Йемендік балалар мен әйелдер: қасіретке толы жүректер
Сауд Арабиясы мен одақтастарының Йеменге қарсы соғысы бәрінен бұрын бұл елдің балалары мен әйелдеріне қатты зардап келтірді.
Йемендегі әскери араласушылық 2015-ші жылдың 25-ші наурыз күні Сауд Арабиясы басқарған аймақ мемлекеттерінен құрылған коалицияның әуе шабуылымен «Қорытынды дауыл» деп аталған әрекетпен басталып, «Үмітті жаңғырту» деген әрекетпен жалғасты. Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің Оманнан басқа барлық мүшелері, яғни Біріккен Араб Әмірлігі, Қатар, Кувейт және Бахрейн Сауд Арабиясының басқаруымен Йемен халқына қарсы соғысқа кірді. Йордания, Мысыр, Марокко және Судан сынды мемлекеттер оларды қолдады.
Йемендік ақпарат құралдары басынан бастап сионистік режимнің бұл соғысты қолдап, Сауд Арабиясының ынтымақтастық етуін қуаттады. Бірақ заңсыз сионистік режимнің басшылары бұл мәселеге қатысты реакция білдірмеді. Батыстың кейбір ақпарат құралдары сионистік режимнің қару-жарақпен көмектесуі және аталмыш режим әскерилерінің бұл шабуылдарға қатысуы туралы мәліметтерді жариялады. АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Түркия Сауд Арабиясы басшыларының қылмыстарын қолдаған мемлекеттер болды. Ақ үй ресми түрде: «Барак Обама АҚШ күштеріне Сауд Арабиясының әскери әрекеттеріне ақпараттық қолдау көрсетуге рұқсат берді»,- деп жариялады. Сауд Арабиясы басқарған араб мемлекеттерінен құрылған коалицияның шабуылынан бір жылдан артық уақыт өткен жағдайда бұл шабуыл сәтсіздікке ұшырап, шабуыл жасаған үкіметтер шешуші жеңістерге жеткен жоқ. Коалицияның Йеменге қарсы шабуылының жалғыз нәтижесі лаңкестік такфіршіл ДАИШ тобы әсерінің артуы, кедейшілік, тынышсыздық және Йемен халқының негізгі құқықтарының бұзылуы болды. Әскери емест адамдарды, соның ішінде әйелдер мен балаларды бомбалау, ауруханалар мен емдеу орталықтарын, тіпті БҰҰ-ның шекарасыз дәрігерлерге қарасты ауруханаларды бомбалау, кассеталық бомбалар сынды тыйым салынған қаруларды пайдалану, жан-жақты қоршауға алып, Йемен халқының өмірлерін қатерге тіреу және елдің инфрақұрылымдары мен экономикалық бірліктерін жою Йемен соғысы ағымындағы адам құқығы мен гуманитарлық құқықтарға қатысты халықаралық заңдарды бұзудың айқын мысалдарына жатады. Йеменнің құқықтық орталықтарының бірі мәлімдеме жариялап: «Өткен жылдан осы уақытқа дейін 8200 йемендік шәһид болды. Олардың ішінде 1519 әйел мен 1996 бала саудиялықтардың қанқұйлы ойындарының құрбанына айналды. Сонымен бірге жантүршігерлік шабуылдарда 1184 йемендік жарақат алды. Олардың 3000-нан астамын балалар мен әйелдер құрады»,- деп мәлімдеді.
Алайда БҰҰ-ның Амнистия ұйымы ағымдағы 2016-шы жылдың 26-шы ақпан күнгі есебінде: «Осы кезге дейін 35000 йемендік жаппай қырылды. Сауд Арабиясының Йеменнің тұрғын үйлері мен инфрақұрылымдарын нысанаға алып, бір жылға жетпейтін уақытта бір мың йемендік азаматты қырып, 2 жарым миллионнан астам адамның бұл елдің іші мен шекараларының сыртында босқынға айналғанын көрсететін нақты құжаттар бар»,- деп мәлімдеді. Сауд Арабиясының бұл қантөгістерінде Йеменде 14 әуежай, 10 порт, 512 көпір мен жол, 125 электр стансасы, 164 су қоймасы, 167 қарым-қатынас аялдамасы, 325 мың 137 тұрғын үй, 615 мешіт, 269 оқу орталығы, 39 жоғары оқу орны, 16 ақпарат агенттігі, 328 медициналық орталық, 970 үкіметтік орталық, 353 базар мен сауда орталығы, 584 жанармай мен азық-түлік тасымалдайтын көлік, 328 жанармай станциясы, 546 азық-түлік қоймасы, 59 тарихи аймақ, 119 туристік аймақ, 190 шеберхана мен 42 спорт кешені және 3750 мектеп қиратылды. 1
БҰҰ-ның Босқындар агенттігінің мәліметі бойынша, 2 миллион 690 мың адам аталмыш апат салдарынан елдің ішінде босқынға айналған. Осы кезге дейін 170 мың йемендік Джибути, Эфиопия, Сомали және Суданға қашты. БҰҰ-ның болжауынша, жылдың соңына дейін тағы 167 мың адам босқынға айналады. «Ахбар әр-Саат» араб ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, апта сайын 500-800 йемендік Сауд режимінің қырғи ұшақтарының бомбалауларынан бассауғалап Джибутиге қашуда. Олар өте қиын жағдайда, азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек тапшылығын тартып, ыстық күн көзінің астында өмір сүруге мәжбүр. Йемендегі адами апат ел халқының 80 пайыздан астамын азық-түлік тапшылығына тіреп, 1 миллион 800 мың баланы мектеп табалдырығын аттаудан мақұрым етті. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Йемен азаматтарының бестен төрт бөлігі, яғни 21 миллион 200 мың адамы қазір гуманитарлық көмектерді қажет етуде. Соғыстың салдарынан бес жасқа толмаған кемінде 320 мың бала дұрыс тамақтанбайды. БҰҰ-ның Балалар қоры ЮНЕСЕФ соңғы мәліметінде Йеменде күн сайын 6 баланың өлетіні және жарақат алатыны туралы хабарлады. «Балалар қатерде» деп аталған бұл мәліметте: «Сауд Арабиясының шабуылдары басталғаннан бері 934 йемендік бала өліп, 1356 бала жараланды. Сондай-ақ, 5 жасқа толмаған шамамен 10 мың бала дұрыс тамақтанбау мен дәрігерлік көмектердің тапшылығы салдарынан өлді»,- деп жазылған. Осы мәлімет бойынша Йеменде балалар көптеген азап-қорлықпен бетпе-бет келіп отыр. Балалардың көбі күрескерлердің қатарына қосылуға мәжбүр. Балалардың 848-інің жасы 10-ға да толмаған.
Йемендік әйелдер қоғамдық және экономикалық дағдарыстардың салдарынан туындаған қайғыға толы жүректерімен өмір сүруді жалғастырып, басқа таңдаулары қалмағандықтан, қалыптасқан жағдайды қабылдауға мәжбүр. Йемендегі ішкі қақтығыстар әйелдер үшін жағдайды дағдарысты етті. Йемендік әйелдердің көбі жанұяларын қаржымен қамтамасыз ету үшін күресуде. Басқа жақтан, дәрігерлік-гигиеналық қызметтердің, білім алу және еңбек ету мүмкіндіктерінің жоқтығы олардың жағдайын одан сайын қиындата түсті. Бұдан қиыны, соғыстан кейінгі жылдарда соғыс салдарларының жалғасуы болып табылады. Жетім балалар мен жесір әйелдер өз жанұяларының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін күресіп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға төзімділік танытулары керек. БҰҰ ЮНФПА қорының йемендегі жыныстық мәселелер бойынша маманы Ахлам Софанның айтуынша, әйелдер мен қыздар соғыс болған аймақтардағы ең көп зардап шеккен топтар саналады. Ерлердің соғысқа қатысуларына байланысты әйелдер жанұяларын басқару міндетін өз мойындарына алған. Әйелдер өздері мен перзенттерін қорғау үшін қоныс аудару туралы шешім қабылдауға мәжбүр болған. Бұл мәселе әйелдердің жағдайын ауырлата түсті. Әйелдердің жанұяларын басқару міндеттерін өз мойындарына алуы, босқындық мәселесі, өмір сүруге лайық мекеннің болмауы, жеке адамның құқықтарының бұзылуы, кедейшілік пен тынышсыздық әйелдерге көптеген психикалық қысым жасады. Йеменге қарсы соғыс әскери емес қарапайым халыққа, соның ішінде әйелдерге күтпеген зардап келтірді. Шабуылшылар Йеменде қауіпсіздікті, сондай-ақ, әйелдер мен балалардың басқа да көптеген құқықтарын бұзды. Олар адам құқығын бұзып, соғыс қылмыстарын іске асырды. Мұндай жағдайда әйелдер өздерінің әлсіздіктеріне байланысты көбірек зардап шекті. Сондай-ақ, әйелдердің жыныстық болмыстары оларға қарсы кейбір жыныстық қылмыстарға себеп болды. Бұл мәселе йемендік әйелдердің жүректерінде соғыстан кейін де ұмытылмайтын жара қалдырды. Йемендік әйелдердің қауп-қатермен кезігуі айқын мәселе. Әйелдерге қарсы жыныстық қатыгездік, балаларды тұрмыс құруға мәжбүрлеу, психикалық азаптар, мүмкіндіктердің болмауы, жыныстық шабуылдар йемендік әйелдерді шынайы қатерлерге душар етуде. БҰҰ-ның Даму агенттігіндегі адам құқығы жобаларын үйлестіруші Саба Завбаһтың айтуынша, Сауд Арабиясының кәрі ер-азаматтарының йемендік кішкентай қыздарға үйленуі әдеттегі мәселеге айналды. Саудиялықтарға тұрмысқа шыққан қыздардың көбінің жасы жанұя құруға рұқсат етілген заңды жастан төмен. Бұл күндері Йемендегі соғыстың тоқтатылуы туралы айтылуда. Йемендегі ЮНЕСЕФ өкілі Джулиан Харнис: «Бұл елде 10-ші сәуірден бермен атыс тоқтату келісімі орнап, йемендік жанұялар БҰҰ-ның азық-түлік және дәрі-дәрмек көмектерін алады деп үміттенеміз»,- деді. Алайда шын мәнінде бұл соғыстың физикалық және психикалық зардаптары көп жылдар бойы жалғасады. Аталмыш соғыс Йемен халқының қырылуы мен босқынға айналуы, балалрдың жетім қалуы мен әйелдерге қысым келтіруден басқа еш нәрсе әкелген жоқ. Йемендік әйелдердің кеуделері көптеген қасіреттерге толды. Олар жұбайларынан айрылды, балалары жетім қалды, үйлері мен отандарынан кетіп, азап-қорлық көруде. Қалалары өмір сүруге жарамсыз болып қалды. Енді йемендік аналар балаларына кешке шабуыл мен талан-тараждың және адамгершіліктің өлімі туралы ащы хикаяларды айтатын болды. Бұл ащы оқиғалар адам құқықтары туралы уәж айтатын кейбір үкіметтердің үнсіздік танытуы немесе қолдаулары арқылы орын алды.