Жел 15, 2019 16:17 Asia/Almaty
  • Отансүйгіш ирандықтар дұшпандармен жұмыла күреседі

Иранның әртүрлі ұлыстарының өкілдері мен әралуан мазхабтарды ұстанушылар бәрінен бұрын өздерінің ирандық екенін және елінің ұлттық мүдделері аясында өз талап-тілектерін көздейтінін әрдайым көрсетіп келеді. Сондықтан Иран халқының бірлігі, отансүйгіштігі мен бөгделермен күресуін шарықтаулар мен құлдырауларға толы ғасырлардағы елдің айбынын сақтап, тұрақты қалуының құпиясы санауға болады.

Иран – көне өркениеті мен еркін, мықты әрі көреген халқы бар ел. Иранның бірнеше мыңжылдық тарихында шарықтаулар мен құлдыраулар, ащы- тұщы оқиғалар көп болды. Бірақ Иран халқы оларды бастан өткеріп, сәтсіздіктерден ғибрат алып, сәттіліктерді жақсырақ келешекке жеткізетін көпірге айналдырды. Өткен бір ғасырда Ирандағы өзгерістердің жылдамдығы артып, Ислам революциясынан өткен 40 жылда Иранның айбыны, ұлттық бірлігі мен тәуелсіздігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірнеше апта бұрын бөгделердің жоспарлап, арандатуымен Иранның кейбір қалаларында болған бүліктердің тез ауыздықталуы ИИР қауіпсіздік және тәртіп күштері мен халықтың қырағылығынан хабар береді. Бензин бағасының өскеніне наразы халық алдын ала жоспарлап, халық пен мемлекеттік органдардың мүлкін айуандықпен бүлдіріп, өртеп, тіпті бірқатар адамды өлтіріп, жаралаған бүлікші, күдікті адамдарды көрген соң  тез арада өз жолын олардан бөліп, бөгде адамдардың тез анықталып, ұсталуына себеп болды.  

Х.ш.ж.с.б. 1325 жылдың 21 азары (1946 жылдың 12 желтоқсаны) – Иранның аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігіне қарсы жасалған тағы бір қастандықты жеңіліске ұшыратқан күннің жылдығы. Осы іріткі барысында Иран жерінің бір бөлігі  бөлініп, бұрынғы Кеңес одағына қосылуы тиіс еді. Бұл оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың басынан басталды. Онда Иран бейтараптығын мәлімдегенімен Англия мен Кеңес одағынан тұратын одақтас күштер Иранның жерін басып алды. Ол кезде Кеңес одағы нацистік Германия армиясының ауыр шабуылына ұшыраған еді. Одақтастар Иранды Кеңес одағынае азық-түлік пен оқ-дәрілерді жеткізудің жолы ретінде қолданған. Иран халқы Англия мен Кеңес одағының басқыншылығы салдарынан  көптеген шығын мен қиыншылық көрді. Бірақ Кеңес одағына көмек бұл елдің құлдырамай, Германияның басып алмауына себеп болды. 1943 жылы Теһранда өткен одақтас елдер басшыларының конференциясында Англия мен Кеңес одағы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан 6 ай өткен соң Ираннан әскерилерін шығаруға келісті. 1945 жылдың 2 желтоқсанында соғыс аяқталды. Ұлыбритания өз әскерін Ираннан шығарды, бірақ Кеңес одағы Иранмен байланыс жолын қолданып, жеткен жеңісіне байланысты Иранды басып алу ниетінен бас тартпады. тоқтатуға Иосиф Сталин бастаған Кеңес одағы Иранның солтүстігіндегі мұнайға қол жеткізіп, елдің солтүстік-батысындағы Әзірбайжан өңірін бөліп алуды көздеді.

 

Иранның солтүстік-батысында орналасқан Әзірбайжан – осы елдің ажырағысыз бөлігі 

 

Кеңес одағы үкіметі өз мақсатына жету үшін Ирандағы жалдамалылары арқылы сейіт Джафар Пишевари бастаған "Әзірбайжан демократиялық ағымын" құрды. Бұл ағым осы өңірдің ұлттық негізде автономия алуын мақсат тұтты. Ол кезде халық соғыс салдарынан экономикалық қиындықтарға ұшыраған орталық үкіметтің дәрменсіздігіне байланысты бейберекет жағдайда еді. Демократиялық ағым әзірбайжан тілінде сөйлейтін халық, қоғамдағы әлсіз топтар мен егіншілердің құқықтарын қолдау туралы ұрандар айтты. Осындай жалған ұрандар бірқатар адамның алданып, осы топқа қосылуына себеп болды. Бірақ демократиялық ағымның негізгі күштерін көбінесе мигранттар құрады. Олар бұдан бірнеше жыл бұрын Кеңес одағынан Иранға келіп, осы елдің билігін қолға алуды көздеген. Бұл елдің әскерилері мен қауіпсіздік күштері де сепаратистерге көмектесті. Әзірбайжан демократиялық ағымының басшылары тез арада өздерінің болмысы мен мақсаттарын айқындады. Құрылғаннан біраз өткен соң Кеңес одағы үкіметінің итермелеуімен Әзірбайжан аймағындағы қалаларды басып алып, мемлекеттік кеңселерге шабуыл жасап, 1945 жылдың соңына қарай Иранның осы маңызды өңірін толық басып алды. Олар өздері үшін тәуелсіз үкімет пен парламент құрып, іс жүзінде Әзірбайжанды Ираннан бөліп алды. Сталин Ираннан өз күштерін шығармайтынын тағы мәлімдеп, бұл қастандыққа жанама түрде қолдау көрсетті. Бөгде елдердің қолдауымен атқарылған бұл сепаратистік шара Әзірбайжандағы отансүйгіш халықтың наразылығына себеп болды. Бірнеше текетірестер пен қарсылық әрекеттер болды. Әзірбайжан демократиялық ағымы дінге қарсы коммунистік болмысқа ие болып, осы аймақ халқының исламдық терең сенімдеріне толық қарсы еді.

 

Сталин – Кеңес одағының көсемі

Кеңес одағы Қызыл армияны Ираннан шығарудан бас тартқаннан кейін Иран халқы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шағым түсірді. Бірақ Кеңес одағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болғандықтан шағымнан нәтиже шықпады. АҚШ пен Англия Кеңес одағы ықпалының таралуынан қорқып, Мәскеуге ескерту жасады, бірақ бұл үкімет бұрынғыдай Иранды бөлшектеу жобасын орындауды мақсат тұтты. Әлемдік қауымдастықтың қысымын жеткіліксіз санаған Иран үкіметі Кеңес одағы басшыларымен тікелей келісімге келуге талпынды. Иранның сол кездегі Премьер-министрі Ахмад Қаввам Мәскеуге сапар барысында Коммунистік партияның басшыларымен келіссөз өткізіп, келісімге келді. Ол қайтып оралғаннан кейін бұл келіссөздерді Кеңес одағының Теһрандағы елшісі Садчиковпен жалғастырып, ақырында екі жақ «Қаввам‑Садчиков» атты келісімге қол қойды. Осы келісім негізінде Иран мен Кеңес одағы арасында ортақ мұнай компаниясы құрылып, оның есесіне осы ел күштері бір жарым айдың ішінде Ираннан шығатын болды. Сонымен қатар Мәскеу Әзірбайжанды бөлшектеудің Иранның ішкі мәселесі екенін, мұның бейбіт жолмен шешілу қажеттігін қабылдады. Осылайша, Кеңес одағының басшылары Иран мұнайын пайдалану уәдесінің есесіне Әзірбайжанды бөліп алу үшін өзі бүлікке итермелеп, қолдау көрсеткен адамдардан сырт айналды. Алайда кейін Иран мен Кеңес одағының ортақ мұнай компаниясын құру жобасы Иран Мәжілісінде бекітілмеді. Іс жүзінде Кеңес одағының Иранның мұнай көздеріне қол жеткізу мақсаты орындалмады.

 

Әзірбайжан демократиялық ағымына мүшелерінің бір тобы

 

Теһран мен Мәскеудің Кеңес одағы күштерін Ираннан шығару туралы келісімінен кейін Әзірбайжан демократиялық ағымы өзінің сепаратистік ұстанымынан кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл ағым басшысы Пишеваридің Теһран басшыларымен келіссөздері барысында осы жағдай айқындалып, Иран жерінің бұл бөлігін бөлшектеу жобасы іс жүзінде жабылды. Бұған қарамастан, бұл ағымның күштері бұрынғыдай Әзірайжанда өз күшін сақтап қалды. Бірақ Әзірбайжан демократиялық ағымына бағынышты қалалар мен ауылдардың халқы бұл ағымның сыртқа қатты тәуелділігі, дінге қарсы үгіт‑насихат жасауы, халыққа дөрекілік пен зорлық көрсетуіне шыдамай, біртіндеп оларға қарсылық көрсете бастады. Сепаратистердің күші сарқылып, олардың Кеңес одағының қолдауына деген үміті азайды. Ақырында Иран армиясы 1946 жылдың желтоқсан айының басында Мәжіліс сайлауын өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету сылтауымен Әзірбайжан демократиялық ағымын басып‑жаншу үшін осы өңірге аттанды. Әзірбайжан демократиялық ағымының басшылары өз мүшелеріне қасық қандары қалғанша соғысуға бұйрық бергенімен өздері Кеңес одағы жіберген көліктермен осы елге қашып кетті. Бұл өңірдің еркін де ержүрек халқы өздері іске кірісіп, армия келгенше Әзірбайжан демократиялық ағымының көптеген мүшесін қамауға алды, өлтірді. Маңызды орталықтарды олардан қайтарып алды. Сондықтан ирандық әскерилер Әзірбайжанды босату үшін осы ағым күштерімен бірнеше қақтығыс қана жасады. Өңірді бөліп алу мәселесі бір жылдан кейін басталған жерінде аяқталды.

Әзірбайжанды Ираннан бөліп алу қастандығының жеңіліс табуы бөгделердің қолдауымен өз мақсаттарын ілгерілеткісі келген адамдар, топтар мен үкіметтер үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Иранда ұлыстар көп болғандықтан бөгделер елде бүлік шығарып, іріткі салып, бөлшектеу үшін кез келген мұрсатты пайдаланады. Тіпті Иран Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін биліктің іргесі қаланбай жатып, алданып жалданған адамдар арқылы елдің кейбір жерлерінде ұлтаралық бүліктер шығарды. Олардың кейбіреуі Иран жерінің бір бөлігін бөліп алуға талпыныс жасады. Бірақ халықтың қолдауына ие болмаған бұл талпыныстар тез арада жеңіліс тапты. Батыс елдерінің  ауқымды қолдауына ие Ирактың диктаторы Саддам армиясының Иранға ауқымды шабуылы Иранның оңтүстік‑батыс бөлігін бөлшектеу мақсатында жүзеге асты. Бірақ бұл жан‑жақты басқыншылық ирандықтардың әрбір қауым, тайпа мен дін өкілдерін ержүректікпен қорғауының арқасында сәтсіздікке ұшырады.

Иранның әртүрлі ұлыстарының өкілдері мен әралуан мазхабтарды ұстанушылар бәрінен бұрын өздерінің ирандық екенін және елінің ұлттық мүдделері аясында өз талап-тілектерін көздейтінін әрдайым көрсетіп келеді. Сондықтан Иран халқының бірлігі, отансүйгіштігі мен бөгделермен күресуін шарықтаулар мен құлдырауларға толы ғасырлардағы елдің айбынын сақтап, тұрақты қалуының құпиясы санауға болады.

 

Тегтер