Түрлі діндердегі ораза (4)
Әртүрлі мазхабтар мен ағымдардағы ораза. Ертедегі діндерге шолу жасағанда тіпті байырғы тұрғындар мен алғашқы қауымдардың арасында да ораза ұстаудың қасиетті іс саналғанын көреміз.
Адамзат тарихында үмбеттер мен түрлі мазхаб өкілдері оразаны әралуан қалыпта ұстаған. Ежелгі замандардағы үмбеттер әу бастан ораза ұстаған. Алғашқы діндерді зерттегенде оразаның тіпті алғашқы қауымдардың арасында да қасиетті іс саналғанын көреміз. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды» деп жазылған. Ораза адамның рухани кемелденуі үшін ішіп-жеуден бас тарту арқылы адамның тәнін сынақтан өткізу болып табылады.
Ораза қасиетті кітапқа ие ислам, христиандық пен яһудият сияқты илаһи діндерге ғана емес, басқа діндер мен ағымдарға да тән. Олар ізбасарларын ораза ұстауға шақырған. Саибилер, индустар, буддистер мен басқа ағымдардың да өкілдері белгілі бір күндері ішіп-жеуден бас тартады.
Саибилер – б.з.д. 2 мың бұрын яһудилермен текетірестен кейін Палестина мен Иордан өзені жағалауынан Сирияның солтүстігі (Харан) мен Месопотамияға (Ирак) қоныс аударған алғашқы палестиналық босқындар. Олардың бір тобы Иранның оңтүстік-батысына да қоныс аударған. Олар өздерін хазірет Жақияның жақтастары санайды. Құран Кәрім «сабеин» немесе «сабеун» деген атауды үш рет келтіріп, оларды кітап иелерімен қатар қойған. Бұл дінді ұстанушылардың саны өте аз. Олар өздерінің діни ұстанымдарын жасырын ұстап, рәсімдерін көзден таса орындайды. Олардың кітабы бар. Ол хазірет Адамға тиесілі деп саналады. Саибилердің кітабының атауы «Кянза рабан» немесе «Илаһи қазына» деп аталады. Ол мандей тілінде жазылған.
Саибилер – бір Аллаға сенетін халық. Олар «Һий» деп аталатын Құдайға құлшылық етеді, оның қасиетті болмысының әділдігі мен өлімнен кейінгі өмірге сенеді. Сондай-ақ, жақсылық жасаушылардың қайтыс болғаннан кейін Нұр әлеміне (Алма Денһура), күнәһарлардың Зұлмат әлеміне (Алма Дәһшуха) баратыны мен онда күнәларына қарай жазаланатынына сенеді. Олардың өз тілі мен жазуы бар. Намаз оқып, арнайы оразалар ұстайды. Саибилер күніне бес уақыт намаз оқиды, бірақ онда рукуһ пен суджуд жоқ. Олардың дінінде ағынды су қастерлі, ерекше таза саналады. Олар діни парыздарының басым бөлігінде ағынды суды пайдаланады. Сумен дәрет алады. Сол себепті саибилер көбіне суы мол өзендердің жағасында өмір сүреді.
Олар жылдың кейбір күндерін «жоятын» күндер деп атап, ет, балық, жұмыртқа жеуден бас тартып, ораза ұстайды.
Саибилер мазхабында оразада ішіп-жеуден бас тартумен қоса, адамның бүкіл жанұя мүшелері мен айналасындағылардың ораза ұстауы нағыз ораза деп аталады. Бұл туралы мандейлердің ең қасиетті кітабы «Кянза рабан» немесе «Адам жазбасы» атты кітапта былай деп жазылған: «Ей, мүміндер, сендерге айттым ғой: үлкен ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес, көздеріңізді нәпсіқұмар көзқарастан, құлақтарыңызды адамдар өз үйлерінде айтатын сөздерден, тілдеріңізді жалған және жиіркенішті сөздерден тыю».
Түрлі діндер мен ағымдарда ораза ұстау әрқилы тәсілмен орындалады. Шығыс Азияда кең таралған буддизм, индуизм мен джаинизм сияқты адамзат діндері өз ұстанушыларының жаны мен тәнін тәрбиелеу үшін ораза тұтып, физикалық аскетизмді ұстануды қажет іс санайды. Джаинизм (Jainism) мен индуизмді ұстанушылар өздерін кейбір мерекелер мен айттарға рухани тұрғыдан дайындау үшін ораза ұстайды. Олар әдетте алдымен жаңа айдың күндері мен мерекелерде, соның ішінде шивратри (SHIVRATRI), дурга пуджа (DURGA PUJA) мен сарасвати пуджада (SARASWATI PUJA) ораза ұстайды. Үндістанның солтүстігіндегі әйелдер карва (KARVA CHAUTH) күні де ораза ұстайды.
Бұл діндерде оразаның түрі адамның өзіне байланысты. Ораза 24 сағат ішіп-жеуден бас тарту бола алады. Индустар мен буддистер әдетте ораза күндері қою тағам жеуден бас тартады, бірақ аздап су немесе сүт ішуге болады. Үндістанның солтүстігіндегі кейбір аудандарда өтетін бір рәсімде тұрғындар әрбір бейсенбіде ораза ұстайды. Ауызашардан бұрын үнді қиссалары мен аңыздарын еске алып, ауыз ашқан соң дастархандарын сары түсті тағамдармен безендіреді.
Индустарда «қатаң ораза» деп аталатын ораза да бар. Олар мұны медитацияда немесе ғибадатта зейінді арттыру және ішкі жан дүниені тазарту үшін ұстанады. Ораза өткен күннің батысынан бастап келесі күннің таңының атысынан 48 минут өткенге дейін жалғасады. Ораза кезінде су мен тамақтан бас тарту керек, бірақ бұл ораза тек бір күнде бір немесе екі тамақ ішу ретінен бас тарту немесе кейбір тағам түрлерінен бас тартумен шектеледі.
Индустардың навратри (Navratri) атты бір рәсімінде әйелдер 9 күн бойы күйеулерінің өмірі мен әл-ауқаты үшін ораза ұстайды.
Джаинизм рәсімі («жеңіс» деген мағынада) индуизмнің тағылымын қабылдаумен қоса, жаңа мәселелерді қарастырып, қатаң ақлақтық ережелердің сақталуын талап етеді.
Джаиндіктердің сенімінше, қайта тірілу екі принципке негізделген: бірі – аскетизм, екіншісі – тірі жандар, өсімдіктер мен минералдарды азаптаудан бас тарту. Бұл дінде егіншілер үшін тіпті жер жыртуға тыйым салынған. Бірақ оларда таңданыс тудыратын оразалар бар. Олардың бірі өлім оразасы немесе «Сантара» деген атпен танымал. Мұнда адам жан тәсілім ету үшін ішіп-жеуден бас тартады.
Алайда Сиддхарта Гаутаманың (SIDDHARTHA GAUTAMA) тағылымдарынан туындаған буддизм діні ауыр физикалық аркетизм және дүниеқоңыздық пен шектен тыс ойын-сауыққа құмарлықтың орнына орта жол – ұстамдық жолын таңдады. Көбіне Шығыс Азияда шоғырланған буддистердің ораза ұстайтын арнайы кезеңдері бар. Буддизм дінінде ораза қою тағам жеуден бас тарту болып табылады. Кейбір сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салынбайды. Буддистердің оразасы – нәпсіні тазартудың жолы.
Тибет еліндегі буддистердің жетекшілері сананы босату үшін және кейбір буддистік монахтар йоганың мақсаттарына, соның ішінде ішкі энергияға жетуге көмек алу үшін ораза ұстайды.
Буддист монахтар мен әйел адамдардың көбі күніне бір рет тамақ ішуді қанағат тұтып, түстен кейін ештеңе жемейді. Буддизмнің бір тармағы болып табылатын ламалықтар көбінесе Тибет халқын құрайды. Олар «Нанг нес» атты рәсімде (тұрақты ораза) төрт күн ораза ұстайды. Әрбір айдың 14, 15, 29 және 30 күндері тек ұннан жасалған тағамдар мен шай ішеді. Бірақ осы мазхабтағы тақуалар бұл төрт күні күн батқанға дейін ештеңе жемейді.
Олар алғашқы екі күнді дұға оқып, күнәлары үшін тәубеге келіп, қасиетті мәтіндерді оқумен өткізеді; үшінші және төртінші күндері қатаң ораза ұстап, ішіп-жеуден бас тартады. Тіпті өз сілекейлерін де жұтпайды. Олар бұл оразаны дұға оқып, күнәларын мойындап, төртінші күннің күн батысына дейін жалғастырады.
Ежелгі қытайлықтар арасында, әсіресе «тао» мазхабын ұстанушыларда «жүрек оразасы» деген болған. Оған дене оразасынан артық қараған. Сонымен қатар, ежелгі қауымдар арасында ішіп-жеуден бас тарту Құдай алдында тәубеге келіп, құрбандық етіп, күнәларды өтеу ретінде орындалады.
АҚШ-тың байырғы тайпаларының сенімінше, ораза ұстау Ұлы рухтан жетекшілік алу үшін әсерлі. Мексиканың ежелгі халқы ішіп-жеуден бас тарту рәсімін күнәларды өтеу ретінде орындап отырған. Мексика халықтары арасындағы ішіп-жеуден бас тарту бір күннен бірнеше айға дейін созылған. Тақуалар халыққа түрлі апат төнген кезде айлар бойы ішіп-жеуден бас тартқан.
Зәртушт дінінің өкілдері «Авеста» атты қасиетті кітапты ұстанады. Олардың тағылымдары бойынша, ішіп-жеуден толық бас тарту дұрыс емес. Олар денені рухтың орналасқан жері деп санайтындықтан, денені азаптауға, қинауға және әлсіретуге болмайды дейді. Өйткені ол кезде рух қиналады, сондықтан күні бойы тамақ жемеу дегенді қабылдамайды.
Зәртуштердің сенімінше, адам үш рухани бөлімде, яғни есту, ойлау және сезінуде әрдайым ораза ұстап жүруі тиіс. Басқа сөзбен айтқанда, адам осы үш сезім арқылы ізгіліктен алшақтап кетпеуден сақтануы тиіс. Адамның ойы, сезімі мен құлағы әрдайым ізгілікке толы болуы керек. Бұған қарамастан, зәртуштер жануарлардың етін жеуде шектен шықпау үшін әр айдың 2, 12, 14 және 21 күндері ет жеуден бас тартады. Мұны оразаның бір түрі деп атауға болады.
Осылайша адамзат баласында болған және бар түрлі діндер мен мазхабтарға шолу жасағанда адамдардың ұзақ ғасырлар барысында әрқайсысы түрлі жол және тәсілмен, арнайы рәсімдермен ораза ұстап, оны қасиетті іс деп санағанын көреміз. Бұл діндерде ораза әртүрлі ниетке сай атқарылған. Кейде Құдайды қуанту және ризашылығын алу мақсатында, кейде тәубеге келіп, күнәлардан арылу үшін ұсталған. Кейде қиыншылықтар мен апаттардан құтқарылу үшін, кейде рухани кемелдену, кейде асау нәпсіні ауыздықтап, рухани күшті арттыру үшін ұсталады.
Келесі бағдарламада ислам дініндегі оразаға тоқталамыз.