Ашураға байланысты сұрақтар 1
Имам Хусейн (ғ.с.) кім болды? Имам Хусейн бен Әли бен Абитолеб (ғ.с.) - «Аба Абдолла» және «Сейд әл-Шоһадо» (Шәһидтер қолбасшысы) деген лақаб аттарымен танымал шиіттердің үшінші имамы. Имам Хусейн (ғ.с.) хиджри-қамаридің төртінші жылының шағбан айының үшінші жұлдызында Мединеде дүниеге келді. Ол хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с.) имам Хасан Моджтабадан кейінгі екінші ұлы және Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) сүйікті немересі.
Шиіттер мен сүнниттердің тарихи рауаяттары бойынша, Исламның ұлық пайғамбары бұл немересі дүниеге келген кезде оның шәһид болатыны туралы хабарлап, есімін «Хусейн» деп қойды. Имам Хусейн (ғ.с.) алты жасына дейін Алла елшісінің қасында, хазіреттің құшағында өсті. Ол ағасы имам Хасан (ғ.с.) сынды Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүйікті немересі болды. Хадистер бойынша, бұл екі ағайынның әр қайсысы атасына жартылай ұқсас болды. Алла елшісі екі немересін қатты жақсы көріп, басқаларға да оларды жақсы көруді насихаттады. Имам Хусейн (ғ.с.) Мобаһеле оқиғасына қатысқан («Әл-Имран» сүресі, 61-ші аят) және «Татхир» аяты деп танымал болған «Ахзаб» сүресінің 33-ші аятында айтылған Пайғамбар әулетінің мүшелерінің бірі.хазірет Мұхаммадтан (с.ғ.с.) имам Хусейннің (ғ.с.) ерекшелігі туралы көптеген рауаяттар қалды. Мәселен, «Хасан мен Хусейн – жәннәт жастарының көшбасшылары», «Хусейн менен және мен Хусейннен» және «Хусейн – дұрыс жолға нұсқайтын шырақы және құтқаратын кеме» деген рауаяттарды атап кетуге болады.
Имам Хусейн (ғ.с.) хазірет Әлидің имаматы мен биілігі кезінде жанкеш сарбаз сынды әкесінің қасында болып, сол кездегі барлық соғыстарға қатысты. Ағасы имам Хасанның (ғ.с.) имаматы кезінде де оны қолдап, Муавиемен бейбітшілік келісімге отыруын растады. Ағасы шәһид болған соң, хиджри-қамаридің 50 жылында имаматты өз мойнына алды. Имам Хусейннің (ғ.с.) өмірі атасы, әкесі, анасы мен ағасы сынды адамды тәрбиелейтін рухани және ахлақи ерекшеліктерге толы болды. Бұл ерекшеліктері Алламен сырласу, халықпен ақылдасу, тәлім-тәрбие, Аллаға иман келтіру мен ризалық білдіру мен қайырымдылығы ретінде байқалды. Имам Хусейн (ғ.с.) мұсылмандардың бірлігінің себепшісі ретінде омеядтар саясаттары мен зұлымдықтарына наразылығын білдірді. Сондықтан омеядтар басшылары имамнан қорқатын. Имам Хусейннің (ғ.с.) маңызды ахлақи ерекшелігі – шындық пен азаттықты талап ету және өз құқыларын қорғау болды. Дәл осы мәселе тарихтың ең маңызды оқиғасы, Ашура ерлігіне себеп болды. Имам Хусейн (ғ.с.) 10 жыл бойы исламдық қоғамды басқарып, хиджри-қамари күнтізбесінің 61 жылының 10 мұхаррамы – Ашура күні шәһид болды.