Биотүрлілік – Австралия ормандарындағы өрттің негізгі құрбаны
(last modified Wed, 22 Jan 2020 14:14:02 GMT )
Қаң 22, 2020 20:14 Asia/Almaty
  • Биотүрлілік – Австралия ормандарындағы өрттің негізгі құрбаны

Мамандар климат өзгерісінің әлемнің әртүрлі аймақтарында байқалған салдарларының бірін орман өрттері деп санайды. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1990 жылдан 2016 жылға дейін әлемде шамамен 1,5 млн км² орман жойылды. Бұл көлем Оңтүстік Африка елдерінің жалпы көлеміне тең.

 

2019 жылы дүниежүзінің көптеген орманы өртенді. Олардың ең маңыздыларының бірі Амазон орманы да өрт апатымен бетпе-бет келді. Климаттың өзгеруіне маңызды әсер ететін Амазон тропикалық ормандарындағы өрт мөлшері бұрын-соңды болмаған.   Бразилияның Ғарыштық зерттеу агенттігі INPE мәліметі бойынша бір жылдан кем уақытта Бразилия 3,445 км² орманынан айырылды. 2018 жылмен салыстырғанда айырылған ормандарының мөлшері шамамен 39 пайызға артты. АҚШ-тың Калифорния штаты да өткен жылдары өрттің куәсі болды. 2018 жылдың 8 қарашасында Кэмп Файерде басталған өрт Калифорния тарихындағы ең үлкен өрт болды. Ол 7000 гектар ұлттық саябақтар мен ормандарды жойып жіберді.  Австралия ормандарындағы өрт 2019 жылдың соңында басталып, біраз уақытқа созылып, апатқа айналды. Өйткені көптеген, әсіресе сирек кездесетін тіршілік түрлеріне қауіп төндірді. Бұл апаттың себебі неде?

 

Биотүрлілік – жер бетіндегі тіршіліктің маңызды белгісі; қалпына келтірілмейтін ресурс. Биотүрліліктің маңыздылығы оның экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөліне байланысты. Себебі экожүйеде тіршіліктің  түрлілігі неғұрлым көп болса, соғұрлым ұзақ уақыт бойы тамақтану тізбегі және күрделі өмірлік желілер пайда болып, нәтижесінде қоршаған орта неғұрлым тұрақтанып, өзін-өзі реттейді. Басқа жағынан, экожүйедегі биотүрліліктің төмендеуі экожүйенің саны мен сапасына теріс әсер етуі, сондай-ақ теріс экономикалық салдары болуы мүмкін. Өкінішке орай, қазіргі әлемде бұл үлкен ресурс түрлі себептерге байланысты қауіпке ұшырап отыр. Соның бірі – климаттың өзгеруі. Орман өрттері – жаһандық жылыну салдарларының бірі. Соңғы жылдары биотүрліліктің азаюы мен жойылуынла үлкен рөл атқарды. Австралия ормандарындағы өрттер бұған айқын мысал.

 

 

Австралиядағы өрт

France 24 арнасының мәліметінше, Австралия  Премьер-министрі Кевин Рад 2008 жылы, яғни осыдан 12 жыл бұрын жаһандық жылыну мен климат өзгерісінің ел экономикасына әсерін зерттеуді сұрады. Ross Garnett институты зерттеу жүргізіп, шамамен  2020 жылы  Австралияда өрт бұрын-соңды болмағандай күшейе түсетіні туралы болжам айтқан. Сонымен бірге басқа да зерттеулер парниктік газдың құбылысын көрсетеді. Мұндай өрт алдағы онжылдықтарда жиі болмақ.

Бірақ Австралия кейінгі үкіметтері халықаралық экологиялық талаптарды елемей, өртті лаулатты. Жарияланған мәліметтерге сай Австралия әлемдегі көміртегі газының 1,3% таратып, ауаны ластайтын газ өндіру  саласында  АҚШ-тан кейін екінші орында.

Австралия метеорологиялық басқармасы 2019 жылды елдегі ең ыстық жыл деп тіркеді. Ал сарапшылар Австралия ормандарында болған өртті жаһандық жылынудың салдары деп атады. Қазір Австралияның оңтүстік-шығыс бөлігін, соның ішінде Жаңа Оңтүстік Уэльс, Оңтүстік Австралия, Виктория, Квинсленд және Батыс Австралияға жайылған өрт   апатқа себеп болды.   Елдің өрт сөндіру және жедел көмек күштері мен жүздеген маманның көмек көрсетуге жиналғанына қарамастан,   әлемнің үлкен бөліктері әлі күнге дейін өртпен арпаласып жатыр.  Осы уақытқа дейін өрт Австралияның оңтүстік-шығысында  көлемі бүкіл Бельгия жерінен екі есе артатын алты миллион гектардан астам орманды жалмады. Сидней университетінің жаңа зерттеуі бойынша бір миллиард екі жүз елу миллионнан астам жануардың өліміне себеп болды.  

 

Австралиядағы өрт

Австралияның экологиялық зерттеу орталығының мәліметтері бойынша сүтқоректілер, құстар мен бауырымен жорғалаушылардың шығыны жөнінде мәліметтер болғанымен  жәндіктер мен бақалар жөніде мәлімет жоқ. Өйткені олардың санын белгілеу мүмкін емес.

Австралия –   жер бетінде сирек кездесетін жануарлар түрлерінің мекені. Бұл тізім коала немесе кенгуру сияқты баршаға белгілі аңдармен шектелмейді. Ғалымдар климат өзгерісіне байланысты жойылу қаупі төнген сирек кездесетін аңдар туралы айтып жатыр. Құстар мен кеміргіштердің кейбір түрлері Австралияның оңтүстік-шығысындағы тек Кенгуру аралынан ғана табылады. Бұл аралдың үштен бір бөлігі өртенді. Өрт салдарынан Австралияның Кенгуру аралында 155000 гектар жер  өртеніп кетті. Жойылу қаупі төнген, жабайы табиғаттың көп бөлігін алып жатқан бұл арал коалалар мекендейтін жерлердің бірі. Биологтар коаланың баяу қозғалуы оларды қауіпке тірейді деп алаңдауда. Олардың есептеуінше, осы уақытқа дейін өрт салдарынан 25000-ға жуық коала жойылды. Биологтар сондай-ақ басқа қалталылардың өміріне де алаңдаушылық білдіруде.

Австралияның Сидней университетінің профессоры Крис Дикманның зерттеуі бойынша, көптеген жануарлар тікелей өртеніп, басқалары қоректің жетіспеуі мен паналайтын мекен болмауы мен басқа жабайы аңдардың  жемі болып өлді.  Сөйтіп ежелгі табиғатымен танымал және кейбір жануарлар үшін  мекендейтін жер болған Австралияның Кенгуру аралы   өртенген жерге айналды.

 

 

Австралия мен оның қорқынышты өрті бұл елмен шектелмей, ел шекараларынан асып, түтіні көрші елдер мен Австралия аралдарына таралып, бұл аймақ тұрғындарының тынысын қиындатты. Ғарыштан түсірілген суреттер өрт түтінінің  әлемнің басқа елдеріне таралатынын көрсетеді. Алайда елде өрттің кең таралуы мен халықтың наразылығы мен ғалымдардың ескертуіне қарамастан, Австралия үкіметі климаттың өзгеруі мен жойқын өрттер арасында тікелей байланыс жоқ деген өз пікірлеріне табандылық танытудан танбауда. Австралия үкіметі парниктік газдарды азайтудың  экономикаға зиян тигізетінін дәлелдеуге талпынуда. Австралия үкіметінің бұл ұстанымы әлемнің қоршаған орта ғалымдары климат өзгеруі мен осы елдегі ормандардың өртін бір-бірімен байланыстырып отырған жағдайда айтылуда. Өрт салдарынан осы кезге дейін 26 адам қаза тауып, мыңдаған үй мен миллиондаған гектар жер мен тіршілік пен өсімдіктер жойылды.