Трамп және климаттың өзгеруі тақырыбы 3
Жақында АҚШ Президенті Дональд Трамп 4 жылда бір рет бірнеше агенттік пен министрлік жариялайтын климаттың өзгеруі туралы кезеңдік есепті қабылдамады.
Трамп қабылдамаған климат өзгерісі жөніндегі есепте 21-ші ғасырдың соңына дейін климат өзгерісі АҚШ экономикасына жүздеген миллиард доллар шығын келтіруімен бірге адам денсаулығына, инфрақұрылым мен ауылшаруашылығы мен өндіріске әсер ететіні расталды. Бірақ Трамп бұл мәлімдемені нақты емес деп атап, үкіметтің климат өзгерісіне жұмсалған миллиардтаған шығынның АҚШ экономикасына әсер етуі жөніндегі есебіне сенбейтінін қуаттады. Әртүрлі зерттеулер АҚШ-тың өткен жылдары климаттың өзгеруінен ең көп шығын көрген елдердің бірі болғанын көрсетеді. Ормандардың өртенуі бұл ел дағдарыстарының бірі болды. Бүгін осы тақырыпқа көбірек тоқталамыз.
Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының (ФАО) мәліметтері бойынша ормандар жаһандық жылынуды төмендету мен ғаламдық экожүйелердің тұрақтылығында маңызды рөл атқарады. Әлемдік жылынудың ең үлкен себебі көмірқышқыл газының көбеюі. Егер ормандар жойылса, онда жер бетіндегі көмірқышқыл газының мөлшері 18 пайызға артады. Зерттеу нәтижелері бойынша, қазба отындар жердегі көмірқышқыл газының 24 пайызын өндіріп, жаһандық жылынудың негізгі факторы болып табылады. Сондай-ақ, қазба отыннан кейін ормандардың жойылуы жердің жылынуының келесі ең маңызды факторы деп жарияланды. Айта кететін жайт, жаһандық жылыну мен ормандардың жойылуы екіжақты мәселе болып табылады. Өйткені ормандардың жойылуы жердегі температураның көтерілуіне, температураның көтерілуі ормандардың жойылуына себеп болуда. Бүгінгі таңда жаһандық жылыну мен оның әсері және айсбергтердің еруіне көп көңіл бөлінеді. Бірақ температураның көтерілуі тропикалық ормандар мен бірқатар өсімдік түрлеріне жағымсыз әсер етті. Соңғы кезде жүргізілген экологиялық зерттеулер климат өзгеруінің Амазонкаға қатты әсер еткенін көрсетеді. Франция ақпарат агенттігінің мәліметінше, Амазона жасыл аймағындағы температураның 2010 жылдан бастап екі градусқа көтеріліп, 2040 жылға қарай 10 пайызға төмендейтіні айтылды. Амазонка орман алқаптарында 2005 және 2010 жылдары құрғақшылық болды. Құрғақшылық салдарынан миллиондаған ағаш жойылды. Құрғақшылық климаттық құбылыс және климат өзгеруінің ажырамас бөлігі. Бұл құбылыс кез-келген аймақта орын алып, көптеген зиян келтіруі мүмкін. Құрғақшылықтың салдарынан өткен жазда Амазонка ормандары өртенді.
Бразилияның Ұлттық ғарыштық зерттеулер институтының (INPE) мәліметінше, биылғы жазда (2019) климаттың өзгеруіне үлкен әсерін тигізген Амазонка ормандарындағы өрт мөлшері бұрын-соңды болмаған. Бұл институттың мәліметінше, бір жылдан аз уақытта Бразилиядағы Амазон аймағы 3,445 км² орманынан айырылды. Бұл мөлшер 2018 жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда шамамен 39 пайызға артты. Вирджиния университетінің эколог-ғалымы Дебора Лоуренс: «Қазіргі өрттің өршуі әлемдегі ормандардың жойылуы мен температураның көтерілуіне байланысты. Егер ағаштар үнемі жылу күйзелісіне ұшыраса, олар басқаларға қарағанда бүлінуге сезімтал болады»,- деді.
Дүниежүзілік банктың мәліметінше, 1990 жылдан 2016 жылға дейін 1,5 миллион км² жуық орман жойылды. Бұл көлем Оңтүстік Африка елінің жалпы алаңына тең. Соңғы жылдары ормандарының ең кең аудандарынан айрылған аймақтардың бірі АҚШ-тағы Калифорния штаты. Колумбия университетінің климатологы Пак Уильямс: «АҚШ-тың батыс аймақтарының көбі сынды Калифорния ылғалдың көп бөлігін күзгі және қысқы мезгілде жинайды. Кейін жаңбыр мен жылудың болмауына байланысты жаз мезгілінде өсімдіктер біртіндеп қурап, өртке қолданылатын отынға айналады. Калифорнияның климаты бұл аймақты өртке бейім етеді, дегенмен климаттың өзгеруі мен Калифорнияның жаппай өрттері арасында байланыстың болуы сөзсіз.
Өткен жылдарда Калифорния штаты үлкен өртке куә болды. 2018 жылдың қараша айында басталған өрт Калифорния тарихындағы ең ірі өрт болды. Бұл өрт минутына 32 гектар жылдамдықпен Парадис қаласын қиратты. Жалғасында өрт әртүрлі аймақтарға таралып, көптеген тұрғын аймақтардың босауына себеп болды. Бұл өрттің салдарынан 53 адам мен 6 өрт сөндіруші қаза болып, 200-ге жуық адам жоғалып кетті. 200 жыл бұрын құрылған Парадис азаматтары қаладан кетуге мәжбүр болды. 6700-ден астам тұрғын үй өртеніп, қирады. Сондай-ақ өртте ұлттық парктер мен ормандардың 7000 гектары өртеніп кетті.
2018 жылдың қараша айында Трамп мамандардың көбі сене алмаған әрекетінде Калифорниядағы өрттерге реакция білдіріп, Twitter-дегі парақшасында штаттың басшыларын ормандарды дұрыс басқармаумен айыптап, штатқа жіберілетін федералды бюджетті тоқтатумен қорқытып: «Калифорнияда жаппай өлімге әкелетін және қымбат тұратын орман өрті үшін ешқандай себеп жоқ, тек орманды басқару өте нашар. Жыл сайын Калифорния басшыларына миллиардтаған доллар тапсырылады. Бірақ адамдардың өлімі жалғасуда. Бұл орманның дұрыс басқарылмауына байланысты. Басқаруды өзгертіңдер, әйтпесе үкімет еш нәрсе төлмейді»,- деп жазды. Бұл қоқан-лоққы Калифорния басшылары және халқымен бірге халықты құтқару үшін өз жандары туралы ойламаған өрт сөндірушілерді ашуландырды. Трамптың бұл твитінен кейін оған шабуыл жасалды. Содан соң Трамп Финляндия Президентімен сөйлесіп, олар ормандарды тазартуға көп уақыт бөліп, енді ешбір мәселелермен бетпе-бет келмейді деген нәтижеге жеткенін айтты. Бірақ Финляндия Президенті Саули Ниинистё Трамптың бұл сөзін естіп, бұл тақырып жөнінде АҚШ Президентімен сөйлескенін теріске шығарды. Трамптың ормандарды тазарту туралы сөздері әртүрлі реакцияға себеп болды. Финляндия халқы әлеуметтік желілерде АҚШ Президентін келмеждеп, жерді тазартып жатқанын көрсететін суреттер жариялады. Соңғы кезде журналистердің бірі Трамптан: «Калифорниядағы өрттер климаттың өзгеруі жөніндегі пікіріңізді өзгертті ме?»- деп сұрады. Қалай болғанда да Трамптың қызықтары таусылатын емес.