Рамазанды қарсы алу
(last modified Thu, 23 Apr 2020 13:13:04 GMT )
Сәу 23, 2020 19:13 Asia/Almaty
  • Рамазанды қарсы алу

Рамазан айы келді. Таңертең ұйқыдан оянып, орыннан тұру өмірдің қайталанып келетін жайттары болғанымен, қасиетті рамазан айының бірінші күнінің таңсәрісі ерекше көңіл-күймен басталып, самал жел мен шықтың тазалығы немқұрайдылық басқан жүректерге ерекше дем береді.

Осындай кезде исламның ұлық пайғамбары әулетінің ұрпағының бірі  имам Садық (ғ.с.)-ның  шағбан айының соңғы күні  айтқан дұғасын қайталайық: «Уа, Алла! Қасиетті ай – рамазан келді. Бұл айда халықтың дұрыс жолға нұсқайтын және шындықты жалғандықтан ажырататын Құран түсті. Бұл айда бізге саулық пен тыныштық бере гөр». Рамазан әдеттегідей келіп, Алламен көбірек сырласуға мүмкіндік беріп, бізге илаһи мейірімділік сыйлайды. Рамазан күндеріміз бен түндерімізді құлшылық самалына бөлейді. Расында  Алламен оңаша қалып, сырласу үшін осындай теңдессіз мұрсатты қажет етеміз. Күнәһарларды кешіретін бұл айда тәубаға келіп, Алланың рақымының аспанына көтерілейік. Уа, Алла! Тағы бір рамазан айына жеткізген өзіңе шүкіршілігімізді білдіреміз. Алланың рақым айына сәлем! Әрқашан бізбен бірге болғаныңды қалайтын айға сәлем!

 

Ораза тұту – ислам негіздерінің бірі. Ораза мүміннің рухани кемелдікке жетуінде маңызды рөл атқарады. Осыған орай Исламның ұлық пайғамбары мен пәк имамдар илаһи мейірімділік пен ораза тұту міндеттелген рамазан айын қарсы алып, қасиетті айға дайындалатын. Мәселен, Алла елшісі шағбан айының соңғы жұмасында рамазан айының маңыздылығы туралы айтып: «Уа, халайық! Рамазан – Алланың қонағы болуға шақырылған ай. Бұл айда Алланың мейірімділігіне бөленіп, демдерің – тәсбих, ұйқыларың – ғибадат саналады»,- деп, ораза тұтушылардың қияметтегі орнына тоқталып: «Қиямет күні «Алланың қонақтары қайда?» деген дауыс естіледі. Сол кезде ораза тұтқандарды шақырады. Оларды нұрланған аттарға мінгізіп, бастарына тәж кигізіп, жәннәтқа апарады»,-деді. Пәк тұлғалардың рамазанды қарсы алу рәсімдері болғаны сынды халықтың да мешіттерге бару, алдын ала ораза тұту сынды әдеп-ғұрыптары қалыптасты.

Алла елшісі оразаның адамның психикасы тигізетін әсері туралы: «Жүрегіндегі тынышсыздықтар мен алаңдаушылықтарды азайтқысы келетін адам рамазан айы мен әр айдың үш күні ораза тұтсын»,- деген болатын. Хазірет келесі бір сөзінде: «Рамазан айы мен басқа әр айдың үш күні ораза тұту жүректегі алаңдаушылықтарды жояды»,- деген. Бұл көркем сөздер оразаның адамның рухы мен психикасына әсер ететінін көрсетеді. Кейбіреулер өткен ғасырды «абыржу мен алаңдау ғасыры» деп атайды. Алайда жиырма бірінші ғасырда да өнеркәсіптік өмірдің рухани тапшылығы, әсіре бәсекелестігі мен басқа мәселелері адамзаттың алаңдаушылықтарын арттырды. Қоғамдағы қауырт өзгерістер, құндылықтардың маңыздылығының төмендеуі мен қоғамдық әдеп-ғұрыптар, бәрінен маңыздысы адамдарға қолдау бола алатын діни сенімдердің негіздерінің әлсіреуі адамзаттың реніштері мен алаңдаушылықтарын арттырды.

Рамазан айының сұлулықтарының бірі ораза тұтушы адамдардың жақсы ерекшеліктерінің артуына себеп болуы саналады. Мәселен, рамазан айының ерекшелігі – қайшылықтар тоқтаған кезде басталуы. Машиналық өмір жүректер арасындағы жақындықтың әлсіреуі мен өмірге  немқұрайдылық  танытуға себеп болады. Алайда қасиетті рамазан айының келуімен жүректер тынышталып, Алланың ризалығын басқа барлық нәрседен артық санайды. Сондықтан, рамазан айының бірінші белгілері – жүректердің жақындауы мен адамдардың арасында достықтың пайда болуы.  Құран Кәрім: «Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін, игілікке бөленерсіңдер»,- деп қуаттайды. («Хужурат» сүресі, 10-шы аят).

Берекелі рамазан айы – әлемнің жер-жеріндегі мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығының белгілерінің бірі. Рақымдылық айын  мұсылмандар ерекше көңіл-күй және үлкен құрметпен қарсы алады. Рамазан айындағы ораза тұту рәсімі қажылық сынды барлық исламдық мазхабтар мен ағымдардың арасындағы ортақ ғибадат болғандықтан, бірлік тудырып, исламдық үмбет ретінде барлық мұсылмандардың басын қосады. Рамазан айының рәсімдері әлемнің әртүрлі аймақтарында бірдей. Географиялық шекаралар мен исламдық үмбеттің мүшелері арасындағы ұлттық айырмашылықтар қашықтық тудырмайды. Осыған орай, рамазан айын мұсылман халықтар жақындайтын ай деп атауға болады. Әр мұсылман өзін үлкен үмбеттің мүшесі деп санап,  әлемнің алыс-жақын жерлеріндегі ораза тұтушылармен бірлікті сезінеді.

Мұсылмандардың әйгілі мистигі Мирза Джавад Ағамалеки Табризи илаһи айдың қонағы болу үшін бірнеше мәселеге назар аудартуды қажет санайды. Оның пікірінше, қасиетті рамазан айында адам біріншіден, илаһи нығметтерге шүкіршілік білдіріп, содан кейін кешірім сұрағаны жөн. Қасиетті рамазан айының жақындауымен адам илаһи мейірімділік пен рақымдылыққа бөленіп, Аллаға құлшылық етіп, одан көмек сұрайды. Рамазан айының басындағы келесі маңызды мәселе Исламның ұлық пайғамбары мен пәк имамдарңа жақындау болып табылады. Аллаға иман келтірген адам олардың жолы мен тәсілін өмірлерінің үлгісі етуі керек. Сондай-ақ, ораза тұтушы хомс пен зекет төлеп, өзінің азығы мен сусындарын және мүлкін тазарта алады. Адам  ғибадаттары қабыл болу үшін мүліктерін рамазан айының басында тазартқаны дұрыс. Рамазан – Мейірімді Алламен сырласатын ай. Алла Тағала бұл айда немқұрайдылық танытқан және мұқтаж пенделерін нұрды зиярат етуге шақырады. Бұл айдың әдеп-ғұрыптарымен таныс болып, оларды пайдалану қонақтардың беделін арттырады. Қасиетті рамазан айының маңыздылығы сондай, Иран Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі аятолла Хаменеи оның жәннәттің бір бөлігі деп атап: «Әр жылдағы рамазан айы – жаннаттың бір бөлігі. Бұл ай бізді илаһи дастарханның басында жинайды. Кейбір адамдар бұл отыз күнде өздерінің жаннатқа  кіргенін сезеді. Өкінішке орай, кейбіреулер бұл отыз күнді, басқалар бүкіл өмірлерін немқұрайдылық танытып өткізеді»,- деген.