Нау 20, 2020 03:43 Asia/Almaty
  • Наурызды қарсы алу (2)

Өткен бағдарламада Наурыз мерекесінің тарихымен таныстырдық. Бұл бағдарламада өткеннен бүгінге дейін Наурыз мерекесі кезінде орындалып келе жатқан рәсімдер мен әдет-ғұрыптарды баяндаймыз. Наурыз құтты болсын!

Жалпы ұрпақтар ауысқан кезде көптеген әдет-ғұрыптар мен рәсімдер өзгеріске ұшырайды. Наурыз географиясының ауқымдылығына қарамастан,  барша халық жыл сайын сол көне рәсімдермен Наурызды қарсы алып, жаңа жылды үйлеріне әкеледі.

Наурыз – көне заманнан бері Иранда тойланып келе жатқан ирандықтардың ең үлкен мерекелерінің бірі. Онда арнайы рәсімдер орындалады. Бағзы заманнан осы күнге дейін бұл мерекеге қатысты кейбір рәсімдер, мысалы, ханетекани – үй тазалау, «Һәфт син» (Жеті син) дастарханын жаю, «чәһәршәнбе сури» - соңғы сәрсенбі рәсімі, жылдың соңғы бейсенбісінде қабір басына бару әлі күнге дейін орындалады.

Алдымен Наурызды тойлауға әзірлік жасалады. Мысалы, әрбір үйде жаңа киім, тәттілер мен құрғақ жемістер, мереке кешіне арналған балық және басқалар сатып алынады. Қажетті заттарды сатып алуға, үй жинауға, кілем жууға, үйді бояуға, көк шөп өсіруге жас-кәрісіне қарамай жанұя мүшелерінің барлығы қатысады.

Иранның барлық жерлерінде орындалатын әдет-ғұрыптар мен рәсімдерді Наурызға дейінгі, Наурыз кезінде және Наурыздан кейінгі рәсімдер болып үшке бөлуге болады. Көк шөп өсіру, үй жинау, соңғы сәрсенбіні от жағып шығарып салу, зират басына бару, керек-жарақ сатып алу Наурызға дейін атқарылатын рәсімдер қатарына жатады. 

Иранның түрлі өңірлерінің тұрғындары өздерінің мәдени ерекшеліктеріне байланысты Наурыз келерден бұрын кейбір өсімдіктердің тұқымын егіп, Наурыздың – жаңа жылдың бірінші күніне дейін көктеуін қадағалайды. Көп жерлерде халық ескі жылдың жаңа жылға ауысатын сәтінде көк шөптерді «Һәфт син» дастарханына қойып, оларды Наурыздың 13 күніне дейін сақтайды. 13-ші күні көк шөпті үйден шығарып, далаға, арыққа немесе өзенге тастайды.

Ирандағы Наурыздың тағы бір қызық рәсімдерінің бірі – үйді безендіру. Бұл екі кезеңде атқарылады. Бірінші кезеңде үй бір жылда жиналған шаң-тозаңнан тазартылады. Екінші кезеңде жаңа декорация жасалып, қабырғалар боялып, үйдің сырты өзгертіліп, ескі заттар лақтырылады. Сол себепті Наурыз философиясындағы ерекшеліктердің бірі – денсаулықты сақтауға бағытталғандығы.

Иранның кейбір өңірлерінде ескі жылдың соңғы күндері мен Наурызға бірнеше күн қалғанда көктем жаршылары ауылдар мен қалалардың көшелері мен аудандарын аралап, ән айтып, қол бұлғап билеп, қыстың кетіп, көктемнің келгенін қойылым арқылы көрсетіп, сүйінші сұрап, халықты жаңа жылды қарсы алуға шақырады. Наурыз жаршыларының көшеге шығуы – Иранда бұрыннан келе жатқан рәсім.  Ең көне жаршылар «Кусе барнешин», «Аташ афруз», «Мир Ноурузи» немесе «Наурыз патшасы» деп аталған.

Мир Ноурузи рәсімін орындау

«Чәршәнбе сури» – соңғы сәрсенбі  рәсімі де жаңа жылға дейін орындалатын әдет-ғұрыптардың бірі. Ол жылдың соңғы сәрсенбісінде орындалады. Қазіргі таңда Иранда «Чәршәнбе сури» рәсімі ерекше салтанатпен аталып өтіледі. Ондағы ең маңызды рәсімдердің бірі ретінде бұта жағу, аджиль – құрғақ жемістер мен түрлі жаңғақтар жеу, көже ішу мен бәхтгошаи – бал ашуға тоқталуға болады.

Наурызға дейінгі көне рәсімдердің бірі – қайтыс болғандарды еске алу. Адамдар зират басына барып, Құран оқып, сонда өз қайтқандарын зиярат етуге келгендер арасында тамақ таратады. Бұл күні жанұялар нан, халуа мен құрма сияқты тамақтарды қабір басына қойып, жаңа қайтыс болғандардың басына шам жағады.

Бірақ Наурыз кезінде Иранда дастарханға қойылатын тағамдарың бірі – сәмәну. Бұл тағам бидай дәнінің өскінін қайнатып пісіріледі. Ол рузи – несібе саналады. Иранның кейбір өңірінде сәмәну пісіру рәсімімен қатар мереке үшін кулуче – тәтті тоқаш  мен дәмді халуа пісіріледі. Жаңа жыл кешінде балық пен көк палау, куку сәбзи (тағамдық шөптер мен жұмыртқа), реште палау (күріш пен кеспе), тәһчин түрлері (асты қызартылып пісірілген күріш), қуырма тұздығы, куфте (тефтелидің бір түрі) сияқты тағамдар жасалады.

Сәмәну

Бағзы замандардан сақталып қалған және Иранның барлық қалаларында орындалатын Наурыз рәсімдерінің бірі – «Һәфт син» дастарханын жаю. Дастархан жаю Наурыз мерекесінің ең маңызды әрі символды рәсімдерінің бірі саналады. Жаңа жыл келер кезде ирандық жанұяларда үстел үстіне немесе жерге жайылатын «Һәфт син» дастарханы 7 түрлі нәрсе мен тағамнан тұрады. Олардың әрқайсысының символдық мәні бар.

Жаңа жыл мен Наурыз мерекесінің ең әдемі көріністерінің бірі – туыстар мен достардың көрісуі. Жыл ауысқаннан кейін балалар ата-аналарының қолдарын, ата-аналар балаларының беттерінен сүйеді. Сол кезде ата-аналар балаларымен бірге әулеттің үлкендері – ата-апалардың үйіне мерекемен құттықтауға барады. Ата-апалар оларға «ейди» – айттық береді.

Наурузане немесе ейдане (айттық) Иранда бағзы заманда халықтың әртүрлі әлеуметтік топтары арасында кең таралған. Қазіргі таңда Наурыз кезінде сыйлық беріп, сыйлық алу өте кең таралған. Ата-аналар балаларына, келіндері мен күйеу балаларына, үлкендер кішілерге, достар бір-бірлеріне, үкімет қызметкерлер мен жұмысшыларға айттық береді.

«Һәфт син» дастарханы мен көрісуден кейін  Жаңа жыл мерекесінің ең символды рәсімдерінің бірі – 13-ші фарвардин. Бұл күн Иранның күнтізбесінде Табиғат күні деп белгіленген. Ирандықтар арасында «Сиздәһ бе дәр» (13-і үй сыртында) деп аталады. Жанұялардың көбі алдын ала жоспарлап, табиғат аясына шығады. Олар бұл күнді жанұяларымен бірге табиғат аясында өткізеді. Табиғаттың жаңаруымен бірге адамдардың араларындағы өкпе-реніш кетіп, жүректері тазарады.

Наурыз сапары Иранда бұл мерекенің негізгі дәстүрлерінің біріне жатпайды, бірақ соңғы жылдарда тасымал саласындағы өзгерістер мен екі апталық демалыстың барына байланысты көптеген жанұялар Наурыз мерекесі рәсімдерін өздерінің алыс туыстары жанында немесе елдің әдемі бір ауданында өткізуді жөн көреді. Сол себепті Иранда Наурыз демалыстары басталысымен елдің маңызды қалалары, соның ішінде Исфахан, Шираз бен Мешхедтегі көшелердің көбі Наурыз жолаушыларына толады. 

Бұрынғы өткен заманда адамдардың бір-бірінің халін сұрауы қиын болған және байланыс барыс-келіспен шектелген. Жанұялар, қауымдар, достар мен таныстар біраз уақыт бір-бірін көрмегендіктен Наурыз кезінде осы мұрсатты пайдаланған. Бүгінде виртуалды кеңістіктегі әлеуметтік желілер өзара байланысты жеңілдеткенімен адамдарды бір-бірінен алыстатты. Көп адамдар Telegram, WhatsApp пен Instagram сияқты әлеуметтік желілерде жаңа жыл басталмас бұрын достар мен таныстарға құттықтау жолдай бастап, суреттер мен видеолар жіберу арқылы бір-бірімен қысқа хал алысады. Бірақ бір-бірін көруге асықпайды. Кейде әлеуметтік желілерде бір-бірін көп көретіні соншалықты, бетпе-бет жүздесуге қажеттілік сезінбейді.

Жаңа жылға біраз күн қалғанда әлеуметтік желілерде Наурыз мерекесіне қатысты әртүрлі хэштегтер көп пайдаланылады. Халық, әсіресе жастар осы хэштегтерді қолдану арқылы Наурызға қатысты жолдаулар, пікірлер, тәжірибелер мен өнер туындыларын ортаға салады.

Жаңа ғасырда маңызды ақпарат құралы, яғни теледидардың Наурыз кезіндегі рөлін де естен шығармау керек. Әртүрлі телеарналардың басшылары Наурызға біраз уақыт қалғанда халыққа демалыс кезінде көрсететін бағдарламаларын дайындайды. Наурыздың телехикаялары Иран халқының демалыс кезіндегі тәжірибелерінің маңызды бір бөлігіне айналғанына жылдар болды.

Наурыз мерекесі құтты болсын!

Тегтер