Марвтың "меруерті"
Сафар айының соңғы күні – шиіттердің сегізінші имамы хазірет Әли бен Мұса әр-Резаның шәһид болған күні. Бұл күні Кербала сапарына бара алмағандар имам Резаның (ғ.с.) қасиетті кесенесіне зиярат жасауға жиналады.
Бұл зияратшылардың жамағаты өз имамдарының шәһид болған күні жүректеріндегі уайым-қайғыдан босап, рухтарын тыныштандыру үшін Мешһед қаласына қасиетті кесенеге зиярат жасауға келеді. Жүректер қайғыға толы, бірақ имам Резаның (ғ.с.) қасиетті кесенесіне келу бойда сөзбен сипаттау мүмкін емес сезім тудырады. Имам Резаның (ғ.с.) кесенесіне зиярат жасау – кедейлердің қажылығы; имам Реза (ғ.с.) -Кербала сапарына жете алмағандар зиярат ететін мекен. Әртүрлі себептермен Кербала керуеніне қосыла алмағандар достарынан дұға тілеуді сұрап, оларды шығарып салды. Бірақ аңсауды жеңілдетіп, кеудені қысып тұрған жанайқайды бір жерде шығару керек. Қасиетті кесенелерге жете алмағандар мен махаббат жолына түспегендер хазірет Әли бен Мұса әр-Резаның (ғ.с.) қасиетті кесенесіне асығады.
Шиіттердің сегізінші имамы имам Реза (ғ.с.) 35 жасында имаматты өз мойнына алды. Әкесі имам Каземның (ғ.с.) Басре мен Бағдад абақтыларында қамалып, шиіттермен қатынасының үзілуіне байланысты имам Реза (ғ.с.) имам Казем (ғ.с.) мен халықты байланыстырушы болды. Хазірет Резаның (ғ.с.) имаматы Аббасилердің үш халифасы, атап айтқанда Харун, Амин және Мамунның билігімен тұспа-тұс өтті. Имамның өмірінің соңғы бес жылы Аббаси әулетінің ең залым халифасы Мамун билік жүргізген кезеңге дөп келді. Мамун басында халифатты имам Резаға (ғ.с.) ұсынды, бірақ имам қабылдамады. Ол ағасы Аминды өлтірген соң билікті қолына алып, үкіметін нығайту үшін пайғамбардың жақтастарын өзіне тарту мақсатында имам Резаға (ғ.с.) өзінен кейін үкіметті басқаруды ұсынды. Ол өз үкіметін имаммен байланыстырып, заңды етіп көрсетпек болды. Мамун мұндай шешім арқылы көзбояушылықпен имам Резаның (ғ.с.) имаматына сенім артып, сүйіспеншілік білдіретінін көрсетуге тырысты.
Имам Резаның (ғ.с.) бұл айлаларға қатысты бірінші шешімі Мамун үкіметінің орталығы Марвке келуден бас тартуы болды. Бірақ Мамун адамдарын жіберіп, имамды Марвке жеткізуге мәжбүрледі. Келесі қадамында имам Мамунның оны орынбасары ретінде бекіту әрекетін пайғамбар әулетінің билік жүргізу құқығын көрсету үшін пайдаланбақ болды.
Иранның іші мен ислам әлемінің шығыс аймақтарында тек санаулы адам ғана тікелей немесе алдыңғы имамның сөздері арқылы шиіттер мазхабына бет бұрды. Халықтың көбі имам Резаны (ғ.с.) дұрыс танымайтын. Имам Реза (ғ.с.) Мамунның жасаған ұсынысына берген жауабында егер оны қабылдаса саяси және күнделікті істеріне араласпауды шарт етіп қойды. Басқаша айтқанда, имам халық ол Аббаси үкіметінің билігін растады деп ойламайтындай және Мамунның Ислам негіздеріне жатпайтын әрекеттері оның атымен жасалмайтындай билік ісіне қатыспады. Имамның Мамунның ұсынысын қабылдауы Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетіне деген қысымдарды азайтып, рухтарының нығаюына себеп болды. Сондай-ақ, имамның қадір-қасиеттерінен хабарсыз жандар бұл теңдессіз тұлғамен танысты.
Мамун имам Резаны (ғ.с.) Марвке әкелгеннен кейін әртүрлі ғалымдардың қатысуымен көптеген ғылыми отырыстар өткізді. Мамунның ғылыми жиындар өткізудегі мақсаты өзін ғылымның жақтасы ретінде көрсету болды. Ол ғылыми отырыстарға имам Резаны (ғ.с.) шақырып, хазіреттің ғылыми негізіне күмән тудыруды көздеді. Бірақ имамның терең білімі Мамунның өзіне қиындық тудырды. Имам Резаның (ғ.с.) зұлымдықтың тамырына қарсы жасырын әрі мақсатты соғысының әсерлі болғаны сондай, үкіметтердің Пайғамбар әулетіне қарсы жылдарға созылған теріс насихаттарынан кейін имамдардың рухани қасиеттері жақсы танылып, халық бұл әулетті, әсіресе имам Резаны (ғ.с.) одан сайын мадақтайтын болды.
Мамун имам Резаны (ғ.с.) Марвке келуге мәжбүрлегенімен керек нәтижеге жетпегенін түсініп, жағдайды өзгерту қажет деп ойлайды. Өз билігін сақтап қалу үшін тіпті кісі өлтіруден тартынбайтын Мамун бұл жолы да Алла Елшісінің пәк ұрпағын өлтіруден тайынбады. Имам Реза зорлық-зомбылықпен күресіп, шәһид болды. Имам Реза (ғ.с.) Мамунның үкіметімен ынтымақтастық жасаудың азабына бағынбады.
Шексіз теңіздей илаһи білім мен хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) ахлағына ие болған имам Реза (ғ.с.) әрқашан қоғамның барлық табының құқықтарын сақтауды қуаттады. Сенімді рауаятшылардың бірі саналатын әрі имам Реза (ғ.с.), имам Джавад (ғ.с.), имам Һади (ғ.с.) мен имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) серіктерінің бірі Солейман бен Джафар Абухашим Джафари: "Күндердің бірінде бір жұмыспен имамға бардым. Жұмысым аяқталған соң кетпек болдым. Бірақ имам: "Бүгін қасымда қал",- деп, үйіне бірге бардық. Күн батып келе жатқан кез еді. Имамның қызметшілері құрылыс жұмыстарымен айналысып жүр екен. Имам олардың арасынан бөтен адамды көріп, оның кім екенін сұрады. Олар: "Жұмысшы. Ол бізге көмектеседі, біз оған төлейміз",- деп жауап берді. Имам Реза (ғ.с.): "Төлемақысын белгіледіңдер ме?"- деп сұрайды. Олар: "Жоқ, біз не берсек те, қабылдайды",- деді. Имам реніш білдіріп: "Бұларға сан рет алдын ала төлемақысын белгілемей, жұмысқа көмекке алмаңдар" деп айтқанмын. Өйткені төлемақысын белгілемей жұмыс жасаған адам үш есе артық төлемақы алса да, аз алдым деп күмәндануы мүмкін. Бірақ егер жұмысы мен төлемақысы белгілі болып, шамалы артық төленсе, риза болады",- деді",- деп есіне алған болатын.
Отбасының күнделікті тұрмысы мен қажеттіліктерін қамтамасыз ету – иманы бар адамдардың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі. Ислам тағылымдары бойынша, күнделікті қажеттіліктермен қамтамасыз ету "Алла жолындағы жиһад". Бұл жолда қаза болған адам Алланың алдында "шәһид" саналады. Сондықтан жұмысшының тері Алланың жолында аққан шәһидтің қанына тең. Имам Реза (ғ.с.): "Отбасы үшін қажет ырзықты арттырғысы келетені адамның сыйы Алла жолында күрескен адамның сыйынан артығырақ болады",- деген болатын. Имам Резаның (ғ.с.) илаһи ақыл-кеңестері және оларды орындау біздің бүгінгі қажеттілігіміз. Қоғамның бүкіл мүшелерінің құқығын сақтау исламдық қоғамның әлеуметтік және діни тұрғыларынан сындарлы рөл атқарады.
Ислам діні адамгершілік негіздерді сақтайды. Сондықтан имам Реза (ғ.с.): "Егер халық біздің сөзіміздің әдемілігін естісе, біздің мектебімізге бет бұрады",- деді. Сондықтан барлығымыз үшін жұмысшылардың құрметін сақтау уәжіп болып табылады.
Имам Реза (ғ.с.) хадистерінің бірінде: "Жолдың алыстығына қарамастан бізді алыс-жақыннан зиярат ететіндер қиямет күні үш рет көмек алатын болады: біріншіден, амалдардың тізімі жарияланған жағдайда, екіншіден Сират көпірінен өткен кезде, үшінші рет амалдарымыз бағаланған кезде",- деп айтқан болатын.
Имам Резаның (ғ.с.) шәһид болған күні әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз.