Парсы тілі – Иранның мәңгілік мәдени мұрасы
Бұл бағдарлама Ашраф Ғанидің парсы тілі туралы сөздеріне жауап болып табылады.
Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани 2020 жылдың 30 қаңтарында "Ұлттық тарих, мәдениет пен болмыс диалогы" атты форумда студенттер алдында сөйлеген сөзінде: "Ауғанстан – дәри тілінің бесігі. Иранда пәһләви тілі болды. Біз дәри әдеби тілін дамыттық. Қазір бізді «Шығыс Иран» деп атайды. Ей, бауырым, ұрлықтың да шегі бар",-деді.
Бәрінен бұрын Ауғанстан Президенті мен оның жоғары лауазымды кеңесшілерінің тарихтан хабарсыздығы өкініш тудырады. Бір елді басқарып тұрып, оның тілі, тарихы, әлеуметтік және мәдени өткенінен қалайша хабарсыз болуға болады? Мыңдаған жылдық ортақ тарихқа ие елдер арасында мәдени алшақтық тудырып, іріткі салуды көздейтін бөгделердің қалайша құралы мен қолшоқпарына айналуға болады? Ауғанстан – Иранның тәуелсіздік алған перзенті. Ол тек өз үйін бөліп алды. Қолындағысы – оның жанұялық мұрасы. Иран үстірті деп аталатын географиялық аумақ өте кең кеңістік екенін тарих пен әлем жақсы біледі. Онда әртүрлі мәдениеттер мен тілдер болған. Бұл кеңістікте тұрған адамдардың барлығы өздерін ирандық санаған. Көптеген келісімдер мен хаттамалар бұл кеңістікті бөлшектеп, бәрін жаңа географиялық шекара аумағына тықты.
Қазіргі Ауғанстан Париж хаттамасы негізінде Ираннан бөлініп шықты. 1857 жылы Иран мен Ұлыбритания бейбіт бітім жасауға шешім қабылдады. Париж хаттамасына қол қойылып, Иран Гератқа иелік ету құқығынан бас тартты. 1863 жыл Ауғанстан елінің тәуелсіздік алған жылы саналады. Тарихи және географиялық кітаптарға шолу жасағанда Ауғанстанның Герат, Балх пен Мерв сияқты маңызды ірі қалаларының Үлкен Хорасанның бір бөлігі болғанын көруге болады. Эстахри "Масалек ул-Мамалек" атты кітабында бұл қалаларды Хорасанның қалалары қатарында атаған.
Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани дәриді парсы тілінен бөлек тілдей көрсеткісі келеді. Ал бұл жағдайда барлық тілтанушылардың сенімінше, "парсы" мен "дәри" – бір тілдің екі атауы. Олар бір-бірінен бөлек емес. Бұл арада парсы әдебиетшілерінің туындыларынан көптеген айғақтар келтіруге болады. Қазір таралған дәри парсы тілі Ашканилер билігі құлап, Сасанилер билік басына келгеннен кейін Иранның ресми тілі болды. Бұл тіл Сасанилер мемлекетінің астанасы Тисфунға (Мадаен) ауыстырылғаннан кейін сарай маңындағылар, хатшылар мен әскерилер арқылы осы аймақта таралды. Университет ұстазы әрі тілтанушы доктор Әли Ашраф "дәри" сөзінің түбірін анықтауда: "Ол заманда астананы "дәр" деп атаған, яғни кіріп-шығу үшін қолданылатын орын. Қазір "дәрбар" сөзінде сақталып қалған. Астананың тұрғындары қолданатын тіл "дәри" деп аталған, яғни астана тілі... Сасанилер заманында Орта Азияның басқыншы тайпалары, соның ішінде түріктер жайылым жерлер мен қолайлы ауа райы бар аймақтарды табу үшін Иран жеріне енуге талпынды. Сасанилер олардың шабуылдарынан қорғану үшін Хорасанда мықты қамалдар салды. Тисфуннан осы қамадарға сарбаз жіберіп тұрған. Сарбаздар мен мемлекеттік қызметтер, патшалар мен шахзадалардың Хорасанға тұрақты түрде қатынауы біртіндеп астана тұрғындарының тілі, яғни дәри тілінің Хорасанға таралып, пәһләви немесе парт тілінің орнын алмастыруына себеп болды. Иранның шығысында алғашқы тәуелсіз ирандық әулеттер билік басына келгеннен кейін бұл тіл осы патшалардың сарайларындағы ресми тіліне айналды. Ақындар мен жазушылар да осы тілде өлең шығарып, кітап жазып, біртіндеп Иранның басқа жерлеріне, соның ішінде Мәуереннахр мен Орта Азияға таралды. Онда ол кезде соғд тілі еді",-деді. Уақыт өте келе "дәри" сөзі "дәри парсы" тіркесінен алынып, тек парсы тілі деп аталатын болды.
Қазіргі заманда Ауғанстан мен Тәжікстанда парсы тіліне қойылған аттар ұлттық және саяси мүдделер негізінде туындаған. Ресей саясаткерлері, соның ішінде Сталин парсы тілді ұлттарды бір-бірінен айыруды көздеген. Тәжіктер орыстардың айтуымен парсы тілін "тәжік" тілі деп атады. Тәжіктің ұлы жазушылары мен ойшылдары бұл атауды ешқашан қабылдамады. Олар да Садреддин Айни сияқты өз тілін парсы тілі деп атаған.
Ауғанстанда да х.ш.ж.с.б. 1343 жылы толығымен саяси себептермен бұл тілді парсы тілі деп атауға тыйым салынды. Ел конституциясында Ауғанстанның ұлттық тілі пәшту, ал ресми тілі дәри деп жазылған.
Ауған саясаткерлері мен Президент Ашраф Ғанидің парсы мен дәри арасына айырма қоюының мақсаты не? Ол өзінің соңғы сөзімен Иран мен Ауғанстан арасында географиялық шекара ғана емес, екі елдің тілінде де шекара бар деп санайтынын көрсетті. Дәри – бір тіл, фарси басқа тіл сияқты. Ал бұл жағдайда бұл тілдің атауы 70 жыл бұрын "парсы" аталған. Парсы тіліне жау үкіметтер біртілділерді ажырату үшін "дәри" атауын ресми түрде таныды.
Қазір Ауғанстан үкіметтері парсы тілін шетке ысырып, пәшту тіліне көңіл бөліп отыр. Ашраф Ғани Ауғанстанның көптеген саясаткерлері сияқты пәтшу тілді, сондықтан парсы тілімен байланысын сезінбейді. Ауғанстан Президентінен «Дәри Ауғанстан тілі болған және бола береді. Неге дәри сөздерін пәшту сөздерімен алмастыруды қалап отырсыз?» деп сұрау қажет.
Ауғанстан әскери салада дәри сөздерін пәшту сөздерімен алмастырған Ширәлиханды, парсы тілінде сабақ беруге тыйым салған Мұхаммад Надыр шахты ешқашан ұмытпайды.
Ауғанстан саясаткерлері парсы тілін, олардың айтуынша дәри тілін жақтырмайтындарын ұдайы көрсетіп келеді. Ашраф Ғаниден «Егер дәри тілінің құқығы тапталып жатыр деп білсе, бұл тілді өзінікі санаса, неге Ауғанстанның ұлттың әнұраны пәшту тілінде?» деп сұрау қажет.
Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанидің парсы тілі мен оның таралым аясы туралы сөздерінің әділетсіз болғаны соншалықты, тіпті ауған оқымыстыларының реакциясына ұшырады.
Иранда тұратын ауған ақыны әрі жазушысы Мұхаммад Казем Каземи Ашраф Ғанидің «Ауғанстан – парсы тілінің бесігі мен ошағы» деген пікірін дұрыс деп санамайды, оның ойынша «Парсы тілінің ошағы тек Ауғанстан болған жоқ, бұл тіл Хорасанда өсіп-өркендеді, ал Ауғанстан Хорасанның бір бөлігі ғана». Оның сенімінше, «Егер біреу бір тілмен мақтанса, бірінше кезекте өзіне жүктелген міндетті де орындауы тиіс. Оны лайықты түрде қорғай алса ғана, істеген ісімен мақтана алады. Әдетте бір тілге көбірек қызмет етіп, оны көбірек таратқан, сол тілде ғылыми еңбектер мен әдеби туындылар жазған адамдар ғана онымен мақтануға лайықты. Қазіргі таңда шындық мынау: Иран мен Ауғанстан халықтары бөлінгеннен бастап Иран халқы парсы тілінде көп туынды жазды. Өлеңдер, әңгімелер, зерттеулер мен тарихи кітаптар парсы тілінде жазылды. Парсы тілін тарату үшін де көптеген істер атқарды. Иранда парсы тілінде көптеген сөздіктер жазылды. Мысалы, Моин сөздігі. Ауғанстан үкіметі мұндай сөздіктің жазылуына жағдай жасамады. Мемлекеттік қайраткерлер парсы тілі саласында іс жүзінде аз шара атқарғандықтан, менің ойымша, өздерін бұл тілдің мұрагері санауы дұрыс емес. Ауғанстан үкіметтері өткен бір ғасырда парсы тіліне жауластық қатынас көрсетті. Көптеген парсы сөздерін қолданыстан шығарды. Көптеген мұрсаттарды қолдан жіберді, тіпті ел ішінде тілдің тазаруына және өңделуіне қарсылық білдірді. Ауғанстандағы парсытілділердің көбі текті-түпкі сөздерді қолданғаны үшін қысымға алынды. Олар бұл сөздерді ирандық сөздер деп сылтауратты. Егер біз дәри парсы тілінің иесіміз деп уәж айтсақ, тым болмағанда көне парсы мәтіндерінде қолданылған сөздерге қарсылық білдірмеуіміз керек».
Ашраф Ғаниден «Халықты тамырынан ажыратуға талпынуыңыздың мақсаты не? Қайда асығып барасыз?» деп сұрау керек.