Исламдағы ахкам философиясы (5)
«Көктер мен жердегі әркімнің әрі қатар-қатар ұшқан құстың Алланы дәріптегенін көрмейсің бе? Барлығы өзіне тән намазын, тәсбихын біледі. Алла олардың істегенін толық біледі».
Бұдан бұрын Исламның илаһи заңы және Алла таңдаған пайғамбарларының өмірі мен ғибадаттарындағы намаздың ерекше орны туралы айтылды. Жаратылған барлық тіршілік иелері әрқайсысы өздерінің сана-сезімдеріне сәйкес Жаратушыға бағынып, өздерінің болмысына сәйкес ғибадат етеді. Олардың әрқайсысы өз тілінде Алланы мадақтайды. Құран бұл туралы: «Жеті көк және жер, сондай-ақ ондағы болғандар, Алланы пәктейді. Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тасбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар»,- деді. («Исра» сүресі, 44-ші аят).
Бұл аяттың маңызды мәселесі, егер біз әлем жаратылыстарының мадақтарын түсіну қадір-қасиетіне ие болсақ, олардың мадақтарының хабарсыз жасалмайтынын көреміз. Құран бұл туралы: «Көктер мен жердегі әркімнің әрі қатар-қатар ұшқан құстың Алланы дәріптегенін көрмейсің бе? Барлығы өзіне тән намазын, тәсбихын біледі. Алла олардың істегенін толық біледі»,- деп қуаттады. («Нұр» сүресі, 41-ші аят).
Жаратылыстардың сана-сезімі мен хабардар болуын дәлелдейтін ғылыми зерттеулермен бірге Құран да кейбір үлгілерді ұсынады. Хазірет Сүлейменнің билігі кезіндегі таңғалдыратын оқиғалардың бірі бәбісек оқиғасы болды. Құстың тілін түсінетін хазірет Сүлеймен айналасына қарап, бәбісектің жоқ екенін байқап, егер дәлелді себебі болмаса, жазаланатынын ескертті. (Хазірет Сүлеймен) Құстарды түгендеді де: “Бәбісекті неге көрмеймін, немесе ол жоғалып кетті ме?”,- деді. “Әлбетте оны қатты қинаймын не оны бауыздаймын. Немесе маған бір ашық дәлел келтірсін.” Сонда ол, көп кешікпей-ақ келіп: “Сен білмеген нәрсені білдім. Сондай-ақ Сәба мемлекетінен анық хабар келтірдім.” деді. “Расында оларға патша болған бір қатын таптым. Оған әр түрлі нәрсе берілген әрі оның үлкен тағы бар.” “Оны да, елін де Алладан өзге күнге табынғанын көрдім. Шайтан оларға істеген істерін әдемі көрсетіп, жолдан тосқан. Сондықтан тура жол таба алмайтын көрінеді”. («Нәмл» сүресі, 20-24-ші аяттар).
Құран келесі аяттарында былай деді: «Сүлейменнің (ғ.с.) жыннан, адамдардан, құстардан әскерлері жиналды. Сонда олар толық басқарылуда еді. (Ол, бұлармен) ақыр құмырсқаның ойпатына келген сәтте бір құмырсқа: “Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен, оның әскерлері сендерді білмей жаншып кетпесін” деді». («Нәмл» сүресі, 17-18-ші аяттары). Әлем жаратылыстарының хабардарлығы туралы хазірет Дәуіттің таулар және құстармен келісімге келуі туралы оқиғада да айтылды. «Дәуітпен (ғ.с.) бірге Алланы дәріптейтін тауларды, құсты бойсұндырдық». («Әнбия» сүресі, 79-шы аят). Жаратылыстар Алланы жүрегімен әлде тілімен мадақтай ма? Зерттеулер жаратылыстардың мадағының екі түрде де екенін көрсетті. Мәселен, ақын өз өлеңінде жер бетіне шығатын әрбір өсімдік Алланың жалғыз екеніне куә етеді және бұл жаратылған әлемнің Иесі мен жүйесі бар екенін білдіретінін көрсетеді дейді. Кейбір кезде жаратылыстар сөйлеп, сырларын жайғанда илаһи ерік-жігердің рөлін айқын сезуге болады.
Мысалдардың бірі ретінде адам ағзаларының қиямет күнгі сөйлеуін айтуға болады. Қиямет күні адам өз әрекеттері мен сөзін ақтай алмауы үшін Алла тарапынан жіберілетін бірінші бұйрық олардың тілі мен ауыздарын жабуға қатысты болады. Содан соң адамның әр ағзасы бір-бірлеп таңғалған адамдардың алдында олардың істеген істерін айтып береді. «Ол күні олардың ауыздарын мөрлейміз. Бізге олардың қолдары сөйлеп, не істегендеріне аяқтары айғақ болады». («Иасин» сүресі, 65-ші аят). Ойламаған жағдайда қолдары мен аяқтары жасаған істерін айтып берген кезде адам: «Неге қарсы сөйледіңдер?» деп наразылық білдіреді. Олар терілеріне: “Не үшін бізге куә болдыңдар?”,- дейді. (Терілері): “Бізді әр нәрсені сөйлеткен Алла сөйлетті; сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар” деп жауап береді». («Фуссилят» сүресі, 21-ші аяты). Жаратылыстардың мадағын түсіну қасиетіне ие пайғамбарлар илаһи тағылымдар арқылы құдіреті күшті Алланың қалауымен хазірет Ибраһимды жою үшін көтерілген «намрудшылардың» жалындаған өрті суып, баққа айналғанын түсінді.
Қорыта айтқанда, адам намаз оқып, қарапайым түрде Алланың алдында тұрып, оны мадақтаған кезде жаратылған әлемнің керуенімен үйлесіп, намаздың маңыздылығы айқын байқалады.