Имам Хасан (ғ.с.) – сабыр мен адамгершіліктің көрінісі
(last modified Sun, 27 Oct 2019 12:54:37 GMT )
Қаз 27, 2019 18:54 Asia/Almaty
  • Имам Хасан (ғ.с.) – сабыр мен адамгершіліктің көрінісі

Бүгін ең жақсы әрі ең мейірімді адамдардың бірі имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) шәһид болған күні.

Имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с.) перзенті, Алла елшісінің (с.ғ.с.) тұңғыш немересі. Ол набоват әулетінің сабырлығы мен адамгершілігінің көрінісі әрі жақсылықтардың бұлағы. Сәлем саған әділ шәһид! сәлем саған, уа, Мұхаммад Хасан бен Әли! Алланың рақымы өзіңмен бірге болсын.

Исламның ұлық пайғамбарының немересі имам Хасан Моджтабаның шәһид болған күніне байланысты әлемнің барша мұсылмандары мен Пайғамбар әулетінің жақтастарына көңіл айтамыз.

 

Алла елшісі (с.ғ.с.) немерелері (ғ.с.) имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) мен оның бауыры имам Хусейнді (ғ.с.) ерекше жақсы көргені сондай, ол махаббатты сөзбен сипаттау мүмкін емес. Пайғамбар екі немересін құшақтап, сүйіп: «Олардан жаннаттың әтірін сеземін»,- дейтін. Хазірет имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейнді (ғ.с.) жаннат жастарының көшбасшысы және қиямет күні илаһи тақтың зейнеті деп атады. Алла елшісінің имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейнді (ғ.с.) сипаттауы баршаға олардың  Алланың алдында жоғары орынға ие екенін көрсетті. Ибн Аббастың айтуынша, күндердің бірінде Алла елшісі бір жиында отырғанда қасында хазірет Әли (ғ.с.), хазірет Фатима (ғ.с.) және имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейн (ғ.с.) болыпты. Алла елшісі: «Уа, Жаратушы! Бұлардың менің әулетімнен және мен үшін ең жақын адамдар екенін білесің. Сондықтан оларды жақсы көретіндерді жақсы көр. Сондай-ақ, оларды жек көретіндерді жек көр. Имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейн (ғ.с.) менің екі перзентім. Олар  жаннат жастарының көшбасшылары»,- деп, қолын аспанға жайып: «Уа, Алла! Мен олардың достарының досы, олардың дұшпандарының дұшпанымын»,- деген.

 

 

Білімі, иманы, абыройы мен адамгершілігі баршаға танымал болған имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) жеті жасына дейін Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында өмір сүрген. Ол бала болғанымен, Алла елшісінен илаһи уәһи аяттарды естіп, оларды жаттап, анасына айтып беретін. Имам Хасан (ғ.с.) Алла елшісі дүниеден озып, анасы хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) шәһид болған соң исламдық қоғамның шарықтаулары мен құлдырау кезеңдерінде 30 жыл әкесінің қиындықтары мен уайым-қайғысына ортақ болды.

Хиджридің 40 жылының рамазан айының 21 жұлдызында әкесі имам Әли (ғ.с.) шәһид болған соң имаматтың міндетін өз мойнына алды. Дәл сол күні 40000-нан астам адам оған бият етті. Бірақ кейін бияттарынан айнып кетті. Имам Хасанның (ғ.с.) үкіметі ең ауыр кезеңдердің бірі саналады. Ұлы имам көптеген қиындық және қиянаттармен бетпе-бет келгенімен сабыр сақтады.

Екінші және үшінші халифалар Шамның басшысы етіп сайлаған және имам Әлимен (ғ.с.) соғысқан Муавие бұл кезеңде өзін мұсылмандардың халифасы атады. Ол ақша және байлықпен имам Хасанның (ғ.с.) жақын серіктерін алдап, нәтижеге жетті. Бұл кезде дүниеқұмарлық діндарлықты қыспаққа алып, ақша мен байлықтың жылтыры адамдардың көзін тұмшалаған болатын. Жағдайдың ауыр,   серіктері аз әрі әлсіз болуы имам Хасанның (ғ.с.) Исламды құтқару үшін Муавиенің бейбітшілік келісімін қабылдау шешіміне себеп болды. Хазірет бұл келісім үшін шарт белгіледі. Муавие басында шартты қабылдағанымен кейін оны орындамады. Имам Хасан (ғ.с.) бұл туралы: «Алламен ант етемін, серіктерім болғанда, бағынбас едім. Егер серіктерім болғанда, тәулік бойы Муавиемен соғысатын едім. Сонда Алла Тағала екеуіміздің арамызда төрелік ететін еді»,- деді. Имам Хасан (ғ.с.) сондай-ақ келесі бір сөзінде: «Муавие менімен оның құқығы емес, менің құқығым саналатын мәселеге байланысты қайшылыққа түсті. Мен Муавиемен соғыспай, келісімге келуді дұрысырақ санадым. Қанды төккенше, төкпеген дұрыс деп шештім»,- деген болатын.

Аятолла Хаменеи имам Хасанның (ғ.с.) ауыр кезеңі мен көптеген азапқа сабыр сақтауы жөнінде: «Кейде шәһид болу тірі қалудан оңайырақ болады. Расында солай. Мұны дұрыс түсініңдер. Кейде тірі қалып, өмір сүріп, талпыну өлім мен шәһид болудан қиынырақ. Имам Хасан (ғ.с.) қиындықты таңдады»,- деді.

 

Діни ғұламалар имам Хасанның (ғ.с.) көптеген  қадір-қасиетіне назар аудартты. Ибн Шаһр Ашуб «Монақеб» кітабында. «Хасан бен Әли (ғ.с.) күндердің бірінде нан жеп отырған кедейлердің қасынан өтіп бара жатқан кезде олар имамды дәмдес болуға шақырды. Имам олардың шақыруын қабылдап, атынан түсіп: «Алла тәкаппарларды жақсы көрмейді»,- деп, тұрған дәмнен жеп, отырған адамдарды өз үйіне шақырып, оларды жақсы күтті»,- деп жазды. 

Имам Хасан (ғ.с.) мейірімі және махаббатымен адамдарды өзіне тартты. Имам Хасанның (ғ.с.) дастарханы күн сайын жайылып, кедейлер үй иесін құрметтеп, бұл дастарханнан тамақтанатын. Өз өмірінде имам үш рет өзінің бар мүлкін кедейлерге тең бөлді. Ол өзінің жомарттығына байланысты «Аһле Бейттің жомарты» деген атқа ие болды.

 

Имам Хасанның (ғ.с.) жоғары ахлағы мен сабыры туралы көп айтылды. Рауаяттардың бірінен: «Күндердің бірінде Мединеге жуырда келген Шамның қарты атқа мінген имамды көріп, балағаттайды. Имам Хасан (ғ.с.) жауап қайтармайды. Қарттың балағаты аяқталған соң хазірет күлімсіреп, оған қарай барып, амандасып: «Уа, қария! Бұл қаланың тұрғыны емессіз және шаруаңыз бар деп ойлаймын. Егер бізден көмек сұрасаңыз, қиындығыңызды шешуге талпынып, өзіңізді кешіреміз. Егер жүгіңізді ал десеңіз, аламыз. Егер аш болсаңыз, тамақтандырамыз. Егер жалаңаш болсаңыз, киіндіреміз. Егер бізге қарай сапар шеккен болсаңыз, қайтқанша біздің қонағымызсыз. Бұл өзіңіз үшін жақсы болады. Біздің қонақ күтетін кең үйіміз бар, сол үйден тыныштық табасыз»,- деді»,- деп оқимыз.

Имам Хасанның (ғ.с.) шәһид болуының себебі туралы: «Муавиенің халифатынан 10 жыл өткен соң ол өз орнына ұлы Язидті қалдыру үшін халықтан бият алуға шешім қабылдады. Ол Ашас бен Қейстың қызы Джуддеге «егер имам Хасанды уландырып өлтірсең, мен сені ұлым Язидке тұрмысқа беріп, он мың дерһам сыйлаймын» деген жолдау жіберді»,- деп айтылды.

Имам Садық (ғ.с.): «Джудде уды алып, үйіне апарады. Қасиетті Рамазан айы болып, имам ораза тұтқан еді. Күн өте ыстық болып, имам ауызашар кезінде сүт ішкісі келіп, у қосылған сүтті ішіп, бірнеше минуттан кейін: «Алланың дұшпаны! Сен мені өлтірдің! Алла сенің көзіңд жояды. Алламен ант етемін, менен кейін сен үшін қуаныш болмайды. Сені алдап, мақсаттарына тегін жетті. Алламен ант етемін, Муавие сені бақытсыз етіп, өзін азапқа итерді»,- дейді.

Джудде уландырған соң имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) тек екі күн өмір сүріп, дүние салды. Муавие уәдесінде тұрмады.

Имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) шәһид болған күніне орай барша мұсылмандарға көңіл айтамыз.