәресі кезінде бұл қасиетті айдың дұғаларын оқып, күнәлары үшін өкініп, олардың орнын толтыра алмайтындарын білдіріп, жылап, Жаратушыдан кешірім сұрайды. Мүмін адам Жаратушыға өз құлшылығын көрсету үшін барлық ғамалдарын орындап, Алладан күнәларын кешіруді сұрайды.
Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!