Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(5)
Бұл бағдарламада иманды адамдарға берілген кейбір илаһи уәделерді баяндаймыз.
Ардақты ағайын, сіздердің ғамалдарыңыз бен ғибадаттарыңызды Алла қабылдайды деп үміттенеміз. Өткен бағдарламада Құран тұрғысынан иманның хабардарлықпен қатар жүргенде ғана құнды екенін айттық. Яғни иман ойлау, сараптау мен түйсінуге негізделуі керек. Тура осы себепті Құран бейсана қалыптағы кез келген қадамға қарсы болып, былай деген: Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады ("Исра" сүресі, 36-аят).

Ия, Құран – ақыл мен ой кітабы. Оның түсу философиясын мынада деп біледі: адамдар терең әрі өміршең ұғымдарды түсіну үшін өз ақылын пайдалануы керек, зерттеп, талдап, илаһи аяттардан шабыт алып, рухани және материалдық салалардың барлығында өз өмір жолының картасын жобалауы керек. Кез келген адам, соның ішінде Құранның Алла тарапынан аспаннан түскеніне сенетін мұсылмандар үшін бұл кітап ақылға жүгіну мен рационалды болуды қатаң айтып, соқыр сенімді қатты айыптап: "Бұл дүниеде шындықты көрмегендер, ақыретте соқыр әрі жолдан адасқан болады ("Исра" сүресі, 72-аят)",-деген.
Бүгінде мынадай сауал туындайды: егер жауапкершілікті сезетін саналы иманға ие болып, жеке және қоғамдық міндеттемелердің барлығын орындайтын болсақ, осы дүние мен ақыретте біз үшін қандай нәтижесі болады?
Шәксіз Алланың әділ әрі парасатты шарасына сәйкес ешбір амал жағымды-жағымсыз болғанына қарамай сый мен жазадан қалыс қалмайды. Саналы әрі мақсатты сенімдердің негізінде барлық салаларда таза да шынайы ниетпен әрекет етсе, жауапкершілікті толық сезініп, бар күш-қуатын илаһи және адами арман-мақсаттарды орындаудан аямайтын иманды адамға жақсы сый болары анық. Сол себепті Құранның өне бойында илаһи уәделер мен сүйіншілердің белгілері байқалады. Сіздердің назарларыңызға солардың бір бөлігін ұсынамыз.
Алла сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге; өздерінен бұрынғы өткендердей жер жүзіне мұрагер қылуды уәде етті. Сондай-ақ олар үшін өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп-қатерден кейін бейбітшілікке айналдырады. Олар, Маған құлшылық қылады. Маған еш нәрсені серік қоспайды. Кім бұдан кейін қарсы келсе, міне солар, бұзақылар ("Нұр" сүресі, 55-аят).
Алланың уәделеріне қатысты көрнекті аяттардың бірі тура осы аяттар екені даусыз. Өйткені иманды адамдар залымдардың билігі жойылып, илаһи дін негізінде Алланың ризалығы мен олардың қуанышына ие, күпір басшылардан қорқу мен үрейленуден ада қоғамда тыныштық пен қауіпсіздік орнайтын күнді қалайды. Ол кезде теориялық және практикалық салаларда күпірлік сенімнің сұрқия әсерлері жойылып, Құдайдың пәк болмысына құлшылық және ғибадат етуге жағдай жасалады.
Алла тағала Құранда көп үміт беретін аяттардың бірінде былай дейді: "Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз" ("Нахл" сүресі, 97-аят).
Тәпсіршілер "таза өмір" дегеннің не екендігі туралы әртүрлі пікірлер қалдырған. Жалпы көзқараста мынадай нәтиже шығаруға болады: оның мәні барлық жоғары адами және илаһи құндылықтарға, ізгілік пен адамгершілікке толы және, сондай-ақ, жемқорлық, Аллаға серік қосу, күпірлік, араздық, кемсітушілік мен әділетсіздіктен еш белгі жоқ өмір болып табылады. Алла осы уәдені баса айтып, үміт берген. Иман мен салиқалы ғамал іздеушілерде титтей де сенімсіздік туындамауы үшін былай дейді: "Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннәттен айырбастап алды. Олар, Алла жолында соғысады, өледі және өлтіреді. Бұған байланысты хақ уәде Тәуратта, Інжілде және Құранда бар. Алладан артық уәдесін кім орындайды? Ендеше бұл саудаласқан саудаларыңа қуаныңдар! Міне осы ірі қол жетушілік ("Тәубә" сүресі, 111-аят)".
Илаһи уәделердің бір бөлігі ашық түрде байқалатын аяттардың бірі – "Ниса" сүресінің 175-аяты: "Ал енді Аллаға сеніп, Оған жабысқандарды өз тарапынан мәрхамет және ілтипатқа бөлейді де, өзіне баратын тура жолға салады".
Бұл аятта көрінгендей, иманның жалғыз өзі жеткілікті емес, іс жүзінде Алланың мықты жібіне жармасу керек. Құранның айтуынша, бұл жіп ешқашан үзілмейді. Сол кезде Алланың рақымшылық жауыны жауып, адам барлық шыншыл пайғамбарлар, шәһидтер мен салиқалы адамдардың арманы болып келе жатқан тура жолға бағытталады.